Читать книгу Мәдени антропология - Әлия Масалимова - Страница 4

1
МӘДЕНИ АНТРОПОЛОГИЯНЫҢ ПАЙДА БОЛУЫНЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ТАРИХИ АЛҒЫ ШАРТТАРЫ
1.1. Мәдени антропология социогуманитарлық білім жүйесі шеңберінде
1.1.2. Мәдени антропологиялық білім аясындағы адам

Оглавление

Адам мәселесі, дәлірек айтсақ, оның пайда болуы мен осы дүниедегі мақсаты адамзат баласын есте жоқ кезеңнен бері мазалап келеді, бұл тақырыптар түрлі ойшылдардың философиялық ойларының өзегі болып келеді. Мәселен, ежелгі үнді мектебі санкхья ілімі бойынша барлық табиғат жаратылысы минералдар, өсімдіктер, жануарлар және адамдар болып 4 топқа бөлінеді. Егер де Інжілге жүгінсек, адам барлық жаратылыстан соң, алтыншы күні жаратылған, бұл өз кезегінде адамды бүкіл табиғат жаратылысының тәжі деп санауға мүмкіндік берді.

Жер биосферасында антропогенездің шамамен 4 млн. жыл бұрын пайда болғаны жалпыға мәлім. Дәл осы кезде ойкуменаның – қоныстанған кеңістік және сана-сезім саласы – ноосфера қалыптасады. Антропогенез үрдісі барысында адамның маймыл-дан негізгі үш ерекшеліктері анықталды:

– тек аяқпен жүруге ғана арналған, ұстау функцияларынан айрылғаны;

– қолдың тек ұстау қимылдарына ғана арналған «адымдау» функцияларынан айрылғаны;

– жақ сүйектеріне қарағанда баста ми бөлшегінің басым болуы1.

Аталған ерекшеліктер келтірілген кезекпен дамыды. Тік жүру факторы адамзат қолының қалыптасуын анықтап, кейіннен адамзат миының дамуына түрткі болды.

Саналы адамның биологиялық түрі кейінгі палеолит кезінде қалыптасты. Қазіргі адам – Homo тобының Sapiens түрі, примат тобының гоминид жанұясына жатады. Оны мидың барлық бөліктерінің жоғарғы дифферанциясы, кез келген дыбыстарды ажырата білу қабілеттері ерекшелендіреді.

188 ғ. ортасында Карл Линней жануарлар әлемі жүйесінде сүтқоректілер құрамындағы приматтар тобындағы адамның орнын анықтап берді. Ағылшын зоологы Томас Гексли мен швейцариялық анатом Карл Фогттың кейінгі зерттеулері адамдардың адам тәріздес маймылдармен туыстық байланыстары бар екендігін дәлелдеді.

199 ғ. Чарльз Дарвиннің тірі табиғат эволюциясының сызбасымен «Табиғи іріктелу нәтижесіндегі түрлердің пайда болуы» атты еңбегі шығады. Бұл жүйенің негізінде табиғи таңдау принципі жатыр. 1871 ж. «Адамдардың пайда болуы және жыныстық іріктелу» атты адамдардың жануарлардан шыққаны және оның эволюция жүйесіндегі орнын дәлелдеген кітап жарыққа шығады. Дарвин теориясына сәйкес, адам сыртқы ортаның шарттарына прогрессивті бейімделу нәтижесінде тіршілік үшін күреске қолайлы болып табылатын биологиялық формаларын сақтай отырып, төменгі формалардан пайда болды.

Адамның мәні жөнінде айта отыра, екі түрлі әдісті атап өтсе болады: философиялық және антропологиялық. Бірінші әдіс шеңберінде адам оның жер бетіндегі даму барысында қарастырылады. Екінші әдіс шеңберінде – адам даму сатысының және табиғи экологиялық ұяшықтарының бірі.

Сәйкесінше, адам табиғат және мәдениет әлемдеріне жатады. Адам биологиялық тіршілік иесі ретінде жануарлар мен өсімдіктермен көптеген ұқсастықтары бар, адамдар қоғамы – бұл жануарлар қауымдастығы, алайда адамзат жүріп өткен эволюцияны тіршілік иелерінің бір де бірі қайталаған жоқ.

Қазіргі заман ғылымының тұрғысынан, дәлірек айтсақ түраралық кедергі және Homo Sapiens түрінің көптеген ерекшеліктері бойынша адамның жоғарғы приматтардан пайда болғаны жөнінде дарвин теориясын қабылдай алмаймыз, дегенмен де олардың арасында белгілі дәрежеде туыстық жақындық бар екені анық. Осыған байланысты, мәдениет адамды өзге жануарлардан ерекшелейтін маңызды белгілердің бірі болып табылады.

Антропогенез тұрғысынан мәдениетті сыртқы ортаға бейімделу жолы деп қарастыруға болады. Мәдени антрополог және этнограф түсініктері бойынша мәдениет тек заттар жиынтығы мен еңбек нәтижелері ғана емес, сонымен қатар адамзат іс-әрекеттерінің жолдары.

Ал енді, адамзат қоғамының қалыптасуының түрлі кезеңдеріндегі «мәдениет» түсінігі ерекшеліктерінің қысқаша мазмұндарына тоқталып өтейік. Антикалық кезеңде мәдениет мағынасы негізінен адамгершілік, жоғарғы идеал түсініктерімен, шығармашылық рухтың байлығы мен бостандығымен, сонымен қатар адам рухын тәрбиелеу және дамытумен байланысты болды. Антикалық полисте азаматтарды тәрбиелеу, ересек адамдарды қалыптастыру үрдісіне гректер «пайдейя» деген түсінік берген (pais – ребенок, дитя).

Пайдейя – тәрбиелеу, үйрету деген мағыналарды білдірді, кең мағынасында: білім, білімділік, ағартушылық, мәдениет деген түсініктерді қамтыды. Гректер адамның белгілі құндылықтық бағыттары бар тұлға ретінде қалыптасуға мүмкіндігі бар ерекше білім беру жүйесін қалыптастырды. Антикалық шығар-малардың авторлары адам және қоғам туралы ілімнің теориялық негіздерін жасады.

Ортағасырлық кезеңде мәдениет түсінігі көп жағдайда «культ» түсінігімен байланысты болды. Мәдениет адамның шығармашылық мүмкіндіктерін құдайға махаббат арқылы ашудың қасиетін білдірді. Яғни, мәдениет адам үшін өз мүмкіндіктерін, анығырақ айтсақ табиғаттан таза болып келетін сананы сеніммен толықтыра отырып дамыту мүмкіндігі болып табылды. Адам өзінің ерекшелігін сезінеді: Құдай адамды, оның мәңгілік жанын жаратты, сондықтан да бақыт деген ол өзін-өзі тану емес, құдайды тану болып табылады. Өзінің Жоғарғы Тәңірмен рухани байланыста болуын сезінген адам өзінің қабілеттерінен жоғары көтеріліп, қол жетпейтін мүмкіндіктерге жетеді. Басқаша айтсақ, мәдениет мүмкіндіктерді, үйлесімділікті және тәртіпті тәрбиелеу емес, өзінің шектеулігін жеңіп, тұлғаның шексіз мүмкіндіктеріне кенелу, үнемі рухани даму және кемелдену болып табылады.

Қайта өрлеу дәуірінде мәдениет жөнінде антикалық түсініктер жандана бастайды. Аталмыш дәуірдің прогрессивті бетбұрысы, бірінші кезекте осы дәуір мәдениетінің антикалық құндылықтар жүйесіне қайта оралуымен; ғылым, өнер және шығармашылық бостандығының шарықтап дамуымен байланысты болды. Қайта өрлеу дәуірінің адамы – бұл субъективтіліктің жоғарғы түрлеріне лайықты, өзін және өзін қоршаған дүниені, өмірдің антиномиясын түсінуге қабілетті, жеке тұлға тіршілігін және өркениеттілік құбылысын түсінуге, қоғамды қайта құруға ұмтылатын тұлға болды.

Ағартушылық дәуірінің қайраткерлері адамға және оның қоғамдағы орнына деген көзқарасты түбегейлі өзгеріске ұшыратады. Гельвеций, Дидро, Руссо, Вольтер адамды тәуелсіз еркі, санасы және үйренуге қабілеті бар тәуелсіз тұлға ретінде қарастырды. Олардың пікірінше, адамдар мәдениет пен іс-қимылдың ең жақсы құндылықтарын иегере отырып, қоғамның ең жақсы моделін таңдай алады, сонымен қатар сол модельге сәйкес өздерінің өмірін жақсартып, қоғамдық тәртіпті қалыптастыра алады.

177 ғасырда «мәдениет» түсінігі жеке термин ретінде неміс заңгері С. Пуфендорф шығармаларында кездеседі. Термин жалпы адамзат баласы тұрғысынан жасалған барлық заттарды білдірді, анығырақ айтсақ, сана мен дәстүрлер бағыт беріп оты-ратын әлеуметтік институттар, киім, тіл, ғылым және мораль. Аталмыш теориялық шеңберде мәдениет түсінігіне неміс философы И. Гердер де анықтама береді. Мәдениет түсінігін анықтауда ол негізінен «дәстүрлердің маңыздылығы мен адамның өмір үшін күреске дайындығына басты көңіл бөледі. Тіршілік иесі ретінде адам табиғат заңдылықтарына бағынады, алайда тірі жан ретінде оның табиғаттағы өмірге бейімділігі төмен. Өлімнен оны тек бір ғана қасиет – «аңғарғыштық» (смышленость) ғана құтқарады2. Ой, қоғам және тіл өздерінің біртұтастығында өмірдің адамзаттық формасы болып табылады және адамзаттық мәдениетке сәйкес келеді.

Неміс ойшылы тіл, ғылым, шаруашылық, өнер, жанұя, мемлекет және дінді мәдениеттің ең маңызды бөліктері ретінде бөліп қарастырып, мәдениетті кең мағынада түсінгенін айта кету қажет. Осы элементтердің өзара байланысы мәдени дамудың негізі болып табылады. Гердер идеялары еуропалық философия мен ғылымға үлкен ықпалын тигізеді, сонымен қатар оның мәдениет тарихының философиясы мәдениетті ерекше пән ретінде және философиялық өзіндік сананың ерекше мәселесі ретінде бөліп қарастыруда маңызды қадам болды.

Еңбек-құрал концепциясының өкілдері тұрғысынан қоғамдық және мәдени жүйенің генезисі адамзаттық еңбектің қалыптасуымен тікелей байланысты, еңбек адамның өмірлік іс-әрекеттерін қоғамдық іс-әрекеттерге айналдырады. Адам мәдениет жаратушысы, (Homo faber), мәдениет ангенті, қоғамдық адам болып табылады. Аталмыш концепция шеңберінде мәдениет генезисі ашылады және концепцияға сәйкес адам жануарлар әлемінен шығады. Ф. Энгельстің адамның пайда болуы жөнінде теориясы оның «Табиғат диалектикасы» деп аталатын жұмысының бір тарауы болып табылатын «Маймылдың адамға айналуындағы еңбектің ролі» атты мақаласында баяндалады.

«Адамды еңбек жаратты» деген классикалық формула осы танымал марксизм теоретигіне жатады. Еңбек – бұл тас, сүйек және ағаштан құрал жасаудан басталған мақсатты іс-әрекет. Еңбек нәтижесінде сана пайда болады. Адамдардың бірлескен еңбектерінің барысында олардың бір-бірімен араласу, сөйлесу қажеттігі туындап, тіл пайда болады. Еңбек және тіл сияқты факторлардың нәтижелері орасан зор болды, себебі тек маймыл ғана адамға айналып қоймайды, сонымен қатар адамның іс-әрекеті жалпы культурогенездің қалыптасуына себеп болады.

Бір сөзбен айтқанда, Энгельстің пікірінше мәдениет адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынас үрдісі болып табылады. Адам табиғат берген форманы тек өзгертіп қана қоймай, ол саналы түрде өзінің іс-әрекеттерінің мазмұны мен жолдарын анықтайтын мақсат қояды. Біз еңбек құралдарының адам өмірінде ерекше роль атқарғанын мойындаймыз, алайда олар маймылдың адамға айналу құпияларын, сана кереметін, қоғамдық өмірдің қалыптасу құпияларын түсіндіріп бере алмайды. Тірі материяның дамуынан туындайтын теория бұл тұста өзінің әлсіздігін дәлелдейді.

Антропогенез құпиясын ашуға, қазіргі заман мәдениетінің түсініктері бойынша мәдениеттің пайда болуын түсінуге мүмкіндік беретін концепциялардың бірі символикалық теория болып табылады. Символикалық теорияны негіздеуде оның өзіндік ерекшеліктері мен әдіснамалық жолдарын анықтау маңызды; яғни, символдардың мәдениеттің қалыптасу барысындағы рольдері; мәдениет символдығы. Бұл дегеніміз, ақпараттарды өңдеу, жүйелеу және ақпарат емес дүниені ақпаратқа айналдыру үрдісі ретінде мәдениетті белгілер және мағыналар жүйесі ретінде қарастыру және оның мәнін ашу.

«Символикалық формалардың философиясы» атты белгілі жұмыстың авторы Э. Кассирер, адамның осы әлеммен қарым-қатынасының символикалық жолы жануарларға тән белгілік жүйелерден ерекшеленетінін айтады. Сигналдар физикалық әлемнің бір бөлігі болып табылады, ал символдар болса, автордың пікірінше табиғи не субстанционалды болмысының жоқтығынан функционалды құндылық болып табылады. Жануарлар өздерінің сезімдік қабылдау әлемімен шектеулі болып келгендіктен, олардың іс-әрекеттері тек сыртқы стимулдардан келетін тікелей реакциялармен байланысты болып келеді.

Сол себептен жануарлардың мүмкін болатын идеяны қалыптастыруға қабілеттері жоқ. Екінші жағынан, Кассирер пікірінше, Жоғарғы сана не құдай рухы үшін шынайылық пен мүмкіндік арасында ешқандай айырмашылық жоқ: ойдағы барлық зат ол үшін шынайылық болып табылады. Тек адам интеллектінде ғана шынайылықпен қатар мүмкіндік те бар.

Осылайша, адамның туа біткен белгілі бір қасиеттері мен қабілеттері бола тұра, оның қалыптасуында тәрбие мен үйрену маңызды роль атқарады деген идеядан негіз ала отырып, мәдениет адам болмысының саласы ретінде генетикалық жолмен берілмейді.

Мәдениетке үйренеді және үйретеді, басқаша сөзбен айтсақ, дүниеге келген сәби бірте-бірте әлеуметтену нәтижесінде адам болып қалыптасады. Тірі жан неғұрлым дамыған болса, соғұрлым оның өмірінде үйрену мен тәрбие маңызды орын алады.

Өзін-өзі тексеруге және бақылауға арналған сұрақтар

1. Антропогенез дегеніміз не?

2. «Биосфера» және «ноосфера» түсініктеріне анықтама беріңіз.

3. Ойкумена дегеніміз не?

4. Адамды жануардан ерекшелейтін негізгі айырмашылықтарын атаңыз.

5. Тарихтағы «адам» және «мәдениет» түсініктерінің эволюциясы.

6. Адамның қалыптасуындағы еңбектің ролі қандай?

7. Мәдениеттің қалыптасу барысындағы символдардың ролі.

8. Адам және мәдениеттің дамуындағы үйрету мен тәрбиенің орны.

1

Арутюнов С.А., Рыжакова С.И. Культурная антропология. – М., 2004. С. 29.

2

Гердер И. Г. Идеи к философии истории человечества. – М., 1977. С. 39.

Мәдени антропология

Подняться наверх