Читать книгу ШОКО ӘЛЕМ. Фэнтези - Рустем Серікұлы Сауытбай - Страница 6

5. Тақиялы періште

Оглавление

Біраз жол жүрген соң қатты жаңбыр жауып кетеді. Бір жаңбыр тамшысы Раузаның аузына түсіп кетеді.

– Ой мына жаңбырдың дəмі ащы ғой, – деп тоқтай қалады Рауза.

Елдес оған бұрылып:

– Демек Тұздейім елінің аумағына кірдік. Енді əлдеқайда мұқият болуымыз керек, – деді. Олар таудың етегіндегі үңгірге кіріп кетеді. Тұзды жаңбыр одан сайын құяды. Саяхатшылар қатты шаршағандарынан шыдай алмай, ұйықтап кетеді. Елдес түсінде тұзды шырын ішіп жатып, бірінші болып ұйқыдан оянады. Уақыт түстің кезі, бірақ үңгірдің іші қараңғы. Елдес қасындағы апайын да оятады.

– Ойбай, Раузажан, үңгірдің ауызы жабылып қалыпты! – деді Елдес көзін қайта-қайта уқалап.

– Енді қайттік, – деді әпкесі жа-жағына қарап.

Үлкен тас жоғарыдан құлап, үңгірдің аузын жауып тастапты.

– Қане, итеріп көрейік, – деді Елдес үстіндегі жейдесін шешіп.

– Қалай? Тас тым үлкен ғой.

– Не де болса көрейік.

– Ия, ұстазымның айтуы бойынша құлайын деп тұрған ауыр затты үрлеп құлатуға болады.

– Жарайды, көрейік.

Екеуі бірге итеріп көреді. Бірақ тас тіпті орнынан да қозғалмады. Тас тым үлкен еді. Рауза жасаурап:

– Енді осы жерде қалып қоятын болдық. Кім бізді құтқара алады? – дейді жылағысы келіп.

Бір кезде үңгірдің сыртынан біреудің жүргені естіледі.

– Бұл кім? – деп сұрайды Елдес.

– Мен, Теруес, отыз жетінші аспанның періштесімін. Сіздердің дауыстарыңызды естіп жақындап едім, – деп өзін таңыстырды.

– Біз үңгірден шыға алмай тұрмыз. Бізге көмектесші, – деп Рауза көмек сұрайды.

– Бұл сіздерге байланысты. Білетінімді айтайын. Бұл үңгірден шығудың жолы: өміріңізде істеген шынайы жақсылығыңызды айтып жалбарыну керек.

Бірінші болып Рауза бастайды.

– Мектепте наурыз мейрамында ата аналарымыз сыйлық жасаған. Сол кезде бір балаға сыйлық жетпей қалған еді. Бұл сыйлық өте сирек кездесетін жасыл шоколад еді. Жаным қатты қаласа да, өз сыйлығымды сол балаға бере салдым, – деп өз жақсылығын айтады.

Бір кезде тас кішкене жылжиды. Бəрі қуана кетеді. Бірақ шығу əлі мүмкін емес еді. Екінші жақсылығын Рауза жалғастырады.

– Қалада ағамның арбасымен жолға шыққанбыз. Баратын жеріміз кішкене алыстау еді. Жолда жаяу жүріп бара жатқан қарияны арбаға салып алдық. Арбадағы өз орнымды беріп, мен жаяу жалғастырдым. Қатты шаршаған едім, – деп жақсылығын айтты.

Тас тағы кішкене жылжыды. Шығу əлі де мүмкін емес еді.

Енді Елдес айтуы керек еді. Кішкене ойланып қалды. Ішінен көп жақсылық жасадым, бірақ арасындағы шынайысы керек. «Қазір тас жылжымай қойса қайттім» деп алаңдады. Кішкене ойланған соң əңгімесін бастады:

– Бір жылдары, сен екі айға саяхатқа кеткенде, анамыз қатты ауырып қалған еді. Сол жылы достарымен көптен армандаған Еруен тауына саяхатқа шығатын болдық. Бұл таудың ерекшелігі таудың басында алтын шоколад пісетін. Бұл алтын шоколад пісу үшін аспанда Ұларбент кометасы жерге жақыннан өту керек. Ол жүз жылда бірақ рет болады. Сондықтан бұл мүмкіндік өмірде бірақ рет болады. Ал бұл шоколадтың дəмі өте ерекше. Оны жеген адам дəмін өмір бойы сезіп жүреді екен. Анам мені ойлап, аттанғанымды қалады. Мен де достарыммен бірге шығуды жаным қатты қалады. Бірақ анашымды бұл халде тастап кете алмадым. Осылайша анама қарап жазылуына көмектестім. Үйде тамақ істеп, кір жудым. Анам бұл əрекетіме қатты риза болды. Жүзіндегі бақытты көріп тауға бармағаным жақсы болған екен, – деп сөзін аяқтай берген еді, тас бірден жылжып арықарай домалап түсті.

ШОКО ӘЛЕМ. Фэнтези

Подняться наверх