Читать книгу Мәдени антропология - Әлия Масалимова - Страница 9

1
МӘДЕНИ АНТРОПОЛОГИЯНЫҢ ПАЙДА БОЛУЫНЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ТАРИХИ АЛҒЫ ШАРТТАРЫ
1.3. Мәдениетті зерттеудегі түрлі әдістер
1.3.1. Мәдениеттің психологиялық концепциялары

Оглавление

19-20 ғғ. психоаналитикалық теорияның пайда болуы адам мен мәдениетті түсінуде өзіндік «антропологиялық революция» жасады деп айтса болады. Психоанализ негізін салушы Зигмунд Фрейд өзінің «Тотем және табу» еңбегінде культурогенез мәнін алғашқы мәдениет құбылысы арқылы ашады. Тотемизмнің алғашқы мағынасын ашуға тырысқан ол мәдениет феноменін түсінуде тыйым салу жүйесінің, яғни табудың үлкен мағынасы бар екендігін көрсетеді.

Жыныстық қарым-қатынастарға тыйым салу және оны невроз тудыратын және бейсаналы салаға ығыстырып шығару түптеп келгенде адамзат тарихының ең ежелгі сатысында пайда болған мораль мен құқықтың қоғамдық нормалары. З. Фрейдтің теориясында қалау-тілектерге тыйым салу немесе мәжбүрлеу мәдениеттің негізі болып табылады. Оның көзқарастарының негізінде адамдағы табиғи бастау, бейсаналылық, қысым көрсету мен табиғат нормалары арасындағы қарама-қайшылықтар жатыр деген ой-тұжырым жатыр.

Фрейдтік «мәдениет» термині адамдардың табиғатқа билік жүргізу барысында игерген білімдері мен әдіс-тәсілдерді, адам қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында игіліктерге қол жеткізу мағынасын білдіретінін айта кету қажет. Сонымен қатар Фрейд теориясы адамдар арасындағы қарым-қатынастарды, әсіресе игерілген игіліктерді бөлуді реттейтін институттарды да қамтиды. Басқаша сөзбен айтқанда, мәдениет бір жағынан адамды сыртқы ортаның факторларынан қорғап, табиғат игіліктерін игеруге және оларды адамдар арасында бөлуге үлесін қосады, ал екінші жағынан, мәдениет адамды оның қалау-тілектерінен айырып, оған ауыртпалық түсіреді.

Жалпы психоанализ теориясы өз саласындағы бірден бір теория болмаса да, адам психикасын тануда және оның терең қырларын ашуда, сонымен қатар адамзат қоғамның дамуын түсінуде маңызды қадам болды. Ол өзінің көптеген жақтастарын тапты. Қазіргі замандағы психоаналитиктердің барлығы дерлік өз зерттеулерінде Фрейд еңбектерін қолданады.

Швейцариялық психолог, психоаналитик, мәдениет зерттеушісі, Фрейдтің дарынды шәкірттерінің бірі, кейіннен оның қарсыласы болған Карл Густав Юнгтың концепциясына сәйкес, мәдениеттің қалыптасуында адамдардың образдарын, ойларын, сезімдерін қалыптастыратын; миф, ертегілер, аңыздарда көрініс тапқан ұжымдық жадыны сақтайтын уақыттық жүйелерден тыс мәдениеттің архетиптері (қоғамдық бейсаналылықтың психикалық құрылымдары) негізгі роль атқарады.

К. Юнг сексуалдылық теориясын теріске шығарып, либидо түсінігін тұлғаның психикалық үрдістерінің белсенділігін анық-тайтын және мәдениет пен өркениет дамуының психоэнергетикалық негіздерін анықтайтын психикалық энергия деп түсіндіреді. Швейцариялық ғалымның ойынша, халықтардың өмірі психологиялық заңдарға бағынады, ал халықтың жаны жеке тұлғаның күрделенген жанының құрылымы. Тек сана мен бейсананың үйлесімділігі ғана сау және рухани бай тұлғаларды қалыптастырып, қауіптің алдын алады. Рухани мәдениет және шығармашылық бейсана шарттарға негізделеді. Шығармашылық үрдіс архетипті бейсаналық жандандыру мен оны ашудан, оның толық аяқталған өнер туындысына дейін көтеруден тұрады.

Жиырмасыншы ғасырдың ортасында жаңа – неофрейдизм бағыты қалыптасады. Неофрейдизм негізін қалаушылардың бірі Эрих Фромм, өз ілімінде З. Фрейд пен К. Маркс концепция-ларын біріктіреді. Оның зерттеулерінде адамның өмірінің мәні және оның әлемдегі орны жөніндегі түсініктің өзгеретіні және «қоғамдық мінез-құлық» түсінігінің үлкен маңызға ие болатын-дығы жөнінде айта кету қажет.

Ғалымның ойынша, адамзат тіршілігінің ерекшелігі, оның өзге тіршілік иелерінен айырмашылығы оның санасы мен өзіндік ой-санасының болуында. Олар адамды «осы әлемде» бейтанысқа айналдырып, қорқыныш және жалғыздық сезімдерін туындатады. Адам мен табиғат арасындағы шынайы қарым-қатынастардың үзілуі адамзат тіршілігінің негізгі мәселесіне айналып, экзистентальді қарама-қайшылықтарға алып келеді.

Фромм адам мен қоғамның өзгеруінің толық бағдарламасын жасап шығарады. Ол бойынша адамның мінез-құлқының өзгеруінің себебі доминантты ұстанымнан болмыста билік жүргізу ұстанымына ауысуы, сонымен қатар басқарудың бюрократиялық жолын гуманистік жолмен алмастыру.

Егерде психологиялық антропологияның қазіргі күйіне назар аударатын болсақ, онда жиырмасыншы ғасырдың 70-80 жыл-дары этнопсихология мәселелерімен айналысатын жаңа университеттік орталықтардың пайда болғаны жөнінде айта кеткен жөн. Бұл Калифорниялық университет, Эмори университеті, Чикаго және Гарвард университеттеріндегі пәнаралық орталықтар.

Интерпретациялық әдістің пайда болуы психологиялық антропологиядағы дәстүрлі зерттеу парадигмаларының біршама өзгеруіне алып келді. Егерде бұрынырақ, адам мен қоғам зерттеу объектері ретінде ажырамас байланыста қарастырылып келсе, енді адамның ішкі және сыртқы дүниесі ажыратылды, жеке тұлға мен қоғам арасында белгілі бір дуализм пайда болды. Мәдениет пен адамды зерттеу барысында басты назар жеке тұлғаның ішінде жатқан адамның мінез-құлқы арқылы берілетін мағыналарға назар аударылды. Олар белгілі бір топтың қоғамдық түсініктерінің көріністері ретінде емес, нақты адамның түсініктері ретінде қарастырылады.

Психологиялық антропологияда социомәдени детерминизмнен алшақтау байқалды. Оның пәндік саласына тарихи этнологияның концептуалдық негіздерін даярлаған жаңа түсініктер кіре бастады. Бұл келесі мәселелерді қамтиды:

– тұлғаның өзі психологиялық антропологияның зерттеу пәні болды, әсіресе, оның өзіндік құрылымы, психиканың түрлі пластары қарастырылды;

– тұлға – тек белгілі мәдени модельдерді алып жүруші ғана емес, ол белсенді қоғамдық агент;

– мәдениет адамды қоршаған ортаны қабылдауына, оның когнитивті, аффективті қабілеттеріне, сонымен қатар «тұлғаның ішіндегі» құрылымның характеріне, адам жадының қызметтерінің ерекшеліктеріне әсер етеді;

– мәдени категориялар әрбір нақты жағдайда тұлға арқылы игерілу барысында ерекше өзгеріске ұшырайды;

– мәдени категориялар бір мәдениет аясындағы түрлі топ мүшелері арқылы өзіндік өзгеріске ұшырап отырады, осымен мәдени дәстүрдің вариативтілігін, яғни алуандылығын түсіндіруге болады;

– мәдениет үрдіс ретінде қарастырылады, оның икемділігі мен қозғалмалы сипаты мойындалады;

– мәдениет – адамға қоршаған ортаға бейімделуге мүмкіндік беретін бейімделу жүйесі. Адамның қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түскендегі оның психикасындағы үрдістердің де бейімдік қасиеттері бар: бұл қоршаған заттарды қабылдау және қабылданған тәжірибені сақтау жолдарына да тиісті.

Психологиялық антропология моделін жасаған шетелдік этнопсихологтардың арасынан Дж. Уайтингті атауға болады, оның моделі бойынша адамның биологиялық потенциалы мәдениет және қоғаммен тығыз қарым-қатынаста қарастырылады. Психоантропологтар арасынан Р. Д’Андараде есімін атап өткен жөн. Этнопсихологияны этносемантика мен этноғылымның бір бөлігі деп санайтын мәденипсихолог Р. Шведер психологиялық антропология жөнінде көп жазады. Бұл бірінші кезекте оның сананы, дене мен эмоцияны этнографиялық зерттеулерде жеке тақырыптар ретінде қарастырумен байланысты.

Қазіргі таңдағы жетекші психоантрополог Джф. Уайт пікірінше, «этнопсихологиялық зерттеулер субъективтіліктің ерекше түрлері мен жеке тәжірибе қалыптасатын лингвистикалық, идеологиялық, эмоционалдық, институционалдық құрылымдарды қарастыру арқылы «өзіндік» және «тұлғалық» абстрактілік концепцияларға басқаша қарауға мүмкіндік береді»8. Джф. Уайт ұсынған әдіс бойынша тұлға – мәдени мағыналар жүйесін пассивті алып жүретін тұлға емес, ол мәдениеттің «белсенді агенті». Тұлға мәдени мағыналарды таңдайды, өзінше талқылайды, әлеуметтану үрдісін өткізген мәдениетке тән өмірді жаңаша қарастырады.

Т. Шварц қазіргі замандағы психологиялық антропологияның көрнекті өкілі. Оның пікірінше, мәдениет тілді қамти отырып, адамның алғашқы бейімделу әрекетін білдіреді. Мәдениеттің мәні адамның қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түсу барысындағы тәжірибесінен шығады, кейінне ерекше жолмен ұйымдастырылып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады, соған қоса әрбір жаңа ұрпақ оған өзінің өзгертулерін енгізіп отырады.

Мәдениет пен тұлға арасындағы өзара байланысты білдіретін концепцияны қалыптастыра отырып, Шварц «мәдениеттің таратушы моделін» құрады. Аталмыш модель – мәдениеттің халық арасында тең дәрежеде таралмайтындығын көрсетеді. Таратушы модель жазбасы жоқ мәдениетті қоса есептегенде әрбір қоғамның күрделі құрылымы бар екендігін білдіреді. Мәдениет адам интеллектісінің ерекше құрылымын, оның психологиясын, саналы және бейсаналы элементтерін анықтайды. Мәдениет қоғамдық топтар тұрғысынан түрліше өзгерістерге түседі, сәйкесінше мәдениет әрбір индивидтің психологиясында да ерекше жолмен өзгеріске ұшырайды.

Адам өзінің әлеуметтену үрдісі барысында мәдени өңделген тәжірибені игеруде кең де жан-жақты мүмкіндіктерге ие, және мәдениеттің өзіндік баламаларын қалыптастырады. Тұлғаның толыққанды қалыптасуы мәдениеттің өзіндік жеке баламасын игеру мен мәдени игерілген жүйелерді қолдану кезінде жүреді.

Мәдениеттің «таралу» мәселесі – қазіргі таңдағы психологиялық антропологияның маңызды аспектілерінің бірі болып табылады. Алайда психологиялық антропологияның әлі де шешімін қажет ететін сұрақтары бар. Бірінші кезекте бұл үрдіс ретінде қарастырылатын этникалық мәдениеттің тұрақтылығы мен трансформациясын қамтамасыз ететін механизмдерді зерттеу мәселелері. Мәдени дәстүрдің тұрақты қоғамда қызмет етуі оның мәдени мазмұнының сол қоғамда таралу деңгейі мен масштабына; ұрпақтан ұрпаққа берілу барысында мәдениеттің сабақтастығы мен тұтастығын қамтамасыз етуге байланысты.

Бұл мәселелер түрлі білім салаларына жататын (мәдени және қоғамдық үрдістердің динамикасын зерттейтін мәдениеттану, саясаттану, әлеуметтану) зерттеулер мен концепциялар анализін жүргізуді талап етеді. Екінші жағынан, мәдени жүйелерді зерттейтін психологиялық антропология мен когнитивті ғылымның тоғысуындағы жаңа бағыттардың қалыптасуына үлесін қосады.

Рессейдегі психологиялық антропологияның дамуына назар аударған жөн. 19 ғасырдың ортасында Ресейде халықты зерттеу бағдарламасы жүзеге асырыла бастайды. Алынған нәтижелердің негізінде Ресей халықтары жөнінде айтарлықтай этнографиялық материалдар жиналды, психологиялық бөлімдері бар баяндамалар жазылды, онда малоростардың, великоростардың және белоростардың ұлттық-психологиялық ерекшеліктері салыстырылды.

19 ғасырдың 40-жылдары Ресей географиялық қоғамының этнографиялық бөлімінің мүшелері: В.К. Бэр, Н.Д. Надеждин, К.Д. Кавелин «психологиялық этнографияның принциптерін» қалыптастырды. Кавелин халықтың мінез-құлқын оның жекеленген психологиялық қасиеттерін олардың бір-бірімен байланыста қарастыру арқылы анықтауға болады деп есептейді. Халық – «ол жеке тұлға тәрізді біртұтас органикалық тіршілік иесі. Оның жекеленген тұстарын, салттарын, түсініктерін зерттей бастап, сол жерде тоқтасаңыз ешнәрсе білмейсіз. Олардың бір-бірімен байланысын және тұтас ұлттық ағзаға қатынасын көре біліңіз, сонда бір халықтың екінші халықтан ерекшелігін байқайсыз»9.

Ресейде алғаш рет этникалық психология мәселелерімен Г.Г. Шпет айналыса бастады. Оның пікірінше, этникалық психология – сипаттамалық ғылым. Бұл сипаттамалық пән қарапайым ұжымдық көңіл-күйлерді (переживания) білдіреді. Тіл, миф, көзқарас, ғылым, дін сияқты қоғамдық құбылыстар халықтарда сәйкесінше көңіл-күйлерді туындатады. Сонымен қатар оның өкілдері алуан түрлі және дара болып келгенімен де олардың реакцияларында ортақ нәрсе табуға болады. Бұл жағдайда бар-лық индивидтерге тән ортақ нәрсе ол – белгілі бір «тип». Шпет пікірінше, психологиялық этнография этнологиядан қоғамдық құбылыстардың классификациясын қолдана отырып: «Халық осы дәуірде белгілі бір оқиғаны қалай қабылдайды? Ол нені ұнатады, неден қорқады, неге табынады?»10 деген сұрақтарға жауап беруі керек.

Көптеген зерттеушілер тілді этнопсихологиялық ерекшеліктердің негізі деп оның ролін абсолюттендіріп жіберді. Тіл мағынасының гиперболизациясына қарсы шыққан және этно-психология пәнін мүлде өзгеше қырдан көрген В.М. Бехтерев болды. Ол өзінің алдындағы ғалымдардың зерттеу пәні мен түсініктік аппаратын, «халық рухы», «халықтың сезімі» жөнінде айта отырып, субъективизмге жақын болғандарды қатаң сынға алды. Орыс ғалымы кез-келген халықтың биологиялық жолмен берілетін өзіндік темпераменті мен ақыл-ой дамуының ерекшеліктері бар деп есептеді. Ал халықты сипаттайтын қалған қасиеттер олардың жалпы қоғамдық құрылымына байланысты әрі соның негізінде өзгеріп отырады.

20 ғасырдың 20-жылдары этникалық психологияның мәселелері мәдени-тарихи мектептің назарына іліге бастайды. Аталмыш мектептің негізінде танымал ғалым Л.В. Выготский тұрды. Мәдени-тарихи концепцияға сәйкес Ресейде ұлттық қауымдастықтардың психологиясы бойынша ғылыми-жұмыстың бағдарламасы жасалды. Оның мақсаты-психикалық үрдістердің этникалық ерекшелігін білдіретін ұлттық ортаны, оның құрылымын, динамикасын зерттеу болып табылады. Өкінішке орай, бұл экспедицияның материалдары тек қырық жылдан кейін ғана жарияланды. Өткен ғасырдың 30-жылдарынан бері Ресейде этнопсихология мүлде болған жоқ, оның жандауы тек сексенінші жылдардың соңында ғана басталды.

Бақылау және өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар.

1. Психоаналитикалық теорияның мәні.

2. З. Фрейд психоанализіндегі мәдениет.

3. К. Юнгтың мәдениет концепциясы.

4. «Мәдени архетип» дегеніміз не?

5. Неофрейдизмнің негізгі идеялары.

6. Қазіргі батыстық психологиялық антропологияның концептуалды ұстанымдары.

7. «Мәдениеттің таратушы моделінің» мәні.

8. Ресейдегі этнопсихологияның даму ерекшеліктері.

8

Крысько К., Деркач А. Этнопсихология. – М., 1992. Т. I. С. 56.

9

Кавелин К.Д. Собр. соч. в 10 т. – Спб., 1900. Т. 4. С. 42.

10

Крысько К., Деркач А. Этнопсихология. – М., 1992. Т. I. С. 36.

Мәдени антропология

Подняться наверх