Читать книгу Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігі - Қ. Абубакирова - Страница 9
Дәріс 7-8. Табиғи ресурстарды пайдаланудың экологиялық мүмкінді шектері
ОглавлениеДәрістің мақсаты: табиғи ресурстарды пайдаланудың экологиялық мүмкінді шектерін анықтау
1. Табиғи ресурстарды пайдаланудың принциптері
2. Табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін ақы төлеу.
3.Қоршаған ортаны қорғауды экономикалық жағынан ынталандыру
1. Табиғи ресурстарды пайдаланудың принциптері
Адамзат ежелгі уақыттардан бері экологиялық шараларды аңғармай жүзеге асырды. Өсімдіктерді сақтап қалу мақсатында бір аумақтан екіншісіне мал айдап көшті; балық аулайтын орындарда балықтарды жемге үйретті; аумақты дауыл құлатқан ағаштан және арамшөптерден тазартты; құстарды ұя салу кезінде, кәсіптік жануарлардың төлдеуі немесе кәсіптік балықтардың уылдырық шашқан кезінде аулауға тыйым салды. Ғылыми-техникалық төңкеріс адамның табиғатқа ықпал ету қарқынын шұғыл күшейтті. Сондықтан адамның іс-әрекетін табиғатпен өзара әсер кезінде қатаң реттеу қажеттігі туды. Барлық елдерде адамның табиғи ортаны реттеу бойынша және табиғатты қорғау мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бойынша сансыз көп заңнамалық актілер қабылданды. Әр түрлі экологиялық шараларды жүзеге асыру үшін ең алдымен белгілі уақыт кезеңінде литосфера, гидросфера және атмосфераның терең де жан-жақты экологиялық зерттеулерін жүргізу қажет. Мұндай зерттеулер мониторинг (бақылау) деп аталады. Белгілі уақыт аралықтары арқылы бақылау, зерттеулерін салыстыру қоршаған ортадағы экологиялық өзгерістер қозғалыстарының зерзаттық көрінісін береді.
2. Табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін ақы төлеу
Табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін төленетін ақы табиғатты пайдаланудың жекелеген түрлері үшін көзделген жалпы мемлекеттік салықтар, жергілікті салықтар мен алымдар, арнаулы төлемдер мен салықтар табиғат пайдаланушылардан алынады.Қоршаған ортаны ластағаны үшін ақы төлеу. Қоршаған ортаның ластанғаны үшін төленетін ақы ластайтын заттарды шығарғаны және тастағаны, өндіріс пен тұтыну қалдықтарын орналастырғаны үшін ұйымдар мен азаматтардан алынады. Қоршаған ортаны ластанғаны үшін төлемдердің ставкаларын қоршаған ор¬таны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган мен келісе отырып, облыстардың әкімдері бекітеді.Табиғи ресурстарды қорғау және толықтыру үшін ақы төлеу. Табиғи ресурстарды қорғау мен толықтыру үшін ақы табиғат пайдаланушылардан аталған қызметті жүзеге асыруға жұмсалған бюджеттік шығыстардың орнын толтыру өтемі ретінде алынады.
3. Қоршаған ортаны қорғауды экономикалық жағынан ынталандыру
Қоршаған ортаны қорғауды экономикалық жағынан ынталандыру қоршаған ортаны қорғауды тиімді жүзеге асыратын заңды тұлғаларға – табиғат пайдаланушыларға субсидиялар берудің экологиялық жағынан бағдарланған саясаты мен ынталандыратын сипаттағы өзге де шаралар арқылы жүзеге асырылады.
Экологиялық сақтандыру. Экологиялық сақтандыру қоршаған ортаны және табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланбаудың салдарынан белгілі бір сақтандыру оқиғалары болған жағдайда сақтанушылар өздеріне сақтандырушылар төлейтін сақтандыру төлемдерінен құрылатын ақша қорлары есебінен, сондай-ақ заңмен тыйым салынбаған өзге де көздерден сақтандыру өтемдерін төлеу арқылы заңды тұлғалар мен азаматтарды (сақтандырылған) мүліктік жағынан қорғау жөніндегі қатынас болып табылады. Шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық жағынан қауіпті түрлерімен айналысатын заңды тұлғалар мен азаматтар міндетті түрде экологиялық сақтандырылуға тиіс. Міндетті сақтандыру шарты сақтандырудың осы түріне лицензиясы бар сақтандырушымен ғана жасалуы мүмкін. Ерікті экологиялық сақтандыру заңды тұлғалар мен азаматтардың өз еркін білдіруі бойынша жүзеге асырылады. Ерікті экологиялық сақтандырудың түрлері, шарттары мен тәртібі сақтанушылардың арасындағы келісімдермен белгіленеді.