Читать книгу Мәдени антропология - Әлия Масалимова - Страница 3

1
МӘДЕНИ АНТРОПОЛОГИЯНЫҢ ПАЙДА БОЛУЫНЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ТАРИХИ АЛҒЫ ШАРТТАРЫ
1.1. Мәдени антропология социогуманитарлық білім жүйесі шеңберінде
1.1.1. Мәдени және әлеуметтік антропология, этнология, этнография: түсініктер мен пәндік салалар арасындағы байланыс

Оглавление

Мәдени антропологияны зерттеуге кіріспес бұрын антропологияның адамзаттың пайда болуы мен эволюциясын зерттейтін биологиялық және әлеуметтік ғылымдар арасындағы аралық буынды құрайтын ғылым екендігін айта кету қажет. «Мәдениет туралы басқа ғылымдардан» антропологияның бір айырмашылығы оның екі бірдей тарихи үрдістермен байланысында: биологиялық эволюция мен мәдени даму. Адам зерттеу объек-тісі бола отырып, аталмыш екі бағыттың өзара тығыз байланыс бағытында қарастырылады.

Мәдени антропология ғылыми пән ретінде салыстырмалы түрде кейін пайда болды. Дегенмен антропологиялық білімнің жинақталу үрдісі екі жарым мың жылға созылып отыр. Антропологиялық зерттеулер адамның басқа адамның өмірін бақылаудан басталады. «Біз» – «олар», «менікі» – «өзгенікі», «мәдени» – «жабайы» тәрізді қарама-қарсы түсініктер антропологиялық зерттеулердің негіздері болып табылады.

Тек «өзге» әлеммен байланысқа түсе отыра адам «өзінікін» «өзгеден» ажырата білген. Әдеттегідей, алдымен сыртқы ерекшеліктер: киім үлгісі, шаш үлгісі, тұрмыс, қолданатын тағамдар және т.б. кейінірек, ойлау жүйесі, талғам, сенім жүйесі және т.б. «Өзгелер» тек алыс елдердегі халықтар ғана емес, сонымен қатар жақын көршілер де болуы мүмкін.

Ежелгі кезеңдерден бері «өзгеге» деген қатынас әртүрлі болып келді, әлі күнге дейін біз «өзіміздікін» дұрыс және әдемі деп қабылдасақ, «өзгенікін» – түсініксіз, біртүрлі деп қабылдау жиі орын алады. Алайда, кей кездері адам өзге дүниемен байланысқа түскен кезде оған жаңа және ерекше болып көрінетін дүниеге таңдана қарап, тамсанатын.

Елшілер, саудагерлер, аудармашылар, миссионерлер және әйелдердің бір мәдениетті екінші мәдениетпен байланыстырған алғашқы аралық буын – «медиатор» болғаны жөнінде сенімді түрде айтуға болады.

Ең алғашқы мәдени антропологиялық зерттеулерге Геродоттың «Тарихын», Фукидидтің «Тарихын», «Гилгамеш туралы аңыз», Аристотельдің еңбектерін, Юлий Цезарьдің «Гальдік соғыс жөнінде хаттарын», Иосиф Флавийдің «Иудей тарихы», Тациттің «Германия» очерктерін жатқызуға болады.

Сонымен қатар, Сюань-Цзаньның «Батыс елдері жөнінде хаттарын», Хун Тань-фу мен Чжан Кяньнің саяхаттарын, «Қорқыт кітабын» (өмір энциклопедиясы), А. Яссауидің «Даналық жинағын», Қашқаридің «Диуани хикметтерін», Ж. Баласағұнидің «Құтадғу білік» кітабын, Абул-Ғазидің «Түркілердің шығу тарихын» және Рубруктың саяхаттарын жатқызуға болады.

Аталған дерек көздерінде түрлі халықтардың орналасу территориясы, тұрмысы мен болмысы, шаруашылығына қатысты деректерге қоса, қоғамдық құрылымның, сыртқы пішінінің, киім үлгісінің, тұрмыс және табыну пұттары мен сенімдер жүйесі жөнінде құнды деректер келтірілген.

Адамдардың ойлау шеңберінің кеңеюіне басты географиялық ашылулар себеп болды.

15-16 ғасырдан бастап, өзге халықтарды және олардың мәдениетін зерттеу жаңа серпіліс алды. «Басқалар қалай өмір сүреді екен?» деген өзге ұлттарды қарапайым сипаттаудан басқа, зерттеу жұмыстары нақты практикалық мақсаттарды жүзеге асыру барысында да қолданылғанын атап өту қажет. Мәселен территорияларды жаулап алу, бір елдің билігін екінші елге жүргізу және өмірлік маңызы бар ресурстарды жаулап алу мақсатында.

Мәдени антропологиялық зерттеулер стратегиялық шпионаж мақсаттарында жиі қолданылды. 13 ғасырда әйгілі саяхатшы Марко Полоның «Дүниенің алуан түрлілігі жөнінде кітабы» дәл осы форматта жазылған, яғни, қарастырылып отырған ел бойынша арнайы сұрақтар, кеткен шығындар, сол елді мекеннің мәдениетінің ерекшеліктері жөнінде арнайы көрсеткіштермен жазылған еңбек. Тағы бір мысал ретінде, Шоқан Уәлихановтың Жоңғария және Шығыс Түркістандағы саяхаттарының есептерін келтіруге болады. Баршамызға мәлім болғандай, сол 19 ғасырға дейін Марко Поло мен Гойестан кейін А. Шлагинтвейттен басқа бір де бір еуропалық аталған өңірлерге келген емес. Ш. Уәлихановтың Қашқар мен Шығыс Түркістан өңірінің саяси жағдайы, әдет-ғұрыптары және тілдері бойынша жазбалары этнографиялық, географиялық, мәдени антропологиялық зерттеулерге елеулі үлесін қосты.

Жаңа заманда француз ағартушылары Ж. Руссо, Д. Дидро, Ш. Монтескье адам туралы жан-жақты және терең автономия-лық ғылымның пайда болуына әлдеқайда жақын келді. Дәл сол кезде антропология термині де пайда болды. 18 ғасырда жалпы адам табиғатына және түрлі мәдениеттерге жататын адамдарға қатысты философтар мен саяхатшылардың зерттеулері баспа беттеріне жариялана бастады. Мысалы: Дж. Вико «Халықтар-дың жалпы табиғаты жөнінде жаңа ғылымның негіздері», Ж. Лафитоның «Америкалық жабайылардың ежелгі замандағылармен салыстырғандағы дүниетанымы», Ж. Жерандоның «Жабайыларға жүргізілетін бақылаудың түрлі әдістері жөнінде ойлар».

19-20 ғасырларда зерттеу пәні мен объектісі біріктірген, өзіндік әдіснамалық жолдары қалыптасқан мектептер мен бағыттар пайда болды. Олар: АҚШ-тағы мәдени антропология, Ұлыбритания мен Франциядағы әлеуметтік антропология, Германиядағы елтану, Франция және Шығыс Еуропадағы этнология және этнография мектептері.

Дәстүрлі түрде, антропология «мәдени» және «әлеуметтік» болып бөлінеді. Егер де тек «мәдени» және «әлеуметтік» сөздерінің мәніне ғана тоқталар болсақ, онда екеуінің арасында аса үлкен айырмашылық жоқ. АҚШ-та зерттеушілердің тұрақты қоғамдық ұйымы жоқ үндіс қоғамдарын зерттей бастауы мәдени антропология мектебінің қалыптасуына алып келді (негізін қалаушы Ф. Боас). Әлеуметтік топты белгілі бір жүйе деп қарас-тырудың орнына, бірінші орынға даму динамикасының мәселелері шықты, дәлірек айтсақ мәдениеттің бір ұрпақтан келесі ұрпаққа қандай жолдармен берілетіні жөнінде. «Әлеуметтік антропология» термині Англияда метериалды мәдениетпен емес, сенім, дәстүр және ұстанымдар мәселелерімен айналысатын Дж. Фрэзер басқарған кафедрада пайда болды. «Әлеуметтік антропология» терминінің пайда болуы А.Р. Радклиф-Браун есімімен тығыз байланысты. Ғалым өз зерттеу жұмыстарының пәнін анықтай отыра, қоғамдық қатынастар мен қоғамдық құрылымдарды зерттеуге ерекше назар аударды. Алайда, ең маңыздысы, антропологияның өзін «әлеуметтік» немесе «мәдени» деп аталуында емес, оның жалпы адамды тануына ұмтылуында, бір жағдайда оның зерттеу негізі заттық нәрсе болса, екінші бір жағдайда оның зерттеу негізі түсініктер болып табылады.

Францияда антропология адамның физикалық сипаттамасын білдірсе, этнография ұлттық (және өзге) мәдениеттің дәстүрлері мен ерекшеліктерінің сипаттамасын, ал этнология алғашқы екеуіне негізделген аналитикалық пәнді білдіреді.

Этнография и этнология терминдері неміс дәстүрінде де жиі қолданылады. 1869 жылдан бері «Цайтшрифт фюр этнологи» журналы басылып шығады. Алайда өз халқының дәстүрлі мәдениетін зерттейтін Volkskunde термині мен өзге ұлттардың мәдениетін зерттейтін Volkerkunde терминдері де аса танымал болды.

Ресейде халықтар туралы ғылым – этнография мен адамды биологиялық тұрғыдан зерттеу – антропология дәстүрлі түрде бөлінген. Бірнеше онжылдықтар бойы этнография тек фольклористика мен өлкетанумен тығыз байланысты сипаттамалық пән болып келді.

Кеңестік дәуірде салыстырмалы мәдениеттанулық зерттеулерді ғылымдардың перифериясы деп есептеу қабылданды, ол еңбектердің авторлары мәдени антропологияның өкілдері емес, филологтар, тарихшылар, тіпті философтар болып келді. «Этнология» терминінің өзі қолданысқа тек 1980 жылдардың соңында ғана енді, ал бұған дейін түрлі халықтарды зерттеу этнография деп аталып, физикалық антропологиямен бірікті.

Кеңес дәуіріндегі этнологияның жарқын өкілдеріне, батыстық ғылымда қалыптасқан көрсеткіштерді қолдана анықтасақ, Ю. Лотман А. Гуревичті жатқызуға болады. Кеңес дәуірінде батыс ғылымының жетістіктерін кеңінен танымал етуге ерен еңбек еткен И. Кон есімі ғалымдар ішіндегі орны айрықша. Ол орыс тілінде америкалық антрополог Маргарет Мидтің көптеген еңбектерін орыс тілінде жариялаған, сонымен қатар оның аудармаларында және редакциялық басқаруымен Зигмунд Фрейдтің ізбасарларының еңбектері жарияланып шықты.

Орта Азия мен Қара теңіз жағалауындағы көшпелі мәдениет мәселелерімен айналысатын А. Хазанов, этноархеология және алғашқы қауымдық қоғам тарихы саласында өзінің еңбектерінің басым көпшілігін посткеңестік республикаларының, әсіресе Қазақстан Республикасының ұлттық-экономикалық мәселелеріне арнаған.

Қазақстандағы жалпы толыққанды мәдени антропологиялық мектептің бар екендігі жөнінде айту әлі ертерек, дегенмен бұл үрдіс қалыптасу деңгейінде. Ресеймен салыстырғанда Қазақстанда антропологиялық зерттеулер тек тарихи, мәдениет философиясы, этнография, этнология, әдебиеттану, фольклористика, елтану ғылымдары шеңберінде ғана қарастырылды.

Жалпы, барлық зерттеу жұмыстарын шартты түрде ежелгі қазақ даласын мекендеген және қазіргі Қазақстан территориясын мекендейтін түрлі этностар мен халықтардың мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін зерттеген ғалымдардың еңбектеріне бөлсе болады. Мәдени антропологиялық зерттеу жұмыстары деп атауға болатын бірінші топты аса танымал ғалымдар құрайды: Т. Нагель, Г. Диц, Т. Нельдеке, В. Радлов, В. Бартольд, А. Диваев, В. Вельяминов-Зернов, И. Аничков, Г. Потанин.

Екінші топты 19-20 ғасырлардың бас кезеңіндегі қазақ зиялы топтарының өкілдері құрайды: Ш. Уәлиханов, Ә. Бөкейханов, М. Тынышбаев және қазіргі заман ғалым-зерттеушілері, философтары мен мәдениеттанушылары, қоғамдық қайраткерлер: Ғ. Айдаров, С. Ақатай, С. Әкішев, Ә. Марғұлан, М. Мағауин, О. Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Ғарифолла Есім, М. Орынбеков, К. Нұрланова, Т. Ғабитов, Ж. Алтаев, Б. Нұржанов, З. Исмағамбетова, А. Наурызбаева, А. Қодар, Н. Масанов, Н. Шаханова және т.б.

Мәдени антропологияның негізін – әлем халықтарының мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін зерттейтін этнография және мәдениеттерді салыстырмалы зерттеу ғылымы – этнология ғылымдары құрайды.

19 ғасырда аталған ғылыми пәндердің зерттеушілері мәдени антропологияның негізін қалады, ал 20 ғасырда эмпирикалық базаның өзгеруіне байланысты, өзге социогуманитарлық ғылымдардан алынған әдіснамалық жүйенің қолдануы нәтижесінде, аталмыш ғылымның шеңбері кеңейе түседі.

Адамзат қоғамын зерттеу этнография мен ежелгі заман антропологиясынан басталады. Қазіргі заман этностарынын, мәдениеттерді және өркениеттерді жан-жақты және жүйелі түрде зерттеу үшін бір ғана антропологиялық білім жеткіліксіз. Көмекке мәдениеттің арнайы салаларын құрайтын және жалпы ғылымның арнайы салаларын құрайтын тарихшылар, әлеумет-танушылар, экономистер, өнертанушылар, психологтар келеді.

Антропологиялық және этнологиялық пәндер, түрлі зерттеу салаларына байланысты лингвистика, археология, юриспруденция, тілтану тәрізді гуманитарлық ғылым салаларын қамтиды. Мәдени антропология және этнография археология, физикалық антропология, фольклористика, тілтану, әлеуметтану, тарих және басқа да ғылымдармен зерттеу барысында түйісіп, тығыз байланыста болады.

Этникалық қоғамдардың топтық психологиялық ерекшеліктерін зерттеу барысында психологиямен тығыз байланыста этнопсихология ғылымы туындайды. Алайда, бұл салалардың бір-бірінен оқшауланбайтынын, керісінше бір бірінің кемшіліктерін тауып, анықтап, толықтырып, тек қосыла отыра қарастырылып отырған мәдениет жөнінде толыққанды мәлімет бере алатындығын айта кету қажет.

Мәдени антропологияның әлеуметтік мәдениеттен, мәдениет социологиясынан, мәдениет философиясынан, этнографиядан, этнологиядан айырмашылығын айта кетейік.

Этнография, этнология ғылымдарының зерттеу пәні әлем халықтарының пайда болуы (этногенез), жалпы даму заңдылықтары, таралуы, мәдени-тарихи өзара қарым-қатынастары, олардың материалды және рухани мәдениеттері, тұрмыс-тіршілік ерекшеліктері болып табылады.

Әлеуметтік антропология – нақты тарихи жағдайларға қатысты, қоғамдық-мәдени өзгерістер заңдылықтарын талдау мәселесімен айналысатын теориялық зерттеудің бағыты.

Мәдениет социологиясы мәдениеттің қоғамдық құрылымдар мен қоғамдық институттарға сәйкес құрылымы мен қызмет етуін зерттейді.

Мәдениет философиясында мәдениеттің мәні, мақсаты, құндылықтары, оның шарттары мен түрлерін зерттеудің әдіс, тәсілдері қарастырылады.

Сәйкесінше, этнография, этнология, мәдени және әлеуметтік антропология сипаттық бағыттарымен ерекшеленеді, олар бірінші кезекте, эмперикалық деректердің жинақталуы мен талдануына сүйенетін, түрлі қоғамдар мен түрлі кезеңдердің мәдениетін зерттейтін жүйелі салыстырмалы ғылымдар. Мәдениет философиясы өз пәнін теориялық тұжырымдауға, яғни мәдениеттің қызмет етуі мен өзгеруін түсінуге бағытталған.

21 ғасырда гуманитарлық ғылымның парадигмасы өзгерді, ол адамның табиғи, жаратылыстық, жасанды, мәдени мәндерінің антагонистік түсініктерінің бірлігіне бағыт ала отырып, мәдениет мәселелерін зерттеуді экожүйе және оның инварианттары ретінде өзекті мәселеге айналдырады.

Осылайша, антропология ғылыми танымның саласы болып табылып, адамның табиғи және жасанды ортада тіршілік ету мәселелерін зерттеумен айналысады, адамның уақыт пен кеңістіктегі өзгермелігі жөніндегі білім жүйесі ретінде танылады. Жиырмасыншы ғасыр басындағы антропологтар, этнографтар жекелеген халықтардың, мәдениеттердің, субмәдениеттердің тарихы бойынша орасан зор эмперикалық деректерді жинады, сонымен қатар антропологиялық теорияның қалыптасуындағы фундаментальді базаны құрды. Қазіргі таңда антропология көптеген бағыттарға бөлінген: ғылыми-жаратылыстану, филосо-фиялық, теологиялық, психологиялық, тарихи және т.б.

Мәдени антропология мәдениеттанулық білімнің саласы ретінде мәдениеттердің вариативтілігін зерттеумен айналысады. Бұл тұста басты назар белгілі, жергілікті және кезеңдік форматтағы өзіндік мәдениеті бар адамға аударылады.

Бақылауға және өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар.

1. Антропология нені зерттейді?

2. Мәдени антропологияның ғылыми пән ретінде қалыптасуының ерекшелігі қандай?

3. Мәдени антропологияның зерттеу объектісі не?

4. Мәдени және әлеуметтік антропологияның зерттеу пәндері.

5. АҚШ-тағы мәдени антропология мектебінің негізін қалаған кім?

6. Мәдени антропологияның негізін қандай ғылымдар құрайды?

7. Социогуманитарлық білім жүйесіндегі мәдени антропологияның орны.

8. Қазақстандағы мәдени антропологиялық білімнің дамуының ерекшеліктері.

Мәдени антропология

Подняться наверх