Читать книгу #ЖүрекпенБизнес - - Страница 5

1-тарау: Алғашқы бизнесім, бандиттер және даладағы шұңқыр (2009)
Бірінші раунд: Нокаут

Оглавление

Біз Қапшағайдан шықпай, бәрін өз қолымызбен жасадық, тіпті алғашқы клиенттер де келе бастады. Бәрі жоспар бойынша келе жатқандай еді. Бірақ бизнес – бұл жақсы сөре (старт) маңызды болатын спринт емес. Бұл – қашықтықта барлық қателіктерің шығатын марафон.

№1 қате: Серіктесім жоқ болды. Ең қиын сәтте туысқаным телефонын көтермей қойды. Ақша, жауапкершілік – бәрі менің мойнымда қалды.

№2 қате: Мен кіммен іс бастағанымды тексермедім. Сөйтсек, біз лагерьді қылмыстық беделді адамнан (криминальный авторитет) жалға алған екенбіз. Ол кездегі Қапшағай – ерекше жер: дала, күйдіріп тұрған күн, жанында түрме, бұрынғы және қазіргі бандиттер көп. Ол жақтың өз заңдары бар.

Жалдау ақысын төлей алмай қалғанымызда, менің артымнан адам келді. Қара түсті «Лексустен» екі денелі жігіт түсті, кәсіби мамандар сияқты – үнсіз әрі сабырлы. Мені қала сыртына алып шығып, қолыма күрек ұстатты да, «қаз» деді.

Бұл сәт күні бүгінге дейін есімде. Жапан дала, жел қаңбақты айдап барады, күн төбеден өртеп тұр. Күрек зілдей, қолдарым дірілдейді. Мен жер қазып жатып ойлаймын: «Бұл расымен болып жатыр ма? Менімен бе? Қазір ме? 24 жасымда ма?».

Жабайы қорқыныш, адреналин және сонымен бірге басымда біртүрлі анық ой пайда болды. Мен түсіндім: егер қазір сынсам, жыласам немесе жалынсам – біттім. Ойлану керек. Шығар жол табу керек.

Сөйтіп басыма бір ой келді. Мен тоқтап, маңдайымның терін сүрттім де: «Қане, бастықтарыңызға хабарласайық», – дедім.

Екеуінің біреуі маған сенімсіздікпен қарады, бірақ телефонын шығарды. Мен түсіндірдім: «Мен қарыз екенімді мойындаймын, ешқайда қашпаймын. Мені өлтірсеңдер – ақшаны қайтара алмайсыңдар. Нөл. Ал егер мені жұмысқа алсаңдар, мен көмектесемін және біртіндеп қарызымнан құтыламын. Менің екі бірдей жоғары білімім бар, пайдам тиеді».

Үнсіздік. Ұзақ үнсіздік. Мен жүрегімнің дүрсілін естідім.

Мені босатты.

Мен қарызды бизнес-консультант ретінде жұмыс істеп өтедім – дипломдарым мен басымның жұмыс істейтіні кәдеге жарады. Бірнеше ай бойы оларға барып, құжаттарын реттеуге, бизнес-жоспар құруға, ұйымдастыру істеріне көмектестім. Біртіндеп қарызды жаптым.

Кейін маған тұрақты қалуды да ұсынды. Бірақ кеңсе алдындағы терезелері қап-қара микроавтобустар мен олардан түсіп жататын спорттық киімдегі сұсты адамдар маған ұнамады. Мен сыпайы түрде бас тарттым.

Сөйтіп, тағы да жалғыз, «минуста», бірақ баға жетпес тәжірибемен қалдым.

Күнделіктен (2024): «Ескі жазбаларымды қайта оқып отырмын. Қызық, қорқынышты сәтте сен сабақты көрмейсің. Сен тек соңын, ажалыңды көресің. Ал жылдар өткен соң түсінесің – бұл соңы емес, нағыз Сенің басталуың екен. Күш жеңіске жеткенде емес, құлап, қайта тұруға күш тапқанда пайда болады».

#ЖүрекпенБизнес

Подняться наверх