Читать книгу Аймақтық экономиканы басқару - Қарлығаш Мұхтарова - Страница 2

1. АЙМАҚТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫ БАСҚАРУ ПӘНІ
1.1. Аймақтық ғылым және ондағы аймақтық экономиканың орны

Оглавление

Қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуы әрқашан да белгілі бір аумақпен байланысты болып келеді әрі оның дамуындағы аймақтық мәселелерді зерттеу қоғамды зерттеу сияқты үлкен маңызға ие. Қоғамның аймақтық дамуын география, демография, әлеуметтану, этнография сияқты ғылымның көптеген салалары зерттейді, бірақ аймақтарды, олардың даму заңдылықтары мен өзара қарым-қатынасын зерттейтін ерекше ғылым, ол аймақтық ғылым немесе аймақтану болып табылады.

«Аймақтық ғылым» термині белгілі бір аумақтағы шаруашылық қатынастардың күрделене түсуіне және көптеген аймақтық мәселелерді шешудегі тәжірибенің жинақталуына байланысты XX ғасырдың 40-жылдарының соңына таман зерттеулердің ерекше саласына айналды. Аймақтық ғылымның дербес ғылым ретінде бөлініп шығуының негізгі себебі дәстүрлі әлеуметтік ғылыммен шешімін таппаған бұрын-соңды болған және жаңадан пайда болған аумақтық даму аспектілеріне байланысты көптеген әлеуметтік мәселелердің орын алуымен түсіндіріледі.

Аймақтық ғылымның дербес ғылым ретінде қарастырыла бастағанына көп уақыт өткеніне қарамастан бұл саланың пәнінің көптеген анықтамасы бар. Аймақтық ғылым пәнінің анықтамалары бір-біріне қайшы келмегенімен, әрқайсысы қоғамның кеңістіктік дамуындағы белгілі бір аспектілеріне ерекше мән береді.

Әдебиеттерде қолданылатын аймақтық ғылым пәнінің анықтамаларының негізгі ерекшеліктерін атап өтейік.

Аймақтық ғылым – бұл аймақтар туралы ғылым, аймақ ретінде осы ғылым арқылы шешімін табатын кеңістік ареалы қарастырылады. Аймақтық ғылымның объектілері ретінде қарастырылатын аймақтар бір-бірінен көлемі бойынша әртүрлі бола алады. Олар жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған жаңа экономикалық салалардың немесе инвестициялардың тартылуына байланысты мәселелер туындаған кішігірім аумақтық бірлестіктер немесе қалалар болуы мүмкін. Сол сияқты көлік ағындарын ұтымды ету немесе қоршаған ортаның ластануын бақылаумен байланысты ірі агломерацияларды зерттеуді де аймақтық талдаудың пәні ретінде атап өтуге болады.

Аймақтық ғылым үшін аймақтар жүйесі психологиялық, институтционалдық және де басқа көптеген факторларға негізделген саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени құбылыстардан тұратын «тірі организм» болып табылады.

Аймақтық ғылым кеңістіктік құрылымдарды көптеген ішкі және сыртқы өзара байланыстардың күрделі жүйесі ретінде қарастыра отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық аспектілерін өзінің зерттеу пәніне енгізеді. Экономикалық мәселелер болса, аймақтық жүйенің басқа да жақтарымен тығыз байланыста және өзара тәуелділікте бола отырып, кеңістіктік дамудың маңызды аспектілерінің бірі болып табылады.

Аймақтардың өзара қарым-қатынастары, даму мәселелерімен айналысатын экономикалық ғылым оларды нақты екі түрге бөледі:

– біріншісі, аймақтардың дамуымен айналысатын халықаралық экономика, оның құрамына бір немесе бірнеше мемлекет кіреді, қарастырылып отырған аймақтағы мемлекеттер айырбасқа түсетін тауарлар ағымын жүргізіп, халықаралық сауда сипатына ие болады;

– екіншісі, мемлекеттің ішіндегі аймақтардың дамуымен айналысады және мемлекет ішіндегі тауар ағымы мен айырбасты жүргізіп, аймақаралық сауда сипатына ие болады.

Халықаралық экономика мемлекеттік құрылым болып табылатын аймақтарды, яғни мемлекеттерді қарастыратын болса, ал аймақтық экономика мемлекеттік құрылым болып табылмайтын аймақтарды, демек, мемлекет ішіндегі аймақтарды қарастырады.

Аймақтық экономика зерттейтін аймақтардың арасында сауда кедергілері болмайды:

– бірыңғай ақша валютасын қолданады;

– құқықтық және институтционалдық құрылымы бірыңғай жүйеде орналасқан;

– еркін сауданың бірыңғай ұлттық зонасында орналасқан;

– бір кеден аумағында орналасқан;

– бірыңғай ұлттық еңбек және капитал нарығында орналасқан.

Сонымен, аймақтық экономика кеңістіктік дамудың экономикалық аспкетілермен байланысты аймақтық ғылымның салаларының бірі болып табылады. Бірақ әлеуметтік-экономикалық үдерістердің күрделілігі мен өзара байланыстылығына орай, сонымен қатар экономикалық субъектілердің іс-әрекетін анықтайтын экономикалық емес факторлардың кеңістіктік дамуға айтарлықтай ықпал етуімен байланысты аймақтық экономиканың пәні болып табылатын мәселелердің ерекше кешенін зерттеу аймақтық ғылымға қарағанда оңайға түспейді.

Аймақтық ғылымның ерекше саласы бола отырып, аймақтық экономика – экономика ғылымының өндіріс салалары мен кәсіпорындарды ел аумағының жекелеген аймақтарына ұтымды орналастыруды, өнімді өткізу аймақтарын қалыптастыруды көздейтін бөлімі. Ол материалдық және еңбек ресурстарын тиімді пайдалануды, экономиканы басқару мен шаруашылықты дамытуды, салааралық мамандандырылған шаруашылық түрлерін өрістетуге жағдай жасауды, аймақтағы өндірістік салаларды жетілдіруді зерттейді.

Аймақтық экономика өндіргіш күштерді дамыту мен орналастырудың кең ауқымды мәселелерін қарастырады, ірі өндірістік кешендерді құруға жол ашады. Ол үшін аймақтың энергетикалық, минералды-шикізат, материалдық-техникалық базасы зерттеледі, өндіргіш күштердің дамуына табиғи ортаның, экологияның бұзылмауы негізге алынады.

Аймақтық экономиканы басқару

Подняться наверх