Читать книгу Фирмалар қаржысы - Баян Купешова - Страница 10

3. ФИРМАНЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ КАПИТАЛЫНЫҢ ҚҰРАМЫ МЕН ҚҰНЫН ТАЛДАУ
3.4. Өнiм өткiзудeн түскeн тaбыс

Оглавление

Табыстың экономикалық мәні бүгінгі экономикалық теорияның ең бірінші күрделі және жан-жақты ұғымдарының бірі болып табылады. Экономикалық көзқарас бойынша табыс дегеніміз – бұл ақша шығыстары мен кірістерінің айырмасы. Шаруашылық тұрғыдан қарастыратын болсақ, табыс бұл кәсіпорынның есепті кезеңінің басындағы және соңындағы мүліктік жағдайының айырмасы болып табылады. Бұл жерде табыс ұғымы кәсіпорынның өзінің қаржылық-шаруашылық қызметінен алатын алуан түрлі табыстарының шығындар көлемінен басым болатын жағдайын білдіреді [10].

Табыстарды қалыптастыру сұрақтарын қарастырған кезде «түсім», «табыс», «пайда», «таза пайда» деген негізгі ұғымдардың айырмашылықтарына тоқталу қажет. Яғни осы көрсеткіштердің қайсысы сомалы мағынада аз немесе көп және қайсысы қайсысынан шығатынын қарастыру керек. Негізінен, түсім өнімді өткізу, қызмет көрсету нәтижесінде қалыптасады. Қазақстан Республикасындағы нормативті көздерде пайда анықтамасы жоқ, тек қана барлық жерде табыс, таза табыс, салық салынатын табыс және т.б. ұғымдардың анықтамаларын байқаймыз.

Табыс түсінігін түбегейлі қарастыру үшін түсім деген экономикалық категорияны қарастырған жөн. Экономикалық әдебиеттерде өткізуден түскен түсімнің жоспарлы сомасы келесідей формуламен анықталады:

Вр = О1 + Втп – О2.

Мұндағы О1 – жоспарлы жылдың басындағы өткізілмей қалған өнімдердің өткізу құны бойынша қалдықтары; Втп – жоспарлы жылдағы өткізу құны бойынша тауарлы өнім; О2 – жоспарлы жылдың соңындағы өткізілмей қалған өнімдердің өткізу құны бойынша қалдықтар.

Алдыңғы тақырыпта шығындардың жоспарлы сомасы (толық өзіндік құны) осыған ұқсас формуламен анықталды:

Зр = О1 + ТП – О2 + С.

Мұндағы О1 – жоспарлы жылдың басындағы өткізілмей қалған өнімдердің өндірістік өзіндік құны бойынша қалдықтары; ТП – жоспарлы жылдағы өткізу құны бойынша тауарлы өнім; О2 – жоспарлы жылдың соңындағы өткізілмей қалған өнімдердің өндірістік өзіндік құны бойынша қалдықтар; С – өндірістен тыс шығыстар.

Бірінші формуладағы көрсеткіштер өткізу құны бойынша, ал екінші формуладағы көрсеткіштер өзіндік құны бойынша есептелгенін байқауға болады. Баға мен өзіндік құнның айырмашылығы пайданы беретіні белгілі. Осыдан пайданы есептеудің келесі формуласы шығады:

Пр=Вр-Зр

Пр = П1 + Птп – П2.

Мұндағы П1 – жоспарлы жылдың басындағы өткізілмей қалған өнім қалдықтарындағы пайда; Птп – жоспарлы жылдағы тауарлы өнімдегі пайда; П2 – жоспарлы жылдың соңындағы өткізілмей қалған өнім қалдықтарындағы пайда.

Табыстар – қаржымен тығыз байланысты күрделі экономикалық категория. Табыс – бұл шығын құралдарымен байланысты (оларды жүзеге асыру уақытына байланыссыз) белгілі бір жұмыстың нәтижесі. Табыс өндірістік, коммерциялық, делдалдық және басқа да мақсаттарға бағытталған қызмет нәтижесі болып табылады. Сонымен қатар жаңадан қызмет және өнім шығарылғанда бөлу кезеңінде пайда болады. Табыстар аралық сипатта болуы мүмкін. Яғни өзінің қалыптасуынан кейін жаңа бөлу кезеңіне қадам жасайды немесе айырбастау (ақырғы табысты жинақтауға және тұтынуға қолданылатын табыс деп түсінеміз) деген жаңа өндірістік кезеңге өту кезінде ақырғы табыс ретінде қызмет етуі мүмкін. Табыстың аралық сипаты бір шаруашылық субъектісінің табысы басқа шаруашылық жүргізуші субъектісінің шығыстары есебінен қалыптасқан кезде көрінеді. Мысалы, кәсіпкерлік сектордың табысқа салынатын салық төленген шығыстары мемлекеттің табысы немесе мемлекеттің әлеуметтік мақсаттарға арналған шығыстары жеке топ халықтың табысы болып табылады [11].

Нарықтық экономикада кәсіпорын табысының рөлі оның атқаратын функцияларымен анықталады. Экономикалық нарықтық қатынастардың маңызды категориясы ретінде табыс бірқатар маңызды функцияларды атқарады.

Біріншіден, табыс – кәсіпорын қызметінің тиімділігін білдіретін көрсеткіш. Басқаша айтар болсақ, кәсіпорынның табыстылығы деген деректің өзі оның қызметінің тиімділігінің айғағы болып табылады. Алайда бұл көрсеткіш кәсіпорын иелері мен кредиторлары үшін нақты бір қолайлы жағдайдың дәлелі бола ала ма? Әрине, жоқ, себебі кәсіпорынға кез келген бір табыс қажет емес, оның барлық мүдделі тұлғалардың (кәсіпорын иелерінің, қызметкерлердің, кредиторлардың) қажеттіліктерін қанағаттандырарлық мөлшері қажет. Табыс мөлшері көптеген факторлармен анықталады, олардың кейбіреулері кәсіпорынның өзіне байланысты болса, кейбіреулері кәсіпорынның қолынан келмейтін шаралар болып табылады.

Екіншіден, табыс ынталандырушы қызмет атқарады. Кәсіпорындардың қорытынды қаржылық-экономикалық нәтижесі бола отырып, табыс нарықтық шаруашылық өмірде шешуші рөл атқарады. Табыс «кәсіпорындардың басты мақсаты» деген дәрежеге ие екенін білеміз. Бұл шаруашылық субъектілерінің экономикалық әрекеттерінің алғышарты, ал ол әрекеттердің игіліктерге ұласуы табыстың мөлшеріне, сонымен қатар ұлттық экономикада қалыптасқан оны үлестіру тәртіптеріне (соның ішінде салық салу жүйесіне де) байланысты.

Табыс – меншікті капитал өсімінің бірден-бір көзі. Нарықтық қатынастар жағдайларында акционерлер мен қаржы менеджерлері, кәсіпорын қарамағында қалатын табыс мөлшеріне икемделе отырып, кәсіпорынның даму перспективаларына сәйкес дивидендтік және инвестициялық саясаттар бойынша шешімдер қабылдайды.

Нарықтық экономикада табыс өндірістік активтердің және өндірілетін өнімнің қозғаушы күші болып табылады.

Тағы да айта кететін жағдай, табыс – кәсіпорын жұмысшыларының әлеуметтік игіліктерінің көзі. Салықтарды, дивидендтерді және басқа да бірінші кезектегі төлемдерді өтегеннен кейін кәсіпорын қарамағында қалатын табыс жұмысшыларға материалдық жәрдемақы төлеуге, оларға әлеуметтік жеңілдіктер жасауға, әлеуметтік сала объектілерін қаржыландыруға жұмсалады.

Үшіншіден, табыс мемлекеттік бюджет қаражаттарының қалыптасу көзі болып табылады. Табыс мемлекеттік бюджет қазынасына салықтар түрінде, сондай-ақ экономикалық санкциялар түрінде түседі. Бұл қаражаттар, өз кезегінде, бюджеттің шығыстық баптарымен қарастырылған және заңды түрде бекітілген мақсаттарына бағытталады [12].

Сонымен, кәсіпорынның табысы – оның экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі факторы. Бұл қорытынды кәсіпкерлік қызметтің түпкі мақсатынан келіп туындайды. Қазіргі замандағы батыстық экономика ғалымдары кәсіпорындардың мақсаттарын келесідей тәртіппен тұжырымдайды:

– акционерлік меншікті арттыру;

– табысты арттыру;

– басқарушылық сыйақыларды арттыру;

– әлеуметтік жауапкершілікті арттыру.

Қаржыны басқарудың бүгінгі теориясы бизнестің ең бірінші кезектегі мақсаты – кәсіпорын акционерлерінің материалдық мүдделерін арттыру болып табылады деген тұжырымға негізделген. Яғни кәсіпорындар өздерінің қарапайым акцияларының биржалық құнын арттыруы тиіс. Кәсіпорынның басқа мақсаттары да оның экономикалық саясатына өз әсерін тигізетіні сөзсіз, алайда олар алғашқымен салыстырғанда маңыздылығы төмен болып саналады.

Кәсіпорын мақсаттарын осылай саралау батыстық экономика үшін әбден ақылға қонымды. Табысты арттыру аз ғана уақытты қамтитын қысқа мерзімді міндет болып табылады, ал акционерлік меншікті арттыру – ұзақ мерзімді мақсат [13].

Табыс – бұл есептік кезеңінде активтердің көбеюі немесе міндеттемелердің азаюы.

Субъектінің негізгі және негізгі емес қызметтен түскен табыстар оның жиынтық табысын құрайды. Табыс түскен немесе алынуға тиісті өткізу құнымен бағаланады. Өткізу құны субъект пен сатып алушының немесе активті қолданушының арасындағы келісіммен анықталады. Субъект қызметінде сондай бірдей мәмілелер немесе жағдайлардан болған табыс бір уақытта түскен деп саналады.

Табыс келесідей шарттарды орындаған кезде мойындалады:

− табыс сомасы үлкен сенімді дәрежемен бағаланады;

− мәмілемен байланысты экономикалық пайдаларды субъект алу ықтималдығының бар болуы.

Тауарларды өткізуден түскен табыс жоғарыдағы және төмендегі шарттарды орындаған кезде мойындалады:

− субъектімен сатып алушыға меншіктік құқығын беру;

− мәміле бойынша нақты және болжанған шығыстарды бағалау үлкен сенімді дәрежемен жүргізіледі.

Егер сатушы меншік иесінің міндеттері мен құқықтарын сақтаса, мәміле жүзеге асырылмайды және табыс мойындалмайды.

Табыстар аралық төлемдер және сатып алушыдан алынған аванс негізінде мойындалмайды.

Басқа субъектілермен активтерді қолдану табыстарды төмендегідей түрде қамтамасыз етеді:

− пайыздар – субъектінің ақша қаражаттарын қолданғаны үшін оған берілетін төлем;

− роялти – субъектінің ұзақ мерзімді активтерін пайдаланғаны үшін төлем;

− дивидендтер – жарғылық капиталда қатысу бөлігіне сәйкес акционерлер арасында таза табысты бөлу.

Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес «жылдық жиынтық табыс», «мүліктік табыс», «салық салынатын табыс» деген түсініктер бар.

Жылдық жиынтық табыс салықтық кезеңнің ішінде алынуға жататын табыстардан тұрады. Жылдық жиынтық табыс – заңды және жеке тұлғаның жыл бойы түрлі көздерден алған табысы.

Фирмалар қаржысы

Подняться наверх