Читать книгу Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігі - Қ. Абубакирова - Страница 5

Дәріс 4-6. Экологиялық қауіптер

Оглавление

Дәріс мақсаты: экологиялық қауіптерге түсініктеме беру

1. Жаһандық экологиялық қауіптер.

2.Ұлттық экологиялық проблемалар.

3. Жергілікті экологиялық проблемалар

1. Жаһандық экологиялық қауіптер

Климаттың өзгеруі «Қызу әсерінің» салдарынан болатын климаттың өзгеруі жалпы әлемдік көлемдегі проблема болып табылады және қоршаған ортаның жай-күйіне барынша ықтимал қатер төндіреді.

Қазақстан 1995 жылы Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ Yлгілік конвенциясын бекітті, ал 1999 жылы осы Конвенцияға Киото хаттамасына қол қойды.

Аталған хаттаманы бекіткен және ол күшіне енген жағдайда Қазақстан қызған газдардың шығарындыларын қысқарту жөніндегі сандық міндеттемелерді өзіне жүктей отырып, І қосымшаның Тарапы болады.

Қазақстанның Киoтo хаттамасын бекітуінің мақсатқа сайлығын айқындау үшін 2004 жыл барысында қызған газдардың шығарындыларын қысқарту жөніндегі сандық міндеттемелердің Қазақстанның экономикасына әсері мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу қажет.

Талассыз экологиялық тиімділігінен басқа, Киото хаттамасын бекіту біздің ел үшін халықаралық инвестицияларды тарту, басқа елдердің экономикасына активтерді орналастыру мүмкіндігімен инвестор рөліндегі бірлескен жүзеге асыру жобаларына және «таза даму» процестеріне қатысу, өндірістің энерготиімділігін арттыру үшін жаңа технологияларды қолдану, сыртқы энергетикалық рынокта елдің экономикалық мүдделерін қорғау үшін көміртегі кредиттерін шоғырландыру, қызған газдардың шығарындыларына квоталар сату жөніндегі перспективаларды ашады.

Киото хаттамасын бекіткеннен кейін нақты жобалар мен іс-шараларды іске асыруды көздейтін Қазақстан Республикасында қызған газдардың шығарындыларын азайту жөніндегі 2015 жылға дейінгі бағдарлама әзірленетін болады.

Озон қабатының бұзылуы

Жердің озон қабатының бұзылуы адам, жануарлар, өсімдіктер мен микроорганизмдер тіршілігі үшін ықтимал қатер болып табылады.

1973 жылдан бергі байқаулар Қазақстанның үстіндегі озон қабатының қалыңдығы 5-7%-кe азайғанын көрсетті.

Монреаль хаттамасына сәйкес қабылданған, озон қабатын бұзатын заттарды пайдалануды реттеу жөніндегі шаралар әлемде 1986 жылдың деңгейімен салыстырғанда оның 10 eceгe азаюына ықпал етті.

Біздің ел озон қабатын сақтау туралы халықаралық келісімдерге 1998 жылы қосылды. Қазіргі уақытта Қазақстанда озон бұзғыш заттарды (ОБЗ) пайдалануды қысқарту және оларды айналымнан алып қою, озон қабатын бұзбайтын заттарды қолданумен жаңа технологияларды енгізу жөніндегі жұмыстар жүргізілуде.

Атмосфераның озон мәселесінің адам қызметіне өзара байланысты екі аспектісі бар: жоғары қабаттағы бұзылу («озон қабаты») және жер маңы кеңістігіндегі концентрациясының артуы. Озон қабаты полюстерде 9-30 км, экваторда – 18-32 км биіктікте орналасқан. Егер қабаттағы озонды таза күйде бөліп алса, оның қалыңдығы 3 мм құрайды. Атмосфераның жоғары қабатындағы озон оттегі молекулаларының ультракүлгін сәулелер әсерінен ыдырауы нәтижесінде түзіледі. Бос оттегінің оттегі молекуласына қосылуынан озон түзіледі. Соңғы жылдары атмосфераның жоғары қабатындағы озонның мөлшерінің кемуі байқалуда. Солтүстік жарты шардың орталық және жоғары ендіктерінде бұл кему 3 % құраған. Мәліметтер бойынша озонның 1 %-ға кемуі терінің ісігімен ауыру деңгейін 5-7%-ға арттыруы мүмкін. Озонның ең көп мөлшері Антарктиданың үстінде жойылған. Мұнда соңғы 30 жылда озонның мөлшері 40-50 % – ға кеміген. Озонның концентрациясының кемуі нәтижесінде түзілетін тесіктерді «озон тесіктері» деп атайды. «Тесіктің» көлемі жылына 4 %-ға артып отыр. Қазіргі кезде оның мөлшері АҚШ-тың көлемінен артық. Сонымен қатар, көшіп жүретін тесіктердің пайда болуы жиілеп барады. Оның мөлшері 10-100мың км2. «Озон тесіктерінің» пайда болу себептері әлі де болса толық анықталмаған. Олар алғаш рет осы ғасырдың 80-жылдарында байқалған. Аз уақыттық бақылау қандай да бір нақты қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді. Қазіргі озон қабатын бұзатын негізгі антропогенді фактор фреондар (хладондар) болып есептеледі. Бұл хлорфтор көміртектер бөлме температурасында қайнайды. Олар тоңазытқыш құрылғыларда, әр түрлі баллондарда тасымалдаушы газ ретінде, т.б. қолданылады. Көптеген мемлекеттер фреондардың өнідірісін 50 % кеміту және оларды басқа пропиленттермен алмастыру туралы міндеттеме қолданды. Бірақ, жоғары дәрежедегі тұрақтылығына байланысты фреондар атмосферада өте ұзақ уақыт сақтала алады. Сонымен қатар, озонның түзілуі мен жиналуына электромагнитті сәулелер, лазер сәулелері, электр разрядтары әсер етеді. Озон қабаты интенсиві түрде көктемде бұзыла бастайды. Себебі, қыстағы төмен температура мен бұлттылықтың артуы фреондардың құрамындағы хлордың бөлініп шығуына әкеледі. Ал көктемдегі температураның жоғарылауы хлордың озонға әсерін арттырады. Поляр маңы аймақтарындағы озон қабатының интенсивті түрде бұзылуын осы аудандардағы озонның бұзылуына себепкер хлордың метанды топпен аз мөлшерде жабылуына байланысты. Озон қабатының бұзылуының тағы бір себебі ретінде атмосфераға оттегін бөліп шығаратын негізгі фактор ретінде ормандардың жойылуы аталады. Космосқа ұшу апппараттарын шығару атмосферадағы ядролық жарылыс, атмосфераның жоғарғы қабаттарына азот оксидтері мен кейбір көмірсулардың шығарылуына әкелетін ірі өрттердің озон қабатының бұзылуын Галлей кометасымен де байланыстырады. Атмосфераның төменгі қабаттарында озон күшті антиоксидант және бактериоцид болып табылады. Ол жағымсыз иістерді, кейбір канценрогенді заттарды бұзуға қабілетті. Бірақ, жоғары концентрацияда озон күшті у болып табылады. Адамда ол тыныс алуды қиындатады, көзді тітіркендіреді, өсімдіктердің ассимиляциялық аппаратын зақымдап, хлорофилді бұзады.

Парниктік газдардың әсерінен жылулық баланстың өзгеруі нәтижесінде мүмкін болатын жер шарының температурасының ғаламдық артуын – парниктік эффект деп атайды. Негізгі парниктік газ көмірқышқыл газы болып табылады. Көмірқышқыл газының парниктік эффектіге қосатын үлесі әр түрлі мәліметтер бойынша 50 %-дан 65 %-ға дейін жетеді. Басқа парниктік газдарға метан, (шамамен 20 %), азот оксидтері (шамамен 5 %), озон, фреондар және басқа да газдар (парниктік эффектінің шамамен 10-25 %) жатады. Барлығы 30-ға жуық парниктік газдар, олардың атмосферадағы мөлшеріне ғана емес, сонымен қатар бір молекулаға әсерінің салыстырмалы белсенділігіне де байланысты болады. ХІХ ғасырдың ортасынан бастап атмосферадағы СО2 мөлшерінің өзгерісі 12-15 % артқан.

Жер бетіне негізінен жылулық емес, көрінетін сәулелер ағыны түседі. Бұл сәулелер парниктік газдар арқылы өзгермей өтеді. Парниктік газдар жылу сәулелерінің космос кеңістігіне кетуіне қарсы әсер етеді. Олар қақпанға түскендей болып жиналады да ауаның температурасының артуына әкеліп соқтырады. Мәліметтер бойынша парниктік газдардың әсерінен соңғы жүз жылдықта Жердің орташа жылдық температурасы 0,3-0,6 °C –ға артқан. Әр түрлі болжамдарға сүйенсек, планетаның орташа жылдық температурасының 1-3,5 °C-ға артуына әкеледі. Ауа райының жылынуы әсерінен, мәңгі мұздықтардың еруі салдарынан әлемдік мұхит 1,5 -2 м көтерілуі мүмкін, ол шамамен 5 млн. км2 құрлықтың су астында қалуына әкеледі. Ауа райының жылынуы әлемдік мұхитттың деңгейінің көтерілуінен басқа да құбылыстар: ауа райының тұрақсыздық дәрежесінің артуы, дауылдардың жиіленуі, жануарлармен өсімдіктердің жойылу жылдамдығының артуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Көмірқышқыл газының атмосфераға түсуінің негізгі техногенді көзі – органикалық отынды жандыру болып табылады. Қазір тек жылу энергетикасынан атмосфераға шамамен жылына бір адамға 1 т көміртегі немесе Жер шарында жылына 6 млрд. т бөлініп шығады. Атмосферадағы көміртегінің мөлшерін кемітетін негізгі факторлар фотосинтез бен мұхиттың сіңіруі болып табылады. Мұхит адам қызметінің нәтижесінде түзілген көмірқышқыл газының 50 %-ын сіңіреді.

Биоәртүрлілікті сақтау

Қазақстанның экожүйесі Орталық Азияда және тұтастай алғанда континентте биологиялық әртүрлілік бірегейлігімен ерекшелінеді.

Өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің жоғалуы генетикалық деңгейдегі әртүрлілікті жоғалтуға және экожүйелердегі тиісті өзгерістерге әкеледі. Биоәртүрлілікті іc жүзінде жоғалтудың негізгі себебі өмір сүру ортасының жойылуы және тозуы, ең бастысы, ормандарды жою, топырақтың эрозиясы, ішкі және теңіз су айдындарының ластануы, өсімдіктер мен жануарлар түрлерін тым көп тұтыну болып табылады. Таяуда ғана өсімдіктер мен жануарлардың бөгде түрлердің жерсінуі де биоәртүрлілікті жоғалтудың алаңдатар жәйі деп танылды.

Биоәртүрлілікті сақтау үшін Қазақстан Республикасы 1994 жылы Биоәртүрлілік жөніндегі конвенцияны бекітті, биологиялық әртүрлілікті сақтау және теңгермелі пайдалану жөніндегі ұлттық стратегия мен іс-қимыл жоспарын әзірледі.

Биоәртүрлілікті сақтаудың неғұрлым тиімді шарасы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру болып табылады. Республиканың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының ауданы 13,5 млн. гектарды немесе барлық аумақтың 4,9 %-ін құрайды, бұл биологиялық әртүрліліктің экологиялық теңгерімін сақтау үшін тым жеткіліксіз және 10 %-ті құрайтын әлемдік стандарттардан төмен.

Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын дамыту мен орналастыру тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға дейін олардың алаңын 17,5 млн. гектарға дейін ұлғайту көзделген, бұл республика аумағының 6,4 %-ін құрайды.

Қазақстанда биологиялық әртүрлілікті сақтау мақсатында биоәртүрлілік объектілерінің жай-күйін бағалау және түгендеу, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың желісін ұлғайту және қазіргі табиғи және антропогендік процестерді ескере отырып, оларды жасанды молықтыру және бұзылған аумақтарда қалпына келтіру жолымен табиғи популяциялардың сирек түрлерін сақтау, елдің ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік табиғи және мәдени мұрасы және «Адам және биосфера» бағдарламасы шеңберіндегі биосфералық аумақтар тізіміне енгізу жөніндегі шараларды іске асыру қажет.

Республика аумағының небәрі 4,2 %-ін алатын Қазақстанның барлық ормандарының ерекше экологиялық, ғылыми, рекреациялық, эстетикалық және мәдени мәнін, сондай-ақ биологиялық әртүрліліктің табиғи резерваттары ретіндегі олардың орасан рөлін ескере отырып, оларды ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесіне көшіру жөніндегі шұғыл шаралар қабылдау қажет. Бұл үшін 2006 жылға дейін мемлекеттік биосфералық резерваттардың желісін қалыптастыру бағдарламасын әзірлеу қажет.

Соңғы уақытта, әлемде кең таралған генетикалық өзгерген организмдер мен өнімдерді әкелу Қазақстан үшін елеулі сыртқы қатер болып отыр. Бүкіл әлем бойынша генетикалық өзгерген организмдер мен өнімдердің кең таралу қауіптілігін ескере отырып, Биоәртүрлілік жөніндегі конвенцияның Биоқауіпсіздік жөніндегі Картахена хаттамасы қол қоюға алынды. Қазақстанның Картахена хаттамасына қол қоюы өзге елдердің біздің еліміздің аумағында генетикалық өзгерген организмдер мен өнімдерді трансшекаралық өткізуімен байланысты қызметті жүзеге асырудағы жауапкершіліктерін арттыруға, оларды елге әкелуге жол бермеу жөнінде шаралар қабылдауға, зерттеулер мен ғылыми-техникалық әзірлемелер ісінде өзара көмекті, сондай-ақ биотехнологиялар саласындағы ақпарат алмасуды қоса, халықаралық тығыз ынтымақтастықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осы Тұжырымдаманың айтылған ережелерін іске асыру қоршаған орта объектілерін сақтауды, оны белгілі бір тұрақтылық деңгейінде ұстап тұруды, өзін-өзі реттеу қабілеті мен жанды және жансыз табиғат түрлерінің, оның ішінде жойылу қаупі төнген тіpі организмдер геноқорының көптүрлілігін сақтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жердің шөлейттенуі және тозуы

Қазақстанның көп бөлігі қуаң аймақта орналасқан және оның аумағының шамамен 66 %-і түрлі деңгейде шөлейттену процестеріне бейім. Алдын ала есептер бойынша жайылымның тозуынан залал, егістік эрозиясынан, қайталама тұзданудан және басқа да себептен алынбаған кіріс шамамен 300 миллиард теңгені құрайды.

Қазақстан үшін елеулі ішкі қатерді білдіретін жердің шөлейттенуі мен тозу проблемасы шаң-тұз дауылының пайда болуы және ауа массаларының ластаушы заттарды алыс қашықтыққа жеткізуі нәтижесінде біртіндеп трансшекаралық проблемаға айналуы мүмкін.

2004 жылдың барысында шөлейттенудің көлемі мен құрғақшылықтың теріс әсерінің алдын алуға және қысқартуға, тозған жерлерді және топырақтың құнарлылығын қалпына келтіруге, ресурстық базаны сақтауды және/немесе қалпына келтіруді қамтамасыз ететін, халықтың экологиялық қауіпсіздігін нығайтатын тұрақты жер пайдаланудың экономикалық тетіктерін әзірлеу мен енгізуге, сондай-ақ шөлейттенумен күрес процесінде халықтың кең қауымының хабардар болуы мен қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған шөлейттенумен күрес жөнінде бағдарлама әзірлеу және бекіту қажет.

Бағдарламаның негізгі нәтижелері шөлейттену процестерін болдырмау және жердің тозу ауқымын қысқарту, шөлейттенумен күрестің экономикалық тетіктерін енгізу, ауыл шаруашылығы жерлерінің өнімділігін арттыру болмақ.

2. Ұлттық экологиялық проблемалар

Экологиялық апат аймақтары Табиғи экологиялық жүйелердің бұзылуы, флора мен фаунаның тозуы орын алған және қолайсыз экологиялық ахуал салдарынан халықтың денсаулығына елеулі зиян келтірілген Арал және Семей өңірлері экологиялық апат аймақтары болып жарияланды. Экологиялық апат аймақтары елдің ішкі қауіпсіздігіне нақтылы қатер болып табылады.

Қазіргі уақытта бұрынғы Семей полигонына шектес аудандарда (71,9 мың халқы бар 85 елді мекен) онкологиялық аурулардың және адамдар өлімінің, қан айналымы жүйесі ауруларының, жаңа туған сәбилер арасындағы кеселдердің және ерте қартаю көрінісінің жоғары деңгейі байқалуда.

Арал өңірі экологиялық апат аймағында (186,3 мың халқы бар 178 елді мекен) әсіресе әйелдер және балалар арасында асқазан-ішек аурулары мен қан аздығы, балалардың шетінеуі мен туа біткен патологияның жоғары деңгейі байқалуда.

Елдің ішкі қауіпсіздігіне қатерді жою мақсатында экологиялық апат аймақтарында халықтың тұруының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайын кешенді талдау жөнінде іс-шаралар жүргізу, оның сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуіне баға беру, экологиялық талаптарды әзірлеу және аумақтарды экологиялық бағалау мен ядролық сынақтар және өзге де факторлардың халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға әсерінің салдарларын ескере отырып, сауықтыру-оңалту іс-шараларын жүзеге асыру қажет. 2007 жылға дейін Халықтың ішкі көші-қоны және экологиялық апат аймақтарының аумақтарын шаруашылыққа пайдалану бағдарламасы әзірленуі қажет.

Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонын және Арал өңірінің проблемаларын кешенді шешу жөнінде ұсыныстар әзірлеуді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2003 жылғы 22 тамыздағы N 182-ө Өкімімен құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы жүзеге асырады.

Біз үшін экологиялық проблемалардың жаңа нүктесіне айналып отырған Каспий теңізіндегі техногендік апаттар мен ластанулар көмірсулы ресурстардың қомақты көлемде игерілуімен байланысты. Мұнай өндіру мен оны тасымалдауда болатын апаттар шетелдік компаниялардың жүргізілген жұмыстарының толық экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын еместігін көрсетеді. Осы және бұдан басқа да бірқатар мәселелердің алдағы уақытта шешімін табуы үшін біз Президент бекіткен 2003-2005 жылдарға арналған Каспий теңізі қайраңының қазақстандық бөлігінигеру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға енгіздік.

Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Ақтау қаласында Каспий экологиясы бойынша бірінші халықаралық конференция өткізілді. Каспий теңізінің экологиясын қорғау жөніндегі шектеулі конференцияның жобасы жасалып, оны барлық Каспий маңындағы мемлекеттермен келісу барысында алдын ала үлкен жұмыстар жүргізілді. Бес мемлекеттің төртеуі: Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан және Иран 14 қарашада Тегеран қаласында аталған коференцияға қол қойды. Ал Түркменстан кейінірек қосылмақ. Шектеулі конференцияда тараптардың міндеттіліктері, Каспий теңізі ресурстарын пайдалануда қоршаған ортаға зиян тигізбеу, оны қорғау, сақтау жөніндегі қажетті шараларды дербес және бірлесіп қабылдау қарастырылады. Бұрынғы Кеңес одағы кезінен мұнаы-газ кешендері, жылу электір станциялары, тау-кен және қайта өңдеу өнеркәсіптері, сондай-ақ иесіз ұңғымалар, шахталар мен кен орындары, әскери сынақ полигондары, т.б. секілді тарихи ластанулар да өз алдына бөлек мәселе. Қазіргі уақытта елімізде20 миллиардтан астам өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтар жинақталған. Оның ішінде 237 миллионы-радиоактивтік қалдықтар, 6,7 миллион – улы қалдықтар. Осы тарихи ластану ошақтарын жою республикалық бюджет есебінен қазіргі күннен-ақ қолға алынуда, болашақта бұл шара дұрыс жолға қойылады деген сенімдеміз.

Еліміздегі экологиялық ахуалға әскери сынақ айлақтары да зиянды зардаптарын тигізуге. Бұрын Қазақстан аумағында ірі-ірі 14 әскери сынақ айлағы жұмыс істесе, қазір соның төртеуі қалды. Сынақ жүргізу кезінде, ракета ұшырылған уақытта, сондай-ақ ракеталардың жерге құлаған түрлі бөліктерінен өте улы заттар ауаға таралатыны белгілі.

Үстіміздегі жылы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі «Қазақстан Республикасы территориясының ракета-космос қызметінен бүлінген учаскелерінің экологиялық ахуалының мониторингі» бюджеттік бағдарламасы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастады, сондай-ақ «Капустин яр» әскери сынақ айлағының аумағын зерттеу бағдарламасы бойынша жұмыстар одан әрі жалғастырылуда.

Қалаларда, әсіресе, өнеркәсіп, өндіріс орындары бар қалаларда ауа атмосферасының ластануынан экологиялық қауіп деңгейі артып отыр. Өскемен, Риддер, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Теміртау секілді қалалар сол бұрынғы ластанған күйлерінде. Ал қоршаған ортаны ластаушы-қазандықтарға айналып отырған ең ірі өндіріс бірлестіктері: «Балқаштүстіметалл комбинаты» , «Востокказмет» филиалының «Мыс-химия комбинаты» және «Қазақмыс» корпорациясы. Мұндай кәсіпорындарға министрлік тарапынан тиісті шаралар қолданылуда.

Еліміздегі экологиялық нүктелердің енді бірі-зиянды қоқыстар тастап, қалдық сулар жіберуден ластанған су көздері. Бірінші кезекте Ертіс өзені мен Ертіс бассейнінің басқа да өзендері тұр. Бұдан кейін ластанған су көздерінің қатарына Іле, Елек, Нұра,Сырдария, Шу өзендері мен Самарқанд су қоймасы кіреді. Экология саласында осы ретпен арнайы тоқталуды талап ететін орманды, сулы-батпақты жерлерді, сондай-ақ жануарлар әлемін қорғау, т.б. секілді сан түрлі проблемалар көп-ақ.

Осы ретте экономикасы, қоғамдық сананы және ұлттық заңдылықты айқындайды. Экономиканы экологияландыруда экономиканың барлық саласындағы экологиялық фактор интеграциясының экономикалық құрал-саймандарын енгізу ойластырылады. Бұл дегеніміз, өнеркәсіпті,ауыл шаруашылығының дамытудың кез келген бағдарламалары мен жобаларының, өндіріс күштерін орналастыру тәсімдерін қала құрылысы жобаларды әзірлеуде міндетті түрде олардың қоршаған орта мен тұрғындар денсаулығына әсерін бағалау мәселелері қарастырылатындығын аңғартады.

Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі нақты шаралар қазірдің өзінде 2010 жылға дейін Қазақстан Республикасының индустриалдық-иновациялық дамыту стратегиясына, 2006 жылға арналған Үкімет бағдарламасына, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игерудің мемлекетік бағдарламсына, 2004 және 2010 жылдарға арналған ҚР-ның ауылдық аумағын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. Бұл бізді қуантады, өйткені бұрын мұндай проблемалар аталған бағдарламада мүлде болмайтын. Қоғамды экологияландыру, немесе, басқаша айтқанда, әлеуметтік экологияның көздейтін мақсаты, бір жағынан , адамдардың табиғат тазалығы үшін жауапкершілігін арттыру болып табылады. Яғни қоршаған ортаны қорғау дегеніміз – әр азаматтың құқықы мен міндеті.

Су ресурстарының сарқылуы және ластануы Қазақстан су ресурстарының үлкен жетiспеушiлiгi елдерiнiң санатына жатады. Қазiргi уақытта су объектiлерiн тау-кен өндiру, металлургия және химия өнеркәсiбi кәсiпорындары, қалалардың коммуналдық қызметтерi қарқынды ластауда және ол нақты экологиялық қатер төндiредi. Ертiс, Нұра, Сырдария, Iле өзендерi, Балқаш көлi неғұрлым ластанған. Халықты ауыз сумен қамтамасыз етудiң негiзгi көзi болып табылатын жер асты сулары да ластануға ұшыраған.

Су объектiлерiне антропогендiк салмақ пен олардың қалпына келу қабiлетiнiң арасындағы теңгерiмсiздiк экологиялық қолайсыздықты iс-жүзiнде барлық iрi өзен бассейндерiне тән еттi, ал су шаруашылығының мұқтаждарын жеткiлiктi қаржыландырмау су шаруашылық объектiлерiнiң барынша қанағаттанғысыз (кей жерде апаттық) техникалық жай-күйiне және халықты ауыз сумен қамтамасыз ету проблемаларының тым шиеленiсуiне себеп болды.

Бұл проблемаларды шешу үшiн Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002 жылғы 21 қаңтардағы N 71 қаулысымен су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану проблемаларын шешудiң негiзгi жолдары айқындалған Экономиканың су секторын дамытудың және Қазақстан Республикасы су шаруашылығы саясатының 2010 жылға дейiнгi тұжырымдамасы қабылданды. Сондай-ақ халықты жеткiлiктi көлемде және кепiлдi сападағы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету үшiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 23 қаңтардағы N 93 қаулысымен "Ауыз су" салалық бағдарламасы бекiтiлдi, Қазақстан Республикасының Су кодексi және "Cу пайдаланушылардың ауылдық тұтыну кооперативтерi туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, 2005 – 2010 жылдары негiзгi су бассейндерiнiң су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың схемаларын әзiрлеу жөнiндегi жұмыстар жүргізiлетiн болады.

Қабылданған бағдарламалық құжаттардың щеңберiнде 2005 жылы iске асырылуы суды қажет ететiн өндiрiстер дамуының қарқыны мен көлемiн шектeугe, су үнемдейтiн технологияларды, су пайдаланудың айналымды және тұйық жүйелерiн жаппай енгiзуге, өнiм бiрлiгiне және пайдалану шығындарына жекелей су пайдалануды азайтуға, су шаруашылық жүйелерiн есепке алу мен реттеудiң қазiргi заманғы құралдарымен жарақтандыруға мүмкiндiк беретiн сумен қамтамасыз ету жөнiндегi республикалық мақсатты бағдарлама әзiрлеу қажет. Бағдарлама су ресурстарын пайдаланғаны үшiн төлемнiң қолданыстағы ставкаларын саралау, су шаруашылық объектiлерiн ұстау мен жөндеу жөнiндегi шығыстарды өзiн-өзi ақтауға кезең-кезеңмен көшiре отырып, су пайдаланушыларға су жеткiзу жөнiндегi қызмет үшiн баға белгiлеудi оңтайландыру жөнiндегi iс-шараларды да қамтуы тиiс.

Өзен экожүйелерiне ауыртпалықты азайту мақсатында және олардың ластануы мен қоқыстануының алдын алу үшiн 2005 – 2010 жылдар барысында пайдаланылатын барлық су объектiлерi үшiн су қорғау аймақтары мен жолақтарының жобалары әзiрленетiн болады, 2005 – 2006 зиянды әсердiң мүмкiн болатын шектi нормативтерiн және судың жай-күйiнiң мақсатты көрсеткiштерiн әзiрлеу жөнiндегi ғылыми-қолданбалы зерттеулердiң кешенi жүргiзiледi, ол су объектiлерiне ластаушы заттар төгiндiлерiн таңбалыдан жиынтық нормалауға кезең-кезеңмен көшiрудi жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi. Осының бәрi ағынды суларды тазартатын құрылыстарды салу мен қайта жаңғырту кезiнде жаңа технологияларды енгiзудi жеделдетедi.

Қолда бар су ресурстарының санын ұлғайту мен сапасын жақсарту үшiн су жетiспеушiлiгiн тартып отырған өңiрлерде өзен ағынын реттеу жөнiндегi, оның iшiнде бассейн аралық қайта бөлу, сондай-ақ жер асты ауыз суларын пайдалануды жеделдету жөнiндегi жұмыстарды жалғастыру қажет.

Байырғы ластанулар

Ластанудың "байырғы" көздерiне қазiргi кезде иесiз тұрған объектiлер: мұнайгаз және гидрогеологиялық ұңғымалар, шахталар, кеніштер (оның ішiнде радиоактивтiк қалдықты), елдiң экологиялық қауiпсiздiгiне нақты қатер болып табылатын қалдықсақтағыштар мен ағынды сулар жинақтауыштар жатады.

Қазiргi кезде Уран өндiру өнеркәсiбiнiң радиоактивтiк үйiндiлерiн жою жөнiндегi бағдарлама мен Иесiз мұнай ұңғымалары мен өздiгiнен төгiлетiн гидрогеологиялық ұңғымаларды жою жөнiндегi бағдарлама iске асырылуда. Алайда, бұл бағдарламалар байырғы ластанулардың барлық түрлерiн толық қамтымайды. Сондықтан, байырғы ластануларды жою жөнiнде бағдарлама әзiрлеудiң қажеттiлiгi тұр. Бұл бағдарламада 2006 жылға дейiн қоршаған ортаға олардың әсерiн бағалай отырып, кезең-кезеңмен байырғы ластанулардың барлық объектiлерiне толық түгендеу жүргiзу, ал 2010 жылдан бастап мұндай объектiлердi жою жөнiндегi жұмысты бастау көзделуде.

Жаңа ластанулардың туындауына жол бермеу мақсатында олардың пайда болуын болдырмайтын құқықтық, экономикалық және өзге де тетiктердi әзiрлеу және енгiзу қажет.

Трансшекаралық сипаттағы мәселелер Трансшекаралық экологиялық проблемаларға су бөлу, трансшекаралық су объектiлерiн, атмосфералық ауа мен топырақты ластау, қауiптi технологияларды, заттар мен қалдықтарды өткiзу, пайдалы қазбалардың шектес жатқан кен орындарын игеру, бiрегей табиғи кешендердi сақтау мәселелерi жатады.

Трансшекаралық экологиялық проблемалар елдiң экологиялық қауiпсiздiгiне нақтылы сыртқы қатер болып табылады, оларды шешу халықаралық шарттар шеңберiнде көршiлес мемлекеттердiң бiрлескен iс-қимылдарымен қамтамасыз етiледi.

2003 жылдың басында Қазақстан Қауiптi қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау мен оларды аулаққа шығаруды бақылау туралы Базель конвенциясына қосылды, бұл қауiптi қалдықтарды декларациялау жөнiндегi жаңа кеден ережелерiн белгiлеуге және кейiннен олардың қайталама шикiзат пен өнiм түрiнде республика аумағына олардың қайтадан түсуiн болдырмауға мүмкiндiк бередi.

Қазақстан трансшекаралық өзендердi ұтымды пайдалану және қорғау проблемасын шешуге бiрыңғай құқықтық тәсiлдердi қалыптастыруға мүмкiндiк беретiн Трансшекаралық ағын сулар мен халықаралық өзендердi қорғау мен пайдалану жөнiндегi Хельсинки конвенциясына қосылды. Алайда, Орталық Азия өңiрiнiң қалған елдерi бұл конвенцияға қосылмағандықтан, трансшекаралық ағын сулар ағыны дұрыс та әдiл пайдалануды қамтамасыз ету, қауiптi заттардың құйылуынан ықтимал трансше

2005 – 2007 жылдары Қазақстан мен iргелес мемлекеттердiң шекаралас аудандарын экологиялық бағалау жөнiндегi бiрлескен зерттеулер жүргiзу;

Орталық Азия мемлекеттерiнiң Хельсинки конвенциясына қосылуы жөнiндегi Қазақстанның бастамасын өткiзу арқылы трансшекаралық су проблемаларын шешу;

бiрегей табиғи кешендердi сақтау мақсатында 2005 – 2006 жылдар барысында iшiнде Батыс Тянь-Шань мен Алтай-Саян өңiрiнде трансшекаралық биосфералық аумақтар құру қажет.

Қабылданған шаралардың нәтижелерi ықтимал трансшекаралық экологиялық қатерлердi анықтауға, азайтуға және жоюға жәрдемдесетiн болады. Қазақстан Республикасымен ратификацияланған халықаралық келісім-шарттармен, трансшекаралық мазмұнда қоршаған ортаға әсерін бағалау туралы табиғатты қорғау конвенциясымен анықталатын шекаралас экожүйелердің табиғи әлеуетін пайдалану бойынша Қазақстан көршілес елдермен бірге шешімдерді әзірлеуді қажет етеді.Қазақстан мен Қырғызстанның трансшекаралық аумағындағы конвенцияның рәсімдерін практикалық жүзеге асыру үшін «Қырғыстан мен Қазақстанда трансшекаралық мазмұнда қоршаған ортаға әсерін бағалау бойынша БҰҰ ЕЭК Конвенциясын практикалық қолдану» пилотты жобасын іске асыру үшін негіз болған нұсқаулық пайдаланылды. Бұл нұсқаулық Орталық Азия елдері үшін ұжымдық және жеке дара шараларды қабылдауға негіз болып табылады.Жұртшылықтың қоршаған ортаға әсерін бағалауды жүргізуге қатысуы ҚР Экологиялық кодексінде бекітілген. Бұл кодекстегі баптарға сәйкес болжанатын шаруашылық қызмет туралы мәліметтерін және экологиялық сараптаманың нәтижелерін БАҚ-на тапсырып, баспаға шығару міндеттілігі көрсетілген. Болжанатын іс-әрекеттердің экологиялық аспектілері мәселелері бойынша жұршылық пікірін ескеру мемлекеттік экологиялық сараптаманың жариялығы үшін, шекаралас халықтардың шешімдер қабылдауға рұқсаттылығын қамтамасыз етуге қажет.

Әскери-ғарыш және сынақ кешендерi полигондарының әсерi

Қазiргi уақытта Қазақстан Республикасының аумағында төрт әскери сынақ полигоны және "Байқоңыр" кешенi жұмыс iстейдi. Зымырандардың жерге түскен және құлайтын бөлiктерi, аса улы отынның төгiлуi және қоршаған орта мен тiкелей жақын жерде тұратын халыққа қолайсыз әсер ететiн басқа да факторлар нақты экологиялық қауiп төндiредi.

"Байқоңыр" ғарыш айлағынан зымыран тасығыштарды ұшыру бөлiнетiн бөлшектер құлайтын жалпы ауданы 12,24 млн. гектар аудандармен қамтамасыз етiлген. Осы жағдайларда қоршаған ортаның жай-күйiн бағалау ғарыш құралдарын, әскери техниканы және әскери объектiлердi шығару, сынау, сақтау және пайдалану орындарында, сондай-ақ өнеркәсiп ұйымдары орналасқан, зымыран-ғарыш қызметiн жүзеге асыратын әскери бөлiмшелер мен құрылымдар тұрған орындарда техногендiк ықпалдың алдын алу мен оны жою проблемасын шешуде маңызды орын алады.

Қазiргi уақытта "Қазақстан Республикасы аумағының зымыран-ғарыш қызметiмен байланысты учаскелерiнiң экологиялық жай-күйiнiң мониторингi" бюджеттiк бағдарламасы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргiзiлуде.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002 жылғы 29 желтоқсандағы N 1449 қаулысымен бекiтiлген Елдiң минеральдық-шикiзаттық кешенi ресурстық базасын дамытудың 2003-2010 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберiнде әскери-сынақ полигондарының аумақтарын кешендi гидрогеологиялық және геоэкологиялық зерттеулер басталды.

Бiрқатар мiндеттердi шешуде ғарыш құралдарына балама жоқ болғандықтан, зымыран-ғарыш қызметiнiң қоршаған орта мен халықтың денсаулығына әсерiн азайту, зымыран-ғарыш кешендерiнiң экологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету барған сайын өзектi болуда.

Осыған байланысты 2005 жылы полигон аумақтарының экологиялық жай-күйiнiң мониторингi жөнiнде бағдарлама әзiрлеу қажет.

3. Жергілікті экологиялық проблемалар

Әуе бассейнiнiң ластануы Атмосфераның негiзгi ластануы түстi металлургия, жылу энергетикасы, қара металлургия, мұнай-газ кешенi кәсiпорындары мен көлiк шығарындыларымен байланысты. Атмосфералық ауаның ластануынан қатердiң нақтылығы халық денсаулығының нашарлауына да және қоршаған ортаның тозуына әсер етедi.

Атмосфералық ауаның ластану проблемасы негiзiнен республика халқының жартысына жуығы өмiр сүретiн iрi қалалар мен өнеркәсiптiк агломераттарға тән.

Барынша ластанғандар қатарына 10 қала, оның iшiнде 8 қала – ауасы жоғары деңгейде ластанған қалаға жатқызылады. Қалаларда ауа ластануының жоғары деңгейiнiң себебi – өндiрiстiң ескiрген технологиялары, тиiмсiз тазартқыш құрылыстар, қолданылатын отынның төмен сапасы, қуаттың жаңғыртылатын және дәстүрлi емес көздерiнiң аз пайдаланылуы болып табылады. Кәсiпорындардың 20 %-тен астамының нормативтiк санитарлық-қорғау аймағының болмауы себептi өндiрiс орталықтары халқының басым бөлiгi зиянды шығарындылардың әсерi жоғары аймақта тұрып жатыр.

Автомобиль санының күрт көбеюi iрi қалаларда (Алматы, Өскемен, Шымкент) көмiртегi оксидi мен азот диоксидi жиналуын ұлғайтады, мұндай заттардың орташа жылдық шоғырлануы бұл қалаларда шектi мөлшерден асып түседi.

Ауа бассейнiнiң ластануы, сондай-ақ көмiрсутегi шикiзатының бұрынғы кен орындарын дамытумен және жаңа кен орындарын игерумен де байланысты, бұл атмосфераның күкiртсутегiмен, меркаптандармен ластануын ұлғайта түседi. Алауларда iлеспе газдың жағылуы қызған газдардың, күкiрт пен азот оксидтердiң едәуiр көлемiн атмосфераға шығарумен қатар жүредi, кен орындарының төңiрегiнде жоғары жылу аясы қалыптасады.

1993 жылдан 2000 жылға дейiн зиянды заттардың атмосфераға шығарылуы негiзiнен өндiрiс құлдырауының есебiнен 5,1 млн. тоннадан 3,2 млн. тоннаға дейiн кемiдi. Соңғы жылдары экономиканың өрлеу жағдайларының өзiнде атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын 3,2 – 3,4 млн. тонна деңгейiнде тұрақтандыруға мiндеттi мемлекеттiк экологиялық сараптаманың жаппай енгiзудiң және қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау жүргiзудiң нәтижесiнде қол жеткiзiлдi. Мұндай тетiктердi одан әрi жетiлдiру 2010 жылдан кейiн қоршаған ортаны мөлшерден тыс ластайтын кәсiпорындарға қойылатын экологиялық талаптарды күшейту арқылы шығарындыларды жоспарлы түрде төмендетуге кiрiсуге мүмкiндiк бередi.

Aуa бассейнi ластануының жоғарылау қаупiн болдырмау жөнiндегi қажеттi шаралар қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi қысқа мерзiмдi бағдарламаларда көзделетiн болады.

Радиоактивтi ластану

Радиоактивтi ластану Қазақстанның экологиялық қауiпсiздiгiне елеулi нақтылы қатер төндiредi, олардың көздерi мынадай негiзгi төрт топқа бөлiнедi: жұмыс iстемей тұрған уран өндiрушi және уран өңдеушi кәсiпорындардың қалдықтары (уран кен орындардың үйiндiлерi, өздiгiнен төгiлетiн ұңғымалар, қалдық қоймалары, технологиялық желiлердiң бөлшектелген жабдығы);

ядролық қаруды сынау нәтижесiнде ластанған аумақтар;

мұнай өндiру өнеркәсiбi мен мұнай жабдығының қалдықтары;

ядролық реакторлардың жұмыс iстеуi нәтижесiнде пайда болған қалдықтар мен радиоизотоптық өнiм (иондаушы сәулеленудiң пайдаланудан шыққан көздерi).

Қазақстанда табиғи радиактивтiлiктiң жоғары деңгейiн беретiн уран берушi алты iрi геологиялық өңiр, көптеген шағын кен орындары мен уран байқалатын кенiштер, уран өндiрушi кәсiпорындар мен ядролық жарылыстар жасалған жерлерде шоғырланған қалдықтар бар.

Қазақстан аумағының 30 %-iнде адам денсаулығына айтарлықтай қауiп төндiретiн табиғи радиактивтi газ – радонның жоғары бөлiнуiнiң ықтимал мүмкiндiгi орын алған. Радионуклидтермен ластанған суды ауыз су мен шаруашылық мұқтаждықтар үшiн пайдалану қауiптi болып табылады.

Қазақстанның кәсiпорындарында иондаушы сәулелердiң пайдаланудан қалған 50 мыңнан астам көздерi бар және радиациялық зерттеу барысында 16-сы адам үшiн аса қауiптi болған 700-ден астам бақылаусыз көздер анықталып, жойылды.

Халықтың радиоактивтi улануын және қоршаған ортаның ластану қаупiнiң алдын алу үшiн: радиоактивтi ластану көздерiн түгендеу жөнiндегi жұмысты аяқтау және 2005 жылға дейiн табиғи радиактивтiлiктiң халықтың денсаулығына терiс әсерiн зерттеудi қамтитын бағдарлама әзiрлеу, сондай-ақ құрылысқа арналған алаңдарды таңдау мен табиғи құрылыс материалдарын пайдалану кезiнде шектеу шараларын қабылдау; ауыз судың табиғи көздерiнiң радиоактивтi ластануына бақылау жүргiзу және Мұнай ұңғымалары мен өздiгiнен төгiлетiн және өздiгiнен ағатын гидрогеологиялық ұңғымаларды жою және консервациялау бағдарламасының шеңберiнде радионуклидтердiң жоғары құрамы бар гидрогеологиялық ұңғымаларды жою; жоғары радиациялық сәуле алу қаупi туралы халықты уақытылы хабардар ету жөнiнде шаралар әзiрлеу; 2005 жылға қарай Уран өндiру өнеркәсiбiнiң радиоактивтi үйiндiлерiн түгендеу және олардың қоршаған орта мен халықтың денсаулығына әсерiн айқындау жөнiндегi жұмысты аяқтау қажет.

Проблеманың кешендi шешiлуi радиоактивтi қалдықтарды ұқсату мен көму жөнiнде мамандандырылған ұйым құруды көзделуi тиiс.

Аталған iс-шараларды жүргiзудiң нәтижесi халықтың сәуле алуы мен қоршаған ортаның радиоактивтiк ластануын төмендету болмақ.

Бактериологиялық және химиялық ластану

Бактериологиялық ластану. Бактериологиялық жұқтырудың ықтимал қаупiн Арал теңiзiндегi Возрождение аралындағы биологиялық полигонның қызметi төндiредi.

Кейбiр биологиялық агенттердiң қоршаған орта объектiлерiнде және жануарлардың организмiнде ұзақ уақыт сақталатынын ескере отырып, олардың республика мен басқа да шектес мемлекеттер аумағына таралуының нақты қатерi бар. Возрождение аралында оба, күйiк және туляремия сияқты өте қауiптi жұқпалы аурулардың табиғи-ошақ аймақтары болуы мүмкiн.

Бактериологиялық ластанудың алдын алу үшiн Возрождение аралының аумағындағы қоршаған орта объектiлерi мен фаунаның тұрақты эпидемиологиялық және эпизоотологиялық мониторингiн жүргiзу қажет.

Осы мақсатта 2004 жылы жұқпалы ауруларды қозғыштардың ұзақ сақталуы мүмкiндiгi тұрғысынан Возрождение аралының әртүрлi белiгiне бағалау жүргiзудi, арал аумағының қазақстандық бөлiгiн зерттеудi, оң нәтижелер табылған жағдайда Возрождение аралындағы биологиялық полигон қызметiнiң зардаптарын жоюды аяқтау қажет. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және обаға қарсы мемлекеттiк ұйымдар республика аумағындағы аса қауiптi жұқпалы аурулардың қоздырғыштары штаммдарының қозғалысына тоқсан сайынғы мониторинг жүргiзедi. Барлық облыстардан бөлiнген барлық штаммдар аса қауiптi жұқпалы аурулар қозғыштарының депозитарийi болып табылатын Қазақ карантиндiк және зооноздық жұқпалы аурулар ғылыми орталығына ғана келiп түседi, онда қатаң есепке алу қамтамасыз етiлген және режим бойынша барлық талаптар сақталған.

Қазiргi уақытта АҚШ-пен бiрлесiп мақсаты аса қауiптi жұқпалы аурулардың қоздырғыштарынан халықты қорғау және елдiң биологиялық қауiпсiздiгiн құру болып табылатын "Қазақстан Республикасындағы белсендi эпидемиологиялық мониторингтiң ықпалдасқан жүйесiн құру" бағдарламасы бойынша жұмыстар басталды.

Химиялық ластану. Химиялық заттардың арасында Қазақстанда ерекше қауiптi тұрақты органикалық ластағыштар (бұдан әрi – ТОЛ) тудырады. 2001 жылдың мамырында Қазақстан Республикасының Yкiметi Тұрақты органикалық ластағыштар туралы Стокгольм конвенциясына қол қойды.

Тұрақты органикалық ластағыштар – уытты қасиеттерге ие, ыдырауға тұрақтылық танытатын, биожинақтағыштығымен сипатталатын химиялық заттардың әртүрлi тобы. Бұл топтың химиялық құрамалары мен қоспасы ауамен, сумен және көшетiн түрлерi бойынша трансшекаралық таралу объектiсi болып табылады, сондай-ақ құрлық экожүйелерi мен су экожүйелерiнде жинақталып, өздерiнiң шығарынды көздерiнен алыс қашықтықта шөгедi.

Белгiлi бiр органдарды зақымдайтын уларға қарағанда, бұл заттар iшкi реттеу жүйесiн бұзады. Аз мөлшерiнiң өзiнде ТОЛ қалыпты биологиялық функцияларды бұзуы, кейiнгi ұрпаққа берiлуi және адамның денсаулығы мен қоршаған ортаға нақты қатер төндiруi мүмкiн.

Қазақстандағы ТОЛ-дың едәуiр бөлiгiн пестицидтер құрайды. Өсiмдiктердi қорғаудың жаңа құралдарының сан түрлiлiгiне қарамастан, әлi күнге талдау жасалатын үлгiлерде 1950-1960 жылдардың пестицидтерi табылуда.

Өнеркәсiптiк ТОЛ-дар энергетика, мұнай өңдеу және химия өнеркәсiбi кәсiпорындарында құралады және пайдаланылады.

ТОЛ-дың табиғи ортаны ластауының объективтi бағалауы жоқ, өйткенi мониторингтiң қазiргi жүйесi топырақтағы және тамақ өнiмдерiндегi пестицидтердiң қалдық санын ғана айқындайды.

Табиғи ортаға қауiптi әсерiн және генетикалық деңгейде қайтымсыз процестерге әкелiп соқтыру мүмкiндiгiн ескере отырып, 2005-2006 жылдар барысында ТОЛ-ды бақылаудың, мониторингiнiң және басқарудың бағдарламасын әзiрлеу қажет.

Өнеркәсiптiк және тұрмыстық қалдықтар Республикада өнеркәсiптiк және тұрмыстық қалдықтардың мониторингiн, оларды сақтауды, ұқсатуды және кәдеге жаратуды қамтитын қалдықтарды басқарудың мемлекеттiк жүйесi жоқ.

Қазақстанның аумағында өндiрiс пен тұтыну қалдықтарының 20 млрд. тоннадан астамы, оның iшiнде 6,7 млрд. тонна улы заттар жинақталған, әрi олардың ұлғаю үрдiсi байқалуда.

Бұл ескiрген технологияларды қолданумен, сапасыз шикiзатпен және отынмен, кәсiпорындардың өндiрiс қалдықтарын кәдеге жарату мен қайта құнарландыруға қаражат салуға құлықсыздығымен түсiндiрiледi.

Уытты қалдықтарды қоса алғанда, өндiрiс қалдықтары әлi күнге, көбiнесе тиiстi экологиялық нормалар мен талаптарды сақтамастан, түрлi жинақтағыштарда қойылып, сақталады. Осының нәтижесiнде көптеген өңiрлердiң топырағы, жер асты және жер үстi сулары қарқынды ластануға ұшыраған. Қойылатын қалдықтардың үнемi ұлғайып отырған көлемi жаңа техногендiк ландшафтар қалыптастырады. Yйiндiлер мен террикондар биiктiгi өскен сайын олар шаң құраудың неғұрлым қарқынды көздерiне айналады.

Қатты тұрмыстық қалдықтардың негiзгi массасы құрауыштарға бөлшектенбестен шығарылып, ашық күресiндерге тасылады және қойылады, оның 97 %-i Қазақстан Республикасының табиғат қорғау және санитарлық заңнамасы талаптарына сай емес. Оларды орналастыру және жайғастыру жобасыз және қоршаған ортаға әсерi бағаланбастан жүргiзiлген. Республикада қатты тұрмыстық қалдықтардың шамамен тек 5 %-i ғана кәдеге жаратылады немесе жағылады.

Өндiрiстiк және тұрмыстық қалдықтарға байланысты проблемаларды шешу үшiн өндiрiстiк және тұрмыстық қалдықтарды басқаруды жетiлдiру жөнiндегi салалық және өңiрлiк бағдарламаларды әзiрлеу қажет. Осы бағдарламалар шеңберiнде қатты қалдықтарды басқару жүйесiнiң әзiрленуi, қалдықтарды басқару құрылымын реформалау, қалдықтардың жинақталуын кемiтуге бағытталған нормативтiк құжаттарды әзiрлеу және енгiзу, қалдықтарды басқарудың есебiн жүргiзу және бақылау жүйесiн ұйымдастыру, қалдықтарды ұқсату және қайталама пайдалану жөнiндегі үлгiлiк бағдарламаны әзiрлеу, неғұрлым таза өндiрiстi енгiзу жөнiндегi ғылыми зерттеулердi жүргiзу, қалдықтарды ұқсату жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге ақпараттық қолдау көрсету, қалдықтарды басқарудың үдемелi жүйелерiне мамандарды оқытуды ұйымдастыру, өндiрiстiк қалдықтарды көму мен өнеркәсiптiк және басқа да ағынды суларды жерге төгу шарттары бойынша республика аумағын аудандарға бөлу көзделуi тиiс.

Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар

Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауы елдiң экологиялық қауiпсiздiгiне нақты қатер төндiредi. Қауiп апатты жер сiлкiнiсi, көшкiн, сел, сырғыма, су тасқыны, өрт, өндiрiстiк объектiлердегi қауiптi өнәркәсiп және басқа да авариялардың нәтижесiнде адамның өмiрiне, денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келуiне байланысты.

1994 жылдан бастап төтенше жағдайлар салдарынан Қазақстанда шамамен 40 мың адам қайтыс болды және 250 мыңнан астам адам зардап шектi. Сараптамалық бағалау бойынша төтенше жағдайлардан (жаhандық дүлей апаттар болмаған кезде) келетiн тiкелей және жанама зиян жыл сайын шамамен 25 миллиард теңгенi құрайды.

Орман өрттерiнiң экожүйелерге елеулi зиян тигiзуi жалғасып отыр. Бұл орайда оларды уақытылы анықтау проблемасы шешiлмеген. Орман өрттерiмен күресудiң сенiмдi және экономикалық жағынан тиiмдi авиациялық құралдары жоқ.

Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларын азайту үшiн:

өрт және өнеркәсiп қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттiк бақылау мен қадағалау жүйесiн, болжау қызметтерiнiң жұмысын жетiлдiруге мемлекеттiк материалдық резервті, елдің авариялық-құтқару күштерiн және жедел әрекет ету күштерiн қалыптастырудың негiздерiн қайта қарауға бағытталатын Төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюдың мемлекеттiк жүйесiн дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған бағдарламасын әзiрлеу;

2006 жылға дейiн көмiрсутегi кен орындарын игерудiң геодинамикалық қауiпсiздiгiнiң бағдарламасын қабылдау және геодинамикалық мониторинг жүйесiн құру;

2005-2006 жылдары орман өрттерiн жою жөнiндегi қымбат тұратын шаралардан жеңiл ұшақтардың жеке паркi бар мамандандырылған бөлiмшелер құрумен әуе патрулiнiң көмегi арқылы уақытылы ерте табу мен оларды бастапқы сатысында сөндiру жөнiндегi алдын алу шараларына көшу үшiн орман өрттерi туралы хабарландырудың бiрыңғай жүйесiн құру қажет.

Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнiндегi iс-шаралардың орындалуы зардап шеккендер санын төмендетуге және келеңсiз салдарлардан материалдық зиянды азайтуға мүмкiндiк бередi.

Сұрақтар:

1. Жаһандық экологиялық қауіптер дегеніміз не?

2. Климаттың өзгеруі қалай болады?

3. Озон қабатының бұзылуы қалай болады?

4. Биоәртүрлілікті сақтау неде?

5. Өнеркәсiптiк және тұрмыстық қалдықтар дегеніміз не?

6. Экологиялық апат аймақтары дегеніміз не?

7. Трансшекаралық сипаттағы мәселелер неде?

8. Байырғы ластанулар неде?

9. Су ресурстарының сарқылуы және ластануы қалай болады?

10. Жердің шөлейттенуі және тозуы неде?

4, 5, 6 Семинарлық сабақтар

4, 5, 6.Тақырып «Қазақстан Республикасының тұрақты дамуының өзекті экологиялық проблемалары»

Сабақтың мақсаты – Қоршаған ортаны қорғаудың принциптері мен әдістері, табиғи ортаның тұрақты даму процесстері, себептері мен салдарлары.

Негізгі сұрақтар

1.Қазақстан Республикасының тұрақты дамуының өзекті экологиялық проблемалары

2. «Тұрақты даму» ұғымының пайда болу тарихы

3. Тұрақты даму тұжырымдамасы

4. Тұрақты даму деңгейлері

5.Әлеуметтік экологияның даму кезеңдері

Методикалық ұсыныстар

Әдебиеттер

1. «Жалпы экология», С.Ж. Колумбаева, Р.М. Білдебаева Алматы, Қазақ Университеті, 2006;

2. «Қоршаған орта», оқу құралы, Е. Мамбетказиев, Сыбанбеков Алматы, Қайнар, 1990;

3. Торыбаев, Х.Қ. Қоршаған ортаны қорғау терминдеріне байланысты орысша-қазақша түсініктеме сөздігі / Хисаметдин Қалдыбайұлы Торыбаев; ҚР Білім және ғылым м-гі, Қаз. мем. қыздар пед. ин-ты. – Алматы: Қаз. мем. қыздар пед. ин-ты, 2005.

4. Экологическая безопасность: Защита территорий и населения при ЧС. Учебное пособие/А.С.Гринин, В.Н.Новиков- М.: ФАИР-ПРЕСС,2002.

5. Айдосов, А. Теоретические основы прогнозирования природных процессов и экологической обстановки окружающей среды / Аллаярбек Айдосов; А. Айдосов, Н. С. Заурбеков; М-во образования и науки РК. – Алматы: Қазақ ун-ті, 2000

Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігі

Подняться наверх