Читать книгу #ЖүрекпенБизнес - - Страница 2

Арнау

Оглавление

Бұл кітапты отбасыма – жарыма және үш балама арнаймын.

Жан, екеуіміз 2005 жылы пойызда танысқан едік. Мен екінші курс студенті едім, ал сен оқуға түсу үшін Алматыға бара жаттың. Мен сол кезде саған бір көргеннен ғашық болдым, кейін бес жылға жоғалтып алып, іздеп жүрдім. Ал тапқан кезде – сені енді ешқашан жібермейтінімді түсіндім.

Мен сені әрдайым сүйдім, мен сені әрдайым қаладым.

Сен менімен бірге бәрін көрдің: даладағы шұңқырды, қарыздарды, анаңның үйінде еденге төселген матрасты, ұйқысыз түндер мен менің ақылға сыймайтын идеяларымды. Сен – менің басты #ЖүрекпенБизнес жобамсың, менің тірегім әрі алға ұмтылуымның себепкерісің.

Сондай-ақ, бұл кітапты анама және әжеме арнаймын.

Бала күнімде көптеген қазақ әжелерінің туған күні неге 1 қаңтар екенін түсінбейтінмін. Тек есейе келе себебін білдім. Олардың ата-аналары репрессия мен ашаршылық жылдарында аштан қайтыс болған екен. Олар өздерінің нақты қай күні туғанын білмеген, сондықтан құжаттарына осы шартты датаны жаза салған.

Бұл кітап – олардың қайраты мен өмірге деген құштарлығына көрсетілген құрмет. Олар сұмдық қиындықтардан өтсе де, аман қалып, ұрпағымызды жалғастырды.

Олардың тарихы маған мынаны ұқтырады: біз түскен «шұңқыр» қаншалықты терең болса да, одан шығуға және жаңа өмір құруға әрқашан күш табуға болады.

Бұл кітап мыңдаған қазақ әйелдері сияқты қиындыққа еш мойымайтын жандарға арналады.

#ЖүрекпенБизнес

Подняться наверх