Читать книгу Аймақтық экономиканы басқару - Қарлығаш Мұхтарова - Страница 5
2. АЙМАҚТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫ БАСҚАРУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Оглавление2.1. Аймақтық экономика ілімінің эволюциясы
Аймақтық экономика көптеген теориялық ілімдермен үйлесіп экономикалық ілімдер жүйесінде орнықты орнын тапты. Айталық, оның эволюциясын және қазіргі құрылымдық теориясын түсіну үшін жалпы экономикалық теорияның, теориялық географияны және де басқа пәнаралық теориялардың әсерін талдап, бағалау қажет. Сонымен, аймақтық теорияның негізін қалаушылардың батыс елдерінде жарияланған алғашқы көзқарастарына көңіл бөлейік.
Аймақтық теорияның бағыттары әр елде әртүрлі басымдылыққа ие болады. Ең белгілі, беделді ғылыми мектептер Германия, Швеция, Ұлыбритания, АҚШ және Францияда қалыптасты. Германияда дәстүрлі ең көп көңіл бөлінген орналастыру теориясы (Й.Г. фон Тюнен, В. Лаунхардт, А. Вебер, А. Предель, А. Леш, Р. Гроц және басқалар); аймақтық өсу мәселесін зерттеген (Х. Зиберг) және аумақтық дамуды зерттеу (В. Кристаллер және А. Леш) көбінесе тек басқа ұлттық мектептердің өкілдерінің идеясын дамытып, жалғастырды.
XX ғасырдың бірінші жартысында аймақтанушы ғалымдар өндірісті орналастыру теориясымен қарқынды шұғылданды, Швецияда 1920-1930 жылдары ең әйгілі, танымалы Т. Паландердің еңбегі болды. Кейіннен Г. Мюрдаль аймақтық өсудің базалық үлгісінің бірін құрды. Шведтік аймақтанушы ғалымдар арасынан Т. Хэгерстрандты атауға болады, оның орны орналастыру ретіндегі даму теориясында да, сонымен қатар аумақтық дамуды реттеуде де ерекше мәнге ие.
Британдық мектеп аймақтық теорияның барлық бағытын зерттеумен ерекшеленеді (А. Смит, Х. Ричардсон, С. Деннисон, Э. Робинсон, Г. Камерон және бірнеше басқа ғалымдар). Олардың теориялары америкалық мектептің теориясына ұқсас. Америкалық мектептің өкілдері өндірісті орналастыру теориясына (Х. Хотеллинг, М. Сторпер, Р. Уолкер), сонымен қатар аймақтық өсу теориясына (Дж. Фридман, Э. Таафе), аумақтық дамудың мемлекеттік реттеу теориясына (Э. Гувер) басымды үлестерін қосқан.
Француз экономистерінің аймақтық экономика теориясындағы «өсу полюстері» және «даму осі» (Ф. Перру, Ж-Р. Будвиль, П. Потье) тұжырымдамалары аймақтық ғылымның даму бағытына қосқан үлестері болып табылады.
Жалпы, аймақтық экономика ілімінің эволюциясын экономикалық кеңістіктік теориясы, өндірісті орналастыру теориясы, аймақтық өсу теориялары, мемлекеттік реттеу теориялары, аймақтық мамандану теориялары, өсу полюстері теориясы, жаңа енгізулер диффузиясы теориясы деп бөлуге болады (2-кесте).
Экономикалық теорияның классиктері А. Смит пен Д. Рикардоның теорияларына жүгінетін болсақ, А. Смит абсолютті артықшылық тұжырымдамасын, Д. Рикардо соның негізінде салыстырмалы артықшылық теориясын ұсынды. Абсолютті артықшылық теориясы негізінде әр аймақ немесе аумақ өз мүмкіндіктеріне қарай басқаларына қарағанда тиімді болатын өнімді шығаруға мамандануы тиіс және сол тауарды сыртқа шығаруы керек.
Неміс ғалымы Й. Тюнен өндіріс шығындары мен кіріс көлеміне әсер ететін кеңістік факторына өндірісті мамандандыру байланысты екенін айтты. Й. Тюнен алғашқылардың бірі болып өндіріс тауарларын орналастырудың объективті заңдылықтарының барлығын көрсеткен (оның бірінші еңбегі 1826 жылы жарық көрді). Й. Тюнен ауылшаруашылық өнімдерін өткізу және өндірістік тауарды жеткізу нарығына арналған орналастыру моделін, мамандандыру және қалаға дейінгі аралыққа байланысты ауылшаруашылығын жүргізу тәсілдерін таңдауды ұсынды.
2-кесте
Аймақтық экономика ілімінің эволюциясы
Тюнен моделінде орналастырудың негізгі факторы ретінде көлік шығындары көрсетілген.
В. Лаунхардттың аймақтық штандорт теориясында көлік факторы шешуші деп саналады. Ол өндірісті орналастыру үшін орынды дұрыс таңдау, шикізатты, көмекші материалдарды және даяр өнімдерді жеткізудегі көліктік шығындарды минимизациялауды негіздеген.
В. Кристаллер айтып өткендей, кеңістік факторларының ішінен басты рөлді орналастыру объектісі емес, орналастыру нүктесі алады. Осылардың негізінде ол орталық орындар және периферия теориясын ұсынды. Бұл теория бойынша халық шаруашылығының аумақтық құрылымын қалыптастыруда басты қаланы айқындау қажет.
А. Вебердің өндірісті орналастыру теориясы бойынша өндіріс орнын орналастыру үш фактормен байланысты болу керек:
– көлік шығындары;
– жұмыс күшіне шығындар;
– агломерация.
Аумақта өндірісті орналастырудың екі қағидасы анықталған:
Біріншіден, кәсіпорындарды орналастыруда оңтайлы шешім қабылдау үшін макроэкономикалық бағыт негізіндегі әдістемелік схема жасау.
Екіншіден, кәсіпорындарға минималды шығын жұмсау үшін басты критерий оның орналасуында.
Аймақтардың өндірістік мамандануының және аймақаралық сауданың теориялық қағидалары ресми түрде халықаралық экономикалық қатынастар теориясында енгізілген еді. Осы орайда, А. Смит, Д. Рикардо және шведтік экономистер Э. Хекшер, Б. Олинды осы саладағы еңбектері үшін атап өткен жөн. СмитРикардо және Хекшер-Олиннің халықаралық теорияға енгізген негізгі постулаттары аймақаралық қатынастарда болып табылады. Нобель сыйлығының лауреаты Б. Олиннің негізгі еңбегінде («Аймақаралық және халықаралық сауда», 1933 ж.) осы екі ұғымның ұқсастығын және айырмашылықтарын ажыратқан.
Халықаралық (аймақаралық) сауда – әрбір қатысушыға пайда табудың тәсілі. А. Смиттің айтуы бойынша, халықаралық еңбек бөлінісін кез келген мемлекет абсолютті мүмкіндіктерге ие бола отырып жүзеге асырған жөн, бұл жерде аймақтық деңгейді де атап өтуге болады. Әр мемлекет, аймақ абсолютті мүмкіндігі бар тауарды өндіруге және сатуға маманданғаны дұрыс деп есептеген.
Салыстырмалы абсолютті теория негізіндегі шведтік ғалымдар Хекшер-Олин теориясы бойынша аймақтар өндірісте шығыны аз және өндірістік факторлары арзан болатын тауарлар шығаруға мамандануы керек.
Бұл теорияға сәйкес халықаралық аймақаралық еңбек бөлінісі теориясы өзара алмастыратын факторларды қарастыра отырып енгізілген. Олардың теорияларының негізгі тұжырымдары келесідей:
• мемлекет (аймақ) өзіне қажет тапшы өндіріс факторларын енгізіп, интенсивті қолданылатын тапшы емес өнімді нарыққа шығару;
• халықаралық (аймақаралық) саудада белгілі шарттарға сәйкес факторлы бағаларды бірқалыпты ету тенденциясы орындалады;
• тауарларды енгізу және шығару өндірістік факторлардың орын алмасуымен байланысты.
2.2. Аймақтық экономика теорияларының дамуының заманауи бағыттары
Өсу полюстері – Франсуа Перру теориясында кездесетін термин. Бұл концепцияны алғаш рет 1950 жылы француз экономисі «шығын-өндіріс» экономикалық-матрицалық модель (салааралық байланыстар талдауы) ретінде ұсынды. Өсу полюстері теориясы дүниежүзінің көптеген елдерінде дамудың аймақтық бағдарламаларына негізделеді.
Өсу полюстері теориясы көбіне Н.Н. Колосовскийдің өндірістік-аумақтық кешендер теориясымен сәйкес келеді. Бұл теорияның негізін жаңа тауарлар мен қызметтерді жасайтын көшбасшы салалардың экономика құрылымындағы рөлі құрайды. Көшбасшы салалардың кәсіпорындары орналасқан орталықтар өндіріс факторларының тартылу полюстері бола отырып олардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді. Мұнда экономикалық өсу полюстерін қалыптастырумен негізделетін кәсіпорынның аумақтық шоғырлануы пайда болады.
Өсу полюстері проблемалы, яғни дамуы жағынан артта қалған аймақтардағы экономикалық қызметті белсендіру мақсатында құрылып, өсу полюстеріне үйлесімді түрде жаңа инвестициялар бағытталады. Сонымен, жаңадан жасалған өндірістердің үнемділікті қамтамасыз етуге мүмкіндігі болады.
Өсу полюстері теориясында «экономикалық даму» ұғымына келесідей анықтама беріледі: бұл жаңа салалардың өсуімен болатын құрылымдық өзгерістер.
Жаңа салалар экономикалық даму күшіне ие. Бұл салалар – дамуды қоршаған ортаға тарататын өсу полюстері болып табылады.
Өсу полюстері теориясының күшті жағы ол дамуды таратудың негізгі теориясы ретінде танылады. Оның негізінде Ф. Перру ашқан доминирлеу әсері жатыр.
70-жылдардың ортасында өсу полюстері теориясы қатты сынға алынды, өйткені дамыған елдерде оны қолданған кезде оның артта қалған аудандарға пайдалану тиімсіз екені анықталды. Өсу полюстерінің классикалық мысалы ретінде инвестициялар тарту мен нашар игерілген орталық аудандардың экономикалық дамуы үшін тұрғызылатын дамушы елдердің жаңа астаналары бола алады.
Дегенмен осы теорияны қолдана отырып, тиімді нәтижеге қол жеткізген елдер баршылық. Атап айтқанда, жаңа индустрияландыру елдерінде – Оңтүстік Корея, Тайвань, Сингапур, Малайзия, Гонконг, сонымен қатар еркін экономикалық аймақтар құрған ҚХР-да жақсы нәтижеге жетті.
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясында өсу полюстері теориясына сәйкес міндеттер айқындалды. Осыған байланысты аймақаралық теңсіздіктерді жоюдың қалыптасқан жоспарлау әдістеріне қарағанда экономикалық әлеуетті ұтымды аумақтық ұйымдастыру, табиғи, экономикалық және еңбек ресурстарын, географиялық жағдайды тиімді пайдалану үшін жағдай жасау міндеті басты орынға шықты. Демек, аймақтарды біркелкі дамыту тұжырымдамасына қарағанда полярлық дамыту тұжырымдамасы маңыздырақ бола түседі. Оның мәні – аймақтық және жаһандық нарықтарға кіріктірілген әрі елдің қалған барлық аймақтары, ал болашақта бүкіл Орталық Азия аумағы үшін «локомотивтер» рөлін атқаратын неғұрлым серпінді дамып келе жатқан қалаларды немесе аймақтарды өсу полюстеріне айналдыру. Осыған орай, аймақтарда экономикалық белсенділікті шоғырландыратын және бәсекеге қабілетті аймақтық кластерлерді қалыптастырудың катализаторы болатын әрі аймақтардың ұлттық және сыртқы нарықтарға шығуын қамтамасыз ететін ұлттық және облыстық деңгейдегі тірек қалаларды дамыту мәселесі қойылды.
Аумақтық даму стратегиясы аясындағы аймақтық саясаттың негізгі басымдығы ретінде анықталған өсу полюстерін қалыптастыру мәселесіне орай жүзеге асырылуы керек іс-шаралар кестеде көрсетілген.
3-кесте
Аумақтық даму стратегиясы аясында аймақты басқарудың негізгі басымдықтары
Белгіленген іс-шараларды іске асыру басқа әкімшілік аумақтық бірліктердің аумақтарын қамтуды көздейді, бұл, бір жағынан, оларды дамыту үшін түрткі болады, ал екінші жағынан, шараларды іске асыруды үйлестіру, аралас аймақтарда бірлескен ісшаралар жүргізу (кооперациялық жобалар) қажеттігін негіздейді.
Ел аймақтарының аумақтық-шаруашылық жүйелерінің даму перспективалары бәсекеге қабілетті өндірістердің болуына ғана емес, ашық нарықтағы ағындар мен алмасуларды тиімді басқаратын, аймақтың барлық түйінді (табиғи, қаржы, адами және басқалары) ресурстарын ұтымды желілік жүйелерге байланыстыратын және өздерін сыртқы нарықтарға белсенді ұстанымдайтын бәсекеге қабілетті орталық тораптарды – тірек қалаларды қалыптастыруға да тәуелді.
Бақылау сұрақтары:
1. Аймақтық экономика ілімінің қандай беделді мектептері бар және олардың өкілдері кімдер?
2. Аймақтық экономика ілімінің эволюциясына қандай сипаттама бересіз?
3. Өндірісті орналастырудың қандай теориялары бар?
4. Й. Тюненнің ауылшаруашылығы штандорт теориясының мәні неде?
5. Хекшер-Олин теориясының мәні неде?
6. А. Вебердің өндірісті орналастыру теориясының мәні неде?
7. Аймақтық экономика ілімінің жаңа кезеңде дамуының қандай бағыттары бар? Қазақстанда өсу полюстері теориясын қолдана отырып аймақтарды дамыту бағыты қандай?