Читать книгу ШОКО ӘЛЕМ. Фэнтези - Рустем Серікұлы Сауытбай - Страница 5

4. Нуа ұстаз

Оглавление

Біраз жүрген соң халвадан жасалған үй көрінеді. Терезелері тас кәмпиттен. Ішіне кірсе, бір бойжеткен дастархан жайып жатыр екен. Олар сəлем беріп дастархан басына жайғасты. Ақсақал сөз бастайды:

– Мен осы жерде туғанымнан бастап мекен етіп келем. Сендердің кім екендеріңді білем жəне қайда бара жатқандарыңды да білем.

– Қайдан білесіз ата? – деп шыдай алмай Елдес сұрай кетті.

– Сендерді түсімде үш рет көрдім. Сол көргенімнен бері сендерді Ақкөлдің жағасында күнде күтіп жүрмін. Сендер Тұздейімге сиқырлы дəндерді қайтаруға бара жатырсыңдар. Білесіңдер ме, бұл ұрлық əр мың жылда бір рет болады. Ол дəндерді қайтару оңай емес. Шококент патшасы өз əскерлерінің орнына арнайы сендерді жіберіп отыр. Тіпті мыңдаған əскер жіберсе де, Тұздейімдіктерге күші жетпейді.

Елдес сол кезде күліп жіберді:

– Сонда мен «мың баламын» ба?

Қария сөзін жалғастырып:

– Мың баласың ба, əлде жүз мың баласың ба, оны əлі көре жатармыз. Тарихта дəндерді қайтара алмаған кездер де болған. Сондықтан абай болу керек.

– Бұл нешінші ұрлық білесіз бе? – деп Рауза сұрақ қойды.

– Бұл он жетінші рет болып отыр. Төрт рет аттанған адамдар нəтижесіз оралды.

– Дəндерді қайтара алмасақ, Шококентке не болады? – деді Рауза уайымдап.

– Онда Шококент толығымен еріп кетеді. Сосын балшықтан үй жасауға тура келеді. Ол балшықтың иісі өздерің білетін хош иіс емес.

– Шококент емес Балшықкент болып кетеді ғой, – деді Елдес.

– Адам балшықтан жаратылған ғой. Несі бар тұрамыз, – деп терең мағыналы сөздер айтты Рауза.

– Адам балшықтан жаратылғаны рас. Бірақ мынау сасық балшық қой. Сендер одан да дəндерді қайтарудың жолын қарастырыңдар, – деп салмақты сөйледі Нуа ата.

Ары қарай былай жалғастырды:

– Өмір деген өте қысқа 60—70 жыл. Сол өмірді ерлікпен толтырыңдар. Əркімнің ерлігі əрқалай. Сендердің ерліктерің – осы жол, қолдарыңнан келетін барлық нәрсені жасаңдар. Əйтпесе, қорқақ сорлы болып қаласыңдар, – деп ауыр сөз айтты қария.

Кенеттен екеуі де иықтарында ауыр жүк барын сезінді. Тіпті Елдестің басынан тер бұрқ етті. Екі батыр жаупкершіліктің қандай үлкен екенін сезінді.

Рауза алға бір аттап:

– Біз дайынбыз. Бұл жолда жанымызды да беруге дайынбыз, – деп сеніммен айтты.

Жүректен шыққан бұл сөздер Нуа қарияны қатты қуантты. Үмітпен оларға қарап:

– Онда дайындықты бастайық! – деген дауысы бүкіл бөлмені алып кетті.

– Қандай дайындық? Біз дайын емеспіз бе? Екеуіміз де жақсы садақ атып, жақсы қылыштасамыз. Оған қоса мен күрес шеберімін, – деп Елдес кішкене мақтанышпен айтып еді. Қария:

– Бұл жақсы, бірақ жеткіліксіз. Ерекше қабілеттерге ие болу өте маңызды. Осыдан бастап мен сендерге ұстаздық етемін, – деді.

Елдес шыдамай:

– Ол қандай ерекше қабілеттер, – деді де сылқ ете қалды.

– Касиетті кітапты оқи білу, – деп Нуа ұстаз бір қызыл кітапты сөреден алып шығады.

Кітаптағы жазулар ежелгі төте жазумен жазылған еді. Кітаптың бір бөлігі карталардан болды. Ал картаның үлкендігі дастарханның жартысындай еді.

Қария картадағы бір жерді көрсетіп:

– Сендер қазір мына жердесіңдер, – деп сарғылт түсті мекенді көрсетті.

– Ал баратын жерлерің мына жақта, – деп қара түсті мекенді көрсетті. – Алдарыңда, нақты білмеймін, бірақ бірнеше патшалық жəне таңғажайып елдер тұр. Солардан өтіп Тұздейімге жетесіңдер. Тұздейім патшасы Қаруас болады. Ол туралы бар білетінім ол жақсы адам емес… немесе адам емес деуге де болады, – деді.

Нуа ұстаз екі қонаққа бір аптада төте жазуды толығымен үйрете білді. Ал еңбекқор жолаушылар бос уақыттарында орманнан отын жинады. Отын вафлиден жасалған теректер еді. Бірақ жағуға жарайтын. Нуа ұстаз бір кеште əдеттегідей əңгімесін бастады:

– Сіздер ертегі еліне сенесіңдер ме?

– Білмеймін, – деп жауап берді Елдес.

– Атам ұйықтар алдында айтып беретін, – деді Рауза жымиып.

– Ал мен сенемін, – деді күтпеген жерден қария.

– Əзілдеп жатырсыз ба? – деді Елдес.

– Бар білетінім ол Құсжолы елінде, – деп қария жайбарақат əңгімесін жалғастырды

– Жер домалақ екен, – деп кішкене күліп жіберді қарт. – Аспаннан су жаңбыры жауады екен. Үйлерін кірпішпен тастан жасайды екен. Бұл не деген керемет. Тағы сол сияқты ғажайыптар бар екен. Сиқырлы ел деп осыны айт.

– Бізде заттар көбінесе тəтті нəрселерден жасалған. Шоколад үй, ағаштардың өзі халва немесе женттен. Бал көлі, шырын өзені дегендей, – деп маужырап үн қатты Рауза.

– Ең сиқырлысы: ол жақта бір ағаш алма береді екен, ал бір ағаш жүзім, ал басқа бір ағаш өрік тағы сол сияқты. Бəрі бір топырақтан шығады екен, – деп жан-жүрегімен түсіндірді Нуа ұстаз.

– Бұл деген керемет қой, – деп өз-өзін ұстай алмады Рауза.

Елдесітің аузы ашылып:

– Бір топырақтан ба!? Бұл дегенің нағыз ойға келмейтін нəрсе ғой, – деді.

– Ал қайырлы түн, балақайлар! – деп, Нуа ұстаз өз бөлмесіне кетті.

Екі кішкентай батыр тез арада ұйықтап, түстер əлеміне сүңгіп кетті. Екеуі де бірдей түс көрді. Сол Құсжолы сиқырлы əлемінде саяхат жасап жүрді. Домалақ жерде домалақ алма жеп, жасыл жоталарда екеуі домалап жүрді. Не деген керемет түс еді. Жер де домалақ, ай да домалақ, күн де домалақ, киіз үй де домалақ, тіпті доп та домалақ.

Екеуі сол күні ерте тұрып алып, күні бойы сол таңғажайып түсті талқылап, əсерінен шыға алмады.

Сол кеш Рауза мен Елдес екеуі сиқырлы кітапты ашып оқуға тырысты. Сол уақытта

Нуа ұстаз орманнан бал əкелуге шығып кеткен еді. Кітап екеуін шақырып тұрғандай болды. Нуа бұл кітапты оқуды үйретсе де, əлі кітаптан ештеңе оқымаған еді. Елдесті бір тылсым күш баурап алғандай болды. Ол кітапты тауып алып Раузаға:

– Раузажан, кітапты көрейікші, – деді ақырын дауыспен.

– Ой, керегі емес. Нуа ата өзі көрсететін шығар, – дейді кішкене қорқақтап.

Елдес кітапты ашып жатып:

– Мен онда оқи берем, – дегенде Рауза қасына жүгіріп келіп:

– Жарайды, мұнда тұрған ештене жоқ, – деп інісіне қосыла кетеді.

Кітап өте ескі еді, кейбір парақтары жұлынып қалған. Бірақ бұл оны одан сайын тылсымды етті. Кітаптың сыртында Қайн кітабы деген жазу болды. Олар əр сөзді, тіпті əр əріпті зейін қойып оқи бастады. Кітап былай басталды:

Суық кейде күйдірер,

Абайла от емес білсең егер.

Адамның ішіндегі семсер,

Əр сөзің шықпасын бекер.

Келесі бетте карта болды. Ол бетте таулар мен ормандар анық көрініп тұрды.

– Ия, ия, ашып оқи беріңдер! – деген бір дауыс терезе жақтан келді.

Екеуі де шошып кетті. Бұл дауыс терезенің алдындағы қарғадан келген еді. Бірақ қарғаның түсі ақ болды.

– Сен кімсің? – деді Рауза бірден.

– Мен Ақғамын. Осы маңайдан жай ұшып бара жатқам, соғып кетейін дедім. Нуа ата жоқ па? – деді ішке бір қарап.

– А-а-а, неге сенің түсің ақ? Əдетті қарғалар қара болушы еді, – деді Елдес қарғадан көз алмай.

– Менің анам мені «аппағым-аппағым» деп өсіргендіктен, осылай аппақ болып кеттім. «Аналардың дұғасы қабыл болады» дейді. Əйтпесе анам өзі қара.

– Мәссаған, ақ қарға деген де болады екен-ау! – деді Рауза таңғалысын ұстай алмай.

– Бұл деген керемет қой. Ешкімге ұқсамаған, – деді Елдес.

– Сыртқы келбет көбінесе алдамшы болады. Сендер білмейсіңдер ғой, – деп еді қарға.

Бір кезде үйдің сыртында біреудің жүргені естілді. Есік шиқылдап ашылып, Нуа ұстаз ішке кіріп келді. Қарға лезде ұша жөнелді.

Елдес ыңғайсызданып кітаптан қолын тарта қалды. Нуа ұстаз жымиып:

– Ештеңе етпейді. Демек кітаптың уақыты келген екен ғой. Келіңдер, бірге оқиық.

– Ата, кешіріңіз, шыдай алмай кеттім, – деп, Елдес басын жерге қаратты.

– Жоқ, кітап сені шақырған ғой. Бір таңғалғаным кітапты қалай тауып алдыңдар? Оны ешкім таба алмайтын еді. Ал келіңдер, уақыт жоғалтпайық, – деп сақалды ұстаз кітапты қолына алды.

– Мына бетте Тұздеймге баратын жол басталады. Кейбір парақтар жоқ. Сол парақтарды тауып, Тұздеймге жетесіңдер. Бірақ бұл жеткіліксіз. Ол жерге жеткеннен кейін, кітаптің соңғы бетіндегі дұғаны оқу керек, сол кезде мақсаттарыңа жетесіңдер, – деді ақсақал.

Рауза кітаптың соң жағын ашып қарап:

– Мұнда еш дұға жоқ қой, – деді таңғалып.

– Кейбір нəрселерді мен де толық білмеймін. Ақылдарыңды қолдануларың керек, – деп күрсініп қойды ұстаз. Сосын былай жалғастырды:

– Сендердің мақсаттарың – сол кітаптың соңғы жағындағы дұғаларды табу. Осы дұғалардың күшімен Қаруасты жеңе аласыңдар. Мына кітапта Тұздейімге қай бағытпен бару керек екені көрстетілген. Сендер жолға шығуға дайынсыңдар. Іске сəт!

Рауза бір жағынан қорқып, бір жағынан қуанып:

– Онда уақыт жоғалтпай ертең жолға шығайық, – деді.

Нуа бірден іркіліп:

– Жоқ, ертең емес қазір шығасыңдар. Əр минут маңызды. Шоко əлеміндегі əр ел бұзылып жатыр. Сондықтан асығыңдар.

Екеуі тез арада дайындалып, сол күні жолға шығып кетеді. Олар ұстаздарымен қоштасып, əр айтқан сөзін жаттап алады. Нуа ұстаз қасиетті кітапты Шококенттен келген Елдес пен Раузаға тапсырады.

Алғашқы қадамдары ну орманның ішімен жүру болды.

ШОКО ӘЛЕМ. Фэнтези

Подняться наверх