Читать книгу Дипломатиялық құжаттама. Оқу құралы - Амангелді Әліпбаев - Страница 6

5-ТАҚЫРЫП
ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚҰЖАТТАРДЫҢ МАҒЫНАЛЫ ӨЗЕГІ

Оглавление

Диломатиялық құжаттардың негізгі бөліміне оның мағыналы өзегі жатады. Бұл бөлім дипломатиялық құжаттағы басқа құрамдас бөліктердің көлеміне қарағанда әлдеқайда кішігірім ғана болуы да мүмкін. Бірақ осы мағыналы өзегі дипломатиялық құжаттың мәні және қаралатын мәселеге қатысты мемлекеттің ұстанымын өз бойына шоғырландырады. Дипломатиялық құжаттардың мағыналы өзегін таба білу және оны айқындау құжаттың мазмұнын дұрыс қабылдауға әкеледі. Жоғарыда халықаралық тәжірибеде қалыптасқан дипломатиялық құжаттардың түрлеріне тоқталған болатынбыз: жеке жолдау, вербальді нота, жеке нота, жадынамалық жазба және т.б. Дипломатиялық құжаттардың бұл түрлері грамматикалық тәртіп белгілеріне қарай (нешінші жақта құжат дайындалғандығы), оларды ресімдеу түрлері бойынша өз ара өзгешеленеді. Ал дипломатиялық құжаттарды оларда қамтылатын ішкі мазмұны бойынша қалай бөлуге болады? Бір түрге жататын дипломатиялық құжаттардың өзін (мысалы, вербальді нота) ішкі мазмұны тұрғысынан қарастыратын болсақ тіпті де бір-біріне ұқсамай кетеді де, керісінше түрлік белгісіне қарай өзгеше болып табылатын дипломатиялық құжаттар (мысалы, жеке жолдау мен меморандум) біртекті мағыналы өзекке ие болуы мүмкін бе? Шын мәнінде тәжірибе жүзінде осылай ма екендігіне сенімді болу үшін бірқатар дипломатиялық құжаттарды жан-жақты зерделеуіміз керек.

Дипломатиялық құжаттарды ішкі мазмұндарын нысандық белгісіне қарамастан (нота, декларация, жадынамалық жазба және т.б.) шартты түрде келесідей негізгі топтарға жіктеуге болады:

а) ұсыныстарды білдіретін мазмұндағы дипломатиялық құжаттар;

ә) мазмұны жағынан наразылық білдіретін дипломатиялық құжаттар;

б) мүмкін болатын қарсы жауап қадамды ескертетін дипломатиялық құжаттар;

в) қандай да басқа елдің немесе мемлекеттердің іс-әрекеттеріне немесе халықаралық оқиғаға қатысты мемлекеттің халықаралық-құқықтық немесе саяси ұстанымын білдіретін дипломатиялық құжаттар;

г) халықаралық мәндегі ие болатын белгіленген немесе өткізілген іс-шара жөнінде хабарлайтын дипломатиялық құжаттар;

д) келіскендікті немесе қол жеткен келісім деңгейін ресімдейтін дипломатиялық құжаттар.

Жалпы, дипломатиялық құжаттарды олардың ішкі мазмұнына қарай осылай жіктеу кейбір сәтте шартты болып келеді, өйткені іс жүзінде бір ғана құжаттың өзі жоғарыда көрсетілген мағыналы топтардың бірнешеуін қамтуы мүмкін. Дегенмен, әдетте тіпті бірнешеуін қамтыған жағдайда да мағыналы топтардың бірі дипломатиялық құжаттың басты айқындаушысы болып табылады. Әрине, ол құжаттар сол сәттегі, яғни өзінде белгіленген мерзімдегі ұстанымдарды бейнелейді. Оқиғаның дамуы сол немесе басқа ұсыныстардың өзектілігіне жоғары немесе төменгі деңгейдегі баға беріп, оларға қажетті түзетулер енгізеді.

Өзінің ішкі мазмұнына қарай ұсынысты білдіретін дипломатиялық құжаттар қысқа әрі дәл және нақты тұжырымдалып, құжат арналған мемлекетті бұл ұсынысқа көңіл бөлуге мәжбүр ететіндей болуы керек. Ұсыныстар әр қилы болуы мүмкін: ядролық қару-жарақты жаппай шығаруды шектеу және оны ғарышқа шығаруға, басқа да жаппай қыру қару-жарақтар түрлеріне тыйым салу жөнінде, қарулы күштер көлемін және әдеттегі қару-жарақтарды қысқарту туралы, халықаралық қатынастарда күш көрсетпеу жайында, аймақтағы, әлемдегі қауіпсіздікті нығайту және ынтымақтастықты дамыту немесе қақтығысты жағдайларды реттеу. Егер ұсыныс басқа мүдделі тараптар жағынан болашақ келіссөздердің негізі ретінде қолдау тауып және соған қатысты келісімдермен жүзеге асатын жағдайда жалпы қауіпсіздікті нығайту жолында маңызды қадам жасалынады. Бұл әлемдегі бейбітсүйгіш мемлекеттердің негізгі қағидасы.

Тәуелсіздіктің алғашқы сәтінен бастап Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің сыртқы саясаттағы басты міндеттері де әлемдік деңгейдегі ынтымақтастықтың халықаралық-құқықтық негізін қалап, халықаралық қауіпсіздік қағидалары мен мақсаттарына беріктігін дәлелдеп келеді. Қазақстан Лиссабон хаттамасының мәні мен мазмұнын қолдағаны ретінде 1992 жылғы мамыр айынан бастап ядросыз мемлекет болу міндеттемесін алды. Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шарттың адамзат үшін маңыздылығына ешқандай күмән келтірместен осы шартқа қосылды.

Қазақстан Республикасының бірқатар елеулі ұсыныстарының аймақтық, әлемдік мемлекеттер тарапынан қолдау табуы, мемлекетаралық ынтымақтастықты дамыта түскен аймақтық ұйымдардың пайда болуына әкелді. Осыған орай БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңес құрудың аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа негіз боларына жан-жақты дәлелдей алған Қазақстан ұсынысын 2002 жылы 4 маусымда 16 мемлекет қолдап Алматы Актісіне қол қойған болатын. Аймақтағы қауіпсіздік мәселесін қамтамасыз етудің маңыздылығын негізге алған Қазақстандық және Ресейлік ұсыныстың нәтижесінде 1992 жылдың 15 мамырында Ташкент қаласында Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) құрамындағы бес мемлекеттің басшылары Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шартқа қол қойған болатын. Шартқа қатысушы мемлекеттер халықаралық қатынастарда күш қолданудан немесе қатер туғызудан бас тартатындықтарын бекітті. Орталық Азиялық аймақта тұрақтылықты ұзағынан қамтамасыз етуге ұмтылу барысында 1994 жылдың желтоқсан айында БҰҰ Бас Хатшысының орынбасары М. Гулдингке Қазақстан Президенті тарапынан жасалынған ұсыныстың негізінде БҰҰ-ның қамқорлығымен үш орталық-азиялық мемлекеттердің бітімгершілік батальонын құруға мүмкіншілік туды. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы шеңберінде екіжақты және көпжақты қатынастарды дамытуға ықпал ету мақсатында ұсынылған қазақстандық ой Еуразиялық одақты қалыптастыруға әкелді.

Әсіресе қандай да бір қайшылықты сәттерде мәселенің шиеленісе түсуінің алдын алуға бағытталған сындарлы балама бере алатын ұсыныстар өте маңызды. Қоғамдық пікірдің ұлғая түсуінен сындарлы балама рөлінің мәні де арта түседі,бұл әлемдік қауымдастықтың жағымды шешім қабылдауына әкеледі. Яғни, барлық істе сындарлы ұсыныстарды көтере білу тәсілі оның өмірлік күші мен өзіндік тәжірибелігін дәлелдейді. Болашақ серіктестер (яғни осы ұсыныстар арналған мемлекеттер) алға тартылған ұсыныстардан бірден бас тарта салмай, оған іскерлік тұрғысынан ыңғай танытып, әлде қайда мұқияттылықпен және жан-жақты зерделеу барысында өздеріне, әлем және халықаралық қауіпсіздік мүддесіне тиімділігін таныса, келісімге келу жолы да ұзақ сонар бола қоймас. Халықаралық өмірдегі немесе екіжақты қатынастардағы өте қажетті мәселелерге қатысты ұсыныстар қамтылған жағдайда бұл жолды тіпті де қысқартуға және төтесінен шығуға болады.

Ұсыныс жасалынғаннан кейін қатысуға үміттенген тараптар мәні мен маңыздылығын айқындайды, өз ұстанымдарын нақтылайды, мүмкіндіктері мен нұсқаларын зерделейді, саяси кеңес тетіктері іске қосылады, әртүрлі деңгейде сараптама өткізіліп, оның ішінде аса жоғары деңгейде де талқылаулар жүргізіледі. Соның негізінде жұмыс алға қозғала бастайды. Кей жағдайда басқаша да болуы мүмкін. Ұсынысты әр ел өз ішінде жан-жақты саралаудан өткізбейінше оның жарамсыз екендігі танылады. Тіпті оған қарсы ойдан шығарылған дәйектемелер де айтылады. Мұндай қарсылықпен де есептесуге тура келеді.

Сол себепті ұсыныс жасалынған құжаттарда бұл ұсыныстардың сындарлы сипаты толықтай және сендірерлік түрде ашылып, ұсыныстың әр құрамдас бөлігі қатысуы мүмкін елдердің барлығының көзқарасы тұрғысынан теңестірілуі өте қажет. Егер ұсыныс халықаралық жағдайдың жақсаруына, аймақтық ынтымақтастықтың дамуына қаншалықты тиімді екендігі жан-жақты дәлелденгенімен де қандай да елдің үкіметі тарапынан қолдау таппағанымен, ол елдің осы ұсынысқа қатысты ұстанған саясаты ел ішінде сынға түсері айқын. Ал бұл қоғамдық ой-пікірдің түбінде саяси билікке әсер етері сөзсіз. Ел үкіметі де өзіне тиімділікті сезінгенде ұсынысқа қосылып, қолдайтындығы айқын. Мысалы, аймақтық қарым-қатынасты нығайту мақсатында Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан басшылары 1996 жылы сәуірде Шанхай қаласында «Шанхай ынтымақтастық ұйымын» құруға келісті. Соның негізінде Шекаралық аудандарда сенімділік шараларын орнату жөніндегі келісімге қол қойды. Осы бес мемлекет 1997 жылы Мәскеу қаласында келесі өте маңызды құжат – Шекаралық аудандардағы қарулы күштерді қысқарту туралы келісімге келді. Бұл құжаттар Шанхай ынтымақтастық ұйымының саяси және заңдылық негізін қалады. Аймақтағы аса маңызды осы үрдістен сырт қалған Өзбекстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына тек қана 2001 жылдың маусымында қосылды. Аймақ үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәні өте зор еді, ұйымға мүше барлық мемлекеттер аймақтағы лаңкестік іс-әрекеттерге, әкімшілді-жікшілдік ұмтылыстарға, ұлттық қысымшылдыққа қарсы күресті кеңейтуге, аймақтағы есірткі тасымалдау қылмысымен күреске дайын екендіктерін мәлімдеді. Алға қойылған мақсаттың нақты жүзеге асуын қамтамасыз етуде Ташкент қаласында лаңкестікке қарсы орталық құрылды. Ұйымның Жарғысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2002 жылғы Санкт-Петербургтегі аса жоғарғы деңгейдегі кездесуінің нәтижесінде қабылданғаннан кейін 2004 жылдың қаңтарынан бастап Пекин қаласында орналасқан штаб-пәтерде ұйымның Атқарушы хатшылығы өз жұмысын бастайды. Осының бәрі мүше мемлекеттерге алға қойылған мәселенің мәні мен маңыздылығын дұрыс жеткізе білудің нәтижесі еді.

Халықаралық даулы мәселелердің шешімін табу мақсатына, халықаралық қақтығыстардың алдын алу немесе оларды тоқтатуға арналған ұсыныстарды дайындау барысында сол қақтығыстарға қатысты мемлекеттердің өз іс-әрекеттерін бүркемелеу жолында небір айла, әдіс-тәсіл пайдаланатынын да ескеру қажет.

Әлемдік мүдде мен халықтың қалауына сай ұсынысты ұсынған дипломатияның міндеті дипломатиялық құжаттарды дайындау кезінде қарсы жақтың өз іс-әрекеттерін ақтау мақсатында небір сылтау іздеу мүмкіндігін тарылту. Бейбіт келісімге келудің негізі болатын ұсыныстан қарсы тараптың бас тартуын немесе оны ауытқуын жоққа шығаруға бар мүмкіндікті пайдалану.

Ұсыныстар көптеген жағдайларда жазбаша түрде нақтылы дипломатиялық құжаттарда ресімделеді және біз сараптап жатқан мәтіннің мағыналы өзегінде, бұл өз кезегінде мағыналы өзектің нақтылы, ешқандай жалғандық болмауын талап етеді. Дипломатиялық құжаттардың мағыналық өзегі дұрыс айқындалған болса көздеген мақсатқа жетуде қарсы тараптың ұсыныстан бас тарту мүмкіндігін де шектейді. Бұл халықаралық шиеленісті жағдайды әлсірету мақсатының жүзеге асуына мүмкіндік туғызады. Халықаралық тәжірибеден белгілі болғандай, тіпті әлемге ауадай қажет қарусыздану мәселесін талқылау келіссөздеріне жету үшін қаншама тер төгіп, белсенділік көрсету қажет. Кейбір жағдайда үміттенетін нәтижеге салалық тұрғыдан жету тәсілін қолданған дұрыс, яғни келіссөздердің талқылау тақырыбы ретінде қару-жарақтардың нақтылы бір түрін, мысалы, орта қашықтықтағы ядролық қаруларды немесе химиялық қару-жарақтарды алуға болады. Қару-жарақ пайдалануды шектеуді қарастырудың кейбір қырларын жер шарының нақтылы бір аудандарына қарасты алуға болады, мысалы Азиядағы қарулы күштер мен қару-жарақтарды қысқарту жөніндегі келіссөздер.

Халықаралық келіссөздер мен мәжілістердің табысты аяқталуына тараптар арасындағы талқылауға түсетін мәселелердің шеңберін дәл айқындап алу да мәнді жайт. Басқаша айтқанда, келіссөздер мен мәжілістердің күн тәртібі алдын-ала нақты белгілі болса, келісімге жету мүмкіндігі де айқындала түседі. Сондықтан да күн тәртібі жөнінде ұсыныс жасаудың саяси және тәжірибелік мәні өте зор, тіпті күн тәртібінің өзі дипломатиялық құжаттардың мағыналық өзегі болуы мүмкін.

Бүгінгі халықаралық өмірдің маңызды мәселелеріне қатысты ұсыныстар БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында қаралатын қарарлардың жобаларында, халықаралық шарттар, келісімдер, конвенциялардың жобаларында да орын алады.

Қаралған мысалдар дипломатиялық құжаттардың ішкі мазмұны бойынша ұсынысты білдіретін мағыналық өзегіне дәйектемелер. Әрине, дипломатиялық құжаттармен танысқанда немесе құрастырғанда оның мағыналық өзегінде тікелей жазылған мазмұнын ғана ұғыну жеткіліксіз, оның осы ұсыныспен айтайын деген түпкі ойын жорамалдай білуге талпыну керек. Ол үшін мағыналы өзектегі ұсыныстың алғы шартын, қарсы тараптардың мәселеге қатысты ұстанымын, бұған дейінгі ұсыныстар жөніндегі мағлұматтарды тереңінен білу керек.

Мазмұны жағынан наразылық білдіретін дипломатиялық құжаттар тобы жалпы халықаралық тәжірибеде кең таралған. Бір мемлекет немесе мемлекеттер басқа мемлекеттің немесе мемлекеттер тобының бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер туғызатын іс-әрекеттеріне, мемлекетаралық қатынастарда жалпы қабылданған ережелерді орындамауына, халықаралық құқық тұрғысынан алғанда заңсыз болып табылатын іс-қимылдарына наразылық білдіреді.

Наразылық білдірер сәтте ең бастысы наразылыққа негіз болған іс-әрекеттің болғандығын бұлтартпайтын деректермен дәлелдей білу керек. Наразылық дәлелді болу үшін мемлекет өзіне алған міндеттемені бұзғандығына тікелей сілтеме жасау қажет, мысалы, өзі мүше болып табылатын БҰҰ Жарғысын, соған қатысты шартты немесе келісімді, халықаралық конвенцияны негізге алуға болады. Осындай сілтемелермен нығайтылған наразылық білдірілетін дипломатиялық құжаттар құжат бағытталған мемлекеттің заңсыз іс-әрекеттерін әшкерелейді, соған қатысты саяси ұстанымға берік болуға шақырады. Өйткені оңды дәйектелген наразылық өзінің жағымсыз іс-әрекетімен осы наразылыққа негіз болған мемлекеттің саяси және ізгілікті беделіне орасан зор залалын тигізіп, халықаралық абыройын әлсіретеді. Кейбір наразылықты мәлімдеу үшін халықаралық құқық ережелеріне, халықаралық келісімдерге сілтеме жасамауға да болады. Мысалы, елдің әуе кеңістігін әскери ұшақтар бұзып кірген жағдайда құқық бұзушылық өзінен өзі айқын, сондықтан бұл арандатушылықтың сипатын халықаралық құжаттардың негізінде дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. Заңсыз әрекеттерге қарсы наразылық білдіру айыпты мемлекет тарапынан келтірілген зиянды өтеуін талап етуге негіз болады. Сонымен бірге өз құқықтары мен мүддесін қорғауда қарсы іс-әрекеттер қабылданатынын ескертуі мүмкін. Яғни, наразылықты білдірудің мәні арандатушылыққа жол берген мемлекетке осы әрекеттері үшін жауаптылық жүктеледі, ол айып төлеу түрінде болуы мүмкін, заңсыз әрекеттің салдары үшін жауапты болуы да қамтылады. Айып төлеу талабы заттай қайтару күйінде немесе, ізгілікті жолмен қайтаруды талап ету.

Дипломатиялық құжаттарда наразылық білдіру үшін қалыптасқан сөз орамдары бар: «наразылық білдіреді», «үзілді-кесілді қарсылығын мәлімдейді». Заңсыздыққа жол берген мемлекет тарапынан жасалынған іс-әрекет әлде қайда тым қатерлі, қатты болған жағдайда «үзілді-кесілді қарсылығын мәлімдейді».

Заңсыздықтың қайталанбауын қамтамасыз ету мақсатында қабылданған іс-шаралармен қоса наразылық білдіру недәуір салмақты көрінетін болады. Ал егер наразылық немесе ескерту қаншама батыл жасалынғанымен заң бұзушылықтың қайталануына байланысты мардымды жауапты іс-шара қабылданбаса, ондай наразылық өзінің мәнін жоғалтады. Дипломатиялық тәжірибеде наразылық басым жағдайда вербальді нота түрінде, кейде үкіметтің, Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеме жасауының негізінде жүзеге асады.

Өткен дипломатия тарихынан мысал келтіретін болсақ, Кеңестік үкіметтің АҚШ үкіметіне арналған нотасы 1964 жылдың 11наурызындағы американдық реактивті әскери ұшақтың Германия Демократиялық Республикасының әуе кеңістігін бұзып кіруіне байланысты болды: «Кеңестік үкімет АҚШ-тың әскери-әуе күштерінің жаңа басқыншылық әрекетіне қатысты үзілді-кесілді қарсылығын мәлімдейді және осы әрекеттің және оның мүмкін болатын салдары үшін барлық жауаптылық америка жағына жүктелетіндігін атап өтеді. Кеңестік үкімет американдық әскери билік тарапынан осындай іс-әрекеттердің белең алуы, американдық тараптан да бірнеше рет ұмтылатындығы жөнінде мәлімделінген КСРО мен АҚШ арасындағы қатынастарды жақсарту міндетімен үйлеспейтіндігіне өзінің өкінішін білдіреді. КСРО Үкіметі әлем ісіне қауіп төндіретін осындай әрекеттің болашақта қайталанбауы үшін Америка Құрама Штаттарының үкіметі тиісті шаралар қабылдайтындығын күтеді». Нотада наразылық білдірумен қоса тікелей ескерту де келтірілген «егер қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты кеңестік әскери әуе күштерінің ауданына НАТО елдерінің әскери ұшақтары кіретін болса, онда олар қону бұйрығын орындамаған жағдайда барлық қажетті қорғаныс құралдарын пайдалану нәтижесінде жойылатын болады». Бұл ескерту нақтылы дерекпен нығайтылады, өйткені нотада келтірілген американдық әскери кінәлі ұшақ кеңестік қарулы күштерінің әуе кеңістігін қорғау жөніндегі нұсқауына сай қабылданған шараларының негізінде Германия Демократиялық Респуб-ликасының аумағына құлаған болатын.

Яғни, келтірілген мысалда көрсетілгендей, наразылық білдіретін дипломатиялық құжаттарда сонымен бірге мүмкін болатын қарсы жауап қадамдарын да ескертуіне болады.

Наразылық білдіру және мүмкін болатын қарсы жауап қадамдарды да ескертуі бір дипломатиялық құжатта үйлесуі мүмкін. Бірақ мүмкін болатын қарсы жауап қадамдарды ескерту жөніндегі дипломатиялық құжаттар дербес мәнге де ие. Өйткені дипломатияда ескерту, басқыншылықтың алдын алу тәсілі айрықша рөл ойнайды, нақты айтқанда егер болу мүмкіндігі айқын басқыншылықты тоқтату немесе болғызбау үшін тым ерекше күш (ұжымдық немесе жеке) қабылдаумен байланысты.

Мүмкін болатын қарсы жауап қадамдары ескертілген дипломатиялық құжатты алған мемлекет өзінің келесі әрекет бағдарын айқындау үшін мүмкіндігінше құжаттың мағыналық өзегін сұрыптап, мазмұнында айтайын деген ойды нақтылауға талпынады. Дегенмен мұндай нақтылау, айтылмаған ойды ашу қате тұжырымға соқтыруы мүмкін, тіпті дәлме-дәл сараптаудың өзі күдікті дерекке негізделуі ғажап емес, өйткені ең сенімді мәлімет шын мәнінде сенімді мәлімет екендігіне ешқашан да кепілдік жоқ.

Дипломатиялық құжаттардың мағыналық өзегін ұсыныс жасауда нақты жазу қажет деп талап етілсе, мүмкін болатын қарсы жауап қадамдары ескертілген дипломатиялық құжаттардың мағыналық өзегіне басқаша талап қойылуы мүмкін, яғни мақсатты түрде ойдың айқын болмауы, тұжырымның екі ұштылығының етек алуы.

Жалпы барлық дипломатиялық құжаттар қандай да бір басқа елдің немесе мемлекеттердің іс-әрекеттеріне немесе халықаралық оқиғаға қатысты мемлекеттің халықаралық-құқықтық немесе саяси ұстанымын білдіреді.

Құжаттарда ұсыныстар білдіріле ме, әлде мазмұны жағынан наразылық білдіре ме, әлде мүмкін болатын қарсы жауап қадамды ескертетін дипломатиялық құжаттар ма, әлде халықаралық мәндегі ие болатын белгіленген немесе өткізілген іс-шара жөнінде хабарлайтын дипломатиялық құжаттар ма немесе келіскендікті әлде қол жеткен келісім деңгейін ресімдейтін дипломатиялық құжаттар ма барлығы қорыта келгенде мемлекеттің халықаралық-құқықтық немесе саяси ұстанымын білдіретін дипломатиялық құжаттар. Дегенмен, біз қарастырайық деп отырған дипломатиялық құжат бұл ұғымның тар мәніне ие. Яғни, ішкі мазмұнына сай мағыналық өзегі тек қана қандай бір басқа елдің немесе мемлекеттердің іс-әрекеттеріне немесе халықаралық оқиғаға қатысты мемлекеттің тек халықаралық-құқықтық немесе саяси ұстанымын ғана білдіреді. Бұл қандай да бір дипломатиялық әрекетті (ұсыныс жасау, наразылық білдіру және т.б.) қамтымайды. 2008 жылдың желтоқсан айында Таяу Шығыстағы Израиль мен Палестина арасында басталған қайшылыққа қатысты еліміздің саяси ұстанымы:

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Газа секторындағы оқиғаға қатысты мәлімдемесі

Қазақстан Республикасы бейбіт тұрғындардың қаза табуы мен зардап шегуіне, сондай-ақ Палестинадағы гуманитарлық жағдайдың нашарлауына душар қылған Газа секторында орын алған соңғы оқиғаларға байланысты терең алаңдаушылығы мен өкінішін білдіреді.

Қазақстан саяси құралдар арқылы жағдайдың тез арада ретке келтірілуін қалайды және тараптарды мәселені күш қолдану жолымен шешуден бас тартуға шақырады.

Бейбіт үдерістің түпкі мақсатына тек диалог және келіссөздер арқылы жету мүмкін.

Қандай да бір басқа елдің немесе мемлекеттердің іс-әрекеттеріне немесе халықаралық оқиғаға қатысты мемлекеттің халықаралық-құқықтық немесе саяси ұстанымын білдіретін дипломатиялық құжаттар мағыналық мазмұны бойынша әртүрлі болып келеді.

Олар келіскендігін, қолдағанын білдіруі, немесе керісінше осы мәселе бойынша айыптауы, бұрынғы ұсынысты, бұрынғы ұстанымын растауы, немесе басқа елдің ұсынысына қатысты ұстанымының айқындалуы; түсініктеме беруді өтінуі; сақтандыруы (жалпы түрде, нақтыламай); нақтылы әрекетке бармауға шақыруы мүмкін.

КАШМИР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰСТАНЫМЫ

Қазақстан кашмир мәселесін бейбіт жолмен шешуді қолдайды.

Бұл аймақтағы шиеленісті төмендетуге оң әсерін тигізбек.

Кашмир мәселесі Үндістан мен Пәкістан мүдделерін ескере отырып, екі жақты келіссөздерде ымыраға қол жеткізу арқылы шешілуі тиіс.

Бұл келіссөздерге, тараптардың келісімімен, БҰҰ және басқа халықаралық ұйымдар мамандарын тартуға болады.

Осыған орай Үндістан мен Пәкістан қатынастарында 2004 жылдан бері орын алып отырған оң өзгерістерді қолдайды.

Қазақстан тек қана тұрақты және кешенді диалог екі жақты мәселелердің барлығын, соның ішінде Кашмир мәселелесінің шешілуіне жетелейді деп санайды.

Осы жағдайлардағы барлық дипломатиялық құжаттардың мақсаты – мемлекеттің саяси ұстанымын мәлімдеу, бұл жөнінде басқа мемлекеттерді хабардар ету. Ресей мен Грузия арасында 2008 жылдың 8 тамыз күні орын алған қақтығысқа қатысты:

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Оңтүстік Осетиядағы және осы өңірдегі соңғы оқиғалар әділ және ұстамды бағалауды талап етеді, өйткені олар принципті сипаты бар бірқатар мәселелерді қозғайды.

Оңтүстік Осетияда күрделі шиеленіскен этно-аумақтық мәселені күшпен шешуге әрекеттену ауыр салдарларға әкеліп соқты. Мәселені бейбіт жолмен және құқықтық тұрғыдан шешу едәуір қиындады.

Өңірдегі гуманитарлық апат жағдайында Қазақстан зардап шеккен тұрғындарға материалдық көмек көрсетуде.

Болашақта этно-аумақтық мәселелерді шешуде – жалпы жұрт таныған халықаралық құқықтық базаға сүйенуі тиіс екені айқын.

Біз Ресей, Франция, Грузия президенттері, сондай-ақ Абхазия және Оңтүстік Осетия басшылығы қол жеткізген уағдаластықтарды қолдаймыз. Осы уағдаластықтарды қақтығысқа қатысы бар барлық тараптардың мүлтіксіз орындауы қажет.

Біз осы мәселені БҰҰ Жарғысына, 1975 жылғы Хельсинки Қорытынды Актісіне, 1966 жылғы халықаралық пактілерге және халықаралық құқықтың басқа да негізге алынатын құжаттарына сәйкес шешудің Ресей басшылығы ұсынған жолын құптаймыз.

Сонымен қатар, қақтығыс аймағында ЕҚЫҰ бақылаушыларының санын көбейтуді және олардың рөлін жандандыруды жақтаймыз.

Астана, 2008 жылғы 19 тамыз.

Негізінен мемлекеттің халықаралық-құқықтық немесе саяси ұстанымын білдіруінің мәні бұл мемлекеттің басқа елдің іс әрекетіне немесе оқиғаға қалай болса солай қарай алмайтындығында, мемлекеттің қандайда бір мүддесіне қатысты болуында. Ғаламдық шеңберде болып жатқан саяси оқиғалар оның ішінде жеке тұлғалардың қазасы да мемлекеттердің назарынан тыс қалмайды. Кезіндегі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев БҰҰ Бас Хатшысының Ирактағы арнайы өкілі Сержио Виейра ди Меллоның өліміне себепші болған Бағдадтағы лаңкестіктік актілерді қатаң айыптап мәлімдеме жасады. Сыртқы саяси ведомствоның басшысы бұл жауыздық іс-әрекеттің, ең алдымен, Ирактың соғыстан кейінгі қалпына келтіру мен соғыстың ауыр салдарларын жеңуде Ирак халқына көмек көрсетуде бар күш-жігерін салып жатқан БҰҰ-ға қарсы бағытталған деп атап өтті. Қ.Тоқаев Сержиу Виейра ди Меллоның туған-туыстары мен жақындарына, сонымен қатар Ирактағы БҰҰ миссиясының қызметкерлеріне көңіл айтты. Сыртқы істер министрі БҰҰ-ның Бас Хатшысы Кофи Аннанға көңіл айту жеделхатын жолдады.

Жалпы мемлекеттердің әрбір саяси ұстанымын айқындайтын мәлімдемесі бүгінгі әлемнің бір-бірімен тығыз байланысып жатқандығын дәлелдейді. Халықаралық мәнге ие болатын белгіленген немесе өткізілген іс-шара жөнінде хабарлайтын дипломатиялық құжаттар тобы арнайы түсіндірмені қажет етпейді.

Халықаралық мәнге ие болатын белгіленген немесе өткізілген іс-шара жөнінде хабарлайтын дипломатиялық құжаттардың ерекшеліктерінің бірі оларда кейбір жағдайда осы іс-қимылдарға басқа да мемлекеттердің қосылуын насихаттау (қарулы күштер құрамын, әскери шығынды қысқарту, ядролық қару сынағын тоқтату және т.б.). Бұл топтамадағы құжаттардың ұсыныс білдіру құжатынан өзгешелігі басқа елдерге ұсыныс жасап олардың қолдауын күтпейді, мұнда белгіленген шара басқалар қолдады ма жоқ па оған қарамай-ақ жүзеге асады. Бұл ең алдымен басқаларға ықпал етудің ең тиімді тәсілі, бүкіл қоғам алдында, әлемнің әр түрлі елдерінің алдында бейбітшілік жолында, әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бейбіт шешімге талпыну қажеттілігін насихаттайды.

Дипломатиялық тәжірибеде мемлекеттердің бір-бірімен жақындасуы жеңіл-желпі жүзеге асатын үрдіс емес. Мемлекеттер мүддесінің бір арнадан шығып үйлесуі халықаралық шарттар мен келісімдер арқылы бекітіледі. Сонымен бірге кез келген әр мәселе шарттың немесе келісімнің тақырыбына айнала бермейді. Сол себепті келіскендікті немесе қол жеткен келісім деңгейін ресімдейтін дипломатиялық құжаттар жеке жолдаулар, жеке ноталар және вербальді ноталар мен жадынамалық жазбалар түрінде болуы мүмкін.

Кеңестер Одағы мен Франция арасындағы 1976 жылғы 16 шілдедегі Ядролық қаруды кездейсоқ немесе келісілмеген жағдайда ескерту туралы келісім екі елдің сыртқы істер министрлігі арасында хат алмасу арқылы ресімделген болатын.

Жалпы дипломатиялық құжаттардың мағыналық өзегімен танысу барысында олар мазмұны жағынан алуан түрлі және шексіз екендігіне көз жеткіздік. Маңыздысы дипломатиялық құжаттың осы бөлімі ең жауапты болып табылатындығы, өйткені мемлекеттердің қандай да бір іс-қимылдары, оның шарты құжаттың мағыналық өзегінде мәлімделінеді.

Егер мағыналық өзек ұсынысты білдіретін болса, айталық қарусыздану жөнінде, яғни мемлекет осы ұсыныс шеңберінде аса маңызды деп саналатын қорғанысқа қатысты шаралар өткізуге тиіс. Бұл өз кезегінде бірқатар дайындық шараларын қажет етеді, оның ішінде қарулы күштердің ара салмағын саралау, халықаралық бақылау түрлері мен көлемі айқындалуы қажет. Дәл осылай мемлекеттің барлық іс-қимылдары жан-жақты сарапталғаннан кейін жүзеге асады. Дипломатиялық құжаттардың әр мағыналық өзегінің артында мемлекет тұрады, оның халықаралық алаңдағы әрекеті бейнеленеді. Сондықтан мағыналық өзектегі әр ойды өте мұқияттылықпен өлшеп, әр сөздің мағынасын сараптап және оның халықаралық, ішкісаяси, әскери, экономикалық, қаржылық сипатының салдарын болжай білу керек. Дипломатиялық құжаттың маңызды бөлімі ретінде мағыналық өзегінде тек нақтылық қана емес сонымен бірге айтылатын ой бір арнадан шыққанда оның мәні арта түседі.

Тақырып бойынша бақылау сұрақтары:

1. Диломатиялық құжаттардың мағыналы өзегін қалай түсінесіз?

2. Мазмұнына қарай ұсынысты білдіретін дипломатиялық құжаттарға мысал келтіріңіз

3. Мазмұны жағынан наразылық білдіретін дипломатиялық құжаттарды атаңыз.

4. Мүмкін болатын қарсы жауап қадамдарын ескерту жөніндегі дипломатиялық құжаттар қандай себепке байланысты дайындалады?

5. Келіскендікті немесе қол жеткен келісім деңгейін ресімдейтін дипломатиялық құжаттар қалай ресімделеді.

Өзіндік жұмыс тақырыбы:

1. Қандай да бір басқа елдің немесе мемлекеттердің іс-әрекеттеріне немесе халықаралық оқиғаға қатысты мемлекеттің халықаралық-құқықтық немесе саяси ұстанымын білдіретін дипломатиялық құжаттар дайындаңыз.

2. Халықаралық мәнге ие болатын белгіленген немесе өткізілген іс-шара жөнінде хабарлайтын дипломатиялық құжаттарға жан-жақты талқылау жасау.

Дипломатиялық құжаттама. Оқу құралы

Подняться наверх