Читать книгу Бақыт жолы - Олжас Сеитов - Страница 12
1-Бөлім. «Пейнхантинг» әдістемесі жайлы
1.10 тарау. Жан азабынан арылтудағы пайдасыз әдістер
ОглавлениеАдамдардың психикасымен жұмыс істеуде қандай басты қателіктер жіберіледі? Бұл жайтты барлық ерекшеліктерімен түсіну үшін өте жақын адамыңызбен айырылысқаныңызды елестетіп көріңіз. Осы орайда сізге көрсетілетін психологиялық көмектің бірнеше жолдарын қарастырайық.
Біріншісі – жұбаныш. Өміріңізде бірдеңе сізді сарыуайымға салған және бұған катысты жұбаныш алған сәттердің барлығын есіңізге түсіріңіз. Осы кездері сізді жұбатқанына қаншалықты қанағаттандыңыз? Адам сізді толық түсінсе және сізді жарқын болашақ күтіп тұрғанына сендірсе ғана, оның жұбатуы шынымен сізге көмектеседі. Мысалы, егер сізді жақын адамыңыз тастап кетсе, жұбатушы сізге енді өз ісіңізбен айналыса алатыныңызды және өз-өзіңізге көңіл бөле алатыныңызд айтуы мүмкін. Немесе сол адам қазір емес, кейінірек тастап кеткенде, одан да сорақысы болар еді деп те жұбатуы мүмкін. Осы жағдайлардың бәрінде алдымен адамның не үшін қиналып жатқанын жақсы түсіну керек және жұбату үшін нақты аргументтер болуы керек. Сондықтан адамды жұбату сөздері 20—30% жұмыс істейді. Егер сіз нысанаға дәл тигізсеңіз, жұбатқаныңыз пайдаға асады. Ал егер олай етпесеңіз, біреуді жұбатам деп ызаландырып аласыз.
Байқасаңыз, кішкентай кезінде баланы жұбату жақсы іске асады. Ертең Аяз ата келіп, барлық проблемаларды шешіп береді дегенге бала алданады да қалады. Немесе әкесі қайтыс болған баланы, әкең жақын арада сыйлықпен келеді деген тәтті үміт беріп жұбатқан да шығарсыз. Жұбанышқа мұқтаж адам алдында беделіңіз жоғары болса, жұбатуыңыз өте жақсы іске асады. Егер ол сізді қатты құрметтесе, жай ғана «бәрі жақсы болады» дегеніңіз оны гипноздық түрде тыныштандырады. Бірақ жұбаныштың шегі бар. Жұбаныш – бұл тәтті шай тәрізді, ол адамды бір-екі рет сергітеді, ал үшінші шыныаяқтан кейін сергітетіндей әсері болмайды. Кейін тіпті кері әсері басталады. Жұбаныш адамды ызаландыра бастайды. Сондықтан ата-анасының айтқан барлық ертегілерін түсінген жасөспірімдер, олардың жұбатуларын агрессивті түрде қабылдайды.
Ал есейіп, есті болған сайын жұбаныш сізді мүлде қызықтырмайды. Бірақ, өкінішке орай, көптеген психологтар осы әдісті қолданады, осылай өз клиенттерін бірден шеттетеді. Психологтың адамға қиындықтарды тез жеңуге көмектескісі келетіні анық, бірақ клиент мұны теріс қабылдайды. Сізді жұбатуға тырысқан мейірімді психологтың консультациясынан кейін, сізде аралас сезімдер болғанын байқасаңыз, бұл шын мәнінде, көңіл түбінде өзіңізді алданғандай сезінгенсіз деген сөз. Сондықтан, психологтың тырысып, күш салғанына қарамастан, сізде жағымсыз дақ қалып қояды.
Жұбаныштың ең басты қауіпі, ол бізді күшейтпейді. Қайта жұбаныштың әсерімен біз одан сайын дәрменсіз күйге түсеміз де түрлі қиялдарға берілеміз. Ал адамға қарсы қолдануға болатын ең жаман қару – үнемі жұбату. Адамды үнемі жұбатқан сайын, ол әлсіз және өзіңізге тәуелді болып қалады. Ол күніге сізден: «Мен ханшайыммын, солай ғой?», «Ал менің жігітім оңбаған екені сөзсіз, иә?» деп сұраумен болады. Сонда сізге күн сайын көбірек жұбаныш беретін ертегілер ойластыруыңыз керек болады, ал бұл адамды одан сайын әлсіз әрі дәрменсіз етеді.
Психологиялық көмектің келесі жолы – жанашырлық. Кейбіреулерді таң қалдыратын шығар, бірақ жанашырлық таныту пайдасыз ғана емес, тіпті қауіпті құрал. Неге екенін қазір түсінесіз. Адамға жанашырлық танытқанда, оның бойында бала кезінде ауырып, әлсіз болғанда, оған өзгелердің танытқан аяушылығынан сезінген жағымды сезімі пайда болады. Сөйтіп оның түпсанасында: «Психолог маған одан әрі жанашырлық танытуы үшін мен көбірек ыңылдап, шағымдануым керек» деген ақымақ тұжырым орнығады. Нәтижесінде, адамды жанашырлықпен емдеуге тырысатын психолог оның зардап шегуші ретінде күйін одан сайын қаттырақ бекітеді, ал мұндай күйден шығу адамдардың көпшілігі үшін тым қиын болады. Көптеген егде жастағы мүгедек ерлер де, әйелдер де, өз дәрменсіздігі мен жағдайларынын құрбаны болып жүргендері, өзгенің назарын өзіне аударуға көмектесетін жалғыз «ілмек» екенін саналы түрде түсінеді, сондықтан олар өз-өздерін осындай әлсіз күйге түсіреді.
Негізі жанашырлықты қолданып, кез келген сарбазды, көшбасшыны және кез келген жеңімпазды жығып түсіруге болады. Ол үшін оған көп жұмыс істегені зиян екенін есіне салып, аяушылықпен дем алуға талпындырсаңыз болғаны. Дене қызуын үнемі тексеріп, анализдерін алып, стреске көп түсіп кеткенін аяп-мүсіркеп айтсаңыз болғаны. Сонда күндердің күнінде бұл сарбаздар рухын жоғалтады. Міне, сондықтан да мықты тұлғалар психологтарды жаратпайды. Иә, оларға іштей оңай емес, қолдау көрсетілгенін қалайды, бірақ аяушылық түрінде емес! Әрқайсыңызда сізді тым жиі аяп-мүсіркей берген адамды, тіпті сабап тастағыңыз келген кез болғанына сенімдімін. Бұл түсінікті жайт. Жанашырлық қатты қайғырсаңыз ғана пайдалы болады. Біреуге жанашырлық танытуды жалғастыра беру, оның жоғары көтерілуіне мүмкіндік бермейді. Бұдан ол қайғыға одан сайын батып кетеді. Сондықтан, қайғыдан жоғары күйде болсаңыз, жанашырлық сізді ызаландыратын болады Мынадай көріністі елестетіп көріңізші: сіз сатқындықтың кесірінен азап шегудесіз немесе балаңызға ашулысыз және мұндай күйден құтылғыңыз келеді. Ал психолог болса, сізге аяушылық танытып отыр. Мұндай көріністің сізге ұнамасы анық.
Психологиялық көмектің үшінші жолы – кеңес пен нұсқау беру. Біреудің өміріне араласып кеңес беру – үлкен жауапкершілік. Оның үстіне, кеңес алып жатқан адам үшін де, өте қауіпті. Клиенттерімнің арасында, психологтардан чемоданды жинап, күйеуін тастап кетуге бірнеше рет кеңес алған, тіпті психологтары солай етуге қоймай талпындырған әйел кісілер болды. Бірақ екі-үш рет пейнхантинг сеанстарынан кейін, бұл әйелдер мұндай шектен шығушылыққа бармай, қайта некелерін нығайтты, күйеулері де жақсы жаққа айтарлықтай өзгерді. Адамға кеңес берсеңіз, онымен не болады?
Ол жай ғана өз өмірі үшін жауапкершілікті сізге жүктейді! Бұдан ол күштірек, жауаптырақ және ақылдырақ адамға айналмайды. Қайта ол барлық проблемаларын сізге артып қоя беретін болады! Әрине, егер сізге адамға көмектесуден гөрі, ақша маңыздырақ болса, клиенттеріңізге кеңес беруді жалғастыра беріңіз, осылайша оларды үнемі сізден кеңес сұрап тұратындай дәрменсіз күйде ұстайсыз. Ал егер сіз пейнхантер болғыңыз келсе, адамдарға көмектескіңіз келсе, мына жайтты нықтап есте сақтаңыз: ешқашан кеңес бермеңіз. Пейнхантингтің мақсаты – сеанстардың соңында адам нақты шешім қабылдап, өз шешімі үшін жауапкершілікті сезіне алатындай, оны өмірдегі жағдайларға анағұрлым бейімделгіш ету.
Психологиялық көмектің төртінші жолы – жеке пікір айту және өз ойын тықпыштау. Мысалы, клиент сізге әкесі хабарламасына жауап бермегендіктен, онымен ұрысып қалғанын айтады. Сіз оған бұған катысты жеке пікіріңізді, яғни бұл жағдайда толысқан адам ретінде әрекет етпегенін айтасыз. Я болмаса бұл жағдайда әкесінің дұрыс істемегенін айтып, пікіріңізді білдіресіз. Бұлай ету мүлдем дұрыс емес! Неліктен? Өйткені сіз төреші емессіз! Прокурор емессіз. Сіз заңгер емессіз. Сіз оған көмектесуді қалайтын адамсыз. Сіздің оған ақылыңыз емес, жан жарасынан арылтудағы салмақты көмегіңіз керек. Не айтсаңыз да, сіздің пікіріңіз субъективті пікір болып қала береді әрі ол объективтіліктен өте алыс болады!
Классикалық психологиядағы тағы бір кең таралған әдіс – категорияларға, тұлғалық топтарға және үлгілерге сай болуыңыз үшін сізді «қыспақтауға» үздіксіз тырысып бағу. Сіз психологқа отбасыңызда қиындықтар бар екенін түсіндіресіз, психолог болса жауап ретінде сіздің «күлгін-ішек-интровертті» екеніңізді, ал әйеліңіз «қызылкүрең-бүйрек-рационалды» тұлғаға жататынын айтады. Бұлардың не қажеті бар? Олар пайдасыз ғана емес, сонымен қатар зиянды! Өмірде біз әртүрлі уақытта, әртүрлі күйде боламыз. Мысалы, мектепте сіз тұйық болдыңыз делік, мұның себебі сол уақытта ата-анаңыз ажырасып жатқан болатын. Содан кейін ата-анаңыз қайта қосыла бастағанда, сіз кенеттен ашық-жарқын болдыңыз. Сосын әкеңіз маскүнем болып, анаңызды күнде ұрғаны үшін ашу-ызаға берілдіңіз, кейін анаңыз жүрек талмасынан қайтыс болғанда депрессияға ұшырадыңыз. Демек, әр деңгейде сіз әртүрлі күйде болдыңыз. Сондықтан, адамға табиғатынан тұйықсың деу, үлкен қателік. Ешкім де табиғатынан тұйық болмайды.
Адамды көбінесе шығармашылыққа бейім деп айту да, қателік. Бұлай деуіңізбен сіз оны бірден шектейсіз! Мүмкін ол үлкен саясаткер болғысы келген шығар, ал сіз оның тумысынан суретші екенін дәлелдеп, шешіміне араласасыз! Сондықтан да адамдар психологқа барар алдында жүз рет ойланады, өйткені психологтар олардың нәзік жан дүниесін дұрыс түсінбей, қандай да бір психологиялық шаблонды тым тез «жабыстырады» деп есептейді.
Алтыншы жолы – адамды кінәлау сезіміне итермелеу. Сіз психологқа қызыңызбен айырылысқаныңызды айтасыз, ал психолог сіздің бойыңыздан агрессияны байқап, сізді «төмендеткісі» келеді. Сөйтіп мәселеге басқа жағынан, яғни қызыңыздың тарапынан қарауға кеңес береді. Осылайша ол сіздің дос қызыңызға болған жағдайдың қаншалықты ауыр тигенін түсінгеніңізді қалайды. Көптеген психологтар бұл әдіс адамның естілігін арттыруға көмектеседі, клиент өз іс-әрекетінің дұрыс-бұрыстығы туралы ойланады деп есептейді. Бірақ көп жағдайда, клиент өзінің әрекеті дұрыс болмағанын жақсы түсініп тұрады. Ол неліктен өзінде өзгеге жамандық жасауға деген бастан кетпейтін ойы бар екенін түсінбейді. Ол одан құтылғысы-ақ келеді. Бірақ психолог оны одан бетер өзін кінәлауына итермелеп, адамды ұяң да жасқаншақ етеді. Адамның өз әрекетіне сырттай қарап, кінәсін түсінгені, оны мықты етпейді. Бұдан ол бақытты боп кетпейді. Қайта ол одан сайын өзгелерден шеттеп, тұйықталып кетуі мүмкін.
Жетінші әдіс – иландыру және гипноз. Психологқа барып, тамақты тым көп жеуге деген құштарлықтың кесірінен, артық салмағыңыз бар екенін айтып шағымданасыз. Психолог сізді гипноздап, нан – бұл жиіркенішті қоқыс тәрізді немесе әрбір артық калорий үшін күйеуіңізден айырылып қалуыңыз мүмкін деген команданы ендіреді және басқа да қауіпті ережелер береді. Негізі бұлай ету, адамды басып, төмендетуге жатады. Адамның еркіндігі онсыз да аз. Онсыз да ол өзін шектеулі және бақытсыз сезінеді. Сіз болсаңыз, оның үстіне тағы бір қорқыныш пен кінә сезімін артып тұрсыз, осылайша оны тұлға ретінде жоясыз. Сондықтан да адамдар гипнотерапиядан соң, уақытша жеңілдік алады да, бірақ кейін ерік-жігерсіз әрі өлімсіреген күйде болады. Ал егер гипнозыңыз позитивті болса, ерте ме, кеш пе, сіз «ендірген» позитивті ой, ескі жағымсыз ойға жеңіледі, бұдан клиент бұрынғы күйіне оралады. Демек, гипнозыңыз уақытша ғана жақсартады.
Сегізінші және адамға ауыр тиетін әдіс – оның ойы мен сөзінің маңыздылығын кеміту не қадірін түсіру. Сіз психологқа артық салмағыңыз үшін ұялып, қысылатыныңызды айтасыз. Психолог болса, сізде артық салмақтың жоқ екенін айтады. Сіз кейде кекештеніп кетемін дейсіз, ал психолог тіліңізде ешқандай проблемаңыз жоқ дейді. Сіз бөтен дауыстарды еститініңізді айтасыз, ал психолог, шын мәнінде ешқандай дауыс жоқ екеніне, сізге жай ғана солай көрінетініне сендіреді. Психологтың айтқаны объективті түрде дұрыс та шығар. Бірақ клиент субъективті проблемаларымен келіп тұр ғой, түсінесіз бе? Клиент онсыз да, өзінің дүниедегі ең семіз адам емес екенін біледі. Ол өзінің кекештігінің түрі ауыр паталогия емес екенін түсінеді. Бөтен дауыстардың жоқ екенін және бұның елес екенін түсінеді. Бұл оның тек ішкі қабылдауы екенін жақсы білгендіктен, соның себебін анықтап, осы ауытқудан арылғысы келеді. Бірақ психолог, онымен болып жатқан «келеңсіз жайттарға» үңілгісі де келмейді, барлық проблемаларын адамның өзі ойластырып алғанын айтады! Керемет! Біздің байғұс клиент мұны түсінбегендей! Мұндайдан кейін клиенттер өздерін өзгелер үшін түсініксіз жан болғандай сезінеді. Өздерінде қандай да бір патология бар шығар дегенді ойлай бастап, уайымдайды да, қорқыныштан тіпті, психиатрларға барады!
Ал енді заманауи коучтар қолданатын әдістерді қарастырайық. Әрине, коучтар қолданатын құралдардың көбісі пайдалы, бірақ олардың арасында бір қауіпті, тәуекелге бас тіккізер құрал бар. Бұл – егер орындамаса, айыппұл салынатын тапсырманы орындауға клиентті міндеттеу. Бұлай ету қаншалықты ақымақтық десеңізші! Сонда клиент өзіне ақыр аяғында айыппұл салынуы үшін ақша төлегені ме? Бұл әдістің мәні – қорқыныш тудыру мен жазалау арқылы көтермелеу тәсілін қолданып, клиенттің мотивациясын арттыру, бірақ турасын айтсақ, адамды көтермелеуге қарағанда, қорқытуы көп. Кейбір адамдарға бұл шынымен көмектеседі, сондықтан олар жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін осы коучтарға өте риза болуы мүмкін. Бірақ бұл әдістердің тиімділігі айтарлықтай жоғары емес. Өйткені бұдан кейін, уақыт өте, көптеген адамдар өздерін одан сайын кінәлі сезінеді, одан бетер қорқынышқа беріледі, ал бұдан адам оқшауланып, тұйықталып қалады. Ал коучтар алдын ала төлем алғандықтан, ештеңе жоғалтпайды. Мұндағы ең күлкілісі— олар кетіп қалған клиенттерді жай ғана «лузерлер» деп атайды және басқаларды «жауынгерлік рухқа» талпындырып, күштірегі жеңеді дегендеріне сендіруді жалғастыра береді.
Ал енді жоғарыда аталған барлық ағаттықтарға қатысты түсінігімізді бекітейік. Пейнхантингте олар нағыз қателіктер болып табылады. Сондықтан біздің мектебімізде әр пейнхантер кодекс қабылдап, оны қатаң ұстанады.
Пейнхантер кодексінің негізгі тармақтары мыналар:
1) сеанс кезінде клиентке кеңес бермеу;
2) клиенттің ісіне субъективті баға бермеу;
3) клиенттің кез келген уайымы мен әңгімелерінің маңыздылығын кемітпеу не қадірін түсірмеу;
4) клиентке аяушылық танытпау;
5) пейнхантинг сеансы кезінде басқа әдістерді пейнхантингпен аралыстырмау;
6) өз пікірі мен көзқарасын тықпыштамау.
Осы тармақтарды есте сақтаңыз. Біз оларға жиі оралатан боламыз. Іс жүзінде қолданғанда, сіз кем дегенде бір тармақты бұзу, пейнхантингтің бар тиімділігін бірден жоққа шығаратынын түсінесіз. Бір рет жанашырлық танытып, аяушылықпен қарап көріңіз, клиент сіздің реакцияңызға ашуланады да, жабылып қалады! Клиенттің іс-әрекетіне қатысты жәй ғана өз пікіріңізді білдіріңіз, сонда ол әрі қарай сізге ашылмайтын болады! Клиент өз проблемаларын асырып жібергенін дәлелдеп көріңіз, ол бірден сізге ренжіп, бұдан былай проблемаларын сізге айтқысы келмейтін болады.
Бұл кодексті күнделікті өмірде қолданатын болсаңыз, басқалармен қарым-қатынасыңыз жақсы жаққа айтарлықтай өзгереді. Бітпейтін ұрыс-керістерден, келіспеушіліктерден аулақ боласыз. Адамды тереңірек түсінесіз, ал ол сізден дана адамды көре бастайды.
Ал енді қорытындылайық. Жұбату, мәселесінің маңыздылығын кеміту, жанашырлық таныту және сендіру адамға 100% көмектеспейді. Яғни, олар эмоционалдық күйіңізді аздап жеңілдеткенмен, жан азабынан арылта алмайды. Біз бұл әдістерді пайдалану қателік екенін және пейнхантингте мүлдем қолданылмауы тиіс екенін білдік. Олай болса жан жарасынан 100% арылуға не көмектеседі? Бұл орайда жақындарыңызға көмектесуді қатты қалағандықтан, не істей аласыз?