Читать книгу Жан сырым - - Страница 7
4
ОглавлениеӘкем қайтадан араққа салынған кезде бизнесі құлдырай бастады.
Ақша тапшылығына әкемнің құбылмалы көңіл күйі қосылды. Әкеммен бірге көлікке отырудан қорқамын, өйткені көлік жүргізіп келе жатқанда өзімен-өзі сөйлесетін. Айтқан сөздерін түсіне алмаймын, өз әлемінде жүреді.
Әкемнің араққа салынып, бәрін ұмытқысы келуінің себебі бар екенін сол кезде түсіне бастадым. Жұмыстан қатты күйзеліске түсетін. Сол кездері оның өз әкесінен көрген қорлықтың салдарымен солай күресіп, өзін солай емдейтінін түсіне бастаған едім. Дегенмен ол кезде оның бізге неге сонша қатыгез болғанын, неге біздің ісіміз көңілінен шықпайтынын түсінбейтінмін. Ең өкініштісі, әрқашан мені осы қалпымда жақсы көретін әке болғанын қалаппын. Әкемнің «жақсы көремін, балам, не істесең де, шексіз жақсы көремін» дегенін қаладым.
Әкем маған немқұрайлы, суық, қатыгез болды. Ал Брайанға одан да қатал болды. Спортта үздік болуға қатыгездікпен итермеледі. Брайанның сол жылдардағы өмірі менікінен әлдеқайда қиын болды, өйткені Джун әкемді қалай қинаса, әкем де өз ұлына соны жасады. Брайан икемі болмаса да, баскетболмен де, футболмен де айналысуға мәжбүр болды.
Әкем анамды да ренжітетін, көбіне ішіп алып, бірнеше күнге жоқ болып кететін. Шынымды айтсам, ол кетіп қалған кезде бізге жеңілірек болатын. Мен де ол ішкен кезде үйде болмағанын қалайтынмын.
Ол үйде болған кезде анам екеуі түнімен ұрсысатын. Мас болғаны сонша, тіпті сөйлеуге шамасы жетпейтін. Сол себепті анамның сөзіне құлақ асуы да екіталай еді. Біз бәрін көріп, естіп жататынбыз. Әкем ашуланған түні көз ілмей шығамыз. Оның дауысы үй ішінде жаңғырып естілетін.
Қонақ бөлмеге шығып, анама: «Тамағын беріп, жатқыза салшы, ол ауру ғой!» – деп жалынатынмын.
Анам болса өз есін білмейтін адаммен ұрсысатын. Десе де ол бәрібір тыңдамайтын. Бөлмеме ашулы күйде, анамның айқайын естіп, ішімнен тынып қайтатынмын.
Бұл сұмдық қой! Араққа салынып, отбасын кедейлікке душар еткен әкем болса да, анам ашуыма тиетін еді. Өйткені әкем тым құрығанда көп сөйлемейтін. Мені ұйқы қысып, жатқым келіп тұрса да, анамның аузы жабылмайтын.
Түнгі айқай-шуға қарамастан, күндіз анам үйімізді достарым келуге құштар болатындай жерге айналдыратын. Әкеміздің үйде ішпеуге намысы жететін. Біздің үйімізге аймақтағы бүкіл бала жиналатын. Үйіміз шынында керемет еді. Он екі орынды биік үстел болған. Анам оңтүстіктің қарапайым әйелі болатын, жиі өсек айтатын, достарымен үнемі темекі шегетін (Вирджиния Слимс, қазір мен де соны шегемін) немесе құрбыларымен телефон арқылы сөйлесетін. Мен олардың барлығы үшін ешкім емес сияқты едім. Ересек балалар теледидар алдындағы креслоларда отырып, ойын ойнайтын. Ең кішісімін. Бейнеойын ойнауды білмеймін, сондықтан үлкен балалардың назарын аудару үшін әртүрлі айлаға барамын.
Үйіміз хайуанаттар бағына ұқсайтын. Мен әрқашан кофе ішетін үстелде билеймін, ал анам болса кішкентай Брайанның артынан қуып, бұзық болғаны үшін жазалайды.
Қонақ бөлмедегі балалар болсын, ас бөлмесінде әңгімелесіп отырған ересектер болсын – бәрінің назарын өзіме аударуға тырысамын.
«Бритни, тоқтат!» – дейтін анам айқайлап. «Үйде қонақтар бар! Тәртіпті бол. Бұзық болма», – дейтін.
Десе де анамның айтқанын құлағыма ілмейтінмін. Сөйтіп жүріп, бәрінің назарын өзіме аударудың жолын табамын.