Читать книгу Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігі - Қ. Абубакирова - Страница 1

1-дәріс. Кіріспе. Экологиялық қауіпсіздіктің мәні және мәселесі

Оглавление

Дәрістің мақсаты- қазаргі таңдағы экологиялық қауіпсіздіктің мәнін және мәселесін анықтау.

1. Экологиялық қауіпсіздіктің мәні және мәселесі

2. Қоршаған ортаны қорғау

3.Қоршаған ортаны қорғаудың негізгі принциптері

Кіріспе

Қазақстан Республикасы үшін экологиялық қауiпсiздiк мәселелерi мен жағдайлары бүгiнгi таңда маңызды орын алып тұр. Мемлекетiмiздiң тәуелсiздiгiмен бiрге жаңа экологиялық қауiпсiздiк жүйелерiн басқару да бой көтерiп келедi. Дұрыс басқару қоршаған ортаны қорғаудың мемлекеттiк саясатын уағыздап, табиғи ресурстарды рационалды пайдалану үшін өте қажет. Өкiнiшке орай Қазақстанда көптеген жылдар бойы өндiрiсте табиғи шикiзаттарды өндiргенде, қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды шығару көп мөлшерде болды.

1. Экологиялық қауіпсіздіктің мәні және мәселесі

Экологиялық қауіпсіздік мәселесі – бүгінгі таңдағы адамзат өркениетінің аса ауқымды проблемаларының бірі болып отыр. Аталмыш проблеманың пайда болуының басты алғышарты – қоршаған ортаға адамзат перзентінің антропогендік және техногендік ықпалдарының ұзақ жылдар бойы тигізіп келген әсері деп тұжырым жасауымызға болады. ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында адамзаттың шаруашылық әрекеттері мен өндірістік қатынастарының ғылыми-техникалық жаңару биігіне көтерілуі – экономикалық реформалардың ерекше сипат алуына (модернизациялануы мен интеграциялануына) түрткі болды. Қазақстан Республикасы үшін экологиялық қауiпсiздiк мәселелерi мен жағдайлары бүгiнгi таңда маңызды орын алып тұр. Мемлекетiмiздiң тәуелсiздiгiмен бiрге жаңа экологиялық қауiпсiздiк жүйелерiн басқару да бой көтерiп келедi. Дұрыс басқару қоршаған ортаны қорғаудың мемлекеттiк саясатын уағыздап, табиғи ресурстарды рационалды пайдалану үшін өте қажет. Өкiнiшке орай Қазақстанда көптеген жылдар бойы өндiрiсте табиғи шикiзаттарды өндiргенде, қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды шығару көп мөлшерде болды. Адамзат қоғамының алдында тұрған экологиялық қауіпсіздік мәселелері оның дамуының барлық тарихи кезеңдерінде орын алып отырды. Себебі, өндірістік қоғамның табиғатқа теріс әсерінің нәтижелері ғаламдық сипатқа ие болды.

Экологиялық қауіпсіздіктің мәні – табиғаттағы қалыптасқан тепе-теңдікті бұзбай, экологиялық тазалықты сақтай отырып, адамдардың барлық қажеттіліктерін қамтамасыз ету болып табылады. Осындай экологиялық қауіпсіздік мәселелерінің алдын алу үшін адам ретсіз дамудан тиімді, реттелген, табиғат пен қоғамның даму заңдарына негізделген дамуға өтуі тиіс. Тек осы кезде ғана адамзат қоғамының дамуы үздіксіз, ұзақ уақыттық, бірқалыпты жағдайда, табиғи және әлеуметтік дағдарыссыз дамиды. Мұндай дамуды – тұрақты даму деп атайды. Бірақ бұл үшін адамдардың сана-сезімі, құқықтық мәдениеті, олардың мақсаты мен адамгершілік бағыттылығы өзгеруі тиіс.

Қазақстан Республикасы үшін экологиялық қауiпсiздiк мәселелерi мен жағдайлары бүгiнгi таңда маңызды орын алып тұр. Мемлекетiмiздiң тәуелсiздiгiмен бiрге жаңа экологиялық қауiпсiздiк жүйелерiн басқару да бой көтерiп келедi. Дұрыс басқару қоршаған ортаны қорғаудың мемлекеттiк саясатын уағыздап, табиғи ресурстарды рационалды пайдалану үшін өте қажет. Өкiнiшке орай Қазақстанда көптеген жылдар бойы өндiрiсте табиғи шикiзаттарды өндiргенде, қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды шығару көп мөлшерде болды.Елiмiзде экологиялық қауiпсiздiктi және тұрақты экономикалық дамуымызды қамтамасыз ету мақсатымен, 2003 жылдың 3 желтоқсанында Президенттiң Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған Экологиялық қауiпсiздiк концепциясы жарияланды. Бұл концепция қабылдағаннан бастап көптеген маңызды өзгерiстер болып жатыр. Қоршаған ортаны қорғау заңдылықтар негiзi құрылды. Бiрқатар халықаралық келiсiмдерге қол қойылды. Қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесi құрылды. Концепция қоршаған ортаны қорғау мониторингiнiң бiркелкi жүйесiмен iске асыруды ұсынады.

Экологиялық қауiпсiздiк ол – халық қауіпсiздiгiнiң маңызды бiр бөлiгi.

Экологиялық қауіпсiздiк бағытында Мемлекеттiк саясаттың мақсаты, ол – табиғи жүйенi қолданудың қорғалуы. Адам өмiрiндегi ең маңызды жағдайларды ескере отырып, табиғатқа зиян тигiзбеу. Өндiрiстi дамытумен қатар ғылыми-техникалық зерттеулердi күшейту. Экологиялық қатердi болғызбау үшін халық шаруашылығын, өндiрiстi байланыстыра отырып, экологиялық-экономикалық талдаудың әдiстерiн пайдаланып, қоршаған ортаға шығарылатын ластағыштар деңгейiн салааралық модель арқылы талдап көрсету қажет-ақ.Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін технологиясы бар мемлекеттің келешегі зор. Қазақстан Президент Н.Ә. Назарбаев 2006 жылғы Жолдауында халықаралық стандарттарға сәйкес қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде тоқтала келіп былай деді: «2006 жылы біздің экологиялық заңнамаларымызды халықаралық озық актілермен үйлестіруге, жаңа стандарттарға көшуге, мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіруге бағытталған Экология кодексі қабылдануға тиіс.Тұтас алғанда, біз 2010 жылы қоғамның тұрлаулы дамуының негізгі экологиялық стандарттарын жасауға тиіспіз»/1.Экономика және экология проблемаларына, соның ішінде экологиялық қауіпсіздік туралы теориялық ізденістер туралы айтар болсақ, онда отандық ғалым М.С.Тонкопийдің «Экономика и экология» еңбегін атап өтуге тура келеді.

Әлемде адамзат тіршілігі бар ортаға біздің білуімізше әзірше тек Жер ғана жатады. Табиғатпен оның байлықтары адамдардың өмірі мен қызметінің, олардың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы әл-қуатын арттырудың негізі болып саналады. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау проблемасы қазіргі заманның маңызды, қажетті мәселелерінің бірі.

2. Қоршаған ортаны қорғау дегеніміз табиғат пен адамның өзара қарым-қатынастағы атмосфералық ауаны, суды, жер мен оның қойнауын, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін тағы басқа табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, сауықтыру, сапасын жақсарту, молықтыру. Бұл іс-әрекеттердің бәрі мемлекеттер заңымен, тиісті нормативтік-құқықтық актілермен, азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің белсенді араласуымен, мемлекеттік және мемлекетаралық келісімдермен, конвенциялармен реттеліп жүзеге асырылады.Қазақстанда «Қоршаған ортаны қорғау туралы» заң 1991 жылы қабылданған. Осы заң қазіргі және болашақ ұрпақтардың мүдделері үшін қоршаған ортаны қорғаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін белгілейді және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, шаруашылық және өзге де қызметтің табиғи экологиялық жүйелерге зиянды әсерін болғызбауға, биологиялық алуан түрлілікті сақтау мен табиғатты тиімді пайдалануды ұйымдастыруға бағытталған.

3. Қоршаған ортаны қорғаудың негізгі принциптері:

• халықтың денсаулығына, өміріне, еңбегі мен демалысына қолайлы түрде қоршаған табиғи ортаны сақтау мен қалпына келтіру;

• қазіргі және болашақ ұрпақтардың салауатты өмір сүруіне қажетті қоршаған ортаны сақтау үшін әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешіп отыру;

• экологиялық аймақтарда экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын кеңінен қолданумен қатар, бұзылған табиғи жүйелерді қалпына келтіру;

• табиғи ресурстарды толық тиімді түрде пайдалану және молықтыру;

• қоршаған ортаны қорғауға экономикалық жағынан ынталандыру және табиғат ресурстарын пайдаланғаны үшін ақы төлеуді енгізу;

• биологиялық алуан түрлілікті, ғылыми және мәдени маңызы бар сирек объектілерді, ерекше құнды табиғи аймақтарды сақтауды қамтамасыз ету;

• қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды реттеп, олардың орындалуына мемлекеттік тұрғыдан бақылау орнату;

• табиғатқа нұқсан келтіруге жол бермеу;

• халықтың, қоғамдық ұйымдардың, бірлестіктер мен жергілікті басқару органдарының қоршаған ортаны қорғау саласына белсенді түрде және демократиялық жолмен қатысуы;

• халықаралық құқық негізінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастық принциптерін сақтау негізінде жүзеге асыру.

Қауіпсіздік сыртқы және ішкі қатерден қорғайтын тірі организмнің қажетті шарасы. Ал адам қауіпсіздігінің өз ерекшеліктері бар, адам басқа тірі организмдерден айырмашылығы, табиғи ортадан өзгеше, өз өмір сүру ортасын жасай алады. Сондықтан болуы ықтимал қатерлер табиғи қатерлердің қатарына жатпауы да мүмкін. Адамдар өздерінің ойлы іс-әрекеттерін пайдалана отырып, өте тез арада антропогендік орта жасап үлгерді. Бұл ортаға тірі организмдер, оның ішінде адамдардың өзі де, толық бірігіп кете алатын емес.

Міне, сондықтан адамның кез келген іс-әрекеті әкелетін пайдасымен бірге кері нәтиже де әкеліп жатыр, мысалы, экологияның бұзылуы, жарақат алу, ауыру, тіпті қазаға ұшырау. Сондықтан қауіпсіздікті, нақты іс-әрекеттен болатын, адамды және өмір сүру ортаны кешенді қорғау шаралары деп түсінуіміз қажет. Іс-әрекеттің түрі күрделенген сайын, кешенді қорғану шаралары қажет болады. Кешенді қорғану шаралары мынаны қамтиды: құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, техникалық, санитарлық- гигиеналық, емдік шаралар.

Адамның іс-әрекетінің қауіпсіздігі – адамның іс-тіршілігі мен қауіп-қатер бір-бірімен кездеспейтін тұйық шеңбер.

Әрине, адамның іс-әрекетінің процесінде қауіп-қатер әр уақытта болғанымен, ылғи да бола бермейді. Ондай қауіп болуы үшін үш жағдай болуы керек: қауіп нақты бар; адам қауіп-қатер аймағында; адамның қолындағы қорғану құралдары жеткіліксіз.Сонымен, қауіпсіздік – бұл іс-әрекет кезінде қауіп-қатердің болмайтындығы айқын болған жағдай

Қазақстан Республикасы экологиялық қауіпсіздігінің тұжырымдамасында экологиялық қауіпсіздіктің басымдықтары экологиялық, энергия және ресурс сақтаушы технологиялар негізінде табиғат пайдаланудың стратегиясы мен құрылымына принципті өзгерістер енгізу қажеттігін алға тартады.

Экологиялық қауіпсіздік Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің табиғи-тарихи негізі және құрамдас бөлігі ретінде жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қоршаған ортаға шамадан тыс антропогендік әсердің салдарынан, сондай-ақ дүлей апаттардан өнеркәсіптік авариялар мен күйреулерден қорғалу дәрежесімен айқындалады.Экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасы осылардың экологиялық құқығының тетіктері болып саналады.

Экологиялық қауіпсіздік – жеке адамның, қоғамның өмірлік маңызды мүдделері мен құқықтарын қоршаған ортаға антропогендік және табиғи ықпал ету нәтижесінде туындайтын қатерден қорғалуының жай-күйі.

Сондықтан Қазақстан Республикасы экологиялық қауіпсіздігінің 1) табиғи-тарихи негіздері, 2) принциптері (қағидаттары), 3)стратегиялық мақсаты, 4) басқару жүйесі; 5) экологиялық талаптар және өтпелі кезеңнің басымдылықтары бар.

1. Табиғи-тарихи негіздерге – Қазақстан Республикасының табиғи ерекшеліктері, оның жартысынан астамы шөл және шөлейт аумақтар, табиғатты пайдаланудың ресурстық-шикізаттық жүйесі, халық шаруашылығы кешені өнеркәсіптердің, әскери объектілердің, табиғи техногендік процестердің зиянды әсерлері мен шетін табиғат жүйелері жатады.

2. Қазақстан Республикасы экологиялық қауіпсіздігінің принциптері Қазақстан Республикасы экологиялық қауіпсіздігінің тұжырымдамасында Жер планетасының тұтастығы мен табиғатының өзара байланыстылығын мойындай отырып, Рио-де-Жанейро Декларациясының принциптеріне сәйкестендірілген.

Олардың қатарында мыналар бар: адамдардың табиғатпен үйлесімдікте салауатты және жемісті өмір сүру құқығы, мемлекеттің өз табиғи ресурстарын игеру жөніндегі егеменді құқығын іске асыруы және ұлттық юрисдикцияның қолдануы шегінен тыс басқа мемлекеттердің немесе аудандардың қоршаған ортаға келтірілген залалы үшін жауапкершілікті мойындауы; мемлекеттің қоршаған ортаны дамыту мен қорғау жөніндегі құқығын іске асыру қазіргі және болашақ ұрпақтардың қажеттіліктерін әділетті қанағаттандыруды қамтамасыз етуі, мемлекеттің экологиялық тұрғыдан мейлінше шетін ел ретінде Қазақстан саясатында оның қажеттіктері мен мүмкіндіктерін пайдалану және басым түрде еске алуы; жердің экологиялық жүйесін сақтау, қорғау және оның салауатты жай-күйімен тұтастығын қалпына келтіру мақсатындағы ауқымды әріптестік пен ынтымақтастық, өндіру мен тұтынудың тіршілік етуге қабілетсіз үлгілерін азайту және істен шығару әрі тиісті демографиялық саясатты қуаттау негізінде тұрақты даму мен неғұрлым жоғары өмір сүрудің дәрежесіне қол жеткізу; қоршаған ортаны тиімді пайдалануда әйелдердің маңызды ролі және олардың тұрақты дамуға қол жеткізу үшін жан-жақты қатысуының қажеттілігі; барлық мүдделі азаматтардың экологиялық мәселелерді шешуге пәрменді қатысуы үшін жағдайлар туғызу, мемлекеттің қоршаған ортаның сапасы мен оған әсер ететін қауіпті материалдар жөнінде ресми ақпараттың ашық болуын, жұртшылықтың шешімдер қабылдау процестеріне қатысу мүмкінділігін қамтамасыз ету, жұртшылықтың хабарлылығын дамыту және қуаттау.

Еліміздің экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасы – экологиялық қауіпсіздіктің негізгі стратегиялық бағыттарын айқындай отырып, қоршаған ортаны қорғаудағы және табиғат пайдаланудағы экологиялық шектеулер арқылы мемлекетіміздің экологиялық қауіпсіздігін және тұрақты дамуының негізгі ірге тасы болып табылады. Бірақ, қазіргі мекемелер белгіленген лимиттерді және қоршаған ортаны қорғау талаптарын үнемі орындай бермейді. Мекемелер экологиялық акцияларды жүргізу барысында қазіргі және болашақ ұрпақ алдында қоршаған ортаның ластануының алдын алу жауапкершілігін біледі. Бірақ, экологиялық зиянды қызметпен айналысатын адамдар пайда табудың арқасында, өз уақыттарын экологиялық жағдайдың қауіпсіздігіне және қоршаған ортаға қолайлы жағдай жасауға жұмсамайды. Сондықтан да мемлекет экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуші субъект ретінде барлық субъектілерге бірінші кезекте экологиялық мүдденің тұруына ықпал етуі қажет. Сол себептен азаматтардың экологиялық мүдделерін қорғау үшін қоршаған ортаны қорғауда қолайлы механизм табу қажет. Бұл үшін экологиялық сараптама институтының рөлі маңызды болып табылады.

Сұрақтар:

1. Экологиялық қауіпсіздіктің мәні және мәселесі – бүгінгі таңдағы адамзат өркениетінің аса ауқымды проблемаларының бірі дегеніміз не?

2. Экологиялық қауіпсіздік мәселесі неде?

3. Экологиялық қауіпсіздіктің мәні неде?

4. Тұрақты даму дегеніміз не?

5. Экологиялық қауіпсіздік дегеніміз не?

6.Қоршаған ортаны қорғау дегеніміз не?

7.Қоршаған ортаны қорғаудың негізгі принциптері?

8. Адамның іс-әрекетінің қауіпсіздігі неде?

9.Қазақстан Республикасы экологиялық қауіпсіздігі неде?

10. Еліміздің экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасы неде?

1-Семинар сабағы

1. Тақырып «Мемлекетіміздің тәуелсіздігімен бірге жаңа экологиялық қауіпсіздік жүйелерін басқару»

Сабақтың мақсаты – Экологиялық қауіпсіздік бағытындағы мемлекеттік саясаттың мақсаты, міндеті, қоршаған ортаны қорғаудың мемлекеттік саясатын уағыздап, табиғи ресурстарды рационалды пайдалану.

Негізгі сұрақтар

1. Қазақстан Республикасы экологиялық қауіпсіздік мәселелері мен жағдайлары

2. Экологиялық қауіпсіздік жүйелерін басқару

3. Экологиялық қауіпсіздік концепциясы

4. Концепция қоршаған ортаны қорғау мониторингінің біркелкі жүйесімен іске асыру

5. Экологиялық қауіпсіздік бағытында Мемлекеттік саясаттың табиғи жүйені қолдануы

Методикалық ұсыныстар Алдымен, дәрістің мағынасын түсіну, глоссарийдің мазмұнын білу,сұрақтарға нақты жауап беру.

Әдебиеттер

1. Торыбаев, Х.Қ. Қоршаған ортаны қорғау терминдеріне байланысты орысша-қазақша түсініктеме сөздігі / Хисаметдин Қалдыбайұлы Торыбаев; ҚР Білім және ғылым м-гі, Қаз. мем. қыздар пед. ин-ты. – Алматы: Қаз. мем. қыздар пед. ин-ты, 2005.

2. Тіршілік қауіпсіздігі” курсы бойынша жоғары оқу орындары студентеріне арналған оқу құралы. /Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөніндегі агеттігі. Алматы, 2003 ж. 1,2 том.

3. Экологическая безопасность: Защита территорий и населения при ЧС. Учебное пособие/А.С.Гринин, В.Н.Новиков- М.: ФАИР-ПРЕСС,2002.

4. Концепция экологической безопасности Республики Казахстан. Астана, 2002.

Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігі

Подняться наверх