Читать книгу Бақыт жолы - Олжас Сеитов - Страница 7

1-Бөлім. «Пейнхантинг» әдістемесі жайлы
1.5 тарау. О ВЕКТОРЫ— теріс көзқарастар мен ұстанымдар қалай пайда болады

Оглавление

Ой – материалды десем, ешкімді таң қалдырмаспын. Яғни, өмірімізде болып жатқан оқиғалардың бәрі кешегі ойларымыздың нәтижесі. Жүздеген кітаптар, мыңдаған тренингтер осы идеяға арналған. Қуанышқа орай, миллиондаған адамдар тағдыры өз қолдарында екенін, өз өмірлерін өздері жасайтындарын жақсырақ түсіне бастаған. Саналы адамдардың көбісі бұған қатысты дауласпаса да, кейде өмірімізде болатын жағдайлар бұл сөздерді шындыққа жанаспайтындай етіп көрсетеді. Мысалы, күтпеген жерден жақын досыңыз сатқындық жасап «арқаға пышақ сұғады». Ал осы сәтте сіз бұл шындықты өзім қалап жасамадым ғой деп ойлайсыз. Сонда неліктен бұлай болды? Немесе күтпеген жерден сүйіктіңізден айырылып: «Сонда мен ойлап, осындай қатыгез жолмен іске асқан соншама қай ой?» деп таңырқайсыз. Я болмаса, кенеттен айықпас дертке шалдыққаныңызды білесіз. Қандай ойларым мені осындай жағдайға душар жеткізді деп ойларсыз.

Бұрынғы ойларды еске түсіріп, санасына қазбалай үңілген адам кейде басынан өткен барлық қайғылы оқиғалар үшін өзін кіналай бастауы мүмкін. Нәтижесінде, оған «ойлар материалдық» деген идея тым қатал бола бастайды, сондықтан оны қабылдағысы келмей санасынан лақтырады да, дүние хаосқа толы екеніне және бұл хаосқа еш әсер ете алмайтынына сене бастайды.

Сондықтан, ақырында, жағымсыз жағдайдың түп-тамырын табудың, яғни СЕБЕБІН іздеудің орнына, САЛДАРЫНА ұрынады. Ол басқаларды кінәлай бастайды және жүріс-тұрысына жауапкершілікпен қарамайы. Өз өміріне еш әсер ете алмаймын деп санап, барған сайын өмірін басқарып отырған ата-ана, мемлекет, апаттар, планеталар, сандар мен күндер және т.б. дегенге сене бастайды.

Бірақ ащы шындық мынадай – сенсеңіз де, сенбесеңіз де өз тағдырыңыздың, өз өміріңіздің иесі сіз өзіңізсіз. Қалай болған күнде де, Құдай, жұлдыздар мен планеталар, өмірімдегі суреттерді салады деп ойласаңыз да, өз ойларыңызбен өміріңіздегі «бейнелерді салуды» өзіңіз жалғастырасыз.

Бұған, әрине, бірден сену қиын, бірақ онкология, қант диабеті немесе инфаркт сияқты аурулар да өздігінен пайда болмайды. Олардың белгілі бір психологиялық себептері бар. Бұл аурулар санада қалған күйреткіш әсері бар бұрынғы ойлардың нәтижесі. Тіпті көшедегі бомж осылай үй-күйсіз адам болуға өз еркімен шешім қабылдаған. Ер адаммен ешқашан жақын қарым-қатынаста болмаған 40 жастағы әйел де, өмірінің белгілі бір кезеңінде осылай жалғызбасты өмір сүруге шешім қабылдаған. Көлік апатынан қайтыс болған адам да, апатқа дейін өлуді шешкен. Мен мұны теорияшы-пәлсапашы ретінде айтып отырған жоқпын. Мен мұны тәжірибеші ретінде айтып отырмын. Мен және пейнхантерлер тобым, клиенттердің ойларының «түпкі тамырын» мыңдаған рет сәтті тапқан болатынбыз, осы ең түпкі ойлары өмірлеріндегі бүгінгі проблемаларына әкелген. Сондықтан мынаны растай аламыз: иә, ойлар шынымен де материалды!

Бірақ бұған қатысты абыржымаңыз деп айтуға қуаныштымын. Кітапты оқу барысында үнемі осы шындықты есіңізге түсіріп, қайта-қайта сендіріп отыратын болады деп уайымдамаңыз! Біз бұдан әрі қарай жүреміз! Мен сізге осы түпкі ойларды дәл анықтауды және оларды жоюды үйретемін! Көптеген рухани гурулар, тәлімгерлер қайғы-қасіретіңіздің себебі сіз өзіңіз екеніңізді растап, бұның шешімдерін ұсынады, бірақ бұл шешімдердің сізге көмектесетініне еш кепілдік жоқ. Бақытымызға орай, пейнхантингтің көмегімен бұл жетіспеушіліктің орны толтырылады. «Ойлар – материалдық» дегенге сеніп қана қоймай, мұның рас екеніне іс жүзінде бірнеше рет көз жеткізетін боласыз және бастысы, ойларыңыздың көмегімен шынымен де өз өміріңізді оңай және сенімді басқаруды үйренесіз.

Алдыңғы тараулардағы төрт жасар қыздың мысалына оралайық. Жоғарыда айтқанымдай, бірдей жағдайға тап болған әр түрлі адамдар өздері үшін түрлі ұстаным-нанымдарды таңдайды. Бірі өмір бойы өзінің дұрыстығын басқаларға дәлелдеуге шешім қабылдайды, екіншісі – әрқашан осындай жағдайлардан аулақ болуды, ал үшіншісі – дүниеден мүлдем жасырынып, өзімен-өзі болып, тұйықталуды шешеді. Бұларды болжау мүмкін еместей көрінер. Бірақ, біріншіден, сіз осы тараудың соңында, эмоцияларды болжап айтуға болатыны сияқты, бұл ойларды да болжауға болатынын түсінесіз. Екіншіден, осыған дейін орын алған оқиғаларға, яғни бұрын болған жағдайға оралып, сол кезде қабылданған барлық шешімдерімізді еске түсіріп, оларды жойып, жаңа, әлдеқайда позитивті шешімдер қабылдай отыра, сол ойларымызды түзете аламыз.

Егер төрт жасар қызымыз енді ешқашан сурет салмаймын деп шешсе, онда кейін оның шығармашылық өнерінде қиындықтар туындайды. Мысалы, егер болашақта оның досы сурет салуды өте жақсы меңгеріп алса, біздің қызымыз іштей «мен де жақсы суретші бола алар едім ғой» деп қатты қамығады. Немесе оны көркем өнер студиясына жіберсе, ол сурет салуға ішкі қарсылық сезіп тұратын болады. Өйткені, оның жан дүниесінде «сурет салма» деген ой бар.

Қыздың басқа ойлары да болуы мүмкін. Мысалы, ол өзі үшін ешқашан бірдеңені ойластыруға және жасауға болмайды деп шешуі мүмкін. Немесе өнерін анасының алдында ешқашан көрсетпеу керек деген тоқтамға келген болар. Я болмаса, керісінше, егер ол анасының әрекетін әділетсіздік деп есептесе, болашақта анасына өзінің дұрыстығын дәлелдеуге деген қалауы бастан кетпей тұратын болады.

Бұл ойлардың туындауы не нәрсеге байланысты? Адам бұрын болған эмоционалды күйге байланысты. Сонымен, егер қыз бастапқыда қуаныш күйінде болса, онда анасының жәй наразылығы оны бейтарап күйге түсіреді, мүмкін оның көзқарасы да бейтарап болар. Мысалы, ол: «Анам сұрамаған нәрсені жасауға тырыспаған дұрыс» деп ойлайды. Бұл ойы оның жанын ауырта қоймас.

Ал егер анасы наразылығын білдіріп қана қоймай, баланы ұрып жіберіп, ұрсып, ақымақ деп атаған болса, онда ол ашу деңгейіне, тіпті одан да бетер, апатияға дейін түсіп кетеді. Сәйкесінше, балада: «маған айқайлауына анама ешқашан жол бермеймін» деген ызалы ойлары немесе «Бұл дүние әділетсіз және қатал, сондықтан жақындарыңның қолдауына арқа сүйеме» деген үнжырға түсіретін ойлары болуы мүмкін. Мәнін түсіндіңіз бе? Ойлардың шын мәнінде өзіндік «көлеңкесі» болады. Олар әрқашан эмоцияларды «қамтиды»! Бұл теорияның ғылыми түсіндірмесін іздеуге тырыспаңыз, өйткені аса маңыздысы бұл емес. Ойлар немқұрайлы, ызалы, қайғылы не керісінше, позитивті және қуанышты болуы мүмкін екенін жәй ғана қабылдап елестетіп көріңіз.

Сонымен, қорытындылайық. Сіз бір мезгілде екі векторға, ойлар мен эмоцияларға, назар салуды үйрендіңіз. Олар бір-бірімен өте тығыз байланысты.

Осы екі вектордан басқа, біз әрі қарай қалған екеуімен, дене және жадымыздағы бейнелермен, жұмыс істеуді үйренеміз. Бірақ әрі қарай жылжымас бұрын, ойлардың тағы бір қызықты табиғатын қарастырайық. Біз олардың «өмір сүргіш» сипаттамаларын қарастырамыз. Сәлден кейін сіз санаңызда күніне он мыңдап туындайтын ойларыңыздың ешқайсысы да, арнайы қайта еске түсіріп, олардан өзіңіз бас тартпайынша, ешқайда жоғалып кетпейтінін түсінесіз.

Балалық шақта қабылдаған көптеген шешімдер, нанымдар, ойлар, тұжырымдар мен постулаттар түпсанамызда тұратынын және олардың ешқайда жоғалып кетпейтінін түсінесіз. Олар ұмытылмайды да, жойылып та кетпейді!

Бақыт жолы

Подняться наверх