Читать книгу Фирмалар қаржысы - Баян Купешова - Страница 3

2. ФИРМАНЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕБІН ТАЛДАУ НЕГІЗДЕРІ
2.1. Қаржылық жағдайдың мәні және оны бағалаудың мақсаты

Оглавление

Нарықтық қатынастар жағдайында кәсіпорынның қаржылық жағдайын бағалаудың маңызы өте зор. Бұл кәсіпорындардың тәуелсіздікке ие болуымен, сондай-ақ олардың меншік иелері, жұмысшылар, коммерциялық серіктестер және де басқа контрагенттер алдында өзінің өндірістік-кәсіпкерлік қызметінің нәтижелері үшін толық жауапкершілікте болуымен байланысты.

Кәсіпорынның қаржылық жағдайын бағалау жөніндегі сұрақтарды қарастырмас бұрын, «қаржылық жағдай» немесе «қаржылық жай-күй» дегеніміз не, соны анықтап алған жөн. Соңғы жылдары шығарылған арнайы әдебиеттерде бұл ұғым әртүрлі түсіндіріледі. Профессор А.Д. Шеремет «Кәсіпорынның қаржылық жағдайы қаржыны тарату, пайдалану және оны қалыптастыру көздерімен (меншіктік капитал және міндеттемелер, яғни пассивтер) сипатталады» деп жазған [2].

Профессор И.Т. Балабанов: «Шаруашылық субъектісінің қаржылық жағдайы – бұл оның қаржы бәсекелестік қабілеттілігінің сипаттамасын (яғни төлем қабілеттілігі, несие қабілеттілігі) қаржы ресурстары мен капиталды пайдалану, мемлекет алдында өз міндеттемелерін орындау. Шаруашылық субъектісінің қаржылық жағдайын бағалаудың келесі түрлерін жүргізеді: табыстылық пен рентабельділік; қаржылық тұрақтылық; несие қабілеттілігі; капиталды пайдалану; валюталық өзін-өзі өтеу», – деп жазды [3].

Жоғарыда берілген анықтамалар қарастырылып отырған ұғым мәнін жеткілікті дәрежеде ашпайды, бірақ олардың әрқайсысында бұл ұғымды дәлірек анықтауға мүмкіндік беретін ұтымды тұжырымдар бар. Бірқатар түрлі әдістермен есептелетін бірыңғай көрсеткіштерге қарағанда (мысалы, еңбек өнімділігі, қор қайтарымдылығы, өзіндік құн, жалпы табыс, тиімділік) қаржылық жағдай түрлі көрсеткіштерді есептеу нәтижесінде және олардың жалпы бағалауға тигізетін әсерін зерттеу негізінде анықталатыны анық. Қорыта келе, кәсіпорынның қаржылық жағдайы әлсіз және өмір сүру қабілеті жоқ кәсіпорындарға аяусыз қарайтын бәсекелі нарықтық экономика жағдайындағы кәсіпорынның сенімді болуын, тұрақтылығын және келешегі барлығын куәландыруы тиіс.

Сенімділік кәсіпорын жұмысының үздіксіздігін және оның төлеу қабілеттілігін көрсетеді. Осы берілген түсініктерге сүйене отырып, біз осындай тұжырымдамаға келеміз.

Кәсіпорынның қаржылық жағдайы осы кәсіпорынның белгілі бір кезеңдегі қаржылық тұрақтылығын және оның өз шаруашылық қызметін үздіксіз жүргізуі мен өзінің қарыз міндеттемелерін уақытында өтеуі үшін қаржы ресурстарымен қамтамасыз етілуін көрсетеді.

Ал кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы нені білдіреді? Бұл сұрақ та арнайы оқулықтарда түрліше түсіндіріледі. Кейбір авторлар қаржылық тұрақтылықты «өз қаражаттарын шебер пайдалану қабілеттілігі, жұмыс үрдісінде үздіксіздігін қамтамасыз ететін қаржының жеткілікті болуы» деп түсіндіреді. Қаржылық тұрақтылық – меншікті және қарыз қаражаттарының байланысы [3].

Бұл ұғымды А.Д. Шеремет пен Р.С. Сайфуллин өте ықшам түрде анықтайды. Олардың ойынша, «Қаржылық тұрақтылық – бұл әрдайым төлем қабілеттілігін кепілдендіретін кәсіпорынның белгілі бір шоттар жағдайы».

«Кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы – бұл тәуекелділіктің мүмкін болатын деңгейінде төлем қабілеттілігі мен несие қабілеттілігін сақтай отырып, табысты өсіру негізінде қаржыны тарату мен пайдалану арқылы кәсіпорынның дамуын көрсететін қаржы ресурсының жағдайы» [4].

Қаржылық жағдайды бағалауды қаржылық тұрақтылықтан бастаған жөн және оған мыналар жатады:

− кәсіпорын активтерінің құрылымдық және құрамдық динамикасын талдау;

− кәсіпорын активтерінің қалыптасу көздерінің құрамдық және құрылымдық динамикасын талдау;

− кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығының абсолюттік және салыстырмалы көрсеткіштерін талдау;

− баланс өтімділігін талдау;

− кәсіпорынның төлем қабілеттілігін және несие қабілеттілігін талдау.

Фирмалар қаржысы

Подняться наверх