Читать книгу Аймақтық экономиканы басқару - Қарлығаш Мұхтарова - Страница 4
1. АЙМАҚТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫ БАСҚАРУ ПӘНІ
1.3. Аймақтық экономиканы басқару пәні және онын негізгі әдістері
ОглавлениеАймақтық экономиканың пәнін анықтаудың түрлі әдістері бар және аймақтық ғылымның пәнін анықтауға қарағанда күрделірек болып табылады. Біріншіден, аймақтық экономика үшін басты назарда тұрған мәселелерді атап өтуге болады:
• жекелеген аймақтың экономикасы;
• аймақтардың арасындағы экономикалық байланыстар;
• аймақтық жүйелер (ұлттық экономика өзара әрекеттесетін аймақтар жүйесі ретінде);
• өндіргіш күштерді орналастыру;
• экономикалық өмірдің аймақтық аспектілері.
Шын мәнінде, аталған мәселелер аймақтық экономиканы зерттеудегі негізгі сұрақтар болып табылады. Аймақтық экономиканың пәнін осылайша анықтауға да болады, бірақ бұл тізім толық болмауы мүмкін, өйткені дамумен байланысты жаңа мәселелер үнемі туындап отырады.
Аймақтық экономиканы анықтаудың тағы бір тәсілі оның зерттейтін пәні – кеңістіктік дамудың өзіндік ерекшеліктерін айқындау болып табылады. Бұл ерекшеліктер үш негізгі анықтамада шоғырландырылған.
1. Аймақтық экономика экономика ғылымының саласы ретінде экономикалық заңдарға сүйене отырып, елдің аймақтық жүйесі, әрбір аймақтағы өндіргіш күштер, әлеуметтік үдерістердің қалыптасуы мен дамуына себеп болатын экономикалық және әлеуметтік факторлар мен құбылыстарды зерттейді. Өндіргіш күштерді ұтымды орналастыру аймақтық экономиканың негізі, басты құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Аймақтық экономиканың пәні өндіргіш күштердің әлеуметтік-экономикалық, аймақтық орналасуын және экономика салаларының дамуын, аймақтардың маңызды табиғи-географиялық, демографиялық және экологиялық ерекшеліктерін, сонымен қатар аймақаралық, аймақішілік экономикалық байланыстарын зерттеу болып табылады.
2. Америкалық зерттеуші У. Айзард мәселелердің басқа тобын көрсетеді: аймақта тиімді дамуы мүмкін ерекше салаларды немесе олардың топтарын зерттеу; аймақтағы халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту; аймақтық шаруашылықты әртараптандыру мәселелері; шектеулі ресурстарды тиімді қолдану. Осыған сәйкес У. Айзард келесідей мәселелерді бөліп көрсетеді:
• адамның іс-әрекеті белгілі бір кеңістікте жүзеге асырылады, осыған орай, ресурстар, нарықтар, өндіріс өнімдері белгілі бір орындарда орналасады;
• ресурстар, оларды өндіру мен тұтыну кеңістікте біркелкі орналаспаған, сондай-ақ бірқатар ресурстардың орналасуы тұтас, жинақы емес, соған байланысты факторлар мен даму жағдайларының кеңістіктік саралануын (дифференциациясын) туындатады;
• ресурстар шектеулі және көптеген мақсатта қолданылады, басқаша айтқанда, шектеулі ресурстарды бөлу мен тиімді пайдалану мәселесі орын алады.
Мұндай жағдайда аймақтық экономиканың пәні, біріншіден, әлеуметтік-экономикалық дамудың кеңістіктік саралануының экономикалық аспектілері, екіншіден, ресурстардың біркелкі бөлінбеуі мен шектеулілігі жағдайында аумақтардың өзара қарымқатынасы болып табылады.
Бұл анықтама зерттелетін құбылыстың барлық жақтарын бірдей бейнелей алмайды, атап айтқанда, аймақтық саясатты қалыптастыру тәрізді аймақтық экономиканың маңызды аспектісін.
3. Экономика ғылымының саласы ретіндегі аймақтық экономиканың анықтамасы оның тәжірибелік мәселелерді шешуге бағытталғандығын айқындайды, сонымен қатар ол мәселелерді талдауды ғана емес, сондай-ақ сол мәселелерді шешудің жолдары мен әдістерін жасауды да қамтиды.
Сондықтан кең мағынада аймақтық экономиканың пәні аталған кеңістіктік мәселелерді зерттеу, оларды шешудің жолдары мен механизмдерін анықтау, сондай-ақ ұсынылған шешімдерді жүзеге асырудың салдарларын бағалау болып табылады.
Сонымен, аймақтық экономика – экономикалық өмірдің кеңістікпен байланысты аспектілеріне ерекше көңіл бөлетін аумақтық дамудың экономикасы.
Аймақтағы мәселелерді зерттеу қазіргі таңда бірқатар факторлар арқылы анықталады. Оған:
• көлікпен байланысты фактор, аумақтағы тауар мен ресурстарды тасымалдауға кеткен шығынмен анықталады;
• өндіріс пен халықтың аумақта бірлесіп орналасуынан туындайтын агломерациялық әсерлердің болуы;
• өндіріс факторларының тұтас, жинақы орналасуының шектеулілігі және кейбір факторлардың жергілікті болуы, яғни белгілі аумақта орналасуы;
• еркін бәсеке механизмдерінің шектеулілігі сияқты факторлар жатады.
Кеңістіктік дамудың дәл осы ерекшеліктері аймақтық экономиканың жалпы экономикалық теориядан айырмашылығын көрсететін ерекше зерттеу пәнін анықтайды.
Аймақтық экономиканы зерттеу барысында ғылыми әдістердің кешені қолданылады. Олардың ішіндегі ең негізгісі баланстық әдіс болып табылады. Ол барлық аймақтағы тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында сол аймақтың жетекші саласын дамыта отырып, барлық аймақтың экономикалықәлеуметтік жағдайын тең дәрежеде ұстауды білдіреді. Сонымен бірге баланс аймақаралық және аймақішілік ұтымды байланысты сақтау үшін қолданылады. Аймақтық баланстар құру аймақтың кешенді даму деңгейін, оның дамуындағы сәйкессіздіктерді (диспропорцияларды) анықтауға мүмкіндік береді.
Аймақтық экономиканы зерттеудің ерекше әдісі картографиялық әдіс болып табылады. Карта аймақтағы объектіні тек зерттеу ғана емес, сол аймақтың өндірістік күшін анықтаудағы ақпаратты беретін негізгі көз болып табылады. Аймақтың және экономика салаларының дамуын көрсететін статистикалық материалдарды алуда карта, картограмма схемасы, картодиаграмма қолданылады.
Жүйелік талдау ғылыми-зерттеудің бір әдісі, яғни мақсаттан бастап, оның негізгі міндеттерін, ғылыми гипотезасын зерттей отырып, өндірістің ең тиімді орнын анықтаудағы оңтайлы нұсқаны көрсетеді. Бұл әдісте мәселелерді, шаруашылық құрылымын және ішкі қарым-қатынастарды кешенді зерттеу, олардың өзара әрекеттерін зерттеумен толықтырылып соңғы қорытынды тікелей және кері байланыстарды біріктіру негізінде алынады. Жүйелік талдау кезеңділік қағидасын қолданушы жан-жақты талдау болып табылады.
Өндіргіш күштердің орналасуы мен аймақтардың экономикалық даму мәселелері күрделене түскен сайын, салалық және аумақтық байланыстарды басқару да күрделене түседі. Сондықтан маңызды мәселелерді қамтитын экономикалықматематикалық моделдерді әзірлеу және қолдану қажеттілігі туындайды. Аумақтық экономикалық үдерістерді экономикалықматематикалық моделдеудің негізгі бағыттарын келесідей бөлуге болады:
1) елдің экономикалық дамуындағы аумақтық сәйкестікті модельдеу;
2) шаруашылық салалары бойынша орналастыруды модельдеу;
3) аймақтардағы шаруашылық кешендерді қалыптастыруды модельдеу.
Математикалық аппараттардың терең өңделуіне қарамастан, ұзақ мерзімді салдарлар ескерілмей қалуда. Сондықтан аймақтық экономикада статистикалық әдіс, яғни стратегиялық мәліметтер негізінде индекстерді есептеу, корреляциялық талдау, сонымен қатар таңдап зерттеу әдісі қолданылады. Барлық ғылыми әдістер бір-бірімен тығыз байланысты және олар бірін-бірі толықтырады.
Аймақтық экономиканың негізгі және дәстүрлі әдістерінің бірі – сол нақты аймақтың әлеуметтік және экономикалық дамуында қол жеткізген деңгейі мен беталыстарын, сондай-ақ өндіргіш күштерінің орналасуын талдау. Талдауда аймақтың табиғиресурстық, әлеуметтік, экономикалық әлуеті, геосаяси жағдайы қарастырылады, ал олар аймақтардың даму ерекшеліктері мен жекелеген аумақтарда өндіргіш күштердің орналасуын ескеруге мүмкіндік береді.
Аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне жүргізілген талдау аумақтық еңбек бөлінісіне аймақтың қатысу ерекшелігін ашуда, аймақтың шаруашылық кешенін дамуын жетілдіруге әсер ететін кемшіліктер мен үйлесімсіздіктерді айқындауда, көлік-экономикалық байланыстарын бағалауда маңызы зор.
Бақылау сұрақтары:
1. Аймақтық ғылым нені зерттейді?
2. Қоғамның дамуындағы кеңістіктік фактордың маңызы қандай?
3. Аймақтық экономиканың пәні не болып табылады?
4. Аймақ дегеніміз не және ол қалай анықталады? Аймақтың ұлттық экономикадан айырмашылығы неде?
5. Аудан ұғымына қандай анықтама беруге болады және оның аймақтан өзгешелігі бар ма?
6. Экономиканы кеңістіктік ұйымдастырудың мәні неде?
7. Аймақтық экономиканы зерттеудің қандай әдістері бар?