Читать книгу Дипломатиялық құжаттама. Оқу құралы - Амангелді Әліпбаев - Страница 3

2-ТАҚЫРЫП
ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ТІЛ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Оглавление

Дипломатиялық қызмет жазба жұмысымен өте тығыз байланысты. Дипломатиялық хат алмасу арқылы мемлекеттердің дипломатиялық қарым-қатынастары жүзеге асады. Дипломаттар өздерінің жұмыс уақытының басым мөлшерін өз үкіметі мен сыртқы істер министрлігі арасында ресми хат алмасуға арнайды: саяси хаттар, шартты белгімен жазылатын жеделхаттар, әр түрлі нұсқадағы анықтамалар, ұсыныстар, сұхбат жазбаларын, келіссөздер мен баспасөз мәслихаттарына арналған мәлімдеме жобаларын, жадынамалық жазбаларын, келісімдер мен шарттардың жобаларын және т.б. дайындайды, сондай-ақ шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен министрліктер арасындағы дипломатиялық құжаттарды: ноталар, мәлімдемелер, декларациялар, жеке жолдамалар, меморандумдар, коммюникелер, басқа да ресми құжаттарды жобалайды. Осы құжаттарды дайындау барысында дипломатиялық тілге ерекше көңіл бөлінеді.

Дипломатияда дипломатиялық тіл екі түрлі түсінікті білдіру үшін қолданылатын ұғым. Біріншіден, бұл ресми дипломатиялық қатынастар жүргізілетін және халықаралық шарттар жасалынатын тіл. Екіншіден, бұл жалпы қабылданған дипломатиялық сөздікті құрайтын дипломатия саласындағы белгілі бір түсінікті дәл бейнелейтін терминдер мен сөз орамдарының жиынтығы. Мысалы: агреман, атташе, альтернат, денонсациялау, пакт, ратификациялау сияқты терминдер дипломатия саласына тән терминдер.

Қазіргі кезде ресми дипломатиялық қатынастар жүргізілетін және халықаралық шарттар жасалынатын міндетті бірыңғай тіл жоқ (ежелде француз тілі болатын). Бүгінгі күні біртіндеп тілдердің тепе-теңдік қағидасы қалыптасуда. Сол негізде барлық мемлекеттердің сыртқы істер мекемесі (бірен-саран елдер ғана болмаса) дипломатиялық қатынастардағы ресми хат алмасуларды, әсіресе дипломатиялық нотамен өзара алмасуды ұлттық тілдерінде жүргізеді.

Дипломатиялық қызмет қашанда елмен елді табыстыратын алтын көпір ғана емес, халықаралық алаңда мемлекеттерді бір-бірімен беттестіріп, мемлекеттің бет-бейнесін әлемге паш етеді. Ежелден ұлтты ұйытқан ұлағатты бабаларымыз елінің бейбітшілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында іргелес жатқан елдерге сан мәрте өз елшілерін аттандырған. Қазақ халқының басынан өткен небір қиын-қыстау сәттерде мемлекетаралық байланысты орнатуда дипломатиялық тілді ұтымды пайдалана алуы елінің елдігі мен жерінің тұтастығын сақтап қалуына мүмкіндік туғызып келді.

Қазақ тілінде іс жүргізу әрекеті бұрынғы Кеңестер Одағы кезінде де қолға алынғанымен, сол кездегі жергілікті солақай саясаттың ықпалы ма, әлде өзіміздің дәйексіздігіміз бе әйтеуір алға жылжымай аяқсыз қалып келді. Дегенмен, бүгінгі күні қазақ тілін түлету мақсатында еліміздің тіл мамандары елдегі қазақ тіліне деген самарқаулықтан, дүмбілездіктен арылтып тіліміздің мәртебесін көтеруге бар күш-жігерлерін жұмылдыруда. ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдары шыққан салалық терминологиялық сөздіктерге қосымша ретінде бүгінгі күні жаңа арнадағы сөздіктер шыға бастады. Сол ретте ресми іс қағаздарын жүргізуге жәрдем ретінде 1994 жылы «Атамұра» баспасынан «Екі тілде іс жүргізу: сөздік-анықтамалық» атты көмекші құралдың шығуы осы бағыттағы шаруаны біршама жеңілдете түсті. Алайда әр сала өзіндік ерекшеліктерге толы.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі көлемінде 2004 жылы “Қазақ және орыс тілдерінде дипломатиялық іс жүргізу“ сөздік-анықтамалығының шығуы қазақстандық дипломатиялық ресми іс қағаздарының ұлттық тілге көше бастауының белгісі болды. 2008 жылы Алматының «Арда» баспасынан шыққан құрастырушы-автор М.Кәрібайдың «Дипломатиялық хат алмасу (үлгілер)» еңбегі бүгінгі күнде аса зәру әрі күрделі мәселенің бірі – дипломатиялық құжаттарды, ресми іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жазу, оқу, дамыту және бір ізге түсіру тұрғысынан жазылған.

Қазақстан Республикасының бұрынғы Сыртқы істер министрі болған Қ.Тоқаев: “Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері бұрын ұмтыла бастаған ұлттығымыздың басты белгілері, асыл мұраларымыз-тарихымыз, дініміз, ділімізбен қоса, тілімізді қалпына келтіруге сыртқы саясат ведомствосы да атсалысып, министрліктің құрылымдық бөлімшелерінде және шетелдердегі елшіліктер мен өкілдіктерде іс жүргізу және қатынас қағаздарын кезең-кезеңімен мемлекеттік тілге көшіру жоспарланып отыр“ – деп тіл мәселесінің мемлекетаралық қатынастарда да өте маңызды екендігін дәйектейді1.

Ал арнайы терминдер мен сөз орамдарының жиынтығы ретінде жалпы дипломатиялық қатынастарда қалыптасқан “дипломатиялық тіл“ ұғымының екінші мәніне келетін болсақ, оларды қазіргі дипломатиялық құжаттарда жиі кездестіруге болады. Дипломатиялық құжаттардың тілі мен жазылу тәсіліне қатысты Х.Вильднер өз еңбегінде бірқатар ұсыныстар береді2. Х.Вильднер бойынша, Дипломатиялық жазу тәсілі – ең алдымен қарапайымдылық және айқындығымен ерекшеленуі тиіс, және бұл жай қарапайымдылық емес, әр сөз өз орнын дәл тауып, тура мағынасын жеткізе алатындай болуы қажет. Дипломатиялық құжаттың тілі – бұл мемлекеттің сыртқы әлеммен байланысқа түсетін тілі. Сол ретте көп жағдайда мемлекеттің дайындаған дипломатиялық құжатының тілінен сол мемлекеттің бет-бейнесін көреді. Сондықтан да, тілге, дипломатиялық құжаттардың жазылуына аса жоғары талаптар қойылады. Бұл тіл анық та, нақтылы болуға тиіс.

Дипломатиялық құжаттар – бұл ресми құжаттар, «мемлекеттік қағаздар». Дипломатиялық құжаттардың тілі үшін негізінен дыбыс ырғақтығы, әдеби үйлесімдігі емес, ең бастысы берілген мазмұнының нақты сәйкес келуі, осы мәселедегі мемлекеттің саясатын, ұстанымын дәл жеткізу.

Дипломатиялық құжаттардың мазмұны негізінен дипломатиялық құжаттың өзін дайындаудан бұрын айқындалып, бекітіледі. Сондықтан да, тәжірибе жүзінде негізгі міндет осы мазмұнды толық, ашық, сенімді түрде жазу, әр сөзге өте мұқият болу. Өйткені тіл өте нәзік дүние, оны орнымен пайдаланған жөн. Әр сөзді тауып жазу – көп тер төгуді, еңбектенуді, сезімталдықты қажет етеді. Қажетті таза, жаңа сөзді тауып жазу оңай шаруа емес. Дипломатиялық қызмет қалыптасқаннан бері дипломатиялық құжаттарда сөздерді пайдалана білу өнері өте жоғары бағаланып келді. Ежелгі кезеңнің өзінде-ақ дипломатиялық хат алмасу, жалпы дипломатиялық іс-әрекеттің мақсаты ел басшыларына арналып, соларға, жақын маңындағыларға әсер етуге бағытталған. Халықаралық қатынастар тарихында кейбір сөздер, сөз тіркестері тіпті бүтін бір саяси дәуірді айқындайды: “қырғи-қабақ соғыс”, “бейбіт қатар өмір сүру”, “бәсеңдеушілік”, “жалпы қауіпсіздік” және т.б.

Егер дипломатиялық құжаттарды тілдік тұрғыдан қарайтын болсақ, онда олар көп жағынан саяси деректі басылымға жақын тұрады. Саяси деректі басылымдарда, дипломатиялық құжаттарда көркем әдебиеттен алынған сөз орамдары кеңінен қолданылады. Көркем әдебиеттегідей салыстырмалы түрде, мазмұндау әдісін пайдалану дипломатиялық құжатты жан-жақты толықтырып, оған айқындылық, тартымдылық берері сөзсіз. Әрине, көркем әдебиеттің әдіс-тәсілдерін орынды пайдалана білу керек. Тілдік құралды дипломатиялық құжаттарда ұтымды пайдалана білуіңіз құжаттың жазылу құндылығын арттыра түсіп, мазмұнын нақты түсінуге мүмкіндік туғызады. Дипломатиялық құжаттарды дайындау барысында бұл құжаттың кімдер үшін, қай елге бағытталатындығын бір сәт те естен шығармау керек. Кей жағдайларда сол елде кең етек алған ұғымдар мен нақысты сөздерді дипломатиялық құжаттарда қолдануы мүмкін. Егер дипломатиялық құжаттар өте айқын, жүйелі, тартымды тілде жазылған болса, оған көңіл бөлушілік те арта түсері хақ. Ал ресми құжат сайқымазақ, кекесінді, өткір мысқылмен жазылса ондай құжаттар мемлекетаралық қатынастарды негізінен қайшылықты жағдайларға әкеліп тірейді. Дипломатиялық құжаттарды дайындау барысында ақиқат пен жалғандықтың аражігін ажырата білуге талпыну қажет.

Халықаралық қатынастар жүйесінде көптеген ұсыныстар мен тілектер жарияланады. Бұл ұсыныстар шарттар, келісімдер, қарарлар жобаларының тармақтарына таралып тасталуына байланысты бұл саладан бейхабар жанға оларды толық қабылдап дұрыс түсінуі қиынға соғады. Сол себепті ол тармақтардың мазмұнын әлемдік қоғамға түсінікті, жалпыға бірдей ашық түрде болуын қамтамасыз ету дипломатиялық құжаттардың маңызды жақтарының бірі болып табылады.

Мәселені тек баяндау күйінде ғана хабарлау дипломатиялық құжаттардың мәнін ашпайды. Өйткені мұнда баршаға баспа бетінен, радио, телеарналардан немесе бұған дейінгі дипломатиялық құжаттарда келтірілген мәліметтерден белгілі хабарлама күйінде жарияланады. Сондықтан мәселені қарапайым түрде хабарлау белгілі ақиқатты қайталаумен тең. Егер мәселе баяндау түрінде емес, белгілі мәліметтермен мәселенің жаңа жақтары өзара байланыстырылып, жаңа қырынан ашыла түсетін болса дипломатиялық құжатқа деген қызығушылық арта түседі.

Сөйлем, құжатпен танысатын жақты ойландыратындай, сұраулы мағынада, пікір алмасу кейпінде, әр сөз өзіне тән екпінде, яғни сұхбаттасу тіліне жақындата алсаңыз дипломатиялық құжатыңыз сөзсіз өте мәнді болады. Бүгінгі күнге дейін дипломатиялық құжаттардың тілі қарапайым, майда, икемді, құрғақ болу керек деген түсінік қалыптасқан. Кезінде дипломатияда солай сұхбаттасқандығы ақиқат. Дегенмен, құжаттардағы бүкіл мәтіннің біржақты, нақты мәліметтің өзі ғана келтірілуі құжатпен танысушы тарапты жалықтыруы мүмкін. Бұл құжат мазмұнын соңына дейін толық түсіну мүмкіндігін азайтуы ықтимал. Мәселеге қатысты алғашқы дипломатиялық құжат дайындалған кезде мәліметтер нақтылы күйінде дәйектеу қажет. Ал осы мәселеге қатысты келесі құжаттарды әлде қайда кең көлемде, алғашқы мәліметтерді жан-жақты ашып көрсеткен дұрыс. Дипломатиялық құжаттардың стилистикалық құндылығы сөздер мен сөз тіркестерін тиімді пайдалана алу мүмкіндігіне тікелей қатысты. Бір сөздің өзін әр сөйлем сайын қолдана берсеңіз де дипломатиялық құжаттың сапасына кері әсер етері белгілі. Дипломатиялық құжаттарда жалпылама сипаттағы түсініктерге тым жиі сілтеме жасамаған дұрыс, өйткені керісінше жағдайда бұл құжат басқа тарапқа ақыл айтумен тең болып қабылданады. Сондықтан да қарсылық білдіру құжаттарын дайындауға жеткілікті мөлшерде дәлелдеме болғаны жөн. Сол негізде тым асыра сілтеушіліктің де болмағаны дұрыс. Егер дипломатиялық құжаттарды грамматикалық тұрғыдан қарастыратын болсақ тек жадынамалық жазбаларында ғана емес, сондай-ақ ноталар мен мәлімдемелерде де болымсыз сөйлемдер көп мөлшерде кездеседі. Өйткені бұл дипломатиялық құжаттардың белгілі өзіндік ерекшеліктерімен айқындалады.

Дипломатиялық құжаттардағы бастауыш – көп жағдайда анықтауышты қажет етеді, яғни мәселеге саяси сипаттама беруді, дегенмен мұны өте қажет деген сәтте ғана орындау керек. Құжаттар дайындау кезінде етістіктерді пайдалану да мұқияттылықты талап етеді. Грамматикалық категорияға қатысты міндеттеуге жататын нақысты сөздер мен сөздер тізбегін дипломатиялық құжаттарда пайдалану жан-жақты сақтық пен өнегелілікті қажет етеді. Ең алдымен тепе-теңдік қатынастар жөнінде, егеменді мемлекеттердің қатынастары туралы сөз болғанда басқа мемлекет үшін оның не істеу немесе істемеу керектігін міндеттеу әдептіліктен тыс деп есептелінеді. Сол себепті дипломатиялық құжаттарда міндеттеу қағидасы әлдеқайда икемді, жұмсақ түрге ие болады. Яғни, шартты-келісімді сөйлемдерге «егер» сөзінен бастауы қарсы тараптармен қоса өздеріне де қатысты екендікті білдіреді.

Міндеттеу сөздерін пайдаланудың екінші қауіптілігі талап еткендік болып қабылдану мүмкіндігі. Ал талап етушілік – егер құжат қандай да бір төтенше жағдайға қатысты болмаса, шын мәнінде талап ету емес болса, онда бұл пайдасыз, қайта зиянды болып табылады.

Дипломатиялық құжаттардағы қарапайымдылық түрін құптайтын Х.Вильднердің өзі де мұқияттылықты талап етеді. Дегенмен, құжаттың басым көпшілікке түсінікті болуын ешкім де жоққа шығармайды. Қысқа түсініктер мен қарапайымдылық көп жағдайда бірдейлікті білдірмейді. Дипломатиялық құжаттардағы қысқа сөздер, немесе ұзақ сөздер не жетіспеушіліктің не құндылығының белгісі емес, ең бастысы мағынасыз сөздердің, бос сөздер мен сөйлемдердің болмағаны дұрыс. Мәтінге ешбір қосымша мазмұн, мағына бермейтін сөздерді сөйлемге қыстырудың қажеттігі жоқ. Маңыздысы белгіленген мазмұнды нақты ашу.

Толыққанды дипломатиялық құжаттардың тілдік және стилистикалық құрылымы құжат бағытталған тараптарға деген сенімділік туғызатындай, олардың дұрыс шешім қабылдау қабілеттілігіне түрткі болатындай сипатта құрылады. «Күрделі мәселелерге қарапайым шешімнің» болмайтындығын дұрыс түсінуге тәрбиелеу, халықаралық алаңда болып жатқан дүниені ой елегінен өткізуге ұмтылуына дипломатиялық құжаттың құрамындағы нақтылы дәйектер мен дәлелдердің негізінде түрткі болу үшін дипломатиялық тілге талғампаздықпен қарап, шетелдік оқырманға деген әдептілікті жоғары деңгейге жеткізу қажет.

Өйткені Сыртқы істер министрлігінің қызметі сан қырлы, әрі күрделі жұмыс болғандықтан тындырымды зерделік пен зиялылықты қажет етеді. Бүгінгі Қазақ елі әлем елдерінің бір қатарымен тұрақты қарым-қатынастар орнатып, сан-алуан салада халықаралық келісімдер мен шарттарға отыруда. Әрине еліміз тәуелсіздігін жариялай салып халықаралық қатынастарды ұлттық тілде жүргізуге шамасы келмеді. Өйткені дипломатия саласында ұлттық тілін терең меңгерген мамандар жоқтың қасы болды. Сол себепті тәуелсіз Қазақстанның әлеммен байланысы орыс тілінде жүргізілді. Соңғы кездегі қазақ тілінің өрісін кеңейту саясаты дипломатия саласын да қамти бастады. Өйткені тіл – қашанда мемлекет тірегі, ұлттың ұлт болуының басты белгілерінің бірі.

Яғни, елміздің дипломатиялық саласында қазақ тілін терең меңгеру бүгінгі күннің қажеттілігіне айналуда. Әрине, бұл бағытта әлі де қатаң саясат ұстанған дұрыс болар еді. Сонда ғана дипломатия саласында ұлттық намысымыз бен сезіміміз асқақ болары айқын. Ұлттық тілде билік тармақтарында ресми құжаттар дайындауда кездесетін келеңсіздік пен жанайқай тумас еді. Әрине, жоғалтып алған асылымызды қайта жинау жеңіл бола қоймайды. Елдің басқа салаларындағыдай дипломатия саласында да ұлттық тілді меңгерген кәсіби мамандардың жетіспеушілігі қазақ тілінде ресми құжаттар дайындауды кідіртіп келді. Осы мақсатта еліміздің дипломатиялық құжаттарын қазақ тілінде дайындау мүмкіндігін кеңейтуге арналған еңбектерді жан-жақты қарастыра отырып, саралаудан өткізіп өзімізге қажетті нәр жинауға талпынуымыз керек.

Жоғарыда аталған «Дипломатиялық хат алмасу (үлгілер)» еңбегінде автор ресми құжаттар дайындауда қазақ тілін дұрыс пайдалана білуге ерекше көңіл бөлген. Әрбір мәлімет қазақша ойлау жүйесінің жемісі ретінде, тілдік ерекшеліктерді сақтай отырып, түпнұсқа күйінде дүниеге келгенде ғана толыққанды құжат ретінде қабылданбақ. Дипломатиялық құжаттарды әзірлеуде бұл өте құнды талап.

Тұрған еліміздің тұлғалық қасиетіне, ұлттық тіліне, мәдениетіне, парасаттылығына, өзіндік ерекшелігіне мән бере отырып, қазақ халқының ұлттық сипатын жарқырата ашып көрсетуге талпыну керек. Мақсат тұтқан іс қауқарлы болу үшін әрбір маман өзінің біліктілігін арттыра түсуге тиіс. Яғни, халықаралық қатынастарды қарқынды дамыту мен нығайту дипломатиялық тілдің негізінде жүзеге асады. Тілді терең меңгергеннің өрісі мен тынысы кең болары сөзсіз.

Тақырып бойынша бақылау сұрақтары:

1. Дипломатиялық тіл ұғымын қалай түсінесіз?

2. Қазақстандық дипломатиялық ресми іс қағаздарының ұлттық тілде ресімделу үрдісі қалай?

3. Дипломатиялық арнайы терминдер мен сөз орамдарына түсініктеме беріңіз?

4. Дипломатиялық құжаттың белгіленген мазмұнын нақты ашудың мәні қандай?

5. Толыққанды дипломатиялық құжаттардың тілдік және стилистикалық құрылымына қойылатын таптарды атаңыз?

Өзіндік жұмыс тақырыбы:

1. Дипломатиялық терминдерді жинақтау және сараптау.

2. «Қазақ және орыс тілдерінде дипломатиялық іс жүргізу» сөздік-анықтамалығы бойынша дипломатиялық сөз орамдарына жан-жақты талқылау жасау.

1

Қазақ және орыс тілдерінде дипломатиялық іс жүргізу/Қ.К.Тоқаевтың жалпы ред. – Астана, 2004. –3 б.

2

Ковалев Ан. Азбука дипломатии. –М.,1993. – С.136.

Дипломатиялық құжаттама. Оқу құралы

Подняться наверх