Читать книгу Аймақтық экономиканы басқару - Қарлығаш Мұхтарова - Страница 3
1. АЙМАҚТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫ БАСҚАРУ ПӘНІ
1.2. Аймақтық экономиканың негізгі ұғымдары
ОглавлениеЗаманауи аймақтық зерттеулердің және бағыттардың көптүрлілігіне орай отандық және шетелдік ғылыми әдебиеттерде аймақ ұғымының түрлі анықтамалары беріледі.
Аймақ деп көлеміне қарамастан мемлекет ішіндегі белгілі бір аумақ, мемлекет немесе мемлекеттердің орналасқан аумағы аталуы мүмкін. Экономикалық әдебиеттерде көбінесе аймақтың екі ұғымы орын алады: «аймақ» және «аудан». Көп жағдайларда бұл ұғымдарының айырмашылығы жоқ деген тұжырым келтіріледі. Көптеген авторлар аймақ ұғымы астарында географиялық жағдайларымен және табиғи-ресурстық мамандануымен ерекшеленетін мемлекеттің халық шаруашылығы кешенінің белгілі бір бөлігін түсіндіреді. Бұл аудандар өндірістік-техникалық, экономикалық қарым-қатынастарда салыстырмалы тұрғыда тұйықталған болып табылады. Басқа авторлар тобы аймақ ұғымымен мемлекеттің әкімшілік бөліну бірліктерін (өлке, облыс, қала) айқындайды.
Шетелдік аймақтанушы ғалымдар «аймақ» ұғымын өздерінің көзқарастарымен түсіндіреді. «Аймақ» және «аудан» ұғымдарын айқындаудағы түрлі көзқарастарды қарастыра отырып, америкалық профессорлар П. Джеймс және Дж. Мартин өздерінің күрделі зерттеулерінде «аймақ» ұғымына бірқатар біртектілігімен ерекшеленетін, бірақ нақты шекарасы болмайтын аумақтың біртұтас телімі деген анықтама береді. Сондай-ақ бұл ұғым құрлықтың басты бөліктерін құрайтын үлкен аумақтарын белгілеу үшін де жиі қолданылады. Бірақ мұнда қолданылатын географтардың кәсіби тіліндегі «аймақ» немесе «аудан» сөзі белгілі бір біртектілігімен сипатталатын, осы аумақтарды ерекшелеу үшін негіз болатын және ерекше болып табылатын әртүрлі көлемдегі аумақтарға қатысты қолданылады.
Бірқатар америкалық ғалымдардың еңбектерінде, «аудан» ұғымының әртүрлі анықтамалары кездеседі. Гарвард университетінің профессоры Грае былай деп атап көрсетеді: «Біз мемлекетті анықтай аламыз. Оның ұйымы, шекарасы және атауы болады. Оның жазылған тарихы бар. Бірақ аудан дегеніміз не? Әрине, бұл саяси және әкімшілік бірлік емес. Біз тек оны көршілерден ерекшелеу үшін жеткілікті сипатты белгілермен ерекшеленетін аумақ деп қана айта аламыз».
Чикаго университетінің профессоры В. Джонстың түсінігінде аудан дегеніміз – өзінің ішінде бір немесе бірнеше тұрғыдан қарастырғанда біртектілік байқалатын аумақ.
Профессор Вуфтер аудан мен аймақ ұғымдарының мәнін ашуда жан-жақты еңбек етіп, мынадай анықтама береді: аудан дегеніміз – шекарасында табиғи және экономикалық факторлардың үйлесуі экономикалық, әлеуметтік құрылымның біркелкілігін туындатқан аумақ».
Э. Куклинскидің пікірінше, аймақтық даму, аймақтық мәселелер ұзақ уақыт бойы материалдық тұрғыдан қарастырылды. Фабрика және жолдар сияқты жаңа физикалық объектілердің құрылысы сол аймақтың дамуына ең маңызды үлес қосады деген тұжырым басым болды. Оның пайымдауы бойынша, қазіргі кезеңде аймақтардың дамуының материалдық емес жағы барынша маңызды болып табылады. Білімге және инновацияға бағытталған аймақтық даму тұжырымдамасын ғылыми аяда ғана емес, сондайақ тәжірибелік тұрғыдан ұстанатын мемлекеттер саны барған сайын өсе түсуде. Осыған орай, Э. Куклинский аймақтарды бәсекелестік күштер үстемдік ететін кеңістіктік экономикалық жүйенің құрамдас бөлігі ретінде қарастырады.
«Аймақ» ұғымына заманауи экономикалық, географиялық әдебиеттерде көп назар аударылады. «Аймақ» ұғымын қалыптастыру үшін барынша жиі қолданылатын шарттар:
– географиялық (орналасуы, аумақ көлемі және халық саны);
– өндірістік-функционалдық (басымды қызмет түрінің ерекшелігі);
– қала құрылысы (өндірістік қызмет, тұрғын үй және қызмет көрсету объектілерінің салыну сипаты);
– әлеуметтану (қарым-қатынас, тәртіп нормалары).
Шарттардың мұндай әртүрлілігі бір анықтамада аймақтың мәнін толықтай ашуға мүмкіндік бермейді. Өйткені осы шарттар арқылы аймақты анықтайтын болсақ, ол бір мезгілде ұлттық шаруашылықты аумақтық ұйымдастыру, таратып орналастыру жүйесінің элементі және қоғамды әлеуметтік ұйымдастыру элементі ретінде де қарастырылуы керек.
Аймақ – өзінің құрылымы, функциялары, сыртқы ортамен байланысы, тарихы, мәдениеті, халықтың өмір сүру жағдайлары бар біртұтас жүйе. Ол әлеуметтік-экономикалық жүйе ретінде 5-қосымша жүйенің жиынтығымен сипатталады:
– жүйені құрайтын база;
– жүйені қамтамасыз ететін кешен;
– экология;
– халық;
– нарық инфрақұрылымы.
Көрсетілген қосымша жүйелердің өзара байланысы мен өзара әрекетін қамтамасыз ететін, оларды біртұтас әлеуметтік-экономикалық жүйеге біріктіретін негізгі фактор – адамдардың қызметі болып табылады. Адам – әрбір қосымша жүйенің органикалық бөлігі. Ол өз алдына табиғат бөлігін, ұлттық шаруашылықтың өндіргіш күштерінің негізгі компонентін және халық бөлігін білдіреді, себебі басқа адамдармен байланыс және қарым-қатынас арқылы дербес әлеуметтік-аумақтық қауымды құрайды.
Сонымен, тұжырымдайтын болсақ, аймақ – бұл басқа аумақтардан бірқатар белгілерімен ерекшеленетін және біршама тұтастыққа ие белгілі бір аумақ. Ол кешенділігімен, тұтастығымен, мамандануымен және басқарылатындығымен, яғни басқарудың саяси-әкімшілік органдарының бар болуымен сипатталатын әкімшілік шекарасы бар аумақ.
Аймақтар тұтас заң жүйесімен, бірыңғай ақша және инстиуционалдық жүйемен шектелген ұлттық экономиканы құрайды. Кез келген ұлттық экономика көптеген әр түрлі тәсілдердің көмегімен аймақтарға бөлінеді. Бірақ жүйенің өзіндік қасиеттерінен туындайтын бірқатар шектеулер бар. Ондай шектеулердің бірі кеңістіктік бөлудің үздіксіздігі, өйткені ұлттық экономиканы бөлгенде әрбір аумақ қандай да бір аймақтың құрамына енуі тиіс. Егер бұл шарт орындалмаса, онда экономика мен оның жекелеген бөліктерін біріктіру арасындағы өзара байланысты талдау мүмкін болмайды. Шектеудің келесі түрі талдаудың табиғатына тәуелді. Осыған байланысты талдау үшін алынған аймақтардың санына қатысты мәселе туындайды. Мысалға, ұлттық жоспарлау үшін аймақтар санының аз болғаны тиімді.
Экономикалық жүйені кеңістіктік бөлудің маңызды тәсілі – әкімшілік-аумақтық бөлу. Бұл тәсілмен бөлгенде елдің қалыптасқан мемлекеттік аумақтық құрылысы негізінде жіктеу жүзеге асырылады. Елдердегі аймақтық бөлу – Конституциялық бекітілген сол сияқты тарихи қалыптасқан дәстүрлер немесе арнайы қойылған міндеттер негізінде де жүргізіледі.
Әкімшілік-аумақтық бірліктер – бұл мемлекеттік басқарудың объектісі болып табылатын, шекарасы мен мәртебесі әкімшілік тәсілмен бекітілген аймақтар. Қазақстан Республикасының әкімшшік-аумақтық құрылысы туралы заңына сәйкес аймақ – республиканың бірнеше елді мекендері енгізілетін, оның мүддесі үшін құрылатын және басқарылатын республика аумағының бір бөлігі. Республикалық әкімшілік-аумақтық құрылыстың негізгі буындары ретінде облыс, аудан және ауылдық (селолық) округ аймақтар болып табылады.
Келесі кестеден Қазақстан аймақтарының негізгі сипаттамаларын көруге болады.
1-кесте
Қазақстан аймақтарының негізгі сипаттамалары
Қазақстан Республикасында 14 облыс, 173 әкімшілік аудан және 2346 ауылдық округ пен 7194 ауыл, 157 кент түріндегі елді мекендер бар.