Читать книгу Дипломатиялық құжаттама. Оқу құралы - Амангелді Әліпбаев - Страница 7
6-ТАҚЫРЫ
ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚҰЖАТТАРДЫҢ ДӘЙЕКТЕМЕ БӨЛІМІ
ОглавлениеДипломатиялық құжаттардың көлемі ең алдымен олардың дәйектеме бөліміне байланысты. Елдің саяси ұстанымына сыртқы елдердің қалай қарайтынына қарамастан, біріншіден, нақтылы мәселе бойынша елдің саяси ұстанымын білдіру, екінші жағынан, алға қойылған міндеттеме өте күрделі болғанда үкіметті тек саяси ұстаным жөнінде хабардар етіп қана қоймай, сонымен бірге оны жан-жақты дәйектеу қажет.
Басқаларды түсіне білу, басқа қоғамдық жағдайларда өмір сүретін халықтардың ойлау қабілеті мен мінез-құлқын терең ұғыну – дипломатиялық құжат бағытталған тараппен тіл табыса білудің алғашқы мүмкіндігі. Осы орайда Қазақстанның Ауғанстанға қатысты саяси ұстанымы қандай болуы мүмкін, қандай дәйектемелерді құжатқа қосу қажет болады, сол ретте қолданылуы мүмкін мәліметтермен, екі ел арасындағы қатынас деңгейімен, көзделетін мүдделермен, Ауғанстан жөніндегі қазақстандық ресми оймен танысқаннан кейін соған сәйкес құжатты дайындауға тиіспіз:
Қазақстан Республикасы, ИИР үкіметінің қолдауымен, Ауған-станды қайта қалпына келтіру және осы елдегі саяси реттеу үрдісінде әлемдік қоғамдастық және БҰҰ-мен бірге белсенді ынтымақтасуда. Ауғанстандағы жағдайдың оңалуынан бүкіл орталық-азиялық өңірдегі қауіпсіздік пен бейбітшілік байланысты болуда.
Қазақстан Орталық Азияның тұрақты және орнықты дамуына мүдделі. Осы тұрғыда аумағынан халықаралық лаңкестік, есірткі трафигі, діни экстремизм қауіпі төніп отырған Ауғанстан бүгінгі таңда шешімін іздеген мәселелерге толы өңір болып табылады.
Ауғанстанды бейбіт және жасампаз өмірге бейімдеу жөніндегі міндетті тиімді шешу үшін біздің еліміз өңірде интеграциялық үрдістерді дамыту ойын сындарлы түрде жақтап келеді. Осы орайда, түрлі деңгейде сарапшылар көтерген Үлкен Орталық Азия жөніндегі ойдың іске асырылуы ерекше маңызға ие болары анық. Бұлай болған жағдайда осы байтақ кеңістікте орналасқан мемлекеттердің өзара ықпалдасуының дамуына жәрдемдесетін интеграциялық үрдістердің ауқымы кеңейе түседі.
«Ауғанстан және халықаралық қоғамдастық – болашақ үшін серіктестік» Берлин мәжілісінің (31 наурыз – 1 сәуір) барысында Қазақстан Республикасының делегациясы Орталық Азия мемлекеттерінің қатысуымен Ауғанстанды қайта қалпына келтіру жөніндегі арнайы бағдарлама әзірлеу бастамасын көтерді. Ол, өңірде қалыптаса бастаған көліктік-коммуникациялық жүйеге Ауғанстанды қосу үшін келісілген іс-шараларды әзірлеуді көздейді. Біздің ұсынысымызды Еуропалық Одақ елдері оңды қабылдады.
Ауғанстан жөніндегі Лондон мәжілісінің (2006 жылғы, 31 қаңтар – 1 ақпан) қазақстандық тарап ауғандық экономиканы қалпына келтіру болашағын, басымды әлеуметтік және экономикалық жобаларды, сондай-ақ есірткілердің өндірісі мен заңсыз айналымын қосатын, өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін белгілейтін ИИР Үкіметі мен Халықаралық қоғамдастық арасындағы Ауған келісімін қолдады.
Біз лаңкестік қызметті қаржыландыру арналарының және Ауғанстаннан Еуропаға есірткі тасымалының жолын кесу жөніндегі ұжымдық тетіктер құру мақсатында, Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңес, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы сияқты және т.б. өңірлік ұйымдардың әлеуетін қолдану қажет деп есептейміз.
Осы мақсатта ауғандық тарап ШЫҰ – Ауғанстан Байланыс тобының және ҰҚШҰ СІМК жанындағы Ауғанстан жөніндегі Жұмыс тобының шеңберінде бірлескен жұмысқа қосылуы мүмкін еді, ол халықаралық «есірткіге қарсы белдеудің» қалыптасуына ықпал етеді.
Сонымен қатар, Ауғанстанның Орталық Азия елдері мен Есірткі және қылмыс жөніндегі БҰҰ басқармасы арасындағы Орталық Азиядағы есірткіге бақылау жасау саласында өзара түсіністік туралы 1996 жылы қол қойылған Меморандумға қосылуы маңызды рөл атқарар еді.
Біздің ел Ауғанстанға коммуникациялар мен құрылысты қайта қалпына келтіруге және мұнайгаз кеніштерін игеруге, сонымен қатар, экономика, өнеркәсіп, қаржы, көлік және білім саласына білікті мамандар даярлауға жәрдем көрсетуге әзір.
2007 жылы алғашқы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-ауған үкіметаралық комиссиясының өткізілуі түрлі салаларда өзара тиімді ынтымақтастықтың әлеуетін ашуға және Қазақстан Ауғанстанға соғыстан кеінгі жандану үрдісіне қатысуға жәрдемдесетін болады.
Әрине, екіжақты қатынастардағы орын алған кездесулермен құжаттың дәйектеме бөлімін әлі де күшейте түсуге болады, мысалы, 2006 жылғы 31 наурыз – 1 сәуір аралығында ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаев Ауғанстанда жұмыс сапармен болды, министрді Президент Х.Карзай қабылдап, сондай-ақ бір қатар ауған үкіметінің мүшелерімен кездесулер болып өтті. Сапар барысында екі жақты ынтымақтастық, Ауғанстандағы және тұтас өңірдегі жағдайға қатысты пікір бөлісу өтті. Екі елдің экономика, өнеркәсіп, қаржы, көлік және білім саласындағы өзара іс-қимыл дамуының барысы қанағаттанарлықпен аталып өтілді. Ал 2006 жылғы 4-5 қыркүйекте Ауғанстан Президентінің аға экономикалық кеңесшісі И.Надеридің Астанаға сапары барысында «Қазақстанның Инвестициялық қоры» АҚ басқармасының төрағасымен келіссөздер өтіп ынтымақтастықтың нақты жолдары мен нышандары тақыланғандығын атап өтуге болады.
И.Надеридің Қазақстанға Ауғанстанның көліктік инфрақұрылымын дамытуға, елдің солтүстігіндегі мұнайгаз кеніштерін игеруге, жанар-жағар май мен ауыл шаруашылық өнімдерін жеткізіп беруге және ұлттық кадрлар даярлауға көмек көрсету жөнінде өтініш білдіргенін атап өтіп, осыған орай, сол жылдың 24-28 қыркүйек аралығында Сыртқы істер министрінің орынбасары Қ.Әбдірахманов басқарған ҚР ресми делегациясы Ауғанстанда сапармен болғандығын тілге тиек етуге болады. Сапар кезінде ИИР министрліктері мен ведомстволары басшыларымен, халықаралық ұйымдар өкілдерімен, әскери басшылық пен Ауғанстан экономикасын қайта қалпына келтіру үрдісіне қазақстандық тарапты қатыстыру мәселесі жөніндегі коалициялық күштер басшылығымен келіссөздер өткізгендігін көрсету екі жақты қатынастағы бейбітшілік пен жарасымдылықтың айғағы. Яғни, дипломатиялық құжаттарда осындай мәліметтерді екіжақты қатынастың тығыз дамуына арқау етуге болады. Халықаралық қатынастар жүйесінде көптеген мемлекеттер бұрын қайшылықты жағдайда болса енді өзара қарым-қатынастарды жаңа, бейбіт арнада дамытуға талпынады. Бұл өмір ақиқаты.
Мемлекет ұстанған көзқарастың ақтығын дәйектей білу, сонымен бірге бұрынғы қөзқарасының жаңсақ екендігіне көз жеткіздіру, жаңа ақиқатқа нандыру дипломатиялық құжаттардың дәйектеме бөлімінің міндеті болып табылады. Оған қалай қол жеткізуге болады? Әр жағдайда әртүрлі. Дегенмен, әдістемелік тәртіптің кейбір жалпы ережелерінде осы міндеттемені шешуді айқын көрсетеді. Ең алдымен қарсыластармен түйісу жерін білмейінше дау-дамайға түсу, екінші жақты нандыру және қайта сендіру мүмкін емес. Өйткені пікір-талас біржақты болып қалады. Сондықтан да дипломатиялық құжаттарды дайындауда қарсыластармен ой түйісетін сәттерді айқындап, содан кейін өз саяси ұстанымдарыңыздың ақиқаттығын дәлелдеу қажет. Бұл қашан да қиын да күрделі жол болғанымен, табысқа жеткізетін жол болып табылады. Тараптардың мақсаты түйісетін сәттердің дипломатиялық құжаттарда болуы ұсынылатын ұсыныстың нәтижелі болуына тірек болады, екінші жақпен ұмтылатын өзара түсіністікке баспалдақ іспеттес, құжаттағы ұсыныстар мен дәйектемелерге мұқият, ойланып қарауға мүмкіндік туғызады. Халықтардың тағдырын жақындататын тарих пен өмірдің сәттері өте жеткілікті. Бір елдердің халықтары бір-бірімен ешқашан қақтығысты жағдайда болмаған, соғыспаған, ал басқа елдердің халықтары бір-бірімен ғасырлар бойы өз аумағында шайқасудың нәтижесінде сұрапыл соғыстың, қақтығыстың қандай екендігін бастарынан өткергендіктен жақсы түсінісе алады. Үшінші елдер ортақ қарсыластарына иық тіресіп қарсы тұрса, төртінші халықтар шетелдік басқыншылықты басынан кешіріп, қолдарына қару алып өз жерін, өз елін азат етуге талпынған. Екі елге де тиімді болған жақындасу мен ынтымақтасу кезеңдері, екіжақты жауластық пен қарсыластықтан келген залал, жаһрапиялық себептер, ұлтық сипаттың ұқсастылығы, тарихтан, жаһрапиядан, ғылымнан, мәдениеттен, жалпы халықтардың өмірлік әрекетінің саналуан саласынан алынған осыған ұқсас барлық дүние болашақ тіл табысуға дәйектемелік қызмет атқара алады. Әр дипломатиялық құжаттың қас жауы – ол ойдың жеңілтектігі.
Егер дипломатиялық құжаттарда дәйектеме орасан зор тұлғалардың ұжымдық нақтылы шынайы тәжірибесіне сүйенетін болса алға қойған мақсатқа толығымен жетеді. Мемлекеттердің ісі мен сөзі бір арнадан шықпаса, олардың жоғары екпіндегі мәлімдемесіне, құжаттарына ешқандай ел сенім білдіре қоймайды. Қарсыластардың көзін жеткізу үшін, ықпал ету үшін алдымен адамдардың өмірлік және саяси тәжірибесіне қайшы келмейтін ой айту қажет, ең жақсысы өз тәжірибесінде көрсете білу керек. Бір қате басқан қадам құжаттың бүкіл беделін түсіреді. Дипломатиялық құжаттардың дәйектеме бөлімі көбінде тараптарға арналған осы дипломатиялық құжатты жазу себебінен, негіздемеден басталады. Дипломатиялық құжаттардағы қарастырылатын мәселе екіжақты қатынастарға қатысты болғанда мәселе әлдеқайда жеңіл шешіледі. Мұндай жағдайда басқа үшінші ел емес, осы екі ел өзара дипломатиялық пікір алмасуға қатысатындығы айдан анық. Тек дипломатиялық құжат арналған елге ұсынылған мәселені немесе қандай да бір оқиғаға қатысты ұстанымды жан-жақты негіздей білу өте маңызды (мысалы, екіжақты қатынасты жақсартуға ұмтылу, іс-әрекеттің келеңсіз салдары, наразылық білдіру, өз азаматтарыңыздың құқын қорғау және т.б.).
Дипломатиялық құжаттар екіжақты қатынасты емес, көпжақты қатынасты қамтыса, халықаралық жағдайдың жалпы кең көлемдегі мәселелері қамтылатын болса, мұндай құжаттар мемлекеттер тобына жіберілуге тиіс болса ондай жағдайда әрине құжаттардың дәйектеме бөлігін де дайындау өте күрделі болады. Мұндай сәттерде, негізінен, не себепті үкімет қандай да бір мәселені алға тартқандығы, қойылған ұсыныстың ерекше өзектілігі мен мәні айқындалады. Көптеген дипломатиялық құжаттарда осы құжаттың не себепті дайындалғандығы тікелей айтылмағанымен оған жауап жанама түрде берілгендігін тани білу қажет.
Дипломатиялық құжаттарды ойлағандай дұрыс түсінсін десеңіз құжатта қаралатын мәселеге мүмкіндігінше жеткілікті түрде дәйек келтіріп, оны жан-жақты қарастырған дұрыс. Әсіресе, мәселе немесе ұсыныс алғаш рет қойылып отырса онда барлық дәйектер мен дәлелдерден тартынып қалмай, саяси, экономикалық, тарихи, заңнамалық, психологиялық, рухани дәйектемелерді де толық пайдаланған жөн.
Дәйектерді өмірдің әр қилы саласынан, әртүрлі деңгейінен (саяси, әскери, экономикалық…) тергендіктің қажеттілігін ескере отырып, сонымен бірге барлық бұл дәйектер бір мақсатта, бір арнада түйісетіндей, жұдырықтай жұмылып келе дипломатиялық құжаттың мағыналық өзегіне қолдау көрсетуі тиіс.
Дипломатиялық құжаттың дәйектілігі тұрғысынан алғанда мемлекеттің бұған дейін қандай да бір мәселеде ұстанған саясаты сол мәселеде кейінгі құжаттарда да өзінің жалғастығын сақтағаны үлкен мәнге ие.
Өйткені дипломатиялық құжаттарды жіберуші мемлекеттің саясаты алғашқы құжаттағыдай емес басқа арнада жазылса онда ол құжатты алушы тарапты түсінбеушілікке жетелейді, ұсыныстағы қандай да бір қосымша өзгеріс немесе оны жаңа ұстаныммен ауыстырса тіпті күмән пайда болады (мысалы, келісімге жетуді жеңілдетуге ұмтылу барысында және осы үшін серіктестердің ниетіне қарай көну, жағдайдың өзгеруіне сай немесе халықаралық өмірдің жаңа жағдайына сәйкес, ғылымның жаңа мәліметтеріне бола және т.б.). Бұл өз кезегінде бұған дейінгі ұсыныстармен салыстыру нәтижесінде дипломатиялық құжаттағы жаңа тиімді ұсыныстың өзін шеттетуге итеруі мүмкін. Дәйектеме бөлімінің міндеті елдің ұсынысын жан-жақты қорғап қана қоймай осыған қатысты екінші тараптың дәйектемесіне қарсы тұра алатындай болуы керек. Дипломатиялық құжаттардың дәйектеме бөлімі алдын-ала мүмкін болатын қарсыласуды жоққа шығаратын болса, онда құжаттың ықпал ету мүмкіндігі недәуір өсе түседі. Мысалға, ядролық қарудың кең етек алу қауіпі туындады. Қысқаша болса да бұл қарудың таралмау тәртібін нығайту пайдасына оның кемшіліктері мен қатерлігін көрсететін әлдеқайда көрікті дәлелдер келтіру пайдалы болары сөзсіз. Әсіресе, ынтымақтастық туының көлеңкесінде ядролық қуатты бейбіт мақсатта пайдалануға ұмтылудамыз деген білместік немесе жымысқы оймен ядролық қару саласында қитұрқы әрекет шырмауынан шығалмай сергелдеңге түсетіндерге арнап дәйектеме арасында сыни пікірлерді сыналауға тура келеді.
Әлемнің көптеген мемлекеттері мүше болған Ядролық қаруды таратпау шарты ядролық қарудың таралуының алдын алуда орасан зор іс атқаруда. Сондай елдердің бірі Қазақстан Республикасы өзінің осы бағыттағы саясатын іс жүзінде дәлелдеуде. Өкінішке орай кейбір күштер ақиқат пен өтіріктің аражігін ажырата білмей ел саясатына сызат түсіруге асығады. Сол себепті арандатушылардың алдын алып ақиқатқа көз жеткізетіндей дәйек келтіру қажет:
Қазақстан Республикасының аумағында ядролық қондырғы бар деген ақпарат пайда болуына байланысты ҚР СІМ-нің мәлімдемесі (2007 ж. 19 ақпан)
Қазақстан Республикасының аумағында, атап айтқанда, Атырау облысындағы бұрынғы «Азғыр» сынақ алаңында ядролық зарядтар немесе ядролық қондырғы бар деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Әңгімеге арқау болған объект, ядролық сынақтарды өткізуге ешқашан пайдаланылмаған және өз құрамында ыдыратқыш материалдарға ие емес. Көлемі бойынша төртінші орындағы ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып және сынақ алаңын жауып, Орталық Азияда ядролық қарудан еркін аймақ құру туралы Шартқа қол қойылуына бастамашылардың бірі болған Қазақстан Республикасы ядролық қаруды әзірлемеу, сақтамау және пайдаланбау туралы өз ұстанымына берік. Ядролық қарусыз мемлекет ретінде Қазақстан ядролық қаруды таратпау, ядролық қарудың сынақтарына жаппай тыйым салу Шарттарының барлық ережелерін, сондай-ақ ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы барлық міндеттемелерді мүлтіксіз орындап келеді. Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық ядролық қызмет МАГАТЭ кепілдігімен жұмыс жасайды.
Ал ядролық қаруға ие мемлекеттердің кейбіреуі әлі де Ядролық қаруды таратпау шартына қосылуға асықпауда. Өзіндік ядролық қаруды дамытуға техникалық тұрғыдан мүмкіндігі бар кейбір ядролық емес елдерде осы шартқа қатысудан жалтаруда. Сол себепті де осы шарт шын мәнінде жан-жақты болу үшін бар күш-жігерді салуды қажет етеді.
Жалпы дипломатиялық құжаттардың дәйектеме бөлімін нақтылы дәлелдермен негіздесе құжат өте ұтымды, нанымды және нық келеді. Кейбір сәтте тыңдаушыға қисынды ойдан гөрі ұтымды пайдаланылған мәліметтер, сандық көрсеткіштер әлде қайда тиімді әсер етеді. Осы бағытта жұмыс жасау барысында алға қойылған міндеттерді ғана біліп қою аз, сонымен бірге осы міндеттерді тиімді шешу алған біліміңмен қоса саяси және өмірлік тәжірибені жинақтап, білгірлік пен тапқырлықты да байқатуды талап етеді. Әрине, қарсы тараптан келетін дипломатиялық құжаттарға жауап жазу бірінші болып дайындағанмен салыстырғанда әлдеқайда жеңілдеу. Қабылданған дипломатиялық құжатқа деген қатынас жауаптың мазмұнын айқындайды: негізсіз екендігін көрсету қажеттілігі немесе оның қандай да бір бөлігімен келісу керектігі, қосымша қарсы уәж айту немесе тараптың қойған мәселесін қарастырумен шектелу. Барлық жағдайлардағы айқындылық: қабылданған құжаттағы дәйектемелерді жауапсыз қалдырмау, керісінше жағдайда олар өзінің ықпалын көрсете бастайды. Дегенмен бұл жауап берер сәтте құжаттағы жүйелікті сақтау қажеттілігін білдірмейді. Дипломатиялық құжаттардың тәжірибесінен айқын болғандай, қарсы жауап дайындауда қойылған мәселеге қатысты өзіндік ұстанымды алға тартуда, қарсы дәйектемені қоюда жауап беруші тарапқа ыңғайлы жүйелік таңдалынады. Яғни, дипломатиялық құжаттарды дайындауда, әсіресе жауап құжаттарында қарсы тараптың жетегінде кетпей, дәйектемені өз еліңнің мүддесіне, мақсатына сай тұжырымдау қажеттілігін ешқашан ойдан шығаруға болмайды.
Тақырып бойынша бақылау сұрақтары:
1. Дипломатиялық құжаттардың дәйектеме бөлімін қалай түсінесіз?
2. Екіжақты қатынастардағы орын алған кездесулермен құжаттың дәйектеме бөлімін қалай күшейте түсуге болады?
3. Мемлекет ұстанған көзқарастың ақтығын немен дәйектеуге болады?
4. Тараптардың мақсаты түйісетін сәттердің дипломатиялық құжаттарда болуы ұсынылатын ұсыныстың нәтижелі болуына ықпал етеді ме, дәлелдеңіз?
5. Дәйектеме бөлімінің міндеті қандай?
Өзіндік жұмыс тақырыбы:
1. Қазақстанның қандай да бір елге қатысты саяси ұстанымын дәйектеу.
2. Қазақстан Республикасы өз іс-әрекетін дәлелдейтін мәлімдеме дайындау.