Читать книгу Мәдени антропология - Әлия Масалимова - Страница 7

1
МӘДЕНИ АНТРОПОЛОГИЯНЫҢ ПАЙДА БОЛУЫНЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ТАРИХИ АЛҒЫ ШАРТТАРЫ
1.2. Мәдениет мәдени антропологияның пәні ретінде
1.2.2. Мәдениеттің қоғамдағы құрылымы және қызмет-тері

Оглавление

Мәдениет тек іс-әрекеттің қалыптасқан, тұрақты стандарттары мен мінез-құлықтың стереотиптері, адамдардың қарым-қатынасының алуан түрлі жолдары негізінде қалыптасады. Адамзат қоғамының өміршеңдігінің әмбебеп технологиясы ретінде мәдениет өзінің құрамдас бөлігі ретінде қоғамдық деңгейдегі материя құрылымына тән ерекше басқару және реттеу технологиясын қамтиды. Бұл технология қоғамдық бірлік үшін маңызды және оның мүшелерінің іс-әрекетін анықтайтын ұрпақтан ұрпаққа берілу барысында сақталып, жинақталып отыратын жеке тұлғадан жоғары тұратын ақпараттар жүйесі негізінде құрылады.

Жалпы ақпараттық қор – бұл мәдениеттегі қоғамдық тәжірибеде көрініс тапқан, жеке тұлғадан жоғары тұратын қоғамның рухани жиынтығы. Ол өз кезегінде көптеген тұлғалардың жекеленген тәжірибесінің қоғамдық мақсатта іріктеліп шыққан және осы бірліктердің кеңістік пен уақытта таралуының нәтижесі. Басқаша айтар болсақ, бұл кең мағынадағы мәдени бейімделудің жемісі және нәтижесі болып табылады.

Мәдениет тіршілігі үшін оның генезисінің қалыптасуында және белсенді қызметі үшін маңызды фактор болып табылатын дәстүрлер механизмі аса қажет. Қоғамның рухани қоры жалпы оның жеке тұлғамен тығыз қарым-қатынасқа түспей, оның психикасына енбей, ал ол арқылы қоғамдық іс-әрекеттің мазмұны мен жүзеге асыру жолдарына енбей тіршілік етуі мүмкін емес. Қоғамдық тәжірибенің ұрпақтан ұрпаққа берілуі (трансляциясы) мәдени дәстүр механизмінің бір бағыты болып табылады.

Қоғамның жалпы ақпараттық қорын анықтауда Я. К. Ребане «қоғамдық жады» (память) түсінігін ұсынды 5.

Қоғамдық жады – бұл ақпараттық қатынаста жеке тұлға және қоғамдық танымның қызмет етуінде және дамуында негіз болып табылатын тәжірибелік және танымдық іс-әрекет нәтижесінің ерекше қоры болып табылады.

Қоғамдық жады – ұрпақтан ұрпаққа берілетін білім, іс-шаралар, біліктілік саласынан әлдеқайда кең түсінік. Бұл құбылыстың екі аспектісін бөліп көрсетеді:

n материалдық жүйелер n қоғамдық жадының танымдық-мағыналық мазмұны.

Екі аспект арасындағы айырмашылық «ақпарат» түсінігінің екі аспектісінің арасындағы айырмашылықты білдіреді:

n ақпарат құрылымдық реттілікті басқару үрдісі барысында берілетін құбылыс ретінде n ақпарат адам санасының субъективті мазмұны болып келетін білім ретінде.

Ақпарат аспектілерінің дифференциациясы мәдениеттің қоғамдық-технологиялық комплексінің ақпараттық компоненттерінің арасында шекара жүргізуге негіз болады:

– социоинституционалды мәдениет;

– гуманитарлық мәдениет.

Мәдениет шеңберіндегі адамдардың қоғамдық-ұжымдық іс-әрекеттерінің түрлі жақтарын реттейтін қызметін, яғни мәдениеттің реттеушілік жүйесін бөліп көрсету міндеті, мәдени жүйені теориялық анықтау (препарирования), оның фундаментальді негіздерін анықтау міндетімен сәйкес келеді. Бұл міндетті жүзеге асырудың шешімін танымал ресейлік мәдениет зерттеушісі Э.С. Маркарян мәдениеттің функционалды құрылымы кестесі негізінде ұсынды6.

1. Реттеушілік жүйе, іс-әрекетке себеп болу, белсендіру, бағдарлау, бақылау қызметтерін атқарады.

2. Орындаушылық жүйенің көмегімен адамдар өз іс-әрекеттерінің жан-жақты бағдарламаларын жүзеге асыруға мүмкіндіктер алады.

3. Физикалық өмірді қамтамасыз ететін жолдардың жүйесі адамдарға физикалық тіршілігін қолдауға мүмкіндік беріп, қоршаған ортаның жойқын, жағымсыз ықпалдарынан сақтайды.

4. Биологиялық деңгейден жоғары тұратын мәдени өңдеу жүйесі, қоғамдық маңызы бар тәжірибені концентрация және қоғамдық ұйымдастыру жолдары арқылы адамзат іс-әрекетінің түрлі салаларында жүзеге асыру, осы тәжірибені кеңістік пен уақытта тарату.

Мәдениет жүйелерінің кестесі бөліп көрсеткен төртеуінің ішіндегі (1 және 3) екеуінің ақпараттық табиғаты бар, яғни қоғамдағы ақпараттық үрдістерді жүзеге асыру механизмдері мен ақпараттық бірліктерінің жиынтығы бар. Өзге екеуі (2 және 4) өздерінің құрамында адамның қоршаған ортамен қарым-қатынасының физикалық құралдары ретіндегі түрлі объектілердің (еңбек құралы, көлік түрлері, тұрмыстық заттар, киім, тағам), мәдениет қалыптастырған іс-әрекеттердің түрлі ақпараттық бағдарламаларының жүзеге асырудың физикалық жолдарының бар екендігін көрсетеді.

Мәдениет компоненттерін ақпараттық және физикалық қызметтерге бөлу материалды және рухани мәдениетті бөліп көрсетуде барынша сенімді жол болып табылады.

Реттеушілік жүйе қоғамның рухани мәдениет саласын материалды мәдениеттен бөлу шарттарын субстанционалды онтологиялық көрсеткіш бойынша емес, функционалды көрсеткіш бойынша жүзеге асырған жөн. Аталмыш көрсеткішке сәйкес рухани мәдениет физикалық құралдық қамтамасыз ету жолдарына қарағанда іс-әрекеттерді ақпараттық қамтамасыз ету жолдарының жиынтығы болып табылады.

Сәйкесінше, мәдениеттің теориялық миссиясы өмірдің қоғамдық және биологиялық шекараларын бөліп көрсетуде болып отыр. Мәдениет адамзат іс-әрекетін жүзеге асырудың биологиялық жолдан тыс құралдар мен механизмдер жиынтығы, оны белсендендіру, жобалау, бағыттау, физикалық қамтамасыз ету, орындау және өңдеу болып табылады.

Социумда ол келесі жолдарды атқарады:

· қоғамды өзгертуші (адамды, қоғамды, жалпы әлемді өзгерту);

· танымдық, адамға қоршаған әлемді, өзін және қоғамды тануға мүмкіндік береді

· семиотикалық, рухани құндылықтар жүйесінде белгілі символдар мен белгілерді бекіту;

· аксиологиялық адамның құндылықтық бағытының жолы ретінде;

· коммуникативті, ұрпақтар, халықтар арасындағы, рухани құндылықтарды қалыптастырушы және оларды тұтынушылар арасындағы қарым-қатынасты қамтамасыз етуші.

Осылайша, мәдениет – бұл қоғамдық өмірді ұйымдастырудың ерекше жолы. Қоғамдық құрылым ретінде мәдениеттің мәні рәсімдерді, салт-дәстүрлерді, мифтерді, идеяларды, теорияларды, өнерді, шаруашылықты, ғылымды, қоғамдық институттар мен қарым-қатынастарды қамтитын мәдени ұстанымдар жиынтығын қолдау, сақтау, мобилизациялау және жаңғырту болып табылады.

Б. Нұржановтың пікірінше, «мәдениеттің мәні адамзат қоғамындағы тәртіпті қалыптастыру және қолдау екенін атап өтеміз. Сонымен мәдениеттің алғашқы тарихи мағыналарының бірі: мәдениет культ ретінде, табыну ретінде, ежелгі дәстүрлерді мұқият сақтау болып табылады. Дәстүрлерді сақтау мағынасында мәдениет рәсімдер жиынтығы болып табылатын дінге жақын. Мәдениет адамзат әлемінің барлық салаларын қамтиды, адамның адам болуы оның мәдени тіршілік иесі болғандығына байланысты. Кез-келген мәдениет адам үшін гуманистік болып табылса, кез-келген адамгершілік, гуманизм мәдени болып табылады»7.

Сонымен, биологиялық тіршіліктен қоғамдық тіршіліктің негізгі айырмашылығы қоғамдық өмірдің әмбебеп ақпараттық механизмі – мәдени дәстүр. Мәдени дәстүр кең мағынада қолданылатын мәдени қордың құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Оның өзге де құрамдас бөліктері тарихи қауымдастықтың жадында сақталып қалған, дегенмен де белгілі бір себептермен онымен қабылданған адамдардың индивидуалды стереотиптері және инновациялары. Белгілі бір дәрежеде тұрақты болып келетін кез-келген адамдар қауымдастықтарында дәстүрлер бар болуы сияқты, мәдени қор да бар. Сәйкесінше, жалпы адамзат баласының мәдени қоры және үлкенді-кішілі тарихи қауымдастықтардың мәдени қорлары болады.

«Тарихи қауымдастық» түсінігі кең мағынада қолданылады, яғни ол дегеніміз ортақ тарихы бар, ұзақ уақыты бойында қоғамдық тәжірибе қалыптастырған, сонымен қатар топтық стереотиптердің қалыптасуына негіз болған көптеген жекеленген тәжірибе элементтері бар адамдардың түрлі топтары.

«Дәстүр» және «мәдениет» терминдерін талдай отырып, аталмыш терминдердің белгілі бір теоретикалық контексте синонимдік мағыналарының жақындығын аңғаруға болады. «Традиция» латын тілінен аударылғанда – «беру», «айту» деген мағыналарды білдіреді. Термин атауында оның негізгі функциясы көрініс тапқан, яғни алғашқы ұрпақ тәжірибесін келесіге жеткізу, беру. Күрделі қоғамдық құрылым бола отырып, дәстүр қоғамдық сананың түрлі деңгейлері мен түрлерін қамтиды, соңында, қоғамдық қарым-қатынастарда көрініс тауып, идея, көзқарас және сезімдерден адамдардың, қоғамдық топтардың, кластардың практикалық іс-әрекеттеріне өзіндік «көпір» жүргізеді.

«Мәдениет» термині арқылы біз тарих үшін бір-ақ рет болатын, кездейсоқ құбылыстарды анықтамаймыз, керісінше адамзат үшін немесе кез-келген масштабтағы әлеуметтік қауымдастық үшін маңызды дәстүр негізінде жинақталған тәжірибені білдіреміз. Басқаша сөзбен айтсақ, «мәдениет» құбылысты білдірсе, «дәстүр» – оның қалыптасу, таралу және қызмет ету механизмдерін білдіреді.

Сонымен, мәдени дәстүр дегеніміз – қазіргі шақтың өткен шақпен байланыстарының жүйесі, осы жүйенің көмегімен белгілі бір іріктелу үрдісі, тәжірибе түрлері қалыптасып, стереотиптердің таралуы жүзеге асады, олар өз кезегінде қайтадан жаңғырып отырады.

Жалпы мәдениет тәрізді дәстүр де ұжымдық жады болып табылады. Алайда, «жады» түсінігі дәстүрді қоғамдық құбылыс ретінде толық қамти алмайды, себебі қайта жаңғыру мәселесі назардан тыс қалып, алдыңғы қатарға сақтау және ұстап тұру мәселелері шығады. Дегенмен де қайта жаңғырусыз дәстүрдің болуы мүмкін емес, сонымен қатар жады түсінігінде пассивті элемент болса, дәстүр белсенділік, ұзақ мерзімділік, тәжірибені үздіксіз беріп отыру дегенді білдіреді.

Қоғамның мәдениетсіз өмір сүре алмайтындығы сияқты, қоғамды дәстүрсіз елестету мүмкін емес. Түрлі қоғамдар бір-бірінен біреулерінің архаикалық, «дәстүрлі», ал екіншілері замануи, «дәстүрлі емес» деген сипаттармен емес, өздерінің дәстүрлерінің мазмұнымен, таралу жылдамдықтарымен, сақталу жолдарымен ерекшеленеді.

«Дәстүр» – бұл міндетті түрде консервативті, ескі және оның шеңберінен шығу керек деген түсініктен айырылу қажет. Мәде-ниеттің кез-келген күйінде және әрбір дәстүрде түрлі кезеңдерде пайда болған элементтер бар және олардың ең ежелгісі өздерінің өзектілігін жойды деп айтуға болмайды. «Дәстүр» болса да, әлі күнге дейін адамға жақсы қызмет көрсетіп келеді.

Екінші жағынан, дәстүрлер тарихи жаңарады, кей жағдайда кейбір салаларда, мәселен, саяси, қоғамдық салаларда терең өзгеріске ұшырайды. Алайда, осы үрдістің нәтижесінде пайда болған жаңашылдық адамзат болмысының немесе әлеуметтік қауымдастықтың өзге салаларындағы дәстүрлермен үнемі келісімді болып келеді.

Кез-келген мәдени дәстүрдің негізінде сол қоғамдық ұжымның тәжірибесі жатыр, қоғамдық ұжым өз кезегінде мәдени дәстүрді оның ғасырлар бойы жинақталуына немесе бірнеше жылдар бойы жинақталуына қарамастан, оның қателер және әрекеттер арқылы қалыптасты ма, жоқ кездейсоқ қалыптасты ма әлде логикалық ой-тұжырымдар, математикалық шешімдер, заманауи ғылыми эксперименттер арқылы қалыптасуына қарамастан қолдап отырды.

Стереотиптер осы тәжірибені қалыптастырып, ұжымдық жадыда тұрақтандырады. Бұл архаикалық немесе заманауи ғылыми эксперименттердің, мифологиялық түсініктердің, қоғамдық нормалар мен заттардың мінез-құлықтық стереотиптері, оларда белгілі бір түсініктер, ғылыми анықтамалар, заңдар мазмұндары, математикалық формулалар, сөйлеу мәнері, фольклорлық текстер көрініс тапқан.

Мәдени дәстүрлер мен қоғамдық-психологиялық стереотиптердің ықпалының негізінде қалыптасқан құндылықтық жүйелер уақыт өте келе қоғамның әлеуметтік-мәдени бағытында маңызды факторына айналып, адамдар іс-әрекетін реттеуде, қалаулы іс-әрекетті белсендендіруде, қоғам қабылдамайтын кез-келген жағдайды болдырмау және алдын алуда үлкен роль атқарады.

Дәстүрлер ақпараттарды жеткізудің ерекше жолы бола отырып, уақыт өте келе іс-әрекет, моральдік баға және эмоция салаларындағы стереотиптерге айналады, сонымен қатар белгілі бір топ, этнос, өркениет аясында қоғамдық-психологиялық қауымдастықты қалыптастырады.

Бақылауға және өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар.

1. Қоғамдағы мәдениеттің қызметтері?

2. Қоғамдағы жады дегеніміз не?

3. Ұжымдық жады түсінігі қандай мағынаны білдіреді?

4. «Ақпарат» түсінігінің көп мағыналы болуының себебі неде?

5. Мәдениеттің функционалды құрылымының кестесі.

6. Мәдениет пен дәстүр арасында қандай сәйкестік бар?

7. Мәдени дәстүрге анықтама беріңіз.

8. Мәдениетке өз анықтамаңызды беріңіз.

5

Культурология. Учебное пособие для студентов высших учебных заведений. – Ростов-на-Дону, 1995. С. 101.

6

Маркарян Э.С. Теория культуры и современная наука. – М., 1983. С.121.

7

Нуржанов Б.Г. Культурология: курс лекций. – А., 1994. С. 6.

Мәдени антропология

Подняться наверх