Читать книгу Фирмалар қаржысы - Баян Купешова - Страница 5

2. ФИРМАНЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕБІН ТАЛДАУ НЕГІЗДЕРІ
2.3. Қаржылық жағдайды талдау әдістері

Оглавление

Қаржылық талдаудың тәжірибесі қаржылық есепті оқудың негізгі ережелерін қалыптастырады. Олардың ішінен алты негізгі әдісті бөліп қарастыруға болады:

1. Көлденең талдау.

2. Тікелей талдау.

3. Трендтік талдау.

4. Салыстырмалы талдау.

5. Факторлық талдау.

6. Қаржылық коэффициенттер әдісі.

Көлденең (уақытша) талдау – есеп берудің әрбір позициясын өткен кезеңімен салыстыру. Ол өткен кезеңдігімен салыстырғандағы бухгалтерлік есептің түрлі баптарының абсолюттік және салыстырмалы ауытқуларын анықтауға мүмкіндік береді.

Тікелей (құрылымдық) талдау – әрбір есеп позициясының жалпы нәтижеге тигізетін әсерін айқындай отырып, қорытынды қаржылық көрсеткіштердің құрылымын анықтау. Ол жалпы баланс немесе оның бөлімдері бойынша қорытынды көрсеткіштегі жеке баптардың үлес салмағын анықтауға мүмкіндік береді.

Тікелей және көлденең талдаулар бірін-бірі толықтырып отырады. Сондықтан да есептік бухгалтерлік үлгі құрылымы секілді оның жеке көрсеткіштерінің динамикасын да сипаттайтын кестелерді жиі жасайды.

Трендтік талдау барлық көрсеткіштер 100 % деп алынатын базистік жыл деңгейінен, бірқатар жылдар көрсеткіштерінің салыстырмалы ауытқуын есептеуге негізделеді. Трендтің көмегімен болашақтағы көрсеткіштердің мүмкін болатын маңызы қалыптасады, ал одан кейін перспективті, болжамдық талдау жүргізіледі.

Қаржылық талдаудың нарықтық экономика жағдайындағы көбірек таралған әдісі әртүрлі қаржылық коэффициенттерді пайдалану болып табылады.

Коэффициенттер салыстырмалы шамалар болып табылады, оларды есептеу кезінде шамалардың біреуін бірлік ретінде алып, ал екіншісін бірлікке қатынасы ретінде көрсетеді. Қаржылық коэффициенттерді есептеу баланстың жеке баптарының арасында болатын өзара байланыстарға негізделген. Олар кәсіпорынның қаржылық жағдайын кезекті факторлық талдау үшін алғашқы база болып табылады және де олар талдау нәтижесінде талдау жүргізушіге жасырын құбылыстарды ашуға мүмкіндік беретін екі шаманың арасындағы өзара математикалық қатынастарды көрсетеді.

Шешімдер қабылдау үшін сәйкес коэффициенттерді талдаудың пайдалылығы оларды дұрыс түсіндіруге байланысты болады. Бұл – қатынастарды талдаудың ең қиын аспектісі, себебі ол осы қатынастардың қалыптасуының ішкі және сыртқы факторларын білуді талап етеді.

Қатынасты талдаудың рөлін асыра бағалаудың да қажеті жоқ, себебі олардың әмбебап мәні болмайды және диагностика үшін индикатор болып табылмайды. Әлдеқайда тереңдетілген талдау қатынас негізінде жасалған шешімдерді әрқашан қолдай бермейді, себебі олардың деңгейіне келесілер әсер етеді, жекелеген кәсіпорындардың ерекшеліктері орташа салалық мәліметтер. Сондай-ақ өткен жылдардағы нақты қол жеткізілген деңгейдің қолайсыз болуы немесе оның сол өткен жылдар жағдайы үшін қолайлы болып, бірақ қазіргі және болашақтағы жағдайлар талаптарына сәйкес келмеуі әсер етеді.

Қаржылық талдауды салыстырмалы көрсеткіштер негізінде жүргізудің шетелдік тәжірибесін механикалық түрде көшіріп алу көп жағдайда тиімсіз, себебі бұл жағдайда біздің кәсіпорындардың өз ерекшеліктеріне назар аударылмайды. Нәтижесінде бір көрсеткіштердің мүмкін болатын маңызы туралы берілген кеңестер кейбір кезде расталмайды.

Салыстырмалы (кеңістік) талдау – бұл фирмалардың, еншілес фирмалардың, бөлімшелердің және цехтардың жекелеген көрсеткіштері бойынша есебінің құрама көрсеткіштерін шаруашылық ішіндегі талдау, сондай-ақ берілген фирманың көрсеткіштерін орташа салалық және орташа жалпы экономикалық мәліметтері бар бәсекелес фирмалардың көрсеткіштерімен салыстырғандағы шаруашылық аралық талдау болып табылады.

Факторлық талдау – бұл жекелеген факторлардың қорытынды көрсеткішке тигізетін әсерін зерттеудің детерминдік (анықтау) немесе реттелмеген тәсілдері көмегімен талдау.

Жоғарыда көрсетілген әдістермен қатар қаржылық жағдайды талдауда экономикалық, сондай-ақ экономикалық және математикалық статистиканың дәстүрлі тәсілдері қолданылады. Белгілі бір экономикалық ғылым шегінде жасалған түрлі әдістер мен тәсілдерді іскерлікпен пайдалану кәсіпорынның қаржылық жағдайына терең талдау жасауға және шаруашылық субъектісінің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға, жағдайын жақсартуға байланысты ұсыныстарды дайындауға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, кәсіпорынның қаржы жағдайын бағалауда аудиторлық түрлі әдістер мен тәсілдерді қолдануға еркі бар. Оларды ұтымды пайдаланып, осы бағалауды жүргізудің дәйектілігіне байланысты дұрыс әдісті таңдай отырып, аудитор қаржылық жағдайға терең, жан-жақты әрі кешенді талдау жүргізе алады, сондай-ақ объективті және анық баға береді, қаржылық тұрақтылықтың нығаюы мен кәсіпорынның табыстылығының өсуі жөнінде ұсыныстар дайындайды.

Фирмалар қаржысы

Подняться наверх