Читать книгу Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігі - Қ. Абубакирова - Страница 3
Дәріс 2-3. Экологиялық қауіпсіздік бағытында Мемлекеттік саясаттың мақсаты
ОглавлениеДәріс мақсаты:экологиялық қауіпсіздікке мемлекеттің ролін анықтау.
1. Экологиялық қауіпсіздіктің негізгі міндеттері
2. Экологиялық қауіпсіздік Ұлттық қауіпсіздтің бір бөлімі
3. Экологиялық қауіпсіздік концепциясы. Экология кодексі
4. "Жасыл даму" бағдарламасы.
1. Экологиялық қауіпсіздіктің мақсаты мен негізгі міндеттері
Экологиялық қауіпсіздіктің стратегиялық мақсаты мен міндеті: халықаралық қатынастарда, интеграциялық процестерде экологиялық мәртебенің ерекшеліктерін тиісінше есепке алу;
– қоршаған ортаның жай-күйіне жүргізілетін бірыңғай мониторинггің жүйесін енгізу;
– экологиялық қауіпсіздік пен табиғат тұрақты пайдалану жөніндегі аса маңызды, соның ішінде, іргелі (фундаментальный) проблемалар жөніндегі ғылыми зерттеулердің өзара орнатылуын қамтамасыз ету;
– Қазақстан Республикасының табиғи орта сапасының жай-күйін бағалауды, оның аумағын экологиялық аудандастыру мен арнаулы картаға түсіру;
– қоршаған ортаны қорғауды және табиғат пайдалануды басқаруды реттейтін табиғат қорғау заңының жүйесін жасау, экологиялық бақылау жүйесін жетілдіру;
– табиғат пайдалану жоспарларын қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты пайдаланудың экологиялық бағдарламаларын, жүйелерің әзірлеу;
– экологиялық білім және тәрбие беру жүйесін дамытуды;
– қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты пайдаланудың экономикалық тетігін (механизімін) жасау;
– қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалану мен дүлей апаттардан сақтану проблемалары жөнінде халықаралық ынтымақтастық бағдарламаларын әзірлеу.
Қазақстан Республикасында экологиялық қауіпсіздігінің тұжырымдамасын іске асырудың негізгі стратегиялық бағыттары – ресурс сақтаушы экологиялық таза технологиялар әзірлеу және енгізу, жұмыс істеп тұрған өндірістік процестерді моделдендіру және жетілдіру жолымен республиканың әлеуметтік-экономикалық және адам тұрмысының дамуын қамтамасыз ету.
2. Экологиялық қауіпсіздік Ұлттық қауіпсіздтің бір бөлімі
1998 жылғы 26 маусымда күшіне енген Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңында «экологиялық қауіпсіздік – жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің өмірлік маңызды мүдделері мен құқықтарының қоршаған ортаға антропогендік және өзге де әсерлер салдарынан туындайтын қауіп-қатерден қорғалуының жай-күйі» деп анықтама берілген.
Сонымен экологиялық қауіпсіздік дегеніміз не? Шамамен экологиялық қауіпсіздіктің 500-ге тарта анықтамасы бар екен. Бірақ кәдімгі қарапайым деңгейдегі түсінікке аударсақ, онда бұл дегеніміз халықтың антропогенді және табиғи факторлардан тұратын теріс мәнді биологиялық жүйеден қорғалуы.
Жалпылама шама ретінде қазіргі таңда экологиялық тәуекелді атап отыр, ол организмнің немесе популяцияның, бір сөзбен айтқанда биологиялық жүйенің күйреуінің ықтималдығы болып табылады. Осы шама қазіргі таңда БҰҰ-ның қарамағындағы ұйымдарда, атап айтсақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында, сондай-ақ Қазақстан Республикасында да ресми шама болып табылады.
Қазіргі әлемде экологиялық процестер жаһандық масштабтарға ие бола түсуде. Бұл туралы мамырдың 25-інде Астанада ашылған қоршаған орта және даму жөніндегі Азия-Тынық мұхиты форумының 5-ші отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Mинистрі Даниал Ахметов айтты. Сондай-ақ, Премьер-Mинистр Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне үлкен көңіл бөліп отырғандығын жеткізді. Атап айтқанда, республикада 2004-2005 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздік Тұжырымдамасы құрылған. «Бүгіндері Қазақстан көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі болып табылады. Біз экологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі негізгі келісімдерге қосылдық. Азия-Тынық мұхиты аймағында біздің ел Шанхай ынтымақтастығы ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары секілді ұйымдардың аясында табысты қарым-қатынастар орнатуда», – деді ол.
Қазақстан егемендік алған соң көптеген экологиялық проблемалармен бетпе-бет қалғанын айтты. Көз алдымызда жоғалып бара жатқан Арал мәселелері, ядролық сынақтар шарпыған кең байтақ елді мекендер, мұнай-газ секторындағы және басқа да өндіріс орындарының зиянды қалдықтармен күресу кеңес өкіметінің Қазақстанға мұраға қалдырған еншісінің бірі болды. «Қоршаған орта мен халықтың денсаулығына зиянды мәселелердің басым бөлігі құпия түрде сақталып келген болатын. Дегенмен, бүгінгі күні Арал, Каспий маңы және еліміздегі сынақ алаңдарының зардаптарын ғаламдық проблемаларға жатқызуға толық қақымыз бар», деді экология министрі. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының қолдауымен 2003 жылы қауіпсіздік кеңес отырысында алғаш рет экологиялық қауіпсіздік мәселесі көтеріліп, ол бойынша маңызды шешімдер қабылданды. Сонымен қатар, 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздікті сақтау тұжырымдамасын Елбасы мақұлдады.
«Елің сенің ертегі, жерің сенің ертегі!» деп «Қыз Жібек» жырында Шеге ақын суреттейтін еліміздің сұлу табиғатын сақтап қалу мәселесі енді қандай маңызға ие болатындығын мына жайт жақсы аңғартады: жақында ғана Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрі болған Нұрлан Әбділдаұлы Исқақовтың мәлімдеуінше, Қауіпсіздік Кеңесінің күздегі отырысының күн тәртібіне экология мәселесі шығарылмақ. Таяуда елді елең еткізерлік тағы бір жаңалық естідік: «Биыл біз тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш «экологиялық атласын» жасауды аяқтап оны басып шығарды. Бұған дейін мемлекет сонау 1983 жылғы мәліметтерге құрылған Қазақ ССР-нің атласын пайдаланып келген болатын». Осылайша, жыл соңында әр қазақстандық көсілген кең-байтақ қазақ даласының өзі тұратын атырабында экологиялық ахуал дәл қазір қандай деңгейде екендігін, сондай-ақ Қазақстанның қай аймақтары тіршілік етуге мейлінше қолайлы болатындығын нақты біле алады.
Нұрлан Исқақов бұдан былай экологиялық талаптар жоғарылайтынын нықтайды. Мысалға, егер өзен-көл тазаланатын болса, түпкі нәтиже – сондағы су сапасын «таза ауыз су» дәрежесіне жеткізу болмақ. «Біз өзендерді таза ауыз су сапасына дейін тазартуға тиіспіз, – дейді қоршаған ортаны қорғау министрі. – Мысалға, қазір Нұра өзенін улы сынаптан арылту жобасы даярлануда, соған қатысқан жапондық делегация озық дамыған Еуропа елдерінде дәл осы мақсатты көрсеткіш нысанға алынатынын мәлім етті. Ол нақты айқындалған, осыған біз ұмтылатын боламыз, осыны біз инвестициялық қаржымен қамтимыз». Әйткенмен, Қазақ жерінің табиғатын бір демде жаппай түлетіп жіберуге ел қазынасының қауқары әзірге жетпесі анық. Оған, тіпті дәулетті елдер де батылы жетіп, бара алмауда. Сондықтан Қазақстан Германияның тәжірибесін әжетке жаратпақ. – Германияда «таза зоналар» әдісі қолданылады, – деп баяндайды Нұрлан Әбділдаұлы. – Мысалға, Рейн кезінде әлемдегі ең лас өзендердің бірі болғанын білесіздер, қазір ол әлемдегі ең таза өзенге айналды. Немістер алдымен өзеннің флора және фаунаның тіршілік кешуі үшін қолайлы, ең таза бөліктерін таңдап алған және сол тұстардан тазалықты ақырын-ақырын өзеннің бүкіл бойына жайған. Қазір біздің осы бағытта жоспарлаған қадамдарымыз бар.
«Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі кезеңдегі даму жағдайында экономикалық қауіпсіздікпен қатар экологиялық қауіпсіздікті сақтаудың маңызы ерекше. Егер экологиялық қауіпсіздік тұрғысынан қарасақ, Қазақстанның дамуында төмендегідей экономикалық өзгешеліктер және әлеуметтік ерекшеліктерді бөліп көрсетуге болады:
– табиғи ресурстарды біржақты пайдалана отырып, шикізаттарды есепсіз, орасан зор көлемде шығару және сату, тұрмыстық және өндіріс қалдықтарын өңдеу жүйесінің жоқтығына қарамастан, ауылшаруашылығына пайдаланатын жерлердің тозғанын айналымнан шығарып тастап, тек қана жаңа жерлерді игеру арқылы экономиканы экстенсивті өркендету;
– экологиялық жүйеге үнемі кері әсер ететін табиғи өндіріс орындарын пайдалануға басымдық беру арқылы халық шаруашылығының құрылымын өзгерістерге ұшырату;
– экономиканы милитаризациялау;
– техникалық жүйенің осалдығы және экологиялық қауіп-қатері жоғары кәсіпорындардағы кадрлар мамандығының жетімсіздігі;
– өндіріс орындарында технологиялық процестерде қолданылатын табиғат қорғау жабдықтарының ескіруі және тиімсіздігі;
– қала халқының өсуі, табиғи ресурстарды пайдалану есебінен экономиканың мемлекеттік және жекеменшік секторларында тауарларға және қызметке сұраныстың өсуі;
– стихиялық және антропогендік апаттар, апатты жағдайлар және түрлі бақытсыздықтар».
Адамның бірінші байлығы – денсаулық. Демек, қоршаған ортаның экологиялық дағдарысқа ұшырауы адам денсаулығына орасан зиян келтіретіні анық. Қазақстан аумағында жүргізілген зерттеулер көрсеткеніндей, біздің азаматтардың денсаулығына кері әсер ететін ең зиянды факторлардың арасынан ерекше алаңдататыны экологиялық фактор (42,1 пайыз) болып отыр.
Адамзаттың, әсіресе, планетаның биосфера региондарындағы экологиялық жағдайы қиын мемлекет халықтарының (оның ішінде Қазақстан да бар) экологиялық қауіпсіздігіне төнген жалпы қауіп-қатерін ғаламдандыру, сондай-ақ соғыс қауіпсіздігі қатерін бәсеңдетуді ескере отырып, реформалардың экономикалық мүдде пирамидасын және иерархиялық әлеуметтік басымдыктарын пайдалы қазбалар игерудің ақылға қонымды, табиғи-тарихи және экологиялық негіздерді сактай отырып, тиімді бағыттарын талдап жасау керек. Еліміздің мемлекеттік институттары мен субъектілері және объектілерінің қандай экологиялық жағдайда екендігін есепке алу қажет.
Қауіпсіздікті өлшеудің негізгі критерийлеріне қауіпті алдын-ала сезу, оның қазір және келешекке келтіретін әлеуметтік және табиғи зияндарын анықтау мүмкіндігі және алдын алу шаралары жатады.
Қауіпсіздіктің объектілері мен субъектілерін анықтауда тек әлеуметтік саламен шектеліп, адам мен табиғатты екіге бөліп қарастыруға болмайды, ол табиғаттың, қоғам мен адамның жүйеленген бірлігін бұзады.
3. Экологиялық қауіпсіздік концепциясы. Экология кодексі
Экологиялық қауіпсіздік Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігі жүйесінің құрамдас бөлігі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық қауіпсіздік жүйесіне қатысуының маңызды мәселесі болып табылады. Қоршаған ортаның сапасының төмендеуі, ірі техногенді апаттардың салдары, климат пен табиғи ортаның ғаламдық өзгеріске ұшырауы Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығының төмендеуіне, экономикалық шығындарға және табиғаттың құруына әкеліп соғады. Экологиялық қауіп еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жан-жақты кедергі жасап отыр.
Қазақстан республикасының 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздігі тұжырымдамасы – Қазақстандағы тәуелсіздік жылдары экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің мүлде жаңа мемлекеттік жүйесінің құрылуының және қалыптасуының, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы атқарушы органдардың жақсы ұйымдастырылған және аумақтық таралған жүйесін – қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарын пайдалануды басқарудың жылдары болды. Бұл қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды және дәйекті іске асыруды қамтамасыз етті.
Алайда, Қазақстанда көптеген он-жылдықтар бойы қоршаған ортаға төтенше жоғары техногендік салмақ түсіретін, табиғи ресурстарды пайдаланудың көбінесе шикізат жүйесі қалыптасты. Сондықтан әзірге эколоғиялық жағдай түбегейлі жақсара қойған жоқ әрі ол бұрынғысынша биосфераның тұрақсыздануына, оның қоғамның тіршілік әрекеті үшін қажетті қоршаған ортаның сапасын қолдау қабілетін жоғалтуына апаратын табиғи жүйелердің тозуымен сипатталады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негіздері Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 30 сәуірдегі өкімімен мақұлданған экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасына енгізіліп, онда отпелі кезеңнің экологиялық басымдықтары, атап айтқанда, жекешелендірудің экологиялық проблемалары, табиғат қорғау заңнамасының, мемлекеттік бақылау және сараптаманың, табиғи ресурстарды пайдаланудың экономикалық тетіктерінің, қоршаған орта мониторингінің жүйесін құру қажеттілігінің мәселелері қарастырылған болатын.
Ұлттық экономиканың барлық салаларын реформалау табиғи ресурстарды пайдалануға кәзқарастардың әзгеруіне, қоршаған ортаны сақтауды ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық дамуды жүзеге асыруға негіз болды.
Аталған Тұжырымдаманы қабылдаған сәттен бастап Қазақстан Республикасында қоғамдық дамуда елеулі әзгерістер болды. Мемлекет дамуының стратегиялық қүжаттары әзірленді, табиғат қорғау заңнамасының негізі құрылды, қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша бірқатар халықаралық конвенцияларға қол қойьшды, табиғат қорғау қызметін басқару жүйесі құрылды.
Мысалы, 1997 жылы "Қоршаған ортаны қорғау туралы", "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы", "Экологиялық сараптама туралы", 1998 жылы – "Радиациялық қауіпсіздік туралы" Заңдар, ал 2002 жылы – "Атмосфералық ауаны қорғау туралы" Заң қабылданды. Табиғатты ұтымды пайдалану саласында Президенттің "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" (1996) және "Мүнай туралы" (1995) заң күші бар Жарлықтары, 2003 жылы – Орман, Су және Жер кодекстері қабылданды. Заңға тәуелді қажетті нормативтік-құқықтық актілердің көпшілігі әзірленіп, бекітілді.
Заңнаманы жетілдіру мақсатында республикада оны дамыған елдердің заңнамасына жақындатуға және халықаралық стандарттарды енгізу бағыты алынды. Қазақстан Республикасы 19 халықаралық конвенцияға қол қойды және оларды іске асыру жөніндегі іс-қимылдың ұлттық жоспарларын әзірледі. Экологиялық сараптау жүйесі, рұқсат ету және бақылау-инспекциялық жүмыс жолға қойылды.
Тұжырымдаманың міндеттерін орындау нәтижесінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту және міндетгі экологиялық сараптаманы енгізу есебінен 90 жылдардың басымен салыстырғанда қоршаған ортаны ластаудың қарқыны едәуір төмендеді. Алайда, мемлекеттің экологиялық осал аумақ және шешілмеген экологиялық проблемалар мәртебесі сол күйінде қалып отыр.
Жоғарыда аталғандармен байланысты елдің стратегиялық басымдықтарына сәйкес қазіргі жағдайдағы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің міндеттерін түбегейлі қайта қарау, нақтылау және кеңейту көзделуде.
4. «Жасыл даму» бағдарламасы
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жасыл өсу» жоспарлары мен бағдарламаларын іске асыруда Азия және Тынық мұхит, Еуропа елдеріне серіктестік жәрдемдесу жолындағы «Жасыл көпір» атты Астана бастамасы жүзеге асырылуда. Бастама сектораралық, ішкі аймақтық және аймақаралық бекініске бағытталған. Қазіргі заманғы құралдар байланысымен сараптамалық және ақпараттандыруды қамтамасыз ететін «Жасыл өсу» кеңсесі құрылды. «Жасыл өсу» кеңсесі Қазақстан және Орталық Азия, Еуропа аймағында қызмет бағыттары тәжірибелері жөнінде толық ақпарат таратуға мүмкіндік береді. Қазақстанның энергиялық тиімді және төмен эмиссиялық технологияларды қолдану арқылы «Жасыл даму» жолын таңдауы қоршаған ортаға антропогендік әсерді азайтады, сондай-ақ еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуының жаңа сапалық деңгейіне шығуға өз септігін тигізеді деп айтуға болады. Осы мақсатта Үкімет 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» бағдарламасын бекітті. Бағдарлама жасыл экономиканы дамытуға, қоршаған орта мен денсаулыққа зиян келтіретін антропогендік ықпалды азайтуға, табиғи экожүйені қалпына келтіру мен сақтауға, қоршаған ортаның сапасын жақсартуды басқару жүйесін дамытуға бағытталып отыр. «Жасыл даму» бағдарламасы шеңберінде шешілетін тағы бір мәселе – Каспий теңізінен өндірілетін мұнайдың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл Мексика шығанағындағы соңғы жаңалықтармен өзекті екендігі баршамызға мәлім. Осындай мәселелер көп елдердің қызығушылығын танытып, оны бірлесіп шешуге мүмкіндік тудырады. 2007 жылы барлық Каспий жағалауындағы мемлекеттермен арадағы Каспий теңізінің су айдынын қорғау жөніндегі Негіздемелік конвенция күшіне енді. Осы Конвенция Каспий теңізіне антропогендік ықпалды реттеудің негізгі бағытын анықтау, Каспий теңізінің биологиялық және басқа коммерциялық ресурстарын қалпына келтіру, сонымен қатар, Каспий бойы мемлекеттерімен бірлесіп, кешенді мәселелерді шешу мақсатында қабылданған бірінші аймақтық конвенция болып табылады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен өткен V Халықаралық экологиялық конгресс (Жапония, 1990), Қоршаған ортаны қоғау жөніндегі конференция (Бразилия, 1992), ХХҮІІ Халықаралық географиялық конгресс (АҚШ, 1992) және Йоханнесбург (ОАР, 2003) қаласында өткен бүкілдүниежүзілік экологиялық форум – аталмыш мәселенің өзектілігін көрсетіп отыр. Жарқын болашаққа қадам басу жолында Еуразияның жүрегінде орналасқан Қазақстан Рио-92 декларациясына, Йоханнесбург декларациясына (2002 ж.) қол қойып, экология мен даму салаларындағы 25 халықаралық конвенцияны және Киото хаттамасын ратификациялады. Сондай-ақ, Еуропа және Азия елдерінің жаһандық үдерістерінің орнықты дамудағы белсенді қатысушысы болып белгіленді. Елбасымыздың «Халықаралық стандарттарға сәйкес қоршаған ортаны қорғауды және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» деген сөзі Қазақстан Республикасының экологиялық саясатын дамытудың негізі болып қалыптасты. Дүниежүзілік қауымдастық дамуын соңғы 60 жылда «экономикалық» және келесі 60 жылда «жасыл» деген идеологияға бөліп қарауға мүмкіндік беретін «Жасыл даму» – бұл қазіргі таңдағы халықаралық стандарт.
Әлемдік дағдарысты ескере отырып, бағдарламамыздың негізгі тірегі ретінде біз экономикалық құралдарды табиғат қорғауға пайдалану, экологиялық стандарттарға сәйкес экологиялық қауіпсіздікке қол жеткізу мақсатына оңтайластыруды қарастырдық. Бұл бағыт 2006 жылы 14 қарашада республика Президентінің Жарлығымен қабылданған Қазақстан Республикасының 2007-2024 жылдар аралығында орнықты дамуға көшу тұжырымдамасына сәйкес орындалды. Осы бағдарлама шеңберінде күрделі экологиялық мәселе – қалдықтарды өңдеу мен тұтыну мәселесін шешудің жолдары қарастырылды.
Қазақстан 2007 жылы Стокгольм конвенциясын бекітіп, 200 мың тоннаға дейін жинақталған берік органикалық ластаушыларды жоюды өз міндетіне алды. Премьер-Министр К.Мәсімовтің тапсырмасы бойынша түрлі саладағы қалдықтармен жұмыс мәселесін реттейтін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге тексеріс жүргізілді және қалдықтарды өңдеу бөлігі бойынша қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізуге ұсыныстар әзірленді. Сонымен қатар, барлық облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларының коммуналдық тазалау құрылыстары құбырларының ағысын тазалау мәселесі де күрделі жағдайда. Еліміздің көптеген аймақтарында су шаруашылығы жағдайы қиын кезеңді кешуде. Себебі, көптеген су нысандары өздігінен тазару және өздігінен қалпына келу сияқты табиғи қасиеттерін жоғалтқан. Қазіргі заманғы ғылыми-техникалық прогрестің қарыштап алға басуы адамзат өмірін жақсартуға тікелей игі ықпал етумен қатар, қоршаған орта-табиғатқа орны толмас орасан зор зиян да тигізіп келеді. Осы тұста Бэконның: «Адам табиғатты бағындырумен бірге оған бағыну керек», – деген сөзін еске алсақ болады. Біздер осы қағиданы есте сақтамағандықтан қазіргі таңда табиғатты қорғау мен экологиялық қауіпсіздік мәселелері ұлттық дәрежеден көтеріліп, бүкіл дүниежүзілік аса маңызды проблемаға айналып отыр. Әлі де болса адамзаттың экологиялық зияны ескерілмей, бірыңғай қоршаған ортаны қорғау шаралары оң бағытта дамымай отыр. Жалпы санамызда табиғат байлығын ешқашан таусылмайтын, шексіз жатқан мол дүние деп бағалаудың басым болғандығынан оны экстенсивті түрде игерумен келе жатқанымыз бәрімізге белгілі. Осыған орай, Республикамыздың реформа жағдайында әлеуметтік-экономикасының қайта құрылу процесінің одан әрі жүзеге асырылуы экологиялық проблемаларды талдау мен бағалауды, қоршаған орта проблемаларын зерттеуді талап етеді, яғни осы проблемалар оның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің маңызды бір бөлігі болып табылады. Экономикалық әлует сипаты, экономикалық және әлеуметтік сипаттағы нақтылы шешімдер қабылдау, көптеген экологиялық және экономикалық процестерді болжау үшін негіз болды.
Сұрақтар:
1. Экологиялық қауіпсіздік концепциясы деген не?
2. Экологиялық қауіпсіздіктің стратегиялық мақсаты мен міндеті неде?
3. Қазақстан Республикасында экологиялық қауіпсіздігінің тұжырымдамасын іске асырудың негізгі стратегиялық бағыттары неде?
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы» заңында не айтылған?
5. Қауіпсіздіктің объектілері мен субъектілері туралы не айтасыз?
6. Қазақстан республикасының 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздігі тұжырымдамасы не айтасыз?
7. Тұжырымдаманың міндеттері неде?
8. «Жасыл даму» деген не?
9. «Жасыл даму» бағдарламасы деген не?
10. «Жасыл даму» бағдарламасының мәселесі деген не?
2-3 Семинар сабағы
2-3.Тақырып «Экономикалық қауіпсіздік пен экологиялық қауіпсіздікті сақтандыру маңызы»
Сабақтың мақсаты – Экологиялық қауіпсіздікті және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсаты. Экологиялық-экономикалық талдаудың әдістері,міндеті. Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттіліктің қалыптасуымен, қоғамның экономикалық мүдделерін сезінуі.
Негізгі сұрақтар
1. Экономикалық-Экологиялық қауіпсіздік түсінігі
2. Экологиялық-экономикалықтың қауіпсіздіктің міндеті мен мақсаты
3. Экологиялық-экономикалықтың қауіпсіздіктің деңгейлері
Методикалық ұсыныстар Экономикалық қауіпсіздік – ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі, оның іргетасы, материалдық негізі. Экологиялық қауіпсіздік бағытында Мемлекеттік саясаттың мақсаты, табиғи жүйені қолданудың қорғалуы.
Әдебиеттер
1. Ахметов Е.А., Әбілова З.Г., Бияшева З. Қазіргі заман жаратылыстану концепциясы (оқу құралы). Алматы: “Қазақ университеті” баспасы, 2003.
2. Жатқанбаев Ж. Экология негіздері. Алматы: “Зият” баспасы, 2003.
3. Бекмаганбетов Р. «Экономико-экологические факторы и механизмы их развития в условиях рынка»// Экология. Устойчивое развитие№ 12, дек. 2004 г
4. Айтуғанова З.Ш. «Экологиялық қауіпсіздіктің экономикалық мәселелері» дисс. жұмыс. 2003 ж.