Читать книгу Дипломатиялық құжаттама. Оқу құралы - Амангелді Әліпбаев - Страница 1

КІРІСПЕ

Оглавление

Назарға ұсынылып отырған оқу құралы дипломатиялық және консулдық қызмет саласында дайындалатын дипломатиялық құжаттарды ресімдеу үлгісін жан-жақты қарастырады.

“Дипломатиялық құжаттама” пәні “5В020200 – халықаралық қатынастар” мамандығының типтік оқу жоспарының Мемлекеттік стандартына сәйкес осы мамандықта оқитын студенттер үшін арнайы негізгі пән болып табылады. Сол негізде оқу құралында дипломатиялық құжаттамаға жан-жақты сараптама жасау мақсаты қойылған. Дипломатиялық құжаттарды жазу барысында қолданылатын дипломатиялық тілге, оның ерекшеліктеріне сараптама жасау барысында дипломатияға тән өзіндік тіл мәнері айқындалады. Студенттерді дипломатиялық қатынас хаттарымен, жалпы дипломатиялық құжаттармен таныстырады.

Оқу құралының негізгі мақсаты:

– дипломатиялық құжаттама жүйесі жөнінде түсініктеме беру;

– студенттерді негізгі дипломатиялық қағидаларға сай тәрбиелеу;

– дипломатиялық құжаттарды ресімдеуге және қатынас хаттарымен іс жүргізуге дайындау, соның негізінде студенттерге дипломатиялық қызметтегі кәсіби қызметкерлердің маңызды құралы болып табылатын дипломатиялық құжаттарды дайындаудағы және ресімдеудегі тәжірибелік шеберлікті меңгеруге көмектесу;

– болашақ мамандардың коммуникативті құзыреттілік деңгейін көтеру;

– әртүрлі халықаралық құжаттарды, олардың мәнерлік және тілдік ерекшеліктерін біліктілік тұрғысынан сараптай білуге үйрету.

Осы мақсаттарға жету үшін оқу құралы шеңберінде келесі міндеттер жүзеге асырылады:

– студенттерді дипломатиялық құжаттар және қатынас хаттарының нұсқаларымен және түрлерімен таныстыру;

– дипломатиялық тәжірибедегі дипломатиялық құжаттардың қызметі мен рөлін көрсету;

– дипломатиялық құжаттардың құрылымымен таныстыру;

– халықаралық құжаттарды жазуды және ресімдеуді негізгі ережелерге сай үйрету, деректемелерді (реквизиттерді) ресімдеу ерекшеліктерімен таныстыру;

– дипломатиялық құжаттаманы ресімдеуге және жазуға қойылатын талаптар мен өзіндік ахуалға сәйкес студенттерде дипломатиялық құжаттарды құрастыру дағдысын қалыптастыру;

– дипломатиялық тіл этикетіне студенттердің назарын аудару;

– студенттердің тілдік қорын кәсіптік тілмен байыту;

– халықаралық құжаттарға қойылатын негізгі арнайытілдік талаптармен таныстыру;

– дипломатиялық құжаттарды жазу барысында студенттердің дипломатиялық терминологияны пайдалана білу дағдысына үйрету;

– икемділік қабілетін жетілдіру, араласудың өзіндік мәнері мен әдісін табуға ұмтылдыру, өздік жүйені өзбетінше жетілдіруді ойластыруға бейімдеу;

– дипломатиялық құжаттардың мазмұны мен нысанына қарай, құжаттардың тілдік нұсқаларын пайдалануға байланысты құжат дайындауға қатысты студенттерде шеберлік пен ептілікті қалыптастыру.

Сондай-ақ оқу құралы көлемінде студенттерге ақпараттық-талдау жұмыстарының әдістемесі жөнінде, ақпараттық базаны құрастыру тәсілі және онымен жұмыс жасау, ақпараттық-талдау және сараптау құжаттарын жазу жөніндегі негізгі білім беріледі.

“Дипломатиялық құжаттама” пәнін оқыту студенттердің “Халықаралық қатынастар тарихы”, “Дипломатия тарихы”, “Дипломатиялық және консулдық қызмет”, “Дипломатиялық протокол мен этикет” сияқты пәндерді оқу барысында алған білімдеріне негізделеді.

Оқу құралын дайындау барысында дипломатиялық құжаттарға қойылатын талаптарды, оларды жазу және ресімдеуді, ақпараттық-талдау құжаттарын дайындауды, кәсіптік дипломатиялық терминдерді білудің негізінде дипломатиялық құжаттарды құрастыру мәселелерін айқындауда көптеген тарихи зерттеулер мен дипломатиялық құжаттарға, дипломатия саласындағы ғылыми әдебиеттерге сүйендік.

“Дипломатиялық құжаттама” студенттерге халықаралық саладағы мемлекеттік және мемлекеттік емес әртүрлі ұйымдарда қызмет ету үшін қажетті тәжірибелік білім алуға мүмкіндік береді. Пәнді бітіргенде студенттер дипломатиялық құжаттарды ресімдеуге қойылатын негізгі талаптарды біліп шығуға тиіс.

Дипломатиялық құжаттама. Оқу құралы

Подняться наверх