Читать книгу ШОКО ӘЛЕМ. Фэнтези - Рустем Серікұлы Сауытбай - Страница 4
3. Сүт көлі
ОглавлениеКөпірден өткен соң оларды ақ көл күтіп тұрды. Оның ақ болуының себебі көл судан емес сүттен еді. Ақкөл өте үлкен еді. Қайықпен немесе кемемен жүзіп өту мүмкін емес. Өйткені, кейбір жерлері ашып айранға айналып жатты. Кеме айранды жерде жүзе алмай тұрып қалады. Балықтары да сүт көлінде жүзіп сүтқоректі болып кеткен.
Көлдің арғы бетіне жету үшін тек бір ғана амал бар. Ол – ұшатын кемемен өту. Ұшатын кеме көлдің жағасында болу керек. Олар көлді жағалап кемені іздеуге кіріседі. Бір күн бойы іздеп, екінші күні алыстан кемені байқайды.
Рауза қуанғанынан секіріп жіберіп:
– Алақай! Таптық! – деп жан даусымен айқай салды.
Екеуі де шаршағандарын ұмытып кемеге қарай ұмтылады. Ұшатын кеме алыстан көз жауын алып тұр. Ол қара ағаштан жасалып, қызыл ағашпен əрленген еді. Ұшатын кеме үлкен жəне əдемі көрінеді. Жақындаған сайын əдемілігі арта түсті. Кеме жағадағы құмда тұрды. Екі жағынан құлап кетпес үшін жуан таяқтармен бекітіліп қойған. Кеменің қасында иесі жүр. Кеме оған ата-бабаларынан мирас боп қалған еді. Бұл əйгілі капитан Дойын болатын. Дойын бойы ұзын əрі толық кісі болды. Дастарханға бір отырғанда бір қойды тауысып қоятын. Жуан даусымен:
– Кім боласыңдар? – деп еді.
– Ассаламағалейкум, – деп сәлем берді балалар.
– Уағалейкумассалам, – деп сәлемін алды Дойын.
– Біз Шококенттен боламыз.
– Бізге көмек керек еді. Көлдің арғы бетіне жетуіміз керек. Бізге көмектесесіз бе? Əйтпесе, Шококент құриды, – деп олар дерттерін білдірді. Дойынның жүзінде мейірім көрініп тұрды.
– Жарайды, келіңдер, қонақ болыңдар, – деп оларды дастарханға шақырды.
Олар Дойынның артынан жүрді. Кеменің сыртынан арқаннан жасалған баспалдақ ілініп тұр. Дойын ірі болғанымен, мысықтай тез өрмелеп шығып кетеді. Бұл оның күніне бірнеше рет жасайтын ісі еді. Ол артына қарап:
– Балақайлар! Неге ақырындап қалдыңдар? – деді зілді дауыспен.
Рауза мен Елдес бар күштерін салып жоғары шықты. Олар шыққанша Дойын бес-алты рет түсіп қайта шығатындай болды. Бəрі бірге кемедегі капитан бөлмесіне қарай беттеді. Бөлменің ішінен аздап майдың иісі шығып тұр екен, бірақ қонақтар ештеңе білдірмей ішке кірді. Дастархан сүт тағамдарына толы болды. Айран, құрт, сүзбе, ірімшік, қаймақ, тіпті қымыз да бар еді. Елдес сөз бастап:
– Бұл сүт көлі Ақкөл қалай пайда болған екен? Тарихын білетін шығарсыз. Айтып бересіз бе?
Дойын жақсылап жайғасып алып әңгімесін бастады:
– Ия, ата-бабаларымыздан бізге жеткен бір аңыз бар. Бірнеше ғасыр бұрын бұл көлде су болған екен. Ол кезде көл «Суар» деп аталатын. Сол заманда көлдің жағасында тұратын халық бата бергенде тек қана «Ақ мол болсын!» – деп айтады екен. Уақыт өте келе адамдар суды қадірлемей, сүтті қасиетті қылып жібереді. Жылдар өтіп, сиыр сүт бергендіктен адамдар сиырға табына бастайды. Азып кеткен бұл халыққа құдай жазасын береді. Көлдегі суды сүтке айналдырып жібереді. Бір қызығы көлде жыл мезгілдері басқаша өтеді. Баста қымыз мезгілі келеді. Сосын шұбат мезгілі, одан соң сиыр сүті, артынан ешкі сүті мезгілі басталады. Осылайша əр мезгілде көл өзгеріп тұрады. Бірақ қара суға жетпейді, әрине. Сол уақыттан бері осы халық құрғақшылықта өмір сүруде, – деп әңгімесін аяқтайды Дойын.
– Қызық екен, бірақ суды қадірлемегендері өкінішті-ақ. Біз тіпті жеміс шырынын босқа жұмсамаймыз, – деді Елдес басын шайқап.
– Дұрыс, ысырапшылдық – бұл асқа деген құрметсіздік. Соңы жақсы болмайды, – деді Дойын балақайларға қарап.
Олар жақсылап тамақтанып алады. Дастархан басынан тұрған соң, алып Дойын басын қасып тұрып былай дейді:
– Сендерге көмектесейін. Бірақ кемеге ұшу үшін ерекше жанармай керек.
– Ол сонда қандай жанармай? – деп екеуі бірге сұрады. Қонақтар Дойынның бетіне қарап қалады.
– Бұл сиқырлы кеменің жанармайы – шынайы күлкі.
– Жарайды, бұл оңай ғой. Әзіл айтамыз! – деді Елдес қуанып.
– Бір әзіл күлкісі жарты күнге жетеді. Қатты күлкілі болса толық бір күнге де жетіп қалуы мүмкін. Бірақ бәріміз күлуіміз керек, – деді Дойын.
Рауза да араласа кетіп:
– Онда уақыт жоғалтпайық. Тезірек қимылдайық, – деді.
Бірінші болып күлкілі оқиға айтатын Елдес болды.
– Адамдар қай айда аз сөйлейді, білесіздер ме? – деп сұрақ қойды Елдес. Дойын ойланып:
– Қай айда көбірек тамақ ішеді, сол айда шығар. Өйткені ауыздары кішкене босамайды ғой, – дейді.
– Ха-ха-ха, бұл қызық жауап екен. Бірақ жауабы бұл емес, – дейді Елдес.
– Негізі жауабы ақпан айы, өйткені ол ай ең қысқа ай. Жиырма сегіз күн.
– Ха-ха-ха, – деп бəрі күліп жіберді.
– Шынында да өте күлкілі жұмбақ, – деді Дойын.
Осылайша, Елдес өте күлкілі əңгіме айтып бітіреді. Бәрі күліп, кеме де күлкіге толып, ұшуға толығымен дайын қалпына келді. Кеме ақырындап көкке көтеріле бастайды. Олар биіктен әдемі көріністерге куә болды. Бұндай биіктікке бұрын-соңды шықпаған саяхатшылар ауыздары ашылып аң-таң болады. Олар бұлттардан асып, таулардан да биігірек көтеріледі.
Олар биіктен айналаны зерттеуге кіріседі. Елдес қолымен көрсетіп:
– Анау тауға ұқсап тұрған не? Бірақ таудан да биік əрі əлдеқайда ұзын, – дейді.
Дойын оны бірден түсінеді. Оның жауабы дайын еді, өйткені бұл сұраққа ол талай рет жауап берген.
– Бұл – жердің қыры. Жер төртбұрыш болғандықтан, дəлірек айтқанда, куб тəрізді болғаны үшін қырлары болады, – деп жауап берді Дойын.
Елдес сонда:
– Жер сонда шар тәрізді емес пе!? – деп таңғалады.
– Жоқ, жердің беті жазық, квадрат пішінді. Неге екенін білмеймін, адамдардың көбісі жерді домалақ деп ойлайды. Бұл дегенің мүмкін емес қой. Бұл тек ертегілерде болады ғой! – деп қарқылдап күліп жібереді Дойын.
Расымен де төртбұрышты жер биіктен өте керемет көрінеді екен. Кеме көтерілген сайын Ақкөл кішірейіп ақ дақ сияқты боп қалды. Көгілдір су жердің басым бөлігін кұрап жатты. Бұл əдемі де сиқырлы кубтың қырлары түп-түзу екені биіктен анық көрінді. Дойыннан басқасы бұл керемет сұлулықты тамашалауда еді. Төртбұрышты жер таңдай қақтыра сүйсіндірді. Ал Дойын болса тамақ ішіп қолы босамай жатты.
Елдес болса:
– Ананы қара, Рауза! Солтүстік жаққа метеориттер түсіп жатыр, – деді қолымен көрсетіп.
– Ия, көріп тұрмын.
– Əдетте метеориттер осыншама көп түспеуші еді, – деді Елдес.
– Айтпақшы, бір кітап бойынша жақын арада көп метеориттер түсу керек екен. Олардың құрамында темір деген бір нəрсе болады екен, – деді Рауза ойын жинап.
– Темір, ол не екен сонда? – деп таңғалды Елдес.
– Өзі қатты, əрі ауыр болады жəне оның пішінін балқытып өзгертуге болады екен, – деді Рауза жымиып.
– Сиқырлы нəрсе десеңші.
– Ол метеориттерге шамандар солтүстікке барып, «Əрікетші» деп айғалап кері дұғалар жасап жүр деп естігем.
– Ия, тілі келмейтіндер Əрікетка неме Əрктика деп айтып кетіпті.
Кеме бұлттардың арасымен жүзіп, ауа толқындарымен бірге теңселіп, самғап кете берді. Ұлан-асыр ауа мұхиты кемені бар күшімен жетектеп отырды. Сәлден соң кемедегі жолаушылар тəтті ұйқыға кетті.
Ертесі күні барлығы бір уақытта оянады. Таңғы асқа сүт пен шоколад жеп алады. Дойын жанармай жағдайын тексеріп келеді. Келісімен:
– Əзіл айтатын уақыт болды. Менің өз əзілім бар: Біреуге ренжіген кісі «жер домалақ əлі көрісеміз» деп айтқан екен, – дейді.
Үшеуі де қатты күлгендерінен жерге құлап кете жаздап, әрең дегенде өз өздеріне келеді. Ең қызығы, барлығынан да Дойын қатты күліп, өз-өзін əзер тоқтатады.
Күліп болған соң Дойын:
– Көлдің осы жағында Нуа деген саудагер бар. Ол көп жерді көріп, көп біледі екен. Соған бір жолықсаңдар жақсы болады, – деп соңғы ақылын айтты.
– Жарайды Дойын, сол туралы патшамыз да айтып еді. Біз оны іздеп міндетті түрде табамыз. Саған көп рахмет, – деп қоштасуға дайындалады екеуі.
Кешке қарай олар Ақкөлдің арғы бетіне жетеді. Кеме ыңғайлы бір жерге қонады. Саяхатшылар Дойынға ризашылығын білдіріп, шоколадты сыйға тартады. Олар Дойынмен қоштасып батысқа қарай жол жүреді.
Жолда кездестірген екі адамнан Нуа жайлы сұрайды. Олар оның алаяқ екенін айтады.
– Ол ойыншық сатады.
– Қандай ойыншық сонда? – дейді Рауза.
– Ол сиқырлы өзі жүретін ойыншық. Басқа əлемнен əкелінген дейді. Сол ойыншық үшін бір қой бердім, – дейді бірінші адам ашумен.
– Ал мен болсам, екі ешкі бердім. Бірақ үйге келіп ол ойыншықпен біраз ойнаған соң істемей қалды. Онымен байланыспаған дұрыс, – дейді екінші адам.
– Ол кісіні қайдан іздесек болады? Басқа бір шаруамыз бар еді, – деді Рауза.
Қаралау келген кісі солтүстікті колымен көрсетіп:
– Мына көрініп тұрған жотаның артында Жалдама деген қалашық бар. Сол мекеннің базарынан тауып алуға болады, – дейді түрін тыжырайтып.
– Рахмет, – деді Рауза.
Енді жолаушылар сол Жалдама қаласына аттанады. Жолдың бойында ат-арбамен сол қалаға қарай бара жатқан кісіні кездестіреді. Жасыл шапанды, ақ сақалды кісі əндетіп отырған еді.
Елдес бірден бар дауысымен айғай салды:
– Ағатай, Жалдамаға бара жатырсыз ба? Бізді де ала кетесіз бе?
– Жарайды, отырыңдар, – деп қарт бірден келісе кетті.
Екеуі арбаға жайғасып алады.
Рауза бірден Нуа туралы сұрай кетеді:
– Сіз Нуа деген кісіні білесіз бе? Сол кісіні іздеп жүр едік, – дейді.
Ол кісі бірден тоқтай қалып:
– Ия, білем. Яғни, ол менмін. Не үшін іздеп жүрсіздер? – деді таңғалып.
Екі саяхатшы бірден қуанып:
– Сіз бе? Біз Шококент патшалығынан боламыз. Патшамыз Шокохан сізге жолығып дəріс алуымызды тапсырып еді.
Нуа сол кезде:
– Патшаларың айтса айтқан шығар. Ол маған патша емес. Ешқандай сабақ беруге мұршам жоқ. Уақытым да жоқ, – деді.
Елдестің түрі аянышты болып:
– Тұздейімдіктер біздің дəндерімізді ұрлап əкетті. Ол қандай дəндер екенін білесіз ғой. Қайтармасақ құрыдық.
– Ұрлап əкетті дейсіздер ме? Қалай сонда? Ол мүмкін емес еді ғой, – деді қария. – Іштеріңнен біреу сатып кеткен ғой.
– Біз сол сиқырлы дəндерді қайтарып алғымыз келеді. Шокохан бізді жіберді, – деді Рауза аздап ыңғайсызданып.
– Демек көптен күтіп жүрген қонақтарым боласыңдар. Жүріңдер, менімен еріңдер, – деп орманға қарай бет бұрады. Жолаушылар сұрақ қоюға дəті бармай, жылы жүзді қарияның артынан ілесе береді. Неге екені белгісіз, бірақ іштеріңнен қарияға сенуге болатынын сезеді.