Читать книгу Дипломатиялық құжаттама. Оқу құралы - Амангелді Әліпбаев - Страница 5
4-ТАҚЫРЫП
ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚҰЖАТТАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ ЖӘНЕ ПРОТОКОЛДЫҚ СӨЗ ОРАМДАРЫ
ОглавлениеДипломатиялық құжаттарды дайындағанда оның екі бағытта қызмет жасайтындығы әйгілі. Оның бірінші бағыты нақтылы үкімет болса, екінші бағыты – халық. Халықтың үкіметтік саясатқа ықпал ету рөлін бір сәтте естен шығармаған дұрыс. Құжатта көрсетілген әрбір дәйектеме, әрбір сөзі мен сөйлемдері біртұтастықты сақтай отырып осы екі бағытта әрекет етеді. Бұл біртұтастылықты сақтамаған жағдайда дипломатиялық құжаттың да әсерлік мәні әлсірейді.
Егер ел үкіметіне бағытталған нотада осы үкіметпен екі ел үшінде аса маңызды қандай да бір мәселеге қатысты келіссөздер жүргізу ұсынылған болса, ал бұл ұсыныс үкімет тарапынан кертартпалыққа салынса, мұндай нотаға қатысты халықтың ой пікірін болжау қиынға соқпайды. Ал дипломатиялық құжаттағы ұсыныс өте сындарлы, іскерлі болғанымен оны жан-жақты негіздеп дәйектей алмаған жағдайда оған халық жағынан да қолдау табу өте қиынға соғады, яғни дипломатиялық құжатты дайындауға салынған бүкіл күш-жігер босқа кеткенмен тең. Не себепті дипломатиялық құжатты жазып жібергеннен кейін мұндай жағдайға тап болуы мүмкін. Мүмкін нақтылы бір халықаралық мәселеге қатысты келіссөздер жөнінде ұсыныс жасалынған нота таза үстірт қарапайым тілде жазылуы, ұсыныстың мәні толық ашылмауы, маңыздылығы кең көлемде дәйектелмеуі, нақтылы деректер келтірілмеуі. Яғни, екінші тарапты, оның халқын осы маңызды халықаралық мәселеге қызықтыра алмағандықтан бүкіл қоғам бұл ұсынысқа немқұрайлы қарайды. Бұл дипломатиялық құжаттың құрғақ тілде жазылуынан, түпкі мәселенің ұсынған елге ғана емес қатысушы тараптардың қайсысына болсын аса құнды екендігіне көздерін жеткізе алмау, дипломатиялық құжатты дайындауға бос уақыт кетіргенмен бірдей болады.
Егер дипломатиялық құжаттар тек сол елдің үкіметіне ғана емес халықтық бұқараның да көңілінен шығатындай жазылған болса, онда үкіметке ықпал ете алатын шынайы күшке де ие болар еді. Бұл мүмкіндіктер елдің парламентінде қалыптасатын пікірге, сайлау науқандарында бұқараның қатысуымен төменнен әсер ету ғана емес, сонымен бірге қозғалған мәселені тікелей үкімет алдында талап ету мақсатында саяси қадамдарға дейін баруы. Үкімет мұндай іс-қимылдармен санасуға мәжбүр болары сөзсіз. Мемлекеттік билік басындағылардың арасында халықтың ықпалымен мәселенің маңыздылығын түсінген топтар мәселені жан-жақты сараптау жолдарын іздестіре бастайды. Дипломатиялық құжаттар халықтық бұқараның бейбітшілік пен еркіндікті қорғауда көрсететін қысымын әлсіретпейтін қозғаушы күші болып танылады. Дипломатия, әртүрлі елдердің ерекше ұстанымдары мен айрықша мүдделерін ұтымды ескере отырып халықаралық қауіпсіздікті нығайту ісінде тиімді болатын мемлекеттік саясатты қорғай білуі керек.
Дипломатиялық құжаттардың бірінші бағыттары үкімет немесе үкіметтер болғандықтан олардың атауы құжатта нақтылы көрсетіледі. Ал екінші бағыт – халық немесе халықтар – негізінен құжаттарда астарлы күйде беріледі. Құжаттарда сол елдің халқына, немесе әлем халықтарына деп тікелей айтылмағанымен, кейбір жағдайларда нақты көсетілуі де әбден мүмкін.
Дипломатиялық құжаттардың үкімет немесе үкіметтермен қатар халыққа да арналғандығы ең алдымен оның мазмұнынан және оның халық бұқарасының мүддесіне сай екендігінен аңғарылуы тиіс және осы ұсыныстардың жүзеге асырылуындағы тиімділігін дәлелдейтін ой желісімен, дәйектемелермен, құжат тілінің жетік болуымен айқындалады.
Сонымен бірге өз кезегінде халықаралық мәселелер саласында мүдделі әр елдің халықтарына, әртүрлі әлеуметтік таптар мен топтарға арналғандығы құжатта нақтылануы да мүмкін. Халықаралық маңыздылығына сай дипломатиялық құжаттар бір елдің үкіметіне немесе халқына ғана емес, сонымен бірге бірнеше елге, елдер тобына, одағына, тіпті барша әлемдік мемлекеттерге де арналғандығын ескерген жөн. Дипломатиялық құжаттардың басым көпшілігі мемлекеттер арасындағы екіжақты қатынастарды қамтиды, яғни дипломатиялық құжатты бір жақ жібереді, екінші жақ қабылдайды. Дипломатиялық құжаттардың қанша елге арналғандығына қарамастан оны дайындаудағы басты шартты ешқашан естен шығармау керек. Бұл шарттың басты мәні қойылған мәселе дипломатиялық құжатта бағытталған тарапты шын мәнінде тебіренте алатындай берілуі тиіс. Оған жауап сол елдің, халық бұқарасының саяси және өмірлік тәжірибесімен ұштасатындай болуы керек. Ал бұл үшін олардың қандай да бір әлеуметтік және тарихи себептерге орай не нәрсеге үміттенеді, неден қауіптенеді, нені дұрыс айтады, неден қателеседі, шектелуінің себебі не де екендігін тереңнен түсіне білу қажет.
Осы саяси көңіл күйдің қыр-сырын жан-жақты қамту үшін дипломатиялық құжат бағытталған елдің қоғамдық, экономикалық және рухани өмірін өте жақсы білу керек. Осыған байланысты Жюль Камбон: «Елді білу – оның руханиятын саналы түрде ұғыну, сол ілім кеңістігінде өмір сүру және оның сыртқы саясаты мен ішкі ахуалының байланысын түсінуге үйрену. Осыған жету үшін, елші министрлер және саяси қайраткерлермен сұхбаттасуға қанағаттанып қана қоймауы қажет. Сырттай жеңіл-желпі сұхбаттар кейбір сәтте ресми кездесулерден гөрі әлдеқайда мол мағлұматтар беруі мүмкін, тіпті қоғамда кездесетін жоғары лауазымдағы ханымдарға деген көңіл бөлу де әлде қайда пайдалы болары сөзсіз» деген еді.
Белгілі елдің өмірін кең көлемде білмейінше, нақты меңгерген білім жиынтығынсыз құжат бағытталған тараптың санасына жететін, адамдардың түсінігін оятатын, жанды жеріне тиетіндей мазмұндағы дипломатиялық құжатты дайындау мүмкін емес.
Яғни, халықаралық қатынастар жүйесінде дипломатиялық құжаттар қандай орын алатындығын, халықтың саяси көңіл күйіне қалай ықпал етуі мүмкін екендігін, тарих таразысында дипломатиялық сөздің салмағын айқындағаннан кейін дипломатиялық құжаттарды мазмұнына қатысты нақты сараптауға көшуге болады. Дипломатиялық құжаттарды құрамдас бөліктерге бөліп олардың әр қайсысының атқаратын қызметін нақты меңгерген кезде ғана құжаттардың сапалы болары сөзсіз. Сонымен бірге бұл өз еліңе келіп түсетін дипломатиялық құжаттардың мазмұнын нақты түсінуге де көмектеседі. Дипломатия саласындағы құжаттардың әр бөлімінде пайдаланылған әр сөздің өзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Қандай сөз қандай астарлы ойды білдіретіндігі, не себепті мәселені кең көлемде ашқан немесе қысқаша ғана қарастырған, тіпті ізгі ілтипаттылықтың өзі елге, жеке тұлғаға деген жылулықты танытады.
Дипломатиялық құжаттардың көптеген түрінің мағыналық құрылымы келесі құрамдас бөліктертен тұрады:
а) протоколдық сөз орамы;
ә) мағыналы өзегі;
б) дәйектеме бөлімі;
в) дерек немесе деректер келтірілетін бөлім.
Дипломатиялық құжаттардағы протоколдық сөз орамдары мемлекет және үкімет басшыларының жеке жолдауларында, жеке ноталарда, вербальді ноталарда, сондай-ақ шабарман арқылы жіберілетін жадынамалық жазбаларда қолданылады. Протоколдық сөз орамдары ұғымына дипломатиялық құжат бағытталған тұлғаға арналған қаратпа сөз, құжаттың басындағы құрмет сезімін білдіру және дипломатиялық құжаттың соңында білдірілетін қошеметтілік жатады. Осы аталған үш құжаттарда (жеке жолдаулар, жеке ноталар, вербальді ноталар), протоколдық сөз орамдарының атқаратын қызметіне төмендегідей түсініктеме беруге болады.
Бірінші жақта жазылатын және нақтылы тұлғаға арналатын жеке жолдаулар мен жеке ноталарда протоколдық сөз орамдары дипломатиялық құжатты жіберуші мен қабылдаушы арасындағы тікелей жеке қатынасты көрсетеді. Алдымен қаратпа сөз келеді, яғни құжатқа қол қоюшы өзінің серіктесімен, өзінің сұхбаттасушысымен амандасқандай болады. Әрі қарай осы хатқа себепші болған мәселе баяндалады. Мәселені баяндау толығымен аяқталғаннан кейін хат жолдаушы өзінің серіктесімен қоштасу ретінде қайтадан протоколдық сөз орамдарын (қорытынды қошеметтілікті) қолданады.
Мемлекет және үкімет басшыларына арналған жолдауларда қолданылатын протоколдық сөз орамдарының кең таралған түрлері: «Құрметті Президент мырза», «Құрметті Премьер-министр мырза», «Жоғары мәртебелі,». Жеке жолдау хаттарда құжаттың мазмұны мен қандай сарында жазылғандығына қарай әдетте қорытынды қошеметтің екі-үш түрі қолданылады: «Құрметпен», «Шынайы құрметпен» немесе «Ізгі ниетпен». Жеке жолдау хаттар сияқты жеке ноталар да қаратпа сөздермен басталады. Қаратпа сөзді қолдану түрі құжаттың кімге бағытталғаны мен жергілікті қалыптасқан дәстүрге байланысты. Егер жеке нота министрге арналған болса, онда қаратпа сөз «Министр мырза», «Құрметті Министр мырза» деп жазылады. Басқа да ресми тұлғаларға құжаттар осы ретте дайындалады «Елші мырза», «Құрметті Елші мырза». Жеке ноталарда көп жағдайда мәселені хабарлағанын «өзіме мәртебе санаймын» деген сөздермен жалғастырып жатады.
Дегенмен, бүгінгі күні әлемдік тәжірибеде «мәртебе санаймын» сөзін жеке ноталарда сирек пайдалануда. Жеке ноталардың да қорытынды протоколдық сөз орамдары әдеттегі кең таралған қошемет сөздермен аяқталады: «Құрметпен», «Шынайы құрметпен» немесе «Ізгі ниетпен».
Яғни, жеке жолдаулар мен жеке ноталардың протоколдық сөз орамдарында ешқандай айырмашылықтар жоқ екендігін көруге болады. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап дипломатиялық қызметтің өзара әрқилы деңгейдегі байланысында жеке ноталар дипломатиялық құжаттардың басым түрлерінің біріне айналды. Ал вербальді ноталардың протоколдық сөз орамдары жеке ноталардың протоколдық сөз орамдарынан өзгешеленеді. Жеке ноталар басталатын қаратпа сөздер вербальді нотада болмайды, олар бірден құрметтілік білдіруден басталады.
Дегенмен, барлық вербальді нотада протоколдық сөз орамдары болады деуге болмайды, бұл жерде үкіметтік деңгейдегі, Сыртқы істер министрлігі деңгейіндегі, дипломатиялық өкілділік деңгейіндегі вербальді ноталарды айыра білген жөн. Үкімет деңгейіндегі вербальді ноталарда бағытталған үкіметке әдетте қошеметтілік білдірілмейді. Егер басқа елдің үкіметінің вербальді нотасына жауап берген сәтте негізінен басты сөз орамы жауап беріп отырған нотаны алғандығын растаудан басталады.
Ал Сыртқы істер министрлігінің, шетелдегі дипломатиялық өкілдік ноталарының протоколдық сөз орамдары әлде қайда кең көлемді қамтиды. Күнделікті дипломатиялық қатынастарды реттейтін, нығайта түсетін, өзара байланыс көздерін жандандыра түсетін көптеген вербальді ноталарда «…өзінің ілтипатын білдіреді» сияқты протоколдық сөз орамдарымен басталып, ыңғайына қарай «…мәртебе санайды» деген сөз орамдарымен жалғасын табады. Жалпы достық сипаттағы ноталар қорытынды қошеметпен аяқталады. Мысалы: «Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасында тіркелген барлық Елшіліктерге, Дипломатиялық миссияларға және Халықаралық ұйымдар өкілдіктеріне өзінің ілтипатын білдіреді және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың дипломатиялық корпуспен 2004 жылғы 14 желтоқсандағы кездесуде сөйлеген сөзінің мәтінін жіберуді мәртебе санайды. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі барлық Елшіліктерге, Дипломатиялық миссияларға және Халықаралық ұйымдар өкілдіктеріне өзінің зор ілтипатын тағы да растайды». Кейбір вербальді ноталарда «мәртебе санайды» сөз тіркесінің болмауы да мүмкін. «Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Елшілігіне өзінің зор ілтипатын білдіре отырып, төмендегіні хабарлайды» деп басталуы да ықтимал. Сондай-ақ қорытынды қошеметте «Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Министрлік Елшілікке деген өзінің зор ілтипатын тағы да куәландырады» деп тұжырымдалуы мүмкін.
Яғни, жолдауларда, жеке және вербальді ноталарда қолданылатын протоколдық сөз орамдары бір-біріне ұқсас болғанымен іс жүзінде дипломатиялық құжаттардың мақсаттылығына, мазмұндары мен сарынына қарай оларды әрқилы түрлендіруге болады. Нақтылы құжатты дайындау барысында қандай протоколдық сөз орамдарын қолдансам деген мәселе туындағанда, ежелдің өзінде Құранда келтірілген даналықты ескерген дұрыс: «Сізді қандай да бір қошеметпен қарсы алса онда одан да асып түсіңіз немесе соны қайтарыңыз».
Дипломатиялық хат алмасуда өнегелілік пен сыпайылық талаптарын сақтау қабылданған, дипломатиялық құжаттар жіберілетін елдің намысына тиетін дөрекіліктен алшақ болған жөн. Оның мемлекеттік қайраткерлері үшін жағымсыз қабылданатын мағыналық және шешендік сөз орамдарын қолдануға қатаң тиым салынады. Бұл мемлекетаралық қатынасқа жағымсыз әсер етіп келеңсіз жағдайға әкеледі. Жалпы протоколдық сөз орамдары өз жағынан ешқандай нақтылы саяси мазмұнға ие болмағанымен олар дипломатиялық құжатта протоколдық сөз орамдары арасында орналасқан мазмұн тұтастығының бөлінбес бөлігі болып табылады. Протоколдық сөз орамдары дипломатиялық құжаттарға жалпы өң беріп тұрады. Бұл әсіресе жалпы қабылданған протоколдық сөз орамдарынан ауытқушылық орын алғанда айқын көрінеді, әрине ауытқушылық жағымды жағына ма немесе жағымсыз жағына ма, дегенмен құжаттың мәні бірден сезілетін болады. Алайда осы ауытқушылықты жеңіл аңғару үшін, оны қолдана білу үшін нақтылы дипломатиялық құжаттың түрлерінде пайдаланылатын протоколдық сөз орамдарын өте жетік меңгеру қажет.
Тақырып бойынша бақылау сұрақтары:
1. Дипломатиялық құжаттарды дайындағанда оның екі бағытқа арналуын қалай түсінесіз?
2. Құжаттың халыққа арналғандығы қалай айқындалады?
3. Дипломатиялық құжаттардың көптеген елге арналғанда қойылатын басты шарт қандай?
4. Дипломатиялық құжаттардың мағыналық құрылымы қандай құрамдас бөліктертен тұрады?
5. Дипломатиялық хат алмасуда өнегелілік пен сыпайылық талаптары қалай сақталады?
Өзіндік жұмыс тақырыбы:
1. Дипломатиялық құжаттардағы протоколдық сөз орамдарын сараптау.
2. Вербальді нотамен жеке нота мәтініндегі ізеттілік мәнеріне жан-жақты талқылау жасау.