Читать книгу Дипломатиялық құжаттама. Оқу құралы - Амангелді Әліпбаев - Страница 8

7-ТАҚЫРЫ
ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚҰЖАТТАРДАҒЫ ДЕРЕКТЕР КЕЛТІРІЛЕТІН БӨЛІМДІ РЕСІМДЕУ

Оглавление

Бұл тармақта дипломатиялық құжаттардың дерек немесе деректер келтіретін бөлімін ресімдеуді жан-жақты қарастыратын боламыз. Дипломатиялық қарым-қатынастарда мемлекет тарапынан өз мүддесі мен мақсаттарын басқа тараптарға жеткізу үшін, ойды жан-жақты негіздеу үшін, бұлтартпайтын дәлелдермен нақтылау осы бөлімге жүктеледі. Дерек немесе деректер келтіретін бөлімге қойылатын басты талаптар: ойдың нақтылығы, оның сәйкестігі, келтірілетін деректердің сай келушілігі. Жазбада дерекке қатысты шамалы ғана жіберілген жаңсақтық, ол тым асырып жіберушілік немесе тым кемсітушілік болсын немесе дерек дәлелде қасақана бұрмалаушылық болмаса да осының барлығы құжаттың мәнін төмендетіп, басқа тараптың құжатқа деген күмәндану мүмкіндігін арттырып, бүкіл дипломатиялық шараны жоққа шығарады.

Сондықтан да әр дерек дәлелдердің нақтылығын әрі қадағалау қажет, әрі қайта тексеруден өткізген дұрыс. Деректер арасындағы сай келушілікке көңіл бөліп, олардың дипломатиялық құжатта келтірілуінің қажеттілігін саралап айқындау керек.

Ескерте кететін жайт, ол «дерек немесе деректер келтіретін бөлімді» айтқан кезде құжатта келтірілетін деректерді, деректер тобын бірінен соң бірін тізіп қою міндетті емес. Деректердің бүкіл құжаттың өн бойында келтіріліп, дәйектеме бөлімімен үйлесіп жатуы жиі кездесетін құбылыс. Сол себепті де дерек немесе деректер келтіретін бөлімді дербес топтама ретінде бөліп қарастыру барлық дипломатиялық құжаттарда кездесе бермейді.

Әлемдік тәжірибеде қауіпсіздік, қорғаныс мәселесі алдыңғы қатарлы мәселелердің бірі болғандықтан Қазақстан Республикасы да тәуелсіз ел ретінде бұл қағидадан тыс қала алмайды. Сол ретте халықаралық қатынастар жүйесінің толыққанды субъектісіне айналған сәттен бастап Қазақстан да қарусыздану мен ядролық қаруға қатысты өзінің саяси тұжырымдамасын айқындап алды. Әлемдік, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырған іс-шараларын қорытындылай келе Қазақстан Республикасы өзінің саяси ұстанымын мәлімдеуде нақтылы дерек дәлелдерді негізге алуға тиіс. Құжаттың құндылығы да осында болады, бос сөздермен уәде етпей нақтылы деректермен нығайтылады. Осыған орай «Қазақстанның қарусыздану мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы саясаты» жөніндегі құжаттың қандай нұсқада болу керектігін талқылайық:

Жаппай қырып-жою қаруын таратпаудың халықаралық тәртібін нығайтудағы Қазақстанның іс-әрекеті

Қазақстанның қарусыздану мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы саясаты халықаралық қауіпсіздікті нығайту, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту, ғаламдық мәселелер мен қақтығыстарды реттеудегі халықаралық ұйымдардың рөлін арттыру жолын ұстанатын сыртқы саяси бағытымен айқындалады.

Яғни, құжат мәтінінің бұл бөлігінде Қазақстан Республикасы өзінің саяси ұстанымын қысқаша, нақтылы жеткізеді. Құжаттың мағыналы өзегі өте айқын, құжат қандай тарапқа арналса да мәнін түсінетіндігіне ешқандай күмән жоқ. Тек Қазақстанның жариялаған мәлімдемесіне барлық тараптар сенеді ме, әлде бұл көзбояушылық па деген ой туындауы. Мәлімдемедегі айтылған ой ешкімге ешқандай күмән туғызбауы үшін біз енді бұл саяси ұстанымымызды нақтылы дерек дәлелдермен жүйелі түрде дәлелдей білуіміз қажет. Оған дәлел ретінде іс-жүзінде жасалынған шараларды келтіруге тиіспіз:

Қазақстан Республикасы жаппай қырып-жою қаруын таратпау тәртібін ңығайтуға нық сенімді екендігін көрсететін бірнеше нақты қадамдар жасады.

Қазақстанның болашақ таратпау саясатының негізін қалаған алғашқы қадамы – 1991 жылы КСРО өмір сүріп жатқан кезеңнің өзінде Семей ядролық сынақ алаңын жабуы болды.

1991 жылы Беларусь, Қазақстан, Ресей, Украина басшылары Стратегиялық ядролық күштерге байланысты Алматы декларациясында бұрынғы КСРО-ның ядролық арсеналының қызметіне ортақ бақылау орнатудың, ядролық қауіпсіздіктің қажетті деңгейін ұстап тұруда қандай да бір іркілістерге жол бермеудің тетігін айқындады және стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту саласындағы КСРО-ның халықаралық міндеттемелерін ұстанатындығын растады.

1992 жылғы 23 мамырда Лиссабонда осы елдермен АҚШ өкілдері аталған төрт мемлекеттің аумағында орналасқан стратегиялық ядролық күштерге қолданылатын Стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту мен шектеу туралы шарттың ережелерін іске асыруға олардың жауапкершілік аясын нақтылайтын бес жақты Хаттамаға қол қойды. Сонымен қатар, Лиссабон Хаттамасында Беларусь, Украина және Қазақстанның ядролық қаруға ие емес елдер ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылу міндеттемелері тиянақталды.

1994 жылғы 5 желтоқсанда ЕҚЫҰ-ның Будапешт саммитінде ядролық қарусыз мемлекеттер ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) қосылуына байланысты жоғарыда айтылған мемлекеттерге Қауіпсіздік кепілдігін беру туралы Меморандумға Ресей, АҚШ және Ұлыбритания қол қойды.

Құжатта осыншама деректі жүйелі түрде келтіру, Қазақстанның осы бағыттағы іс-шараларының да жүйелі түрде жүзеге асқандығын көрсетеді. Бұл шаралардың еліміз үшін қаншалықты мәнді болғандығына дәйек келтіретін болсақ:

Бұл құжатқа қол қойылу Қазақстанның өз аумағынан ядролық қаруды шығару бойынша өз міндеттемелерін толығымен және бұлжытпай орындағанын халықаралық қоғамдастықтың танығанын білдірді. Кейіннен осы сияқты кепілдіктер Қазақстанға Қытай және Франция тарапынан берілді.

Ядролық арсеналды шығару бойынша өз міндеттемелерін орындай отырып, Қазақстан өз жеріндегі ядролық қарудың инфрақұрылымын жою мәселесімен және бұрынғы әскери өндірістерді азаматтық мақсаттарға көшірумен айналысты. Осы мақсатта Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің (МАГАТЭ) аясында ядролық материалдарды бақылау мен есепке алудың, АЭС-ті пайдаланудың, ядролық материалдар мен қондырғылардың физикалық қорғалуының мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру бойынша Қазақстанға техникалық көмек көрсетудің үйлестіру жоспары жасалды. Оған Ұлыбритания, АҚШ, Швеция және Жапония қатысты.

Қазақстан тарапынан осы бағыттағы шаралардың кең көлемде жүргізілгендігіне де бірқатар дерек дәлелдер қосуға болады:

1992 жылы Қазақстанда Қауіпті Бірлесіп Қысқарту бағдарламасы іске асырыла басталды. «Нанна-Лугар бағдарламасы» деп аталатын бұл бағдарлама шеңберінде 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан аумағында қалған ядролық, химиялық және биологиялық қарудың нысандары мен инфрақұрылымдарын жою және залалсыздандыру жөніндегі жобалар кешені, стратегиялық шабуыл қаруының демонтажы, экспорттық бақылау жүйесін құру, қорғаныс өнеркәсібін конверсиялау жүзеге асырылды.

1993 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі ЯҚТШ-ны бекітті.

Осы Ядролық қаруды таратпау туралы шарттқа қосылған Қазақстан үшін оның маңыздылығы қаншалықты екендігін де, шарттың мәнін де дәйектеме бөліміне кіргізіп, аша түсуге болады:

Қазақстанның ЯҚТШ-ға қосылуы еліміздің сыртқы саяси бағытын іске асырудың маңызды кезеңіне айналды. Қазақстан ЯҚТШ-ға мүше бола отырып, осы шартқа сәйкес ядросыз ел мәртебесіне байланысты міндеттемелерін қатаң ұстанады.

ЯҚТШ ядролық қаруды бақылау саласындағы қатысушы мемлекеттерді ядролық қарусыздану бойынша іс-шаралар қабылдауға міндеттейтін бірден-бір көпжақты келісім болып табылады.

Қазақстан ЯҚТШ барлық ядролық және ядросыз мүше мемлекеттердің өз міндеттемелерін орындау арқылы бұлжытпай және кезең-кезеңімен ядролық қарусыздануын қолдайды. Бұл жолдағы алғашқы кезең жарқышақтанушы материалдарды өндіруге бақылау орнату болуға тиіс. Әлемдегі жинақталып байытылған уран мен плутонидің елеулі қоры, сондай-ақ оқтұмсықты зымырандарды жою нәтижелерінде алынатын жарқышақтанушы материалдардың үлкен көлемін таратпау тұрғысынан алғанда өте қауіпті.

Осы ретте келесі дерек дәлелдемелерді жіберген жөн:

1994 жылғы 14 ақпанда Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі Агенттіктің (МАГАТЭ) мүшесі болды. ЯҚТШ ережелеріне сәйкес 1994 жылғы 26 шілдеде Алматыда Қазақстан Үкіметі мен МАГАТЭ арасында Кепілдіктер туралы келісімге қол қойылып, ол ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілгеннен кейін, 1995 жылдың 19 маусымында күшіне енді.

Барлық ядролық нысандар МАГАТЭ-нің кепілдігіне алынған және Қазақстанның барлық ядролық қызметі Агенттіктің ережелері мен стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

2004 жылғы 6 ақпанда Қазақстан Республикасы мен МАГАТЭ арасындағы кепілдіктерді қолдану туралы келісімнің Қосымша хаттамаға қосылып, оны 2007 жылғы 19 ақпанда бекітті.

Құжатта Қосымша хаттаманың маңыздылығына тоқтала өтіп, оның мәніне дәйек келтірген дұрыс:

Қосымша хаттамада көзделген іс-шараларды іске асырудың мақсаты – ядролық материалдың мәлімделген бейбіт іс-әрекеттен әскери мақсатқа ауысуын болдырмауға, сонымен бірге жалпы алғанда мемлекетте мәлімделмеген ядролық материалдар мен заңсыз ядролық іс-әрекеттің болмайтындығына берік сенімділікті қамтамасыз ету.

Қазақстан ядролық қару мәселесін бір сәтте көзден таса қылмай, бейбітшілікті, тұрақтылықты сақтау мақсатында, адамзаттың мүддесі үшін қауіпсіздік пен табиғи ортаны қорғауды өзінің басты қағидалары ретінде білетіндігін айғақтайтын дерек дәлелдерді де пайдаланғаны жөн:

1996 жылғы қыркүйекте БҰҰ БА 51-ші сессиясы кезінде Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ) қол қойды және 2001 жылғы 14 ақпанда оны бекітті. ЯСЖТШ қол қою арқылы Қазақстан Ғаламдық мониторинг Желісін құру тұрғысынан ЯСЖТШҰ Даярлық комиссиясымен белсенді ынтымақтаса отырып, шарт шеңберіндегі верификациялық тәртіпті нығайтуға қомақты үлес қосады.

ЯСЖТШ ережелерін тиімді орындау мақсатында ҚР Үкіметі мен ЯСЖТШ Ұйымының Дайындық комиссиясы арасында Ядролық мониторинг құралдарына байланысты іс-әрекеттерді іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан ЯСЖТШ Ұйымының маңызды жұмыстарының бірі болып табылатын Дала эксперименттерін өткізуге маңызды үлес қосты.

2008 жылдың 1-30 қыркүйек кезеңінде бұрынғы Семей ядролық алаңында ЯСЖТШ Ұйымымен бірлескен Интегралды дала эксперименті (ИДЭ08) өткізілді. Аталған іс-шаралар кез-келген ортадағы ядролық жарылыстарды немесе оларды өткізуге дайындық жұмыстарын тіркеу бойынша бақылаушылардың түрлі әдістерін дайындау мақсатында өткізілді. ИДЭ08 – ЯСЖТШ Ұйымы құрылғаннан бері ұйымдастырылған іс-шаралардың ішіндегі аса маңыздысы болды.

1994-1996 жылдардағы ядролық қарусыздану саласындағы белсенді іс-әрекетінің арқасында Қазақстан 1996 жылы бақылаушы мәртебесіне ие болды, ал 1999 жылдың 5 тамызында консенсус арқылы Қарусыздану жөніндегі конференцияның мүшелігіне қабылданды.

Қазақстан, химиялық қаруы болмағанына қарамастан химиялық қаруды жасауға, өндіруге, жинақтауға және қолдануға тыйым салу туралы және оны жою туралы конвенцияның қатысушысы болып табылады. Қазақстан оған 1993 жылы 13 қаңтарда қол қойды және 1999 жылы 24 маусымда бекітті. Конвенцияның ережелерін орындау үшін ұлттық орган құрылған. Қазақстан өкілдері Конвенцияға қатысушы мемлекеттер конференциясының сессиялары мен жыл сайынғы отырыстарына тұрақты түрде қатысады.

Сондай-ақ, Қазақстан Бактериологиялық және токсиндік қаруды жасау, өндіру және жинақтауға тыйым салу туралы және жою туралы конвенцияға қосылып, оны 2007 жылғы 7 мамырда бекітті.

Жасалынып жатқан шаралардың мақсатына орай қысқаша дәйек келтіріп, қайтадан ойды тиянақтау үшін деректерге жол беріледі:

Қауіпсіздікке жаңа қыр көрсетулерге қарсы тұру қажеттігі, халықаралық лаңкестікке қарсы күрес бойынша шараларды күшейту Қазақстанның таратпаудың көпжақты тәртібіне қосылу жөніндегі жұмысын жандандыруды қажет етеді.

2002 жылғы 13 мамырда Қазақстан Ядролық Жабдықтаушылар Тобының (ЯЖТ) 40-шы мүшесі болды. ЯЖТ-ға қатысудағы біздің мақсатымыз лаңкестікке қарсы күрес, жаппай қырып-жою қаруының таралуына қарсы тұру шараларын жандандыру, ядролық материалдар мен қосарланған мақсаттағы өнімдердің пайдалануы мен қозғалысын бақылауды күшейту.

2005 ж. шілдесінде Қазақстан «Краков инициативасы» деген атпен белгілі Жаппай қырып-жою қаруының таралуы саласындағы қауіпсіздік бастамасына қосылды. Бұл бастаманың мақсаты – күдікті әуе және теңіз кемелерін, сонымен қатар жаппай қырып-жою қаруымен байланысты материалдарды тасымалдайтын құрлық көліктерін ұстау үрдісіне барлық мемлекеттерді жұмылдыру.

2005 ж. шілдеде Австрия СІМ-не – Баллистикалық зымырандардың таралуымен күрес бойынша Халықаралық кодексінің депозитариіне ҚР СІМ-нің Қазақстанның Кодекске қосылуы туралы хабарлайтын нотасы жіберілді. Бұл еліміздің Зымырандық технологияларды бақылау тәртібіне енуіндегі маңызды іс болып табылады.

2006 жылы 8 қыркүйекте Қазақстан көрші мемлекеттердің қатарында Семей қаласында Орта Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды.

Қазақстан алғашқы елдердің қатарында, Ресей мен АҚШ Президенттерінің 2006 жылы шілде айында ұсынған, Ядролық лаңкестік актілерімен күресі жөніндегі жаһандық бастамаға қосылды. 2007 жылғы маусым айында Астана қаласында Жаһандық бастаманың сыртқы істер министр орынбасарларының үшінші кездесуі өтті.

Құжатта көрсетілген деректер мен дәлелдер Қазақстанның қарусыздану мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы саясаты мен нақты іс шаралары жөнінде толық мағлұмат беріп, қай елді болмасын бұған дейін болған күмәнін сейілтетіні сөзсіз.

Әрине, дерек немесе деректер келтіретін бөлімді ресімдеуде бірқатар қиыншылықтарға да тап болады. Ол ең алдымен әлі жүзеге аспаған іс-қимылдар жөнінде көрсетілгенде, өйткені олар әлі жоба күйінде, әлі дайындалуда. Сол себепті баспа бетінде мұндай шараларға қатысты қарама-қайшылықтарға кездесуге болады. Оқиғаның өрбу бағыты жалпы айқындалғанымен, оқиғаны негіздейін десең ресми құжаттар немесе мәлімдемелер әлі жоқ. Дегенмен, қандай да бір жоспарлар дипломатиялық шараға негіз болатын болса, оның дайындық үстінде болғанымен дипломатиялық құжатта істің негізгі жақтарымен хабардар етуге ешқандай кедергі болмайды. Әсте, бұл жоспардың келешек толықталуы мен келісілуіне қатысты әлі бірнеше өзгеретіндігі ескеріліп жасалынады. Мұндай сәттерде дерек дәлелдерді топтауда өте абай болып, дерек көздеріне сілтеме жасау алдағы қандай да бір келеңсіздіктен қорғануға мүмкіндік туғызады. Ал дипломатиялық құжаттарда жүзеге асқан іс-шараны көрсету көп қиындық туғызбайды.

Халықаралық қатынастарда мемлекеттер арасында кездесіп қалатын қайшылықты жағдайларда бір мемлекет екінші мемлекетке немесе мемлекеттер тобына наразылық білдіру сипатындағы дипломатиялық құжатты жолдауда өте мұқият болу қажет. Мұндай жағдайда мәселеге қатысты дерек дәлелдерді келтіргенде әрбір дерек үлкен мәнге ие болады. Құжатты дайындауда дерек келтірілетін бөлім екінші тарапты бұлтартпайтындай дерекке негізделген болса, олардың заңсыз әрекеті үшін жауаптан сытылып шығуы да қиындай түседі. Кей кезде қандай да бір мәселенің деректік жағы қисынсыз баяндалғанда ел дипломатиясы өз көзқарасына, өз ақиқаттығына ешқандай күмән тумайтындай негіздеуге тырысады. Сол үшін тау-тау мұрағат мағлұматтарын, анықтамаларды, халықаралық құқық пен тарихи еңбектерді төңкеруге тура келеді. Мемлекеттің сыртқы саясатына деген сенімділіктің мәнін дипломатия саласындағы мамандардың басым көпшілігі жақсы біледі. Бұған жапондық дипломат Кикудзиро Исии өзіндік куәгер бола алады. «Дипломатиялық түсіндірме» атты өзінің кітабында ол: «Жеке кәсіпорын сияқты өркендеу үшін, көпшіліктің сеніміне ие болу қажет, сол секілді мемлекет те халықаралық істе, берік тұғырға ие болу үшін, басқа мемлекеттердің сеніміне ие болуы тиіс. Тек халықаралық сенімге халықаралық қатынастардың алтын ережесі – әділдікті қатаң сақтағанда ғана жетуге болады. Барлық елдерде өздерінің көне ниетінен бас тартқысы келмейтін ұлықтық желігіне зарығушы қиялшылдар бар. Егер осы ұшқалақ адамдар билікке келетін болса, мемлекетке деген сенім уақытша төмен құлдырайды. Осындай сәтте егер биліктегілерді өзінің қисынсыз қиялынан азат етіп, саналыққа қайтару үшін халық өз дауысын көтермесе, онда оқшауланған және қуғын-сүргінге тап болған олардың елі халықаралық қоғамдық пікірде жек көрінішті сипатқа ие болады. Осы жек көріністен құтылу үшін тозығы жеткен басқыншылық саясаты мен менменшіл дипломатиясының тоқтатылуы тиіс. Өйткені басқыншылық саясаттың негізінде соғысқұмарлардың ықпалы жатыр, ол дер кезінде тоқтатылып, басқыншылық саясаттың орнына басқа мемлекеттердің құқы мен заңды мүддесіне деген құрметке ие болу керек. Мұндай ізеттілік мемлекетке, оны қолданушыға, басқа мемлекеттерден де оның жеке құқы мен заңды мүдделерін құрметтеуді күтуіне болады. Шынайы және берік халықаралық әлем – мемлекеттер өз жеке құқықтарын ашық жариялап, оны қорғауға дайын болғанда, екінші жағынан басқа мемлекеттердің құқын құрметтеуге шынайы және әділ ниеті болғанда ғана өмір сүре алады» – деп жазады3. Яғни, дипломатиялық құжаттардағы дерек немесе деректер келтіретін бөлімді ресімдеудегі басты қағида дәлдік, нақтылық және шынайылық.

Тақырып бойынша бақылау сұрақтары:

1. Дипломатиялық құжаттардың деректер келтіретін бөлімін қалай түсінесіз?

2 Деректер келтіретін бөлімге қойылатын басты талаптар қандай?

3. Қазақстан Республикасының саяси ұстанымын мәлімдеуде нақтылы дерек дәлелдерді алатын қайнар көзін айқындаңыз.

4. Мәлімдемедегі айтылған ой ешкімге ешқандай күмән туғызбауы үшін не істеу қажет?

5. Құжатта деректерді қалай жүйелеген дұрыс?

6. Деректерді ресімдеуге қандай талаптар қойылады?

Өзіндік жұмыс тақырыбы:

1. «Қазақстанның қарусыздану мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы саясаты» жөніндегі құжатқа сараптама жасау.

2. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттқа қосылған Қазақстан үшін бұл қадамның маңыздылығын дәлелдеу.

3

Ковалев Ан. Азбука дипломатии. – М., 1993. – С.132.

Дипломатиялық құжаттама. Оқу құралы

Подняться наверх