Читать книгу ШОКО ӘЛЕМ. Фэнтези - Рустем Серікұлы Сауытбай - Страница 3

2. Екі үміт

Оглавление

Күн бейсенбі еді. Шококент көшелерінің бірінде аққудай нəзік қыз келе жатты. Қызғылт-сары шаштары иығына дейін түсіп тұр. Айнала тым-тырыс. Сары қыз атасының үйінен қайтып келе жатып, жолда кездестірген гүлдерді əдеттегідей санап келе жатты. Жолдың бойымен өсіп тұрған гүлдер моншақтай тізілген. Күн де бар шуағын шашып, гүлдердің басынан сипап тұрғандай. Бірақ сол күнгі ауа райы ыстықтан шыжып тұрды. Жалқау аула мысықтары көрінбейді. Әдетте секіріп, ойнап көбелек қуалап жүрген мысықтар раушан гүлдерінің көлеңкесінде тығылып қалған. Тіпті ойынды қатты жақсы көретін күшіктер де сəкінің астына жайғасып алған. Кенеттен сары қыздың қасына ерекше сағыздан жасалған ат-арба келіп тоқтады. Арбаны безендірген сары шоколад оюлары күн сəулесін ерекше шағылыстырып тұр.

Арбадан жанталасып үлкен лауазымды екі адам түсті.

Құрметпен:

– Сəлем бердік, Рауза сіз боласыз ба? – деп сұрады.

– Сəлеметсіз бе, ия мен болам, – деді сары қыз.

– Біз патшаның уəзірлері боламыз. Келіңіз арбаға отырыңыз, жолда бəрін түсіндіреміз, – деді көк шапан киген бас уəзір.

– Жарайды, мен сізді білем. Патшамен бірге жүргеніңізді бірнеше рет байқағанмын, – деп Рауза сенгенін білдірді.

– Дұрыс, бөтен біреудің арбасына отырмау керек, – деді бас уәзір.

Раузаның ойы неше түрлі сұрақтарға тола бастады. Бірақ ол өзін ұстап отырды. Қара шапан киген екінші уəзір арбаға отырысымен:

– Сенің бауырың қайда екен, екінші арбаны сол жерге жіберсек. Уақыт тығыз, – деді асығып.

– Ол күреспен айналысады, дайындығына кеткен. Ерман палуаннан дəріс алып жүр еді, – деді Рауза.

– Ерман палуанның өзінен бе? Бәрекелді! Естуімше ол екінің бірін шәкірт ретінде ала бермейді. Демек бауырың жәй адам емес қой, – деді екінші уәзір.

Екінші арба атақты палуанның үйіне бет алды. Қара көзді, қара шашты бала дайындықтан енді шығып келе жатты. Кең иықты жəне бойы ортадан сəл жоғары. Күрескенде тек қана қара күшті ғана емес, ақылын да керемет қолданатын.

Сарайдікі екені айдан анық арба баланың дəл алдына келіп тоқтады. Кішкене шаң көтеріліп, топырақтың иісі шығып кетеді. Шаңның арасынан екі уəзір шыға келді.

– Сəлем, балақай. Сен Елдес боласың ба? Біз патшаның

уəзірлері боламыз. Шаруа бар.

– Ия, мен Елдеспін. Ол сонда қандай шаруа? – деді бала.

– Өте құпия тапсырма. Кейінірек түсіндіреміз, – деді уəзір.

– Жоқ, бірінші қандай шаруа екенін айтыңдар, əйтпесе ешқайда бармаймын, – деп боз бала қасарысып тұрып алды.

Баланың қырсық екеніне көзі жеткен уəзірлер:

– Жарайды, патша сені Тұздейімге жібергісі келіп отыр. Ал жүр енді, – деді сақалды уəзір асығып.

– Тұздейімге ме? Мені ме? – деп өз құлағына сенбей қалды бала. Боз бала не қуанарын, не жыларын білмей тұрып қалды.

– Ия, сені, енді жүр. Тез баруымыз керек. Əр минут өте маңызды, – деп уәзір əдемі əшекейленген үсті жабық арбаға жас баланы отырғызды.

Арбаны тартып келе жатқан төрт тұлпар ешкім қамшымен ұрмаса да, бар күшін салып шапты. Қанатты тұлпардай, тұяқтары жерге тигені сезілмеді. Олар да қиын жағдайды сезді ме екен…

Арба көшенің шаңын бұрқыратып, зəулім шоколад сарайына көзді ашып-жұмғанша кіріп кетті. Қошқар оюлы сары шапан киіп алған патша екі баланы өзі қарсы алды. Тəжінің ортасында «Ш» əрпі бірден көзге түсті. Патшаның түрі уайымнан əбден шаршап кеткен. Үлкен залда патшаны санамағанда он жеті адам жиналыпты. Киімдеріне қарағанда барлығы да маңызды тұлғаға ұқсайды. Маңызды екендерін басқаша көрсету қиын болған шамасы. Оған қоса тұрған тұрыстары да жай емес. Залдың оң жақ бүйір есігінен, киімдері ондай болмаса да, қарапайым бірақ таза киінген үш ақсақал кіріп келді. Түрлерінен-ақ ақыл ойлары ерекше екендері көрініп тұр. Патшаның уәзірлері үш биге жол беріп, кері шегінді. Манадан бері сабырсыздана күтіп отырғандары екі жас бала еді. Патша балалардың қолынан ұстап:

– Сіздерге үлкен жүк түсіп отыр. Шоколад елінің жүрегі болып саналатын сиқырлы шоколад дəндерін тұздейімдіктер ұрлап əкетті.

– Ия, естіген едік, – деді сәлден соң Рауза.

– Онда білетін шығарсыңдар, Шококенттің күш қайнары сол сиқырлы шоколад дәндерінен келеді.

– Ия, әрине. Энергия бір жерден келу керек. Өзінен-өзі пайда болмайды, ғой, – деді Елдес сөзге араласып.

– Сол дәндерді қайтару керек, – деді патша тағына отырып.

– Бұл қалай болмақ сонда? Біз бе? – деді Елдес таңданысын жасыра алмай.

– Ақсақалдармен осылай шештік.

– Бірақ бұл өте жауапты тапсырма, – деді Рауза.

Елдес ыңғайсызданып:

– Батырлар тұрғанда біз қалай бармақпыз? – деді.

– Бұл жерде білектен бұрын жүрек маңызды болып тұр. Ақсақалдардың білгендері бар. Осы сапарға сіздер таңдалып отырсыздар, – деп патша салмақты түрде сөйледі.

– Жарайды, біз онда дайынбыз, – деді Рауза Елдеске қарап.

Елдес апайын мақұлдап:

– Əлбетте, – деді.

– Тез жиналып жолға шығу керек, – деді патша уəзірлеріне белгі беріп.

Патша оларға жолға керемет шоколаттардан салып береді. Ертесі күні екеуі ақсақалдардың батасын алып, жол жүріп кетеді.

Сарайдағылар оларға: «Жолдарың тəтті болсын!» – деп

шығарып салды.

Жолдағылар да: «Тəтті сапар!» – деп қолдарын бұлғады.

Тəтті сапар …тəтті сапар.…

Екі бауыр үйлеріне соғып, аналарына барлық жайды түсіндіреді. Аналары басында жібергісі келмей, көздері жасаурап қалады. Бірақ жіберуге мәжбүр. Әйтпесе Шококенттің хәлі мүшкіл. Осылайша, екі жас батыр сиқырлы шоколад дəндерін қайтару үшін Тұздейім еліне аттанады.

Қанттан жасалған жоталарды асқан соң, алдарынан ескі көпір көрінеді. Бұл əйгілі Құзан көпірі еді. Бұл көпір қара арқан мен қызыл ағаштан жасалған еді. Көпірді аспанның он екінші қабат періштелері жасаған деседі.

Көпірдің басындағы сары таста бір жазу бірден көзге түседі. Үстін шаң басқанымен, сөздері анық:

Көрінгенге қарама,

Керегі саған аз ғана.

Шығар содан мағына,

Жетесің сонда ар жағына.

Елдес қасындағы әпкесіне бұрылып:

– Раузажан, не істейміз, қандай ойың бар? – деп сұрайды.

Рауза сол кезде:

– Естуімше, бұл көпірден өтем деп талай адам құлаған екен, – дейді.

– Мына жазуда көпірден қалай өтуге болатыны жазылған. Соны түсінсек болды, – дейді Елдес.

Рауза сөзін жалғастырып:

– Меніңше, жазуда былай деп айтылған: көпірден өтіп бара жатқанда ешқайда қарамау керек. Тек қана аяқ астына қарау керек.

Елдес кішкене ойланған соң былай дейді:

– Сенімен келісем. Онда көзімізді байлап өтейік. Əйтпесе, жан-жағымызға байқаусызда қарап қоюуымыз мүмкін.

Сөйтіп олар көздерін байлап көпірге шығады. Бірінің артынан бірі жүреді. Өйткені бұл тар көпірден екі адам қатарынан жүру мүмкін емес еді.

Көпірдің ортасына жеткенде Елдес шыдай алмай көзін ашып жібереді. Жан жағында адамның көзіне көрінбеген сұлулық жайнап тұр. Таудың басында көл, ал көлдің жанында көк ағаштар жəне жарқырап жанып тұрған түрлі түсті гүлдер көрінеді. Бір жағында ағып тұрған жүзім сарқырамасы байқалады. Аққулар болса шыр айналып қамажай билеп, ұшып жүр. Керемет көрініс. Сол мезетте Елдестің басы айналып, аяғы тайып кетеді. Бірақ құлап бара жатқанда шап беріп арқанды ұстап қалады.

Елдес сол кезде:

– Анашым! – деп айғайлап жібереді.

Рауза не болғанын түсінбей, көзін аша қояды. Ілініп тұрған інісін көріп, ойбай салады. Әпкесі лезде оның қолдарынан ұстап көтеріп алды.

– Неге ашасың көзінді! – деп ұрыса бастайды сары қыз. Елдес болса:

– Сосын ұрысасың. Қазір жан-жағымызға қарамай жалғастырайық, уақыт жоқ, – деп сылтауратып құтылуға тырысты.

Сөйтіп, олар тапқырлық пен достықтарын қолданып, сиқырлы да қауіпті көпірден өте шығады. Осылайша мақсаттарына аздап жақындағандай болады. Бірақ нағыз қызық енді басталып келе жатыр..

ШОКО ӘЛЕМ. Фэнтези

Подняться наверх