Читать книгу Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар - Коллектив авторов - Страница 14
4-тарау
АДАМ-КОМПЬЮТЕР ӨЗАРА ӘРЕКЕТТЕСТІГІ
4.5. Интерфейсті құрудың негізгі принциптері
Оглавление1. Табиғилық (интуитивтілік). Жүйемен жұмыс істеу, пайдаланушы қойылған тапсырманы шешу үрдістерін басқару үшін қажетті нұсқауды іздеуде қиындық болмауы керек.
2. Қайшылықсыздық. Егер жүйемен жұмыс жасау үрдісі кезінде пайдаланушы жүйенің қандай да бір бөлімінің жұмыс жасау тәсілдерін пайдаланса, онда жүйенің басқа бөлімінің жұмыс жасау тәсілі бірдей болуы қажет.
3. Артық еместік. Бұл пайдаланушы жұмыс жасау немесе жүйені басқару үшін тек минималды ақпарат енгізуі керек дегенді білдіреді. Мысалы, пайдаланушы елеусіз цифрларды енгізбеуі керек (10 орнына 00010). Осыған ұқсас, пайдаланушыдан алдын ала енгізілген немесе жүйеден автоматты түрде алынатын ақпаратты енгізуді талап етуге болмайды.
4. Көмек жүйесіне тікелей қатынау. Жұмыс үрдісі кезінде жүйе пайдаланушыны қажетті нұсқаулықтармен қамтамасыз етуі керек. Көмек жүйесі үш негізгі аспектіге жауап береді: қамтамасыздандыратын командаларының сапасы мен саны; қателер мен жүйенің не істеп жатырғаны туралы хабарламалардың сипаты. Қателер туралы хабарламалар пайдаланушыға түсінікті және пайдалы болуы керек. Қателер туралы мінсіз хабарлама мына үш сұраққа жауап беруі керек:
– проблема неден тұрады?
– бұл проблеманы қазір қалай түзету керек?
– проблема қайталанбауы үшін не істеу керек?
Осы сұрақтарға жауапты пайдаланушыларға түсінікті тілде және сыпайы түрде беру керек.
5. Икемділік. Жүйе интерфейсі әртүрлі деңгей дайындығындағы пайдаланушыларға қызмет етуі тиіс. Тәжірибесі аз пайдаланушыларға интерфейс иерархиялық құрылымдалған мәзірді, ал тәжірибелі пайдаланушыларға командалар, пернелерді басу комбинациялары мен параметрлер сияқты мүмкіндіктерді ұсынуы керек.
Графикалық пайдаланушы интерфейсінің элементтері.
Графикалық пайдаланушы интерфейсінің негізгі элементтеріне: терезелер, мәзір, таңдау барысында іс-әрекет жасайтын, пиктограммалар жиынтығын беретін құрал-сайман тақтасы (tool bar), саймандар жолағы (tool bar), айналдыру жолағы (scroll bar), басқару элементтері (controls), батырмалар (buttons), соның ішінде командалар батырмасы (command buttons), баптау батырмасы (options buttons), ауыстырып-қосқыштар (радио батырма, radio buttons), мәндер жиыны (value sets), ажыратқыштар (check box), тізімдер (list box), мәтін зоналары (text box), спиннерлер немесе крутилка (spinners, little arrow), комбобокс (combo box) енгізу өрісі (edit text fields), слайдерлер (sliders) және т.б. жатады.
Батырма деп опцияны таңдауға және оқиғаны шақыруға (мысалы, ішкі программаны жіберу) мүмкіндік беретін басқару элементін айтамыз. Пайдаланушы мен батырма арасындағы барлық өзара әрекеттесу батырманы басумен шектеледі.
Командалық батырмалар – осындай батырма басу кезінде қандай да бір айқын іс-әрекет орындалады (тура іс-әрекет батырмасы). Батырманы басу барысында қандай іс-әрекет орындайтынын білдіретін, ортасында қысқаша сөзден тұратын тіктөртбұрыш түрінде бейнеленеді. Командалық батырма үш күйде болады: қалыпты (пайдаланушы іске қоспаған, бірақ қолжетімді), басылған (іске қосылған) және қолжетімсіз (іске қосылмаған, батырмаға бекітілген функцияға қатынау мүмкін болмаса немесе батырма фондық терезеде орналастырылса).
Чекбокстар және ауыстырып-қосқыштар – кейінге қалдырылған іс-əрекет батырмалары, яғни басу кезінде жылдам түрде іс-әрекет орындауды көздемейді. Олардың көмегімен пайдаланушылар қандай да бір параметрлерді енгізу арқылы өзінің іс-әрекетін басқа басқару элементтері арқылы қосылған іс-әрекеттен кейін орындай алады. Басты айырмашылықтары ауыстырып-қосқышта тек бір ғана таңдау жасауға болады, ал чекбокста бірнеше таңдау жасауға болады. Ауыстырып-қосқыш тобында кем дегенде бір батырма үнсіздік бойынша қойылуы тиіс. Ауыстырып-қосқыш тек күй жинағын бейнелейді және олар ешқашан іс-әрекет орындауды көздемейді. Күй жиындары тұрақты болуы тиіс (яғни контекске тәуелсіз). Әрқашан топтарға бірігеді (екіден жетіге дейін батырмалар болғаны дұрыс).
Тізімдер ауыстырып-қосқыш және чекбоксты жүзеге асырудың нұсқасы болып табылады, ол – ашылатын мәндер тізбегін бейнелейтін (көбінесе тізім бойынша жоғары-төмен жылжуға арналған слайдерлермен біріктіріледі) және пайдаланушыға тізімнен мән таңдауға немесе біріктірілген мәтін өрісіне басқа мәнді енгізуге мүмкіндік беретін арнайыландырылған басқару құралдары. Тізімдер – экранда минималды орын алатын, сонымен қатар бойында үлкен ақпараттық жүктеме орналасқан ыңғайлы және шағын болатын интерфейстің элементі.
Тізімдер парақталатын және ашылатын болып бөлінеді. Парақталатын бір таңдау жасауды (ауыстырып-қосқышқа ұқсас) және бірнеше таңдау жасауды (чекбокс) қамтамасыз етеді. Ал ашылатын тек таза ауыстырып-қосқыш түрінде жұмыс істейді. Тізімнің жеке элементтеріне қатынау жылдамдығы мен көрнекілігі ықшамды болуымен (яғни элементтер саны үлкен болса, экран кеңістігін үнемдейді) және кеңейгіштік болуымен (пайдаланушыға жұмыс істемейтін элементтерді көрсетпейтіндіктен интерфейсті құрастыру барысында динамикалық өзгеріп отыратын элементтер тізіміне жүктеулер жасау) ерекшеленеді.
Ашылатын тізім тізімнің ең қарапайым түрі болып табылады. Тізімдердің жалпы құндылықтарынан бөлек, ашылатын тізімнің жалғыз құндылығы бар. Ол тізімнің аз ғана биіктігі арқасында құраушылардан жинақталған командаларды қиындықсыз визуалды түрде көрсетеді.
Парақталатын тізімі тізімдердің қиындау нұсқасы болып табылады. Парақталатын тізімдер пайдаланушыға бір немесе бірнеше таңдау жасауға мүмкіндік береді.
Жалғыз таңдау тізімдері. Жалғыз ғана таңдау тізімі ауыстырып-қосқыш тобы мен ашылатын тізім арасындағы аралық нұсқа болып табылады. Элементтер саны ауыстырып-қосқыш тобынан кіші, ал ашылатын тізімнен үлкен болып келеді. Сәйкесінше, оны тек экран кеңістігінің «жалқау үнемдеу» жағдайында ғана пайдалану керек.
Бірнеше таңдау тізімдері. Көптеген программалардың интерфейсінде іске асырылған, жеткілікті түрде ыңғайлы, ұсынылған жинақтардың ішінен бірнеше нұсқа таңдауға мүмкіндік береді.
Комбобокстар. Комбобокс деп енгізу өрісімен тізімнің гидридтарын айтады: пайдаланушы бұрын бар элементті таңдай алады немесе өзінің элементін енгізеді. Комбобокстың екі түрі бар: ашылатын және кеңейтілген.
Енгізу өрісі. Командалы батырмалармен, чекбокстармен және және ауыстырып-қосқышпен бірге қоса енгізу өрісі кез келген интерфейстің негізі болып табылады.
Слайдерлер немесе жылжытқыш – ағымдағы күйді көрсететін индикатордан (жылжытқыш) және өзгерілетін параметрдің мүмкін болатын мәндерін көрсететін (мысалы, бейненің жарықтығы мен кереғарлығы), айналдыру жолағынан тұратын (slider bar) басқару элементі. Слайдерлер горизонтальды немесе вертикальды болуы мүмкін, ал индикатордың жылжуы квантталған немесе квантталған емес болуы мүмкін. Егер пайдаланушыға жақсы реттелген қатардан мән таңдауға мүмкіндік берсек, қатарда мәндер көп болса немесе пайдаланушыға мәндер қатарын жіберу керек болса, онда жылжытқыштар ауыстырылмайды.
Спиннер (spinner, little arrow) – пайдаланушыға қандай да бір шамалардың мәндерін үлкейтуге немесе кішірейтуге мүмкіндік беретін басқару элементі. Спиннер сондай-ақ аса әмбебап емес, мәтіндік дерек енгіздірілмейтін, бірақ екі пайдалы мүмкіндікке ие енгізу өрісін қамтуы мүмкін.
Біріншіден, спиннерге мән енгізу үшін пайдаланушыға міндетті түрде тінтуірді тастап, қолдарын пернетақтаға бағыттаудың (қарапайым енгізу өрісіне қарағанда) қажеті жоқ. Өйткені қолды бір орыннан екінші орынға алмастыру салыстырмалы түрде көп уақыт алады. Мәнді спиннерге пернетақта арқылы енгізу сирек кездеседі, яғни пайдаланушылар спиннерді толықтай дұрыс қабылдайды.
Екіншіден, мәнді тінтуірмен енгізу кезінде жүйе пайдаланушыға тек дұрыс дерек енгізуге рұқсат беруі мүмкін, дұрыс форматта болуының құндылығы осында. Бұл адамның қателесу ықтималдығын төмендетеді. Сонымен, спиннерді пайдалану кез келген сандық мәндерді енгізуде өзін ақтады десек болады.
Мәзір – бұл пайдаланушы мен жүйе арасындағы әрекеттесу әдісі. Пайдаланушы жүйеге өзінің командасын ұсынбай, керісінше оған ұсынған нұсқа арасынан таңдау жүргізеді. Сәйкесінше, бірнеше батырмадан тұратын сұхбат терезесі де (және ешбір енгізу өрісі болмаса да) мәзір болып есептеледі.
Мәзірдің бірнеше жіктелуі кездеседі, бірақ негізгі қызығушылық тек олардың екеуінде ғана болады. Бірінші жіктеу мәзірді екі типке бөледі:
– статикалық мәзір, яғни тұрақты түрде экранда орналасатын мәзір. Мәзірдің осындай типіне мысал ретінде құрал-саймандар панелін жатқызсақ болады;
– динамикалық мәзір, қандай да бір элементті таңдау үшін пайдаланушы мәзірді шақыруы тиіс. Мысал ретінде қарапайым контекстік мәзірді жатқызамыз.
Кейбір жағдайда осы екі типтегі мәзір бір мәзірге бірігуі мүмкін: мысалы, мәзірге қатынауы бар батырмадан тұратын мәзір статикалық мәзір (пайдаланушылар батырманы басады) түрінде де, динамикалық мәзір түрінде де жұмыс істей алады (пайдаланушылар мәзірді шақырады).
Екінші жіктеу де мәзірді екі типке бөледі.
Кеңістікте ашылатын мәзір. Пайдаланушы төменгі деңгейден элемент таңдаған сайын жоғарыдағы элементтер көрінетін болып қала береді.
Уақыт бойынша ашылатын мәзір. Мұндай мәзірді пайдалану барысында жоғары деңгейдегі элементтер белгілі бір себептерге байланысты экран бетінен жоғалады. Мысалы, мәзірмен сұхбат терезе осы мәзірді шақырған басқару элементінің орнын басуы мүмкін.
Бірінші жіктеудегі статикалық мәзір жұмыс жылдамдығының жоғары болуын қамтамасыз етеді, пайдаланушыны жақсы оқытады, бірақ экранда орын алады. Ал динамикалық мәзірде кері жағдай байқалады. Екінші жіктеудегі бірінші типке келер болсақ (яғни кеңістікте ашылатын мәзір), пайдаланушының контекспен жұмыс жасауын қолдаса да, экран кеңістігінің азаюына әкеледі. Екінші тип кеңістікті үнемді пайдаланады, бірақ кон-тексті нашар қолдайды.
Терезе – бір уақытта орындалатын үдерістерді бөліп көрсететін, экранның белгіленген облысы.
Қазіргі кезде терезелерді келесі типтер бойынша ажыратады:
– программалардың негізгі терезелері;
– құжаттар терезесі;
– режимді сұхбат терезелер;
– режимсіз сұхбат терезелер;
– палитралар;
– браузер терезелері (интернетте қолданылатын терезелер технологиясы ПҚ технологияларға қарағанда өзгешелігі көп және бұл типтегі терезелер бөлек тұратын болып келеді).
Басқару элементтері орналасқан облыстардан басқа терезе элементтерінің қандай да бір ортақ элементтері бар: ең бастысы терезенің тақырып жолы, статус жолы, құрал-сайман тақтасы және айналу жолағы.
Тақырып жолы. Мәтін және тақырып пиктограммасы ПҚ-да (олар үдерістердің ауысуын басқарып отырады) және интернетте (навигацияны басқарады) үлкен рөл атқарады. Мәселелердің ауысуы бір уақытта қарапайым немесе күрделі болады. Қарапайым болу себебі «Релевантты тақырыптар бірінші кезекте шығады». Пайдаланушыға тек нақты программаның нақты құжаты керек. Ал күрделі болу себебі Windows интерфейсінің қатал болуына сәйкес көп әрекет істелінбейді, программа атын үнемі қысқартып отырған дұрыс.
Тақырып жолын тәжірибелі аудиторияға (пайдаланушылар) керек функцияны шақыру үшін пайдаланады, яғни тақырып жолындағы пиктограмманы басу кезінде ашылатын мәзірді шақырады. Бұл жерде мәзір тәжірибелі пайдаланушылар үшін жалпы тағайындалудағы мәзірге қарағанда бөлек болады. Әрине, тәжірибесіз пайдаланушылар үшін бұл мәзірді пайдалану ықтималдығы азаяды (олар ондай мәзір барын білмей жүруі мүмкін).
Пайдаланушылар терезе тақырыбын сирек оқитыны ол пайдаланушыларға қажеті жоқ дегенді білдірмейді. Керісінше, жақсы тақырып сұхбат жұмысын жеңіл түсінуге мүмкіндік береді. Сондықтан экранда көрінетін және терезенің сәйкес тақырыбының болуы көп жағдайда пайдалы болады. Өкініштісі, қарапайым Windows интерфейсінде оған арнайы орын жоқ.
Статус жолы – интерфейстің ең бағаланбайтын (оны интернетте қолдану амалы, статистиканы төмендетеді) элементі. Статус жолы екі нәрсеге арналған: ол не өзіндік статус жолы болады (яғни жүйенің ағымдағы күйін көрсетеді), не тәжірибелі пайдаланушылар үшін құрал-сайман тақтасы бола алады. Осыны толығырақ қарастырайық.
Жүйенің ағымдағы күйін бейнелеу. Іс жүзінде әрбір жүйенің не құжатқа тәуелді, не уақыттың өзгеру қасиеті болады. Мысалы, көрнекі программаларда объектілердің қандай да бір қасиеттері болады және барлық осы қасиеттер көрсетіле бермейді. Басқа мысал: жүйе ұзақ уақыт бос емес болса, онда ол пайдаланушыға орындалу дәрежесінің индикаторын көрсетуі тиіс. Ең қарапайым мысал: мәтіндік процессормен жұмыс істейтін пайдаланушы өзі құжаттың қай бетінде екенін білуге құқылы.
Осының бәрін статус жолында шығару тиімді болып табылады.
Статус жолы орындалу дәрежесінің индикаторын шығаратын аймақ ретінде болуы мүмкін. Орындалу индикаторының шығаратын аймағы бойынша жүйе интерфейсінің сапасын анықтауға болады деген заңдылық та бар. Егер индикатор статус жолында шығатын болса, онда жүйе жақсы интерфейске ие, ал индикатор басқа аймақтан шығатын болса, онда нашар интерфейске ие дегенді білдіреді.
Тәжірибелі пайдаланушыларға арналған құрал-саймандар тақтасы. Көбінесе жүйе функционалдылыққа ие болады, бұл бір жағынан маңызды, ал екінші жағынан тәжірибесіз пайдаланушыларға қиындықтар туғызады. Әдетте бұл функцияға қатысты емес, жүйенің жұмыс режиміне қатысты. Мұндай жағдайларда күй жолы проблеманың дұрыс шешім болып табылады. Бір жағынан режим ауыстырып-қосқышты енгізу өрісіне ұқсас етіп жасамау арқылы оның ақаусыз ауысу ықтималдығын арттырамыз. Енді бір жағынан, егер пайдаланушы байқамай ауыстырғышты басып жіберсе, ол бірден өзгерісті байқауы мүмкін және кейін бастапқы қалпына ауыса алады. Тағы бір жағынан, құрал-сайман тақтасы арқылы ауыстырудың жеңіл жүргізілуі секілді, тәжірибелі пайдаланушы режимдер арасында ауысуды оңай жүргізе алады.
Айналдыру жолағы – мазмұнын парақтауға арналған терезе элементі. Жұмыс істеу қолайлығы жағынан аса сәтті емес интерфейс элементі. Скролды дөңгелекшесі бар тінтуірдің пайда болуынан бастап айналдыру жолағына деген сұраныс төмендеді.
Айналдыру жолағын құрастыру кезінде келесі талаптарды ескеру қажет:
– сырғытпа өлшемі әрдайым парақталатын құжаттың жалпы көлемін көрсетуі тиіс;
– жолақтағы нұсқарлар біріккен болуы керек, яғни екі нұсқар жолақ бойында бір-бірінен әртүрлі қашықтықта емес, жақын тұрулары тиіс. Бұл интерфейс логикалылығы мен оның тиімділігіне қарсы келетін жағдайдың бірі. Егер парақтау кезінде ақау кетсе, онда біріккен батырмалар, кейін қарай бағытталған курсордың нұсқарға қозғалысын азайтады;
– егер парақтау кезінде көрініс облысында динамикалық өзгерістер жасау мүмкін болмаса, онда пайдаланушыға қалқымалы сыбырда ағымдағы орнын көрсетуі тиіс. Курсор қозғалысы барысында ағымдағы орын туралы сыбыр өзгеріссіз тұруы қажеттігін ескеру керек;
– курсор қозғалысы кезінде кететін аздаған қателіктерді өңдеуді қамтамасыз ету қажет. Пайдаланушы жылжытқышты курсор арқылы қозғалтып, өзі сол уақытта құжатқа қарап отырғанда, курсор жолақтан ауытқып кетуі мүмкін. Мұндай кезде жүйе белгілі бір сәтке дейін (30-70 пиксельге дейінгі) қозғалысты елемеуі тиіс.
Құрал-сайман тақтасы – таңдау кезінде белгілі бір іс-әрекетті орындауды көздейтін пиктограммалар жиынтығы.
Барлық тақталардың келесі артықшылықтары бар:
– олар пайдаланушыға керек функцияны тінтуір арқылы жылдам шақыруға мүмкіндік береді;
– олар пайдаланушыға жады жұмысының аз істеуіне мүмкіндік береді;
– олар көзге көрінетін интерфейс байлығын арттырады;
– олар өзінің көрнектілігі арқылы жүйемен жұмыс істеп үйренуді үдетеді. Бірақ та олардың кемшіліктері де бар: экранда көп орын алады, сондықтан қалаған нәрсенің бәрін орнату мүмкін емес. Бұл проблеманы екі жолмен шешуге болады.
Біріншіден, тақтаға тек жиі қолданатын командаларды қолданған дұрыс (пайдаланушының жеке талабына сай тақтаны баптау мүмкіндігі). Екіншіден, тақтаны пайдаланушының әрекеттер контекстіне тәуелді етіп жасауға болады. Екі тәсіл бір-біріне қарсылық туғызбайтындықтан екі тәсілді де пайдалануға болады.
Құрал-сайман тақтасын функцияны шақырудың жалғыз тәсілі етіп жасамаған дұрыс.
Қазіргі кезде тақтаға еркін алынған басқару элементтерін орналастыруда техникалық проблема туындамайды (тек қана бір шектеу бар, ол – орналасатын элементтер өлшемі), күрделі тақта құрастыруға кедергі болған бөгеттер ғайып болды. Мінекей, осындай мүмкіндіктерді пайдалану керек, себебі бұл сұхбат терезелерін ашып жабуға кететін уақытты үнемдейді және жүйемен өзара әрекеттесуде интегралды сапаны арттырады (пайдаланушыларға күрделі тақталарды пайдаланған ұнайды).
Бейне (иконкалар). Тікелей айла-шарғы жасау интерфейсінде пайдаланушыларға көрінетін объектілерде тікелей іс-әрекет орындайды. Осындай объектілердің түрлеріне: батырма, белгілер, мәзір немесе бейне (иконкалар) жатады.
Барлық иконкаларды олардың қаншалықты бойындағы функцияны нақты көрсетуіне байланысты жіктеуге болады.
Ұқсастық иконкалар – олар бейнелейтін объектілерге ұқсас иконкалар («кесу» операциясын бейнелейтін қайшыға ұқсас иконка).
Үлгі бойынша иконкалар объект типіне мысал болып табылады (мысалы, сурет салу құралын ұсынатын сызықты көрсететін иконка).
Символикалық иконкалар іс-әрекетті немесе күйді символикалық формада ұсыну үшін пайдаланылады (мысалы, желілік байланыстың үзілгендігін көрсету үшін екі компьютер арасындағы үзілген сызық).
Еркін иконкалар – олардың берілуі бойынша ешқандай ақпарат болмайды, сондықтан олардың тағайындалуы сипатталған болуы тиіс (мысалы, «соңғы команданы доғару» іс-әрекетін білдіру үшін кері дөңгелектелген нұсқар).
Курсорлар. Курсор – кері байланыспен қамтамасыз етуге арналған тамаша құрал. Мысалы, пайдаланушы курсорды терезе бұрышына апарғанда пайдаланушыға терезе формасын үлкейту мүмкіндігі барын көрсететіндей курсор өзгереді.
Өкінішке орай, курсордың кері жағы да бар: пайдаланушылар әдемі емес пиктограммаларға бейімделе алады, өйткені олар оған қарамаса да болады, ал әдемі емес курсорға пайдаланушылар бейімделе алмайды, себебі курсор экран бетінде болған кезде олар әрдайым оған қарап отыруға тура келеді.
Сондықтан курсорды пайдаланудың дұрыс жолы келесідей: эстетикалық жағымды еткіңіз келсе, барлық кезде курсордың индикациялық көрінісін қолдану керек; ал қалған кезде курсор жайлы ойламаса да болады.
Бақылау сұрақтары:
1. Адам-компьютер өзара әрекеттесуі қандай ғылыми бағытты қамтиды?
2. Компьютерлік интерфейстің аппараттық қамтамасыздандыруына не жатады? Оларды сипаттаңыз.
3. Адам-компьютер өзара әрекеттесуіне арналған қандай факторларды білесіздер? Түсініктеме беріңіз.
4. Интерфейстің юзабилити мағынасын түсіндіріңіз.
5. Пайдаланушы интерфейсі ретінде нені түсінесіз?
6. Пайдаланушы интерфейсін ұйымдастырудың тәсілдері. Олардың артықшылықтары мен кемшіліктері.
7. Пайдаланушының командалық жолдар интерфейсі мен графикалық интерфейсі.
8. WIMP аббревиатурасымен не белгіленеді? Олардың артықшылықтарымен қатар проблемаларын түсіндіріңіз.
9. Интерфейсті құрудың негізгі принциптерін келтіріңіз. Әрқайсысына жеке-жеке тоқталыңыз.
10. Графикалық пайдаланушы интерфейсінің қандай элементтерін білесіз? Қысқаша түсіндіріңіз.
11. Иконкаларды бойындағы функцияны нақты көрсетуіне байланысты қалай жіктеуге болады?
12. Айналдыру жолағын құрастыру кезінде ескерілетін талаптар.
13. Құрал-сайман тақтасы дегеніміз не? Ол неден тұрады? Олардың артықшылықтары мен кемшіліктері.
14. Мәзірдің кездесетін негізгі жіктелуі.
15. Тәжірибелі пайдаланушыларға арналған құрал-саймандар тақтасы. Статус жолы.