Читать книгу Жан сырым - - Страница 6

3

Оглавление

«Лин ханым! Лин ханым! – деп бір бала есігіміздің алдында ентіге шақырып тұрды. – Бері келіңіз! Тездетіңіз!»

Төрт жасар мен, анам және досым Синди үшеуіміз қонақ бөлмедегі диванда отырған едік. Кентвудта әрдайым бір драма болады да жатады. Синди мен анамның өсегіне құлақ түріп отырғанда, кенет бір бала кіріп келді. Әлдебір жамандықтың болғаны анық. Жүрегім тоқтап қала жаздады. Анам екеуіміз тұра жүгірдік. Көшемізде жол жаңадан төселген еді, жалаң аяқ ыстық қара шайырдың үстінде жүгіре жөнелдім.

«Ой! Ой! Ой!» Әр қадам басқан сайын дауысым шығады. Аяғыма шайыр жабысып қалғанын байқадым.

Ағам Брайан көрші балалармен ойнап жүрген алаңға келдік. Олар төрт дөңгелекті мотормен қаулап өскен шөпті шапқан. Олардың көзінше ғажап болып көрінген шығар. Ақыры қалың шөптің арасынан бірін-бірі көрмей қалып, соғысып қалған.

Мен бәрін көрсем керек: Брайанның айғайы, анамның қорыққаны. Алайда оның ешқайсысы қазір есімде жоқ. Құдай сол күннің жан түршігерлік көріністерін әдейі ұмыттырған секілді.

Тікұшақ келіп, ағамды ауруханаға алып кетті.

Бірнеше күннен кейін Брайанға барғанымда, денесі толықтай гипстелген еді. Маған денесіндегі бар сүйегін сындырып алғандай көрінді. Есімде қалған тағы бір жайт: үйге қайтарда көлікте отырып, оның тіпті кіші дәретке баруының өзі азап екенін ойладым.

Бөлмесі ойыншыққа толы болды. Ата-анамның оның аман қалғанына қуанғаны соншалық, ағам үшін әр күн Рождество секілді болды. Анам өзін кінәлі санап, ағама қызмет қылды. Тіпті әлі күнге оған имене қарайды.

Бір секундтық жайттың отбасымызды мәңгі өзгертіп жібергені сондай қызық.

Сол апат мені ағама жақындатты. Біздің қарым-қатынасымыз оның халін шын жүрекпен мойындап, аяғанымнан қалыптасты. Ол ауруханадан келген соң мен қасынан бір елі шықпадым. Әр түні оның қасында ұйықтаймын. Ол өз төсегінде ұйықтай алмады, өйткені денесі әлі де гипстелген еді.

Сондықтан оның арнайы төсегі болды, ата-анам менің оның қасында ұйықтауым үшін аяқ жағына шағын матрас төсейтін.

Ағамның гипсін шешкеннен кейін де бірге ұйықтап жүрдік. Кішкентай қыз болсам да, ағамның қиналып жүргенін, әкемнің оған тым қатал екенін іштей сезіп жүрдім. Оны жұбатқым келді.

Ақырында біраз уақыттан кейін анам маған: «Бритни, алтыншы сыныпта оқисың, енді бөлек ұйықтауың керек!» – деді. Қарсы болдым.

Тым кішкентай едім, жалғыз ұйықтағым келмеді.

Десе де анам алған бетінен таймай, ақыры көнуіме тура келді.

Бөлек бөлмеге көшсем де, ағама өте жақын болып өстім.

Ол да мені жақсы көрді. Оған деген махаббатым нәзік, қауіпсіз еді. Ал есейгенде ағамның тым қатты қиналғанын көп көрдім.

Ағамның жағдайы жақсарғаннан кейін қаланың қоғамдық өміріне тығыз араласып кеттік. Біз тұратын қала небәрі екі мың адам тұратын шағын қала болғандықтан, жылына үш рет қана той тойлайтын – Марди Грас, төртінші шілде және Рождество. Бұл шараларды бүкіл қала болып күтетінбіз. Көшедегілер күлімсіреп, қол бұлғап, бір күнге қым-қуыт өмірін артта қалдыратын. Тұрғындардың көбі 38-тасжолда баяу жүріп бара жатқан адамдарды тамашалау үшін асығатын.

Бір жылы біз бір топ бала болып гольф арбасын безендіріп, Марди Грас шеруіне шығаратын болдық. Арбаға сегіз бала отыратын болды, әрине, тым көп. Кішкене гольф арбасына жамырап отыратын болдық. Салмағымыздан гольф көлігінің дөңгелегі мыжылып кетті. Бәріміз он тоғызыншы ғасырдың костюмдерін кидік. Неге екені есімде де жоқ. Мен алдағы үлкен балалардың алдында бәріне қол бұлғап отырдым. Бәріміздің салмағымыз ауыр болған соң, әлгі көлікті басқару қиындап кетті. Алдымызда тұрған көлікті бірнеше рет соқтық, сөйтіп, ол жерден қуылдық.

Жан сырым

Подняться наверх