Читать книгу Фирмалар қаржысы - Баян Купешова - Страница 4

2. ФИРМАНЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕБІН ТАЛДАУ НЕГІЗДЕРІ
2.2. Кәсіпорынның қаржылық жағдайын талдаудың ақпараттық негіздері

Оглавление

Кәсіпорынның қаржылық жағдайын талдаудың ақпараттық негізі қаржылық есеп беру болып табылады.

Қаржылық есеп беруге төмендегілер жатады:

1. Бухгалтерлік баланс (қаржылық жағдай туралы есеп).

2. Табыстар мен шығындар туралы есеп (жиынтық табыс туралы есеп).

3. Ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есеп.

4. Меншікті капиталдағы өзгерістер туралы есеп.

5. Түсіндірме жазбалар [5].

Қаржылық есеп беруге негізделген немесе қаржылық есептен алынған материалдармен толықтырылуы мүмкін және бұл материалдар солармен бірге оқылады. Түсіндірме хатта берілген субъектінің есеп, есеп берудің қандай саясатын ұстап отырғандығы және қаржылық есепті пайдаланушылардың талаптарына сай басқа да ақпараттар жазылуы тиіс. Мысалы, оған субъектіге әсер етуші тәуекел мен белгісіздік туралы, қаржылық есепте жазылған міндеттемелер түсініктерін жазуға болады. Нарықтағы географиялық сегменттер, сомалық ерекшеліктер, қызмет түрлері туралы ақпараттар, баға өзгерісінің әсері туралы мәлімдемелер және басқалары қосымша ақпарат ретінде қарастырылады.

Бухгалтерлік есеп – субъектілерді пайдаланушылардың қарауына ұсынатын қаржылық ақпаратының сипаты мен көлеміне байланысты. Пайдаланушылар әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, инвесторлар немесе несие берушілер әлде бірлесе отырып ісқызмет жүргізушілер. Әртүрлі экономикалық шешім қабылдауда олар субъектінің қаржылық және басқадай есептеріне сүйенеді.

Қаржылық ақпаратты пайдаланушылардың екі негізгі тобы бар:

− ішкі;

− сыртқы.

Сыртқы пайдаланушылар екі категорияға бөлінеді. Олар:

− кәсіпорын қызметіне тікелей қаржылық мүддесі бар;

− кәсіпорын қызметіне жанама қаржылық мүддесі бар.

Тікелей қаржылық мүддесі бар пайдаланушылар категориясына мыналар жатады:

− қазіргі және болуы ықтимал инвесторлар;

− қазіргі және болуы ықтимал кредиторлар;

− сатып алушылар.

Жанама қаржылық мүддесі бар пайдаланушылар категориясына кіретіндер:

− салық органдары;

− реттеуші органдары;

− статистикалық органдар;

− басқа топтар (аудиторлар, кеңесшілер, тұтынушылар топ тары, т.б.).

Қаржылық есеп беруді пайдаланушыларды жіктеу. «Қаржылық есеп беруді дайындау мен ұсынуға арналған тұжырымдамалық негізге» сәйкес қаржылық есеп беруді пайдаланушылар қатарына келесілер қосылады:

− берілген инвестицияларға байланысты тәуекелді көтеруші инвесторлар. Оларға акцияны сату, ұстай тұру немесе сату жайлы шешім қабылдауға және субъектінің дивидент төлеуге қабілетін бағалауға көмектесетін ақпарат керек болады;

− тиесілі несиелер мен пайыздар бола ма, олар уақытында төлене ме деп білгісі келетін қарыз берушілер;

− сатып алушылар. Оларға кәсіпорынның үздіксіз қызметі туралы, әсіресе олардың осы субъектіге ұзақ мерзімдік келісімдері туралы ақпарат қажет;

− қызметкерлер. Олар кәсіпорын қызметінің тұрақтылығы мен тиімділігі туралы ақпаратқа, сонымен қатар кәсіпорынның еңбек ақымен және басқа жеңілдіктермен, зейнетақымен, жалдау жөніндегі бұдан былайғы жұмыспен қамтамасыз ету қабілетін бағалау мүмкіндігін беретін ақпаратқа мүдделілік танытады;

− ресурстарды бөлу жайлы ақпарат алуға мүдделі мемлекеттік органдар. Сонымен қатар оларға кәсіпорынның ісәрекетін реттеу, салық салу саясатын белгілеу үшін және ұлттық табыс пен басқадай статистикалық мәліметтерді анықтауға негіз есебіндегі ақпарат қажет;

− көпшілік, өйткені субъектілер жергілікті экономикаға көптеген тәсілдермен елеулі үлес қосады, бұған халықтың еңбекпен қамтылуы мен жергілікті жабдықтаушылардың қолдауы да қатысты.

Қаржылық есеп беруді дайындау мен ұсыну үшін ұйым басшылығы қаржылық жағдай, оның нәтижелері мен қаржылық жағдайдағы өзгерістер жайлы ақпаратқа сүйене отырып, жауапкершілік көтереді.

Бухгалтерлік ақпараттық жүйе қаржылық және басқарушылық болып екіге бөлінеді. Қаржылық есепті сыртқы есеп деп, ал басқарушылық есепті ішкі есеп деп те атайды [6].

Ақпараттар жүйесі екі саладан тұрады:

1. Сыртқы пайдаланушылардың мүддесіне арналған ұйымдардың қаржылық қызметі жағдайын бағалауға қызмет ететін қаржылық есеп.

2. Ішкі пайдаланушылардың мүддесіне арналған ұйымдардың шаруашылық қызметін талдау мен бағалауға қызмет ететін басқарушылық қызмет.

Қаржылық есепте ұйымдардың қаржылық жағдайы жөніндегі мәліметтер жинақталып, жалпы бухгалтерлік есеп жүйесіндегі ақпараттардың белгілі бір бөлігін құрайды [7].

Қаржылық есеп өрісіндегі мәліметтер тиісті құжаттар мен тиісті шоттарда жинақталады. Американың дипломданған бухгалтерлік қоғамы институтының берген анықтамасында: «Қаржылық есеп ақшалай өлшеммен алғандағы ұйымдардың активтерін және осы активтер көздерін, сондай-ақ қаржылық қызмет бағытының өзгеруін және өзгеріске түсу фактілерінің есебін жүргізуге арналған», – делінген.

Сонымен, қаржылық есепте жинақталған ақпараттар сыртқы және ішкі пайдаланушыларға арналады. Көпшілік жағдайда қаржылық есеп ақпараттарын сыртқы тұлғалар кеңінен қолданады. Қаржылық есеп ақпараттарының көпшілігі коммерциялық құпияға жатады.

Басқарушылық есеп қаржылық есептің жалғасы ретінде өндірістік үрдіс ақпараттарын қалыптастыру мақсатына, мұның негізінде арнайы басқарушылық шешімдер қабылдауға арналған. Басқарушылық есеп өрісінде жинақталған, өңделген және жүйеленген ақпараттар іштей пайдалануға арналып, осы ұйымды басқарушылар, мұндағы ақпараттарды өндірістік үрдісті жоспарлауға, тексеру мен бағалауға, өндірістік қызметті талдауға, сондай-ақ қолда бар экономикалық ресурстардың тиімділігін арттыруға пайдаланылады. Басқарушылық есеп ақпараттары сыртқы тұлғалардың пайдалануына берілмейді және толығымен коммерциялық құпия болып саналады.

Қаржылық және басқарушылық есеп бірегей бухгалтерлік жүйесінің екі бөлігін құрайтын болғандықтан, бухгалтерлік және басқарушылық есеп өрісінде қолданылатын шоттар жоспары есептің екі түріне тән бірдей болып, ұйымдардың қозғалыстағы активті қаражаттарының есебі мен қозғалысы жағдайын жинақтауға арналған. Бухгалтерлік есептің қай түрі болмасын шоттардың динамикалық және статистикалық міндеттерін атқарады. Бухгалтерлік есептің статистикалық міндеттері қаржылық есептің мақсатын іске асыруға, ал ұйымдардың активті қаражаттарының қозғалысын бухгалтерлік есеп шоттарында көрсету динамикалық есепке тән басқарушылық есеп өрісінде жүргізіледі.

Қаржылық есеп кәсіпорындардың қаржылық қызметі жөніндегі ақпараттарды жіктеуге, қаржылық мәліметтерді жүйелеуге, талдауға және зерделеуге арналған. Сонымен қатар қаржылық есеп өрісінде дайындалатын қаржылық қорытынды есеп көрсеткіштері корпоративтік және инвестициялық деңгейде қолданылатын болғандықтан қаржылық ақпараттарды бағалау мен пайдалануға беру жағдайында бухгалтерлік есепке тән жалпы ережелер мен әдіснамалар, бағалау, т.б. шаралардың барлығы да сақталуы керек.

Сонымен, қаржылық есеп ұйымдардың қаржылық жағдайын толық және дәлме-дәл ашып көрсету мен түсіндіруге арналса, басқарушылық есеп ұйымдардың әкімшілігіне, бұлардың алға қойған мақсаттарын іске асыруға қызмет етеді.

Қазіргі кезде бізде қолданылып жүрген отандық қаржылық есеп негізі шамалары бойынша халықаралық есеп стандартының талаптарына сай келеді, себебі ҚР-да соңғы жылдары бухгалтерлік есепті халықаралық тәжірибеге бейімдей отырып реформалау үрдісі белсенді жүргізілді, ол, біріншіден, негізін құраушы нарықтық қатынастар болып табылатын жаңа экономикалық жүйенің қалыптасуымен, екіншіден, біздің еліміздің әлемдік экономикалық кеңістікке кіруімен байланысты.

ҚР-да бухгалтерлік есепті реформалау үрдісі барысында есеп беруді құру мақсаттарына жаңа көзқарастар пайда болды және оның бағыты өзгерді.

Қаржылық есеп негізінен өтелген жағдайлардың қаржылық нәтижелерін және де кәсіпорын үшін инвестициялық шешімдер, несие беру бойынша шешімдерді шешу үшін, сондай-ақ субъектінің болашақтағы ақша ағымдарын және осы субъектіге сеніп тапсырылған ресурстар мен басқарушы органдардың жұмыстарымен байланысты ресурстар мен міндеттемелерді бағалау үшін қажетті пайдалы ақпараттарды сипаттайды. Алайда қаржылық есеп қолданушыларға экономикалық шешімдерді қабылдау үшін қажетті барлық ақпараттарды қамтымайды. Қаржы есебін пайдаланушылар қабылдайтын экономикалық шешімдер субъектінің ақша қаражаттарын айналдыру мүмкіндігін бағалауды, сондай-ақ оларды айналдыру уақытын есептеуді және нәтижеге сенімді болуын талап етеді. Нәтижесінде субъектінің өз жұмысшыларына және жабдықтаушыларына ақы төлеу, пайызды төлеу, несиені қайтару және табысты тарату қабілетін анықтайды. Егер де қолданушылар тек қана субъектінің қаржылық жағдайын, қызметін және оның өткен есепті мерзімдегі қаржылық есебінің өзгерісін сипаттайтын ақпараттармен емес, сонымен қатар барлық қажетті ақпараттармен жабдықталған болса, онда олар, яғни қолданушылар ақша қаражаттарының айналдыру мүмкіндігін одан да жақсы бағалайды. Бірақ коммерциялық құпияны қорғау туралы заң қолданушылар алатын қаржылық ақпаратқа шек қояды, дегенмен олардың ішінде кейбіреулері (тіркеу органдары, ревизорлар, аудиторлар) өкілдігі болған жағдайда қаржылық есепте көрсетілген ақпараттарға қосымша ақпараттарды талап ете алады. Қолданушылардың көпшілігі қаржылық есепке қаржылық ақпараттың басты көзі ретінде сенуі тиіс. Кәсіпорынның қаржылық жағдайын бағалауда негізгі ақпарат көзі қызметін бухгалтерлік баланс атқарады.

Баланс есепті жылдың басындағы және соңындағы кәсіпорынның қаржылық жағдайын сипаттайды және маңызды қызметтер атқарады. Баланс ақпараттары негізінде сыртқы пайдаланушылар берілген кәсіпорынмен өзінің серіктесі ретінде жұмыс жүргізудің мақсатқа сәйкестігі және оның шарттары туралы шешімдер қабылдай алады, сонымен қатар өз салымдарының мүмкін болатын тәуекелділіктерін және берілген кәсіпорынның акцияларын иеленудің орындылығын, басқа шешімдерді бағалайды. Баланстың маңыздылығы соншалық, көп жағдайда қаржылық жағдайды талдауды баланстық талдау деп атайды. Бухгалтерлік баланс – қаржылық есептің негізгі түрі бола отырып, ол есепті кезеңдегі кәсіпорын мүлкінің құрамы мен құрылымын, қысқа мерзімді активтердің айналымдылығы мен өтімділігін, меншікті капитал мен міндеттеменің қолда барын, дебиторлық және кредиторлық борыштың динамикасы мен жағдайын және кәсіпорынның несие қабілеттілігі мен төлеу қабілеттілігін анықтауға мүмкіндік береді. Баланс көрсеткіштері кәсіпорынның капиталын орналастыру тиімділігін, оның ағымдағы және алдағы кезеңдегі шаруашылық қызметке жетуі, қарыз көздерінің көлемі мен құрылымын, сондай-ақ оларды ынталандыру тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Осылайша, бухгалтерлік балансты талдау үшін және кәсіпорынның қаржылық жағдайын бағалауда ақпараттың ең қажетті түрі болып табылады.

Баланстың актив бөлімінің құрылымына сай ерекшелік – баланс бөлімдері мен баптарының әр бөлім ішінде қатаң, белгілі бір дәйектілікпен орналасуы, яғни олардың өтімділік дәрежесіне байланысты мына принцип бойынша: өтімділік дәрежесі көп активтерден өтімділігі аз активтерге дейін, демек, басында баланстың өтімділігі жағынан жоғары бөлімдері мен баптары жазылады, содан кейін өтімділігінің төмендеу деңгейіне байланысты аз өтімді активтер жазылады. Осы принцип бойынша активтің қорытынды баптары ең өтімді айналым қаражаттары болып табылады.

Баланс пассивінің бөлімдері мен баптары төлем мерзімінің жеделдік дәрежесіне байланысты мынадай принципке сай құрылды: төлем мерзімінің жеделдігі көп бағыттарынан жеделдігі аз бағыттарға дейін.

ҚР-дағы бухгалтерлік есеп туралы заңды жасаушылар негіз ретінде батыс ғалымдарының еңбегін алып отыр. «Қаржылық есептің, субъектінің қаржылық жағдайын бағалаумен байланысқан негізгі элементтері – активтер, меншікті капитал және субъектінің міндеттемесі» болып табылатынын айта келе, олар қаржылық есептің бұл элементтеріне келесідей сипаттама береді:

«Активтер – бұл құндық бағасы бар кәсіпорынның мүлкі, мүліктік, жеке мүліктік емес иелігі және құқығы болып табылады. Міндеттеме – бұл тұлғаның (қарыз адамның) белгілі бір әрекетті басқа бір тұлғаның (несие берушінің) пайдасын жасайтын міндеті – мүлікті беру, жұмыс атқару, ақша төлеу және басқалар немесе белгілі бір іс-әрекеттен бас тарту, ал несие берушінің қарыз адамнан өзінің міндетін орындауын талап етуге құқығы бар.

Меншіктік капитал – бұл субъектінің өз міндеттемелерін шегеріп тастағаннан кейінгі активтері» [5].

Баланста ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді міндеттемелердің жиынтық сомасы анықталады. Баланста қысқа мерзімді активтер мен міндеттемелерді және олардың жиынтық сомасын анықтау қаржылық есепті пайдаланушыларды кәсіпорынның қаржылық жағдайын бағалауда және дәлелді басқарушылық шешімдер қабылдауда қажет болатын ақпараттармен қамтамасыз етеді.

Қаржылық есепті жасаудың әдістемелік нұсқаулары негізінде құрастырылған бухгалтерлік баланс көлденең түрде 1-кестеде көрсеткіштерден тұрады.

Балансты құрудың түрін таңдау (көлденең, яғни екі жақты немесе тікелей) шаруашылық субъектілерінің шексіз құқы болып табылады.


1-кесте

Бухгалтерлік баланс*


* Дүйсенбаев К.Ш., Төлегенов Э.Т., Жұмағалиева Ж.Г. Кәсіпорынның қаржылық жағдайын талдау: оқу құралы. – Алматы: Экономика, 2001 [8].


Тікелей түрде құрастырылған баланс 5 бөлімнен тұрады:

1. Қысқа мерзімді активтер.

2. Ұзақ мерзімді активтер.

3. Қысқа мерзімді міндеттемелер.

4. Ұзақ мерзімді міндеттемелер.

5. Меншікті капитал.

Баланс қаржылық есеп беруде үш элементті сипаттайды: активтер, меншікті капитал және міндеттемелер. Қалған екі элемент – табыс және шығын табыстар мен шығындар туралы есеп беруде көрсетіледі.

Қаржылық жағдайды талдау барысында тек бухгалтерлік баланс мәліметтеріне ғана сүйенуге болмайды. Мұндай тәсіл біршама қарапайымдау, себебі бухгалтерлік баланс кемшілік пен шек қоюшылықтан алда емес, олардың ең маңыздылары келесілер болып табылады:

1. Баланс табиғаты жағынан тарихи сипатта болады.

2. Баланс кәсіпорын қаржысында және міндеттемелерінде статус-квоны сипаттайды, яғни пайдаланып жүрген есеп саясатына сай осы кезеңде кәсіпорын жалпы қандай жағдайда тұр деген сұраққа жауап береді, бірақ бұл жағдайға ненің нәтижесінде жеткеніне жауап бермейді. Бұл сұраққа жауап беру үшін тек қосымша мәліметтер ғана емес, сонымен қатар есеп және есеп беруде көрсетілмейтін көптеген факторлардың талдануы қажет.

3. Баланста салыстырмалы шаруашылық аралық талдау жүргізу үшін қажетті база жоқ.

4. Баланста кәсіпорынның қаражаттарының айналымы туралы мәлімет жоқ.

5. Баланста есепті кезеңнің басы мен соңындағы мезгілдік мәліметтердің жиынтығы болып табылады.

6. Баланста кәсіпорынның активтерін сатып алуда тарихи бағаны қолдану принципі жүргізіледі, ол мүліктің жалпы алғанда нақты бағасын едәуір дәрежеде бұрмалайды.

7. Баланс және қаржылық есеп берудің басқа да нысандары шаруашылық субъектісі қызметінің барлық жақтарын толығымен көрсетпейді.

Осы шектеулерге қарамастан, бухгалтерлік баланс кәсіпорынның қаржылық жағдайын бағалауды ақпараттық қамтамасыз етудің бірден-бір басты көзі болып табылады.

Алайда кәсіпорынның қаржылық жағдайына талдау жүргізгенде баланс көрсеткіштерімен қатар қаржылық есеп берудің басқа да нысандарының көрсеткіштерін қолдану қажет, әсіресе кәсіпорынның жыл бойғы барлық табыс сомасын осы кәсіпорынның өзінің қызметін жүргізу үшін жұмсалған барлық шығындар сомасымен салыстырудан тұратын табыстар мен шығындар туралы есепті қолдану керек, оның баланстан айырмашылығы кәсіпорынның мезеттік суреті және қатып қалған қаржылық жағдайы емес, ол капитал қозғалысы, есепті кезеңдегі субъектінің қаржылық нәтижесі болып табылады. Сондықтан кәсіпорынның балансына қарағанда, бұл құжат бағалаушы адам үшін анағұрлым маңызды және ақпараттық болып табылады. Ол бұл кәсіпорын табыс немесе шығын әкелетіндігін анықтау үшін табыстар мен шығындар туралы жеткілікті мөлшерде бөлініп алынған анық көрсеткіштердің көмегімен белгілі бір кезеңдегі кәсіпорынның қызмет нәтижесіне баға береді. Батыс тәжірибесінде, баланстық есеп берудің басты нысаны ретінде бөліп қарастыратын біздің елге қарағанда, табыс және шығын туралы есепке біршама басымдылық берілуі кездейсоқ емес. Атап айтқанда, дәл осы үлгі америкалық, ұлыбританиялық және жаңазеландиялық фирмалардың жылдық есебінде бірінші болып келтіріледі. Мұның түптамырын психологиялық тұрғысынан іздеген жөн, табыс батыс фирмалары қызметіндегі маңызды көрсеткіш болып табылады, олар сондықтан да оны ең алдымен сыртқы пайдаланушыларға әйгілеп көрсетуге тырысады.

Субъект қызметінің қаржылық нәтижесі туралы есеп бухгалтерлік есептің № 3 «Табыстар мен шығындар туралы есеп» стандартымен анықталады. Онда заңды тұлғаларды рет-ретімен құру және ұсыну мақсатында табыстар мен шығындар жөніндегі есептің баптарын жіктеу және есепке алудың тәртібі көрсетіледі, бұл өз кезегінде заңды тұлғаның әр мезгілдегі есептік кезеңдердегі қаржылық есебі мен түрлі заңды тұлғалардың қаржы есептерін салыстыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ стандарт, негізгі қызметтен алынған табыс пен шығынды, төтенше жағдайлардан және тоқтатылған операциялардан болатын табыс пен шығынды, есеп кезіндегі есептік бағаның, есеп саясатының өзгеруінен және қаржылық есептегі елеулі қателерді түзетуден болатын әртүрлі табыс және шығындарды ашудың тәртібін анықтайды.

Табыстар мен шығындар баптарының арасын ажырату да субъекті жұмысының нәтижесін көрсетуге мүмкіндік береді. Есепті кезеңде табылған табыстар мен шығындардың барлық баптары есепті кезеңнің таза табысын немесе шығынын анықтау барысында есепке алынады. Осылайша, кәсіпорынның табыстар мен шығындар туралы есеп, қаржылық есептің қалған екі элементі туралы, яғни табыс пен шығындар туралы мәліметтерден тұрады.

Табыстар активтердің көбеюін немесе міндеттемелердің азаюын көрсетеді, ал шығындар активтердің азаюын немесе есепті кезеңдегі міндеттемелердің көбеюін көрсетеді.

Табыстар мен шығындар баптарының арасына қойылған шектеулер тәжірибеде жалпы қабылданған болып табылады. Бұл шектеу, баптың қалыптасу көзі осы субъектінің ақша қаражаттарын болашақта айналдыру мүмкіндігін бағалау барысында белгілі бір маңызға ие болады деген негізде жүргізіледі.

№ 3 «Ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есебі» ҚР шаруашылық субъектілерінің қаржылық есеп беруіндегі жаңа үлгі болып табылады. Бұл есепте кәсіпорынның белгілі бір кезеңдегі ақша қаражаттарының көздері анықталады және оларды пайдалану жолдары көрсетіледі. Кәсіпорынның есепті кезеңіндегі жұмсаған ақша қаражаттарын жабу үшін негізгі қызметтен алынатын қаражаттары жеткілікті ме, соны көрсетеді. Ол сондай-ақ қолданушыларды кәсіпорынның операциялық, инвестициялық және қаржылық қызметінің белгілі бір бөлігіндегі есепті кезеңдегі ақша қаражаттарының келіп түсуі мен шығыны туралы ақпараттармен қамтамасыз ете отырып, оларға кәсіпорынның қаржылық жағдайындағы өзгерістерін бағалауға мүмкіндік береді.

Ақша қаражаттары – бұл кассадағы және банк шоттарындағы қолма-қол ақша.

Операциялық қызмет деп субъектінің табыс алу жөніндегі негізгі қызметін, сондай-ақ оның инвестициялық және қаржылық қызметіне қатысы жоғын айтамыз.

Инвестициялық қызмет дегеніміз – бұл ұзақ мерзімді активтерді сатып алу және сату, өтелінетін несиелерді беру және алу.

Қаржылық қызмет бұл нәтижесінде меншікті капитал мен қарыз қаражаттарының құрамы мен мөлшері өзгеріске ұшырайтын субъектінің қызметі болып табылады.

Сонымен, кәсіпорынның қаржы жағдайын бағалаған кезде тек бухгалтерлік баланс мәліметтері ғана емес, сонымен бірге басқа да қаржылық есеп беру нысандарының көрсеткіштері, түсіндірме хаттағы мәліметтер және де есеп берудегі қосымша ақпараттар мәліметтері де қолданылады.

Қаржылық есеп берудің жаңа түрі кәсіпорынның коммерциялық құпиясы болып табылатын ақпараттарына сүйенбестен, оның қаржылық жағдайын кешенді түрде бағалауға мүмкіндік береді.

Фирмалар қаржысы

Подняться наверх