Читать книгу Бақыт жолы - Олжас Сеитов - Страница 10
1-Бөлім. «Пейнхантинг» әдістемесі жайлы
1.8 тарау. «Е» ВЕКТОРЫ – Жадымызды жаман бейнелерден қалай тазартуға болады?
ОглавлениеБіз пейнхантингтің екі векторын қарастырдық. Бұл эмоциялар мен ойлар. Сіз олардың бір-бірімен байланысты екенін анық түсіндіңіз. Сондай-ақ эмоцияларымыз шкала бойынша жоғары деңгейде болған кезде, ойларымыз дана әрі адекватты болатынын түсіндіңіз. Керісінше, эмоцияларымыз шкаланың төменгі жағында болғанда, ойларымыз ақымақ та қисынсыз болады.
Ал жадымызда ше, шкала бойынша көтерілгенде не төмендегенде, не болады?
Балалық шағы бақытты өтсе де, кейбір адамдардың 40 жасына таман, өмірінде болған бар қуанышын ұмытып, тек жаман бейнелерді ғана есте сақтайтыны туралы айтқан едік. Алайда бұл адамдардың өзімен бір ортада, бір уақытта өмір сүрсе де, тек жақсы бейнелерді ғана есінде сақтайтын жақын туыстары не достары да бар ғой.
Яғни, олар бірдей нәрсені көреді, бірдей эмоциялар мен сезімдерді бастан кешіреді. Бірақ біреуі тек жаманды, ал екіншісі тек жақсыны ғана есте сақтайды. Бұл не нәрсеге байланысты?
Мұнда бір қарапайым механизм бар. Біз эмоциялар шкаласы бойынша неғұрлым жоғары тұрсақ, бейнелеріміз соғұрлым жарқын болады. Әдетте, апатиядағы адам дүниені мұңды және бос, мәнсіз етіп көреді. Ал шкала бойынша жоғарыда тұрған кезде, ол әлемді өте жарық та жарқын етіп елестетеді.
Сондықтан да, егер өмірім тозаққа айналған, есімде бірде-бір жарқын естелік жоқ деген адамды кезіктірсеңіз, оның сөзіне сенбеңіз және айтқандарын тікелей мағынада қабылдамаңыз. Егер ол тозақта өмір сүріп жатырмын деп ойласа, онда ол қазіргі уақытта шкала бойынша өте төменде тұр, бары осы. Егер оның бейнелерін пейнхантингтің көмегімен түрлендірсеңіз, ол бақытқа, еркіндік мен қуанышқа толы мүлде басқа әлемді көре бастайды.
Эксперимент жасап көріңіз. Көзіңізді жұмып, өміріңіздегі ең жағымсыз сәттерді есіңізге түсіріңіз. Содан кейін көзіңізді ашып, айналаңызға қараңыз. Не сезінгеніңізді есте сақтаңыз. Содан кейін қайтадан көзіңізді жұмып, бақытты болған кездерді, айталық алғаш ғашық болғаныңызды, өте құнды нәрсені сатып алғаныңызды, өзгелердің сізге қарап таңданған кездерін және т.б. кездерді еске түсіріңіз. Бұл жаттығуды көзіңізді жұмып, өміріңізде болған барлық жарқын кездерді еске түсіріп, бес-жеті минут бойы орындаңыз, содан соң көзіңізді қайта ашыңыз. Сонда сіз бөлмеңіздің жарқырай түскенін байқайсыз. Осы орайда бір қызық жайтқа назар аударыңызшы: бөлме сол, ешкім тағы бір шамды жаққан жоқ немесе тұсқағазды ашығырақ түсіне ауыстырған жоқ. Бірақ сізге бөлме жанданған сияқты, бұның мәнін түсінесіз бе? Сонда, мұнда шындығында не болды?
Сіз жәй ғана қазіргі уақытқа қайта оралдыңыз. Жамандықты еске түсіргенде, біз қауіпсіздік қызметінің жұмысын белсенді етеміз. Қауіпсіздік қызметі болса, әлемді тек ақ пен қара түсте көреді. Ал жақсыны еске түсіргенде, біз бұл қызметті өшіреміз, сонда жадымыздағы жаман естеліктер мен ойлар түріндегі қауіпсіздік қызметінің «бағдарламалары жабылады» да, әлемді толық қабылдауға жол ашылады. Бұндай күй «Осында және Қазір» деп аталады. Өмірден барынша рақат алғанда шкала бойынша жоғары көтерілесіз де, дүниені жарқын түстерде көресіз. Негізі, айнала енді ғана жарқырай түскен жоқ, СІЗ оны солай, шын мәнінде бар күйінде көрдіңіз.
Ал енді осы бейнелердің бір таңғажайып табиғатын айтайын. Егер сіз бұрынғы бір жағымсыз естелікті көп рет қайта қарастыратын болсаңыз, бұл бейне жарқын бола түседі! Бұл жайт қарапайым, сөйте тұра таңқаларлық. Бірақ ең таңғаларлық парадокс – осы білімді ешкім қолданбайды.
Өміріңізде болған қиын кездерді еске түсіріңіз. Біреудің сізге «бұл туралы тағы айтып берші» деген команданы бірнеше рет айтып тұруын сұраңыз және оған дәл осы оқиғаны бірнеше рет көзіңізді жұмып айтып беруге тырысыңыз. Бұл оқиғаны бірінші рет еске түсіру сізге қиын болатынын байқайсыз, бірақ екінші, үшінші рет еске түсіру жеңілдей түседі. Кейін, бесінші, оныншы немесе жиырмасыншы рет бұл бейненің жарқын бола түсетіні сонша, жағымсыз ештеңе де қалмайды және сіз бұл оқиғаны жантыныштығымен, тіпті мүмкін, жағымды эмоциялармен еске алатын боласыз.
Рухани тәжірибемен айналысқан не медитацияны терең зерттеген адамдар мынадай қызықты құбылысты біледі:
«Естілік жамандықты жақсы, ал жақсыны одан да, өте жақсы етеді»
Немесе, басқаша айтайын. Егер сіз өміріңізде бақыттырақ бола түссеңіз, сіз тіпті жаман нәрселерді жақсы деп қабылдайтын боласыз, ал жақсы нәрселерден одан да керемет нәрсені көре бастайсыз.
Мен мұны неге айтып отырмын? Мұнымен мен сізге адамның психологиялық күйін жақсартудың экологиялық таза әдісі бар екенін айтқым келеді, оның мәні – бір жағымсыз оқиғаны бірнеше рет қарастыруда не қайталап айтып беруде. Сонда бұл оқиғаның ішінде жаманның бәрі жақсыға айналады, ал жақсысы, одан да керемет болмақ. Ақыр соңында сіздің жадыңыздағы естеліктер жарқырай түседі!
Түсінген боларсыз, ескі бейнелерді өзгерте отырып, қалған векторларды да өзгертесіз! Эмоциялар шкаласымен жоғарылағанда, сіздің жағымсыз ойларыңыз, позитивті ойларға айнала бастайды.
Бірақ, өкінішке орай, әрқашан бәрі біркелкі бола бермейді. Жаман бейне ешбір жолмен жақсармайтын кездер де болады, сіз оны көп рет қарастырсаңыз да, оның ішінде қандай да бір жаман кейіпкер, сол күйі жаман болып қала береді. Сондай-ақ, эмоциялар шкаласында да, бір деңгейде тұрып қаласыз және жағымсыз ойларыңыз жақсы жаққа өзгермейді. Неліктен бұлай болады?
Бұл жағдайда түпсана басқа бір нәрсені, бұның алдында болған оқиғаларда жасырын жатқан түп тамырды көреді. Мысалы, бір қыз жігітімен айырылысып кетті делік. Сіз одан бұның қалай болғанын сипаттап беруін сұрайсыз. Ол жігіттің «бізге айырылысу керек» деп хабарлама жазғанын, басынан өткерген барлық сезімдерін, іс-әрекетін, ойларын айтады. Алғашында ол жылап жібереді. Ол шкала бойынша сәл көтеріледі де, кенет ашу деңгейінде тұрып қалады. Бейне де өзгермейді. Оған бұл айырылысу жаһандық апат тәрізді және жан азабы басылмайтындай көрінеді. Сіз одан оқиғаны тағы да қайталап айтуын сұрайсыз, бірақ ол, сол бір нәрсені айтады. Осы кезде сіз оған осының алдында болған, осыған ұқсас оқиғаны есіне түсіруге көмектесуіңіз керек! Сонда осы жолы, сіз нысанаға дәл тиесіз.
Бұл жас қыздың шкаламен жоғары көтерілмеуінің себебі, ол түпсанасында айырылысқандықтан емес, осы айырылысу бұрынғы жағымсыз естелікті қозғап жібергендіктен азап шегуде! Мүмкін ол, бұрын басқа бір жігітінен айырылған болар не болмаса, әкесі не атасы қайтыс болған шығар. Енді оның қауіпсіздік қызметі ескі жан жарасын күшейтіп тұр!
Мен қауіпсіздік қызметі алманы апельсинге шатастыруы мүмкін екенін алдында түсіндірген болатынмын. Бұл жағдайда, қауіпсіздік қызметі, қазіргі оқиғаның қыздың әкесі қайтыс болып, бұл қыз үшін үлкен апатқа айналған бұрынғы оқиғамен ұқсастығын көріп тұр. Осы кезде қауіпсіздік қызметі «Адамнан айырылдық – бұл үлкен апат» деп қатты айғайлайтын «қызметкерді» дереу іске қосты. Бiрақ ол бiрiншi оқиғада туған әкесi екенін, ал екiншiсiнде үш рет қана кездескен, көшедегі бөтен жiгiт екенiн түсiнбейдi.
Енді не істеу керек? Сіз бұрынғы оқиғаға оралып, қыздан оқиғаны бірнеше рет қайталап айтуын сұрауыңыз керек. Содан кейін ол жылай бастайды, қайғырады және әкесінен айырылу оған қаншалықты ауыр тигенін, әкесі ол үшін қаншалықты бағалы жан болғанын айтады, осы кезде кенеттен оның қауіпсіздік қызметі өше бастайды да, жағымды эмоциялары пайда болады. Ал енді сіз одан жігітімен айырылысу оқиғасын тағы да қайталап айтуын сұрайсыз, сонда ол бұны, енді басқа сезімдермен есіне түсіре бастайды. Ол осы оқиға үшін қайғырғанына күледі де, қайтадан өмірдің мәнін көре бастайды. Ол кенеттен бөлменің жарқырай түскенін, терезенің арғы жағындағы шөптің жасылданып, аспанның көгілдір бола түскенін байқауы мүмкін.
Демек, сіз қазір ғана жан азабын өшіріп тастайтын құралдардың біріне ие болдыңыз, оны біз Риплей (ағылш. replay – қайталау) әдісі деп атаймыз.
Бұл әдісті қолдана отырып, сіз жақын адамдарыңыздың эмоционалдық проблемаларын оңай шеше аласыз. Мысалы, егер балаңыз достарының оны қалай ұрғаны туралы айта бастаса, барып сол балаларды ұруға асықпаңыз. Жоғарыда айтқанымдай, қауіпсіздік қызметі қосулы тұрған адамға ешқашан сенбеңіз. Сірә, достары оны ұрып-соқпаған да болар, бұл жерде жәй ғана баланың қауіпсіздік қызметі ұрды деген ойды санасында айналдырып тұр. Сондықтан оқиғаны қайта айтып беруін жұмсақтықпен сұраңыз, бұдан ұсақ-түйек мәліметті біле аласыз. Сонда кенеттен баланың ақылы кіріп, енді достарына еш кек сақтамайтынын айтады да, сол достарымен ойнауға жүгіре жөнеледі.
Әрине, мұны даналықпен істеу үшін, сіз өзіңіз де өте жақсы күйде болуыңыз керек және сіздегі қауіпсіздік қызметінде жағымсыз бейнелер болмауы керек. Бірақ, бұл жағдайда оқырмандардың кем дегенде 90% -ы баланы аяй бастайтынына не оның өзін кіналайтынына немесе баланы жазалайтынына, тіпті оны ренжіткен балаларды ұрғысы келетініне сенімдімін. Дәл осы жерде «адекватты емес» вирусы пайда болады, ол балаңыздан достарына, достарынан басқа адамдарға және т.б. беріледі.
Алдымызда бала тәрбиесі және жанжалдарды шешу туралы бөлек тарау болады.
Ал әзірше, түпсанамыздың негізгі механизмдерін түсінуіміз керек.
Біз «Есте сақтау» векторын талдадық, енді маңыздылығы жағынан кем тұрмайтын соңғысына, «Дене» векторына көшейік.
November 27