Читать книгу Аймақтық экономиканы басқару - Қарлығаш Мұхтарова - Страница 1

КІРІСПЕ

Оглавление

Республикамыздың әрбір аймағы еліміздің шаруашылық кешенінде белгілі бір орынды ала отырып, осыған қоса басқа аймақтармен бүтіндей экономикалық бірлікті құрайды. Сондай-ақ әр аймақтың өзіндік табиғи ресурстары, оларды орналастырудағы ерекшеліктері, экономикалық даму деңгейі, өзіндік шаруашылық құрылымы бар. Осыған орай, аймақтық саясат қалыптастырылып, жүзеге асырылады. Аймақтық саясатты жүзеге асыруда мемлекеттік басқару мәселесі ерекше маңызға ие болады.

Нарықтық экономика жағдайында экономикалық әлеуетті дамыту мен орналастыру және халықты таратып орналастыру мәселелері, негізінен, нарықтық тетіктер арқылы айқындалады. Сонымен қатар мемлекет елдің орнықты экономикалық дамуы, халықтың қолайлы тыныс-тіршілігі және бар ресурстық әлеуетті ұтымды пайдалану үшін жүйелі жағдайды қамтамасыз етеді. Тиісінше мемлекеттің аймақтық даму үдерістерін реттеудегі міндеттері де өзгереді.

Бүкіл әлемде мемлекеттік басқару тиімділігін көтеру міндеті үлкен мәнге ие болуда. Бірақ барлық мемлекеттер қолдану үшін оңтайлы болып табылатын әмбебап үлгі жоқ, әрбір мемлекет тарихи дамуының белгілі бір кезеңінде өзінің ұлттық ерекшеліктеріне сай келетін ыңғайлы үлгіні жасақтауы тиіс. Мұның барлығы да өз еліміздің және шет мемлекеттердің даму тәжірибелерін тереңірек талдау, ой елегінен өткізу міндеттерін жүктейді. Қазіргі кезеңде негізгі шаруашылық қызметтің аймақтарда жүзеге асырылатындығын ескерсек, оларға әлеуметтік-экономикалық мәселелерді өздігінен шешуге лайықты қаржылық дербестіктің берілуі маңызды болып табылады. Осыған байланысты бүгінгі таңда мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіліктерді ажырату, бюджетаралық қатынастарды реттеу мәселелері ел аймақтарының экономикалық өсуіне мүмкіндік беретін негізгі шарттар ретінде қарастырылуда. Бұл аталып өткен мәселелер ұсынылып отырған оқу құралында қарастырылып отыр.

Нарықтық қатынастар аясының кеңеюі, экономиканы басқару жүйесіндегі соңғы уақытта жүргізіліп жатқан өзгерістер аймақтардың әлеуметтік-экономикалық жүйедегі орны мен рөліне айтарлықтай ықпалын тигізді. Сол себептен аймақ экономикасын басқару, олардың дамуын мемлекет тарапынан реттеу мәселелері өзекті бола түсері сөзсіз.

Аймақ экономикасының ұтымды ұйымдастырылуы мен нәтижелі басқарылуы оның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің шарты болып табылады. Аймақтың бәсекеге қабілеттілігі ондағы халыққа тұрақты және тиімді жұмыс орындарын құратын өнеркәсіптерді құру және іске қосу үшін аймақтың (табиғи, шикізат, еңбек, инфрақұрылым) әлеуетін қолдану дәрежесімен және тиімділігімен анықталады. Сондықтан аймақ дамуын мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаты – аймақтардың тұрақты экономикалық өсуіне мүмкіндіктер жасау негізінде бүкіл республика экономикасының өркендеуіне жол ашу болып табылады. Көздеген мақсатқа жету мемлекеттік және аймақтық мүдделердің бірлігін, олардың ұштастырылуын көздейді.

Оқу құралында аймақтық дамудың екі басты мәселесіне назар аударылады. Біріншіден, аймақтың әлеуметтік-экономикалық кешенінің қалыптасуы және қызмет етуі. Екіншіден, жаңа жағдайлардағы аймақтық басқару мәселелері.

Аталған мәселелерді меңгеру аймақтық дамуға тарихи, табиғи-ресурстық, этникалық, экологиялық, саяси, сонымен қатар аймақішілік және аймақаралық байланыстарға әсер ететін құбылыстар мен барлық факторларды аймақтық тұрғыдан талдауды білдіреді.

Ұсынылып отырған оқу құралының мақсаты – студенттерге, магистранттарға аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерін, аймақтық саясаттың жасақталу барысын, оның жүзеге асу бағыттарын, аймақтардың дамуын мемлекеттік реттеудің әдіс-тәсілдерін, аймақ экономикасын басқарудың бүгінгі күнгі өзекті мәселелерін оқыту. Осыған орай, оқу құралында аймақтардың қазіргі кезеңдегі даму ерекшеліктеріне, аймақтық саясатты жүзеге асырудың экономикалық механизмдеріне, аймақ экономикасының дамуын болжау мен жоспарлауға басты назар аударылды.

Аймақтық экономиканы басқару

Подняться наверх