Читать книгу Аймақтық экономиканы басқару - Қарлығаш Мұхтарова - Страница 6

3. АЙМАҚ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖҮРГІЗУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ ОБЪЕКТІСІ РЕТІНДЕ
3.1. Аймақтық еңбек бөлінісінің түрлері және деңгейлері

Оглавление

Аймақты шаруашылық жүргізу және басқару объектісі ретінде түсіну үшін оның ерекшеліктері мен басқарудың басқа да объектілерінен айырмашылығын анықтап, экономикалық өмірдің мұндай құбылысын қоғамдық еңбек бөлінісі ретінде қарастыру керек.

Жалпы, еңбек бөлінісі әлемдік, қоғамдық және аумақтық болып бөлінеді. Әр елдің аймақтық, экономикалық әлуетінің рөлі мен мәнін тереңірек түсіну үшін, сонымен бірге басқа басқару объектілеріне қарағанда оның экономикалық өміріндегі қоғамдық еңбекті бөлу құбылысына көңіл аудару аса маңызды. Ол арнайы өндіріс түрлеріндегі адамның оқшауланған іс-әрекетінің жеке адамға, өндіріске, аумаққа, елге бекітілген өндіріс түрлері мен қоғамның өндіргіш күштерінің даму шарттарын білдіреді. Әлемдік тәжірибе қоғамдық өндірістің кемелдену деңгейі қоғамдық еңбекті бөлу деңгейімен анықталатынын растайды.

Еңбектің аумақтық бөлінісі қоғамдық еңбек бөлінісінің түрлері мен нысандарында ерекше орын алады. Бұл үдерістің мәні мен оның қоғамдық ұдайы өндірістегі рөлі қоғамдық еңбек жиынтығының әр алуан түрлерін бөлудің өзара байланысты және өзара қатынас сипатын қарастырған кезде толығырақ ашыла түседі.

Кез келген қоғамдық-экономикалық формацияның тауарлы шаруашылық жағдайында қоғамдық еңбек жиынтығы қажеттілікке сай жекелеген іс-әрекет түрлеріне және оның қосалқы түрлеріне, сфераларға бөлінеді. Мұндай заңдылыққа алғаш рет К. Маркс пен Ф. Энгельс еңбектерінде ғылыми дәлелдеме берілген. Еңбектің аумақтық бөліну үдерісін К. Маркс «елдің белгілі бір аудандарына белгілі бір өндіріс саласын» бекіту деп қарастырған. Дегенмен осы үдерісті тереңірек зерттеген көптеген оқымыстылар бұл өзара байланыстылықты әртүрлі түсіндіреді. Мәселен, аймақтанушы Н.Н. Баранский қоғамдық еңбек бөлінісінің жалпы, жеке және бірыңғай түрлерімен өзара байланысын ұсына отырып, еңбектің аумақтық бөлінісін қоғамдық еңбек бөлінісінің экономикалық заңдылықтарын ерекше кеңістікте көрсету деп ұйғарған. Профессор И.С. Судеревский еңбектің аумақтық бөлінісі еңбек бөлінісінің тек жалпы және жеке даму үдерісін көрсететін аумақтық астары десе, П.М. Алампиев, В.Е. Комаров, В.М. Москвич және басқалар еңбектің аумақтық бөлінісін тек жеке еңбек бөлінісінің бір түрі ретінде қарастырады.

Қоғамдық еңбек бөлінісіне тән сипаттамалары:

• адам қажеттіліктерінің көптүрлілігі және олардың бірыңғай технологиялық үдеріс негізінде қанағаттандыра алмау мүмкіндігінен туындаған адам еңбектері түрлерінің көп түрлілігі;

• адам қызметінің қандай да бір өнімінің ұдайы өндірісінің жеке бөліктеріне шаруашылық қызмет субъектілерінің мамандандырылуы, олардың еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, ғылым және техника жетістіктерінің бөлінген еңбек телімдеріне жоғары шоғырлануын қажетті етіп жасайды;

• еңбектің бөлінген түрлері арасындағы экономикалық өзара байланысының әр түрлі нысандары арқылы қандай да бір өнімнің ұдайы өндірісін бірыңғай технологиялық үдеріске түйістіретін еңбектің бөлінген түрлерінің кооперациясы.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қоғамдық өндірістің жетілу деңгейі қоғамдық еңбек бөлінісі деңгейімен анықталынады. Қоғамдық еңбек бөлінісі екі негізгі нысанда болады: аумақтық және салалық.

Аумақтық еңбек бөлінісі – бұл белгілі бір аумақта өндірістің жеке салаларының бекітілімі. Оның табиғи негізі әртүрлі аймақтардың табиғи, климаттық және экономикалық жағдайлары болып табылады. Еңбек бөлінісінің бұл нысанының экономикалық негізі аймақтағы жоғарыда аталған факторлардың ерекше әдістеріне қарай әртүрлі аумақтарда игіліктерді дайындаудың біркелкі емес пайдалылығы болып табылады.

Салалық еңбек бөлінісі – бұл жеке салалардың (принципиалды бірыңғай технологиялы топтарды пайдалану негізінде әртүрлі игіліктерді дайындау) және өндірістің (шамалы ұқсас технологиялар негізінде бірыңғай функционалды мақсаттағы игіліктерді дайындау) бар болуы.

Еңбекті бөлу үдерісінде кездесетін қарама-қайшылықтар да жоқ емес, мәселен, олардың бірқатарына тоқталып өтсек:

• аймақтарда табиғат ресурстарының орналасуы мен оның салалық құрылымының арасындағы;

• халықтың аумақта орналасу ерекшелігі мен жаңа жұмыс орындарының географиялық орналасуындағы;

• аймақтың салалық мамандануы мен оның аймақтық жүйе ретіндегі кешенді дамуының қажеттілігі арасындағы;

• ұлттық табыстың аумақтық өндірісі мен оның географиялық пайдаланылуы арасындағы;

• салалардың экономикалық мүдделері мен аймақтардың әлеуметтік талаптарының арасындағы қарама-қайшылықтар.

Еңбектің аумақтық бөлінуі екі жақты болып келеді – шаруашылықтың мамандануы және маманданушы аумақтар арасында экономикалық байланыстардың даму дәрежесі. Осылайша, еңбектің аумақтық бөлінісі белгілі бір салаға маманданған ауданды қалыптастырудың негізгі элементі болып табылады. Осы еңбек бөлінісіндегі экономикалық аудандастыру туралы ғылымды аймақтанушы ғалым Н.Н. Колосовский төрт негізгі топқа бөліп көрсетеді:

• теориялық: экономикалық аудандастырудың ғылыми негіздері мен заңдылықтары;

• тарихи: экономикалық аудандастырудың тарихын оқыту және ғылыми ойлардың сол мемлекетте (біздің жағдайымызда Қазақстанда) дамуы;

• әдістемелік: зерттелетін объектінің ғылыми әдістерін (тәсілдерін) жасақтау;

• қолданбалы: экономикалық аудандастыру теориясының тәжірибеде қолданылуы.

Сонымен, ол экономикалық аудандастыруды кеңістіктегі экономикалық жүйелердің қалыптасу үдерісін ашу, ал бұл жүйелерді оқып білудің мақсаты елдің өндіргіш күштерін аумақтық ұйымдастыруда ең жоғары тиімділікке қол жеткізу деп түсіндіреді. Осылайша, еңбектің аумақтық бөлінісі өндірістің жекелеген салаларының белгілі бір аумақтарға бекітілуін білдіреді. Оның ерекшелігі табиғи, климаттық, экономикалық (географиялық орналасуы, жұмыс күшінің саны мен сапасы, шаруашылықтың қалыптасу тарихы) жағдайлары болып табылады.

Нарықтық экономикаға көшуге байланысты қоғамдық өндірістің дамуының аумақтық факторларын күшейтпейінше, интенсивті экономикалық өсуге қол жетпейтіні белгілі. Сол себепті еңбекті аумақтық және салалық бөлу қағидаларының мынадай басты бағыттарға негізделуі керек:

• салалық өндірісті аумақтың шикізат, энергия және еңбек ресурстарына жақындастыру негізінде өндірістік күштерді орналастыру;

• экономикалық мақсатқа лайық салалық өндіріс сфералары қарым-қатынасы тиімді болуы үшін өндірісті тұтынушыға жақын орналастыру;

• аймақты мамандандыру және олардың алдында тұрған әлеуметтік мәселелерді шешудің материалдық негізі ретінде өндірісті және оның жеке салаларын аумақтарға шоғырландыру;

• аймаққа (қалада, ауданда, ауылда) шикізатты дайын өнімге дейін жеткізетін өндірісті комбинациялау.

Сонымен, еңбекті аумақтық бөлу оның салалық ерекшелігін қосқанда аймақ өндірісінің кеңістікте оқшауланған механизмі ғана емес, қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыратын қуатты фактор болып табылады

Аймақтық экономиканы басқару

Подняться наверх