Читать книгу ШОКО ӘЛЕМ. Фэнтези - Рустем Серікұлы Сауытбай - Страница 2
1. Шококент
ОглавлениеШококенттің бір отбасында бір жасар бала үйдің қабырғаларын кеміріп жатты. Өйткені үйдің қабырғалары шоколадтан жасалған еді. Жəне балақай шоколадты қатты жақсы көретін. Ол тіпті қасықтап жеуге кіріседі. Қабырғаның құлауына сəл қалған еді, сол кезде əкесі баланы уақытында тоқтатып, құтқарып алады. Балақайдың бет-аузы шоколад жағылып, түрі көрінетін емес. Тек көздері бадырайып, жан-жағына бір қарады. Бұл кішкентай Шококент тұрғыны әлі де аузындағы шоколадын бітірген жоқ. Ол көзін жұмып тұрып шоколадтың дәмін бар жанымен сезінді. Біраздан кейін үйдің бір жағы құлап түседі. Бұл үй қаланың қақ ортасында орналасқан еді. Үйлер моншақтай тізіліп, ерекше әдемілік беріп тұрды. Алайда, орталықтағы бір үйдің бұзылуы, моншақтағы бір маржан тастың үзіліп кеткені сыңайлы болды. Енді əкесіне басқа үй іздеуге тура келеді. Ал қыс болса жақындап қалды.
Шококентте үйлердің бұзылып, құлауы сирек кездесетін жайт емес. Кішкентай балақайларды шоколад жеуден бас тартқызу мүмкін емес. Сондықтан кішкентай балаларды жалғыз қалдыру өте қауіпті. Ал көрші балақайлардың қуанышында шек жоқ. Өйткені олар біраз уақыттан кейін қирап жатқан үйді жейтін болады. Сондықтан бұл елде балалар – нағыз «үй жегіштер». Сол себептен үйге қонақ шақыру қауіпті. Қонақтар балалармен келсе, байқап отыру керек. Әйтпесе отырыстың соңы өкінішті болуы мүмкін. Шоколадтың тартымдылық күшіне ештеңе төтеп бере алмайды. Ол сондай тəтті, сондай сиқырлы.
Бұл керемет Шококент қаласы Тəтті тауының етегінде Бал көлінің жағасында орналасқан. Бұл қаланың ерекшелігі ғимараттар мен тағы да көп нəрселердің шоколадтан жасалуында еді. Сондықтан ба, тұрғындары тəтті-тəтті сөйлейді екен. Сөздері тəтті болғандықтан, əрине, көңілдері де шаттыққа толы болатын.
Сонымен қоса шококенттіктер тəтті түс көріп, тəтті ұйқыға бөленетін. Тəтті өмір деп осыны айт. Өйткені, шоколад адамдардың көңіл-күйін барынша көтереді. Балалар қалағандарынша шоколад жей алатын. Бүлдіршіндер үйдің шоколадты қабырғаларын кеміргендіктен, ата-аналарына жылда үйлерін жөндеуге тура келеді. Шоколадтың бір ерекшелігі қыста суық өткізбейді, ал жазда ерімейді. Бұл қасиет сиқырлы шоколад дəндерінен келетін.
Шококент тұрғындары өздерін «шокилер» деп атайтын. Кейбір шокилердің түстері қара-торы боп келеді. Олар осы түспен мақтанып, «біз нағыз шокиміз» дейтін. Шокилер туған балаларына ат қойғанда «шоко» сөзін жалғап қоятын. Айшоко, Нұршоко, Жашоко және Байшоко деген есімдер жиі кездеседі. Оған қоса, Шоқан, Шоқай, Шокобай, және Шокоару, Шоконұр деген аттар да өте көп қойылатын.
Шоколадтың түр-түрі болады: қоңыр, қара, ақ, қызыл, жасыл, көк, сары тіпті алтын шоколад та болады. Мысалы, қаладағы ғимараттар көбінесе қоңыр немесе ақ шоколад кірпіштерінен жасалатын. Ал кірпіш зауыты энергиясын сиқырлы шоколад дəндерінен алады. Бұл сиқырлы шоколад дəндерін періштелер ежелгі заманда аспаннан түсірген деседі. Шоколад мамандары бұл сиқырлы дəндердің сырын ешкімге ашпайтын. Өйткені дəндердегі тылсым энергияны теріс мақсатта қолданғысы келетіндер де бар еді.
Бұл шоколад əлемінде басқа тəттілер де болатын. Ағаштар халуадан болса, тастар кəмпиттен еді. Ал бұлттар тəтті мақтадан болатын. Тәтті мақта жегісі келген адам таудың басына шығып, тойғанша тәтті мақта жейтін. Сондықтан тәтті мақта өте бағалы тағам боп есептеледі. Кез келген шоки тәтті мақта жедім деп мақтана алмайды. Тәтті мақтаны жейтін қыздарды «мақта қыз» деп атайтын. Олар жыл сайын таудың басына шығып, тәтті мақта жеп, оны басқа тұрғындарға да алып келетін. Басқаша айтқанда, тәтті мақта – үлкен мақтаныш.
Жаңбыр жауғанда бұлттан шырын жауатын. Əр уақытта əр қалай. Алма шырыны жауады, кейде өрік, кейде апельсин шырыны жауады. Балақайлар ауыздарын ашып дəм татады. Ал қыс мезгілінде жапалақтап балмұздақ жауатын. Осылайша, балмұздақ төмпешіктері пайда болады. Балалар қалағандарынша шана тебетін. Оның да түрлі түстісі болады. Шоколадтан жасалған балмұздақ немесе жеміс балмұздағы да жауып қалады. Сөйтіп Шокенттіктер тату-тəтті өмір сүріп жатқанда, күтпеген оқыс оқиға болады. Шоколад мамандарынан сиқырлы дəндерді біреу ұрлап əкетеді.
Шококенттің бас уәзірі Дәуіш тәтті ұйқысынан шошып оянды. Ол түсінде тұзды жартастың шетінен құлағалы тұр екен. Үсті басы тұз болып, әрең дегенде жартастан жерге түседі. Түсіндегі тұздың дәмі әлі аузынан кетпеді. Дәуіш бірден терезені ашып жібереді. Күз күні бар шуағын шашып, әлемді жарық пен қуанышқа толтырып тұрғандай. Таңғы салқын жел солтүстіктен хош иістерді жинап, Шококенттің көшелері мен аулаларын таңғажайып сарайға айналдырды. Құстар бар өнерін салып, ән шырқап тұр. Дәуіш бұл құстар оркестріне әдеттегідей жем беруге кірісті. Жеммен қатар көңілден шыққан жылы сөздер ең маңызды азық, әрине.
Көп ұзамай ұрының қай елден болғандығы түсінікті болды. Ұры Тұздейім елінен болып шығады. Тұздейімдіктер көптен бері осы сиқырлы шоколад дəндерін қолға түсіре алмай жүр еді. Ащы жоспарларын іске асыру —Тұздейімдіктердің көнеден бері келе жатқан мақсаттары. Өйткені, өмірлері ащы боп кеткен еді. Сөйлеген сөздері ащы, ұйқылары ащы, тіпті түрлері де ащы. Басқалардың тәтті өмірлерін қызғанып, бастарына ащы ойлар келетін. Араларындағы араздықтарының мың жылдық тарихы бар. Қандай айла ойлап тапса да, нəтижесіз болатын. Бірақ осы жолы дегендеріне жетеді.
Сол күні Шококентте жаңбыр жауады. Шоколадтан жасалған ғимараттар ақырындап ери бастайды. Сиқырлы дəндер болмаған соң, шоколадтың құрамы өзгеріске ұшырайды. Шококент халқының мазалары кетіп, уайымдай бастайды. Қала көшелерінде шоколад ағады. Жаңбыр біткен соң, күнге қызған сұйықтық нағыз ыстық шоколадқа айналады. Сөйтіп, қаланың қасында шоколад көлі пайда болады.
Шококенттің патшасы Шокохан халқын жинап алып:
– Халқым! Саны шектеулі сиқырлы шоколад дəндерін Тұздейімдіктер ұрлап әкетті. Бұл дәндер біз үшін өте маңызды. Шококенттің күш көзі сол дәндер. Бұл дәндерді әулиелердің өзі сақтап, бізге аманат ретінде қалдырған. Сол дəндерді қайтару керек. Араларыңда қайтарам деген жан бар ма? – деп патша үмітпен жан-жағына қарайды.
Біраз уақыт өткен соң бір əйгілі батыр шығады. Оған қосыла тағы аты шыққан төрт батыр шығады. Шокохан қатты қуанып кетеді.
Патша ақсақалдармен бірге Тұздейімге аттанатын бұл бес батырмен сарайында көріседі. Бəрі де мықты жігіттер. Кезінде бұл ержүрек батырлар білектің күшімен, найзаның ұшымен шокилерді жеңіске жетелеген. Бой десе бойы, ой десе ойы бар бұл батырлар кез келген тапсырманы орындауға дайын. Елі үшін елу жанын беруге әзір. Бірақ ақсақалдар бұл бесеуін емес, қарапайым жанұяның екі баласын ұсынады. Бұл балалар сымбатты да ақылды бауырлар Рауза мен Елдес еді. Шокохан ақсақалдарды тыңдап, екі жас балаларды жіберуге көнеді.
Бұл екі жас бала қарапайым отбасынан болғанымен, мінез-құлықтары ханшайым мен ханзаданікі сияқты еді. Рауза кішкентайынан жауапкершілігі жоғары қыз боп өсті. Және өте мейірімді, әрі адалдыққа қатты мән беретін. Ол шешім қабылдағанда барлық тұғырдан ойлап, негіз тапқан соң сол ойын іске асыратын. Ал Елдес болса сезімтал жан болатын. Шешімді тез қабылдайтын. Бірақ соңғы кездерде логикаға қатты мән беріп жүр. Әлсіздерге көмектесуге әрдайым дайын. Біреу «көмек керек, жүр» десе шын жүректен қолдан келгенін істейді. Əкесі мен анасы оларға ерекше тəлім-тəрбие беріп өсірген. Олар сабақтан келе жатып жолдағы ағаштарды, шөптерді, жалпы айналасын зерттеп жүретін. Əр нəрседе бір мағына көретін.