Читать книгу Бақыт жолы - Олжас Сеитов - Страница 8

1-Бөлім. «Пейнхантинг» әдістемесі жайлы
1.6 тарау. Үлкен корпорация сияқты ақыл-санамыз

Оглавление

Мынадай қызықты құбылысты байқағансыз ба: өзіңізге бірдеңені ұмытпауға уәде бердіңіз, сосын бұл уәдеңіз ішкі дауысыңызға айналады, кейінірек бұл ішкі дауыс ұмытпау тиіс нәрсені еске салады.

Мысалы, іссапарға бару керек болғанда, сіз заттарыңызды жинау үшін үйге барар жолда: «Құжаттарды чемоданға салуды ұмытпа» немесе «сөмкеге смартфон зарядтағышын салуды ұмытпа» деп ішіңізден ойлаған шығарсыз. Кейінірек қажет нәрсенің бәрін жинап болған соң сіз түпсанаңызда алаңдаушылық сезіндіңіз де, сізге онымен «сөйлесуге» тура келді. Сөйтіп сіз оны мұқият тыңдағанда, кенеттен ол: «Құжатты чемоданға сал» немесе «Зарядтағышты сөмкеге сал» деген ақпарат береді. Бұл ақпарат ойлар, ішкі дауыс немесе бейне түрінде келуі мүмкін. Бұл аса маңызды емес, десе де бұл сізге таныс жайт қой? Жоспарлаған заттардың бәрін салып болғаннан кейін ғана тынышталып, мазасыз күй кешпейтініңіз сөзсіз.

Немесе, мысалы, сіз көйлегіңізді үтіктеп жатқанда, балаңыз ойыншығына қатысты көмек сұрап сізді шақырып жатқанын естисіз. Осы сәтте өзіңізге: «Қайта келіп үтікті міндетті түрде өшіруді ұмытпа» деген боларсыз, сөйтіп бала отырған бөлмеге барасыз. Содан кейін көршілер есік қағып, коммуналдық төлемнің қымбаттағаны туралы жаңалық айтады, кейін қал-жағдайыңызды білу үшін ата-анаңыз телефон шалады. Осылай сіз үтіктеу процесін ұмытып кеттіңіз. Алайда соған қарамастан бір ішкі алаңдаушылықты сезіп тұрасыз. Беймаза болып, сізге бір нәрсе аяқталмағандай көрінеді. Ал егер босаңсып, ішкі дауысыңызды тыңдайтын болсаңыз, бірден «Үтікті өшіру керек» деген ақпаратты аласыз.

Осы қарапайым мысалдар арқылы мен сізге түпсананың атқаратын маңызды функциясы бар екенін жеткізгім келеді. Бұлар бұйрықтарды сақтау және оларды орындау функциясы! Әр адам түпсанасының осы функциясын интуитивті түрде қолданады, соның арқасында атқару керек әр іс-әрекетімізді қойын дәптерге жазып отырмай көптеген істерді жақсы атқара аламыз.

Бірақ бұл функцияның бір ерекше қасиеті бар. Түпсанаға өзіміз беретін бұйрықтар ешқашан жоғалмайды. Олар сіздің жадыңызда, былайша айтқанда «жазулы тұрады» әрі алаңдаушылық тудырады. Ол смартфон немесе ноутбук сияқты. Егер сіз көп қолданбалар топтамасын ашып, оларды жаппасаңыз, онда оперативті жады өте аз болады, сондықтан сіздің гаджетіңіз қарапайым функциялардың өзін өте баяу орындайтын болады. Үтікпен мысалдағыдай, қолданбаның барлық терезелерін жапсаңыз, смартфоныңыз «тынышталып», кез келген тапсырманы тез әрі оңай орындай бастайды.

Екінші ерекшелік – санамызға берілген командалар, кейде олардың орындалуының енді қажеті болмаса да орындалады! Бұдан сананың дұрыс емес есептеулері пайда болады, ал бұл ең ақымақ әрекеттерге, наным-сенімдерге және нәтижесінде өз істерінен зардап шегуге әкеледі. Бұл болса, өз кезегінде, сәтсіздікке және түрлі ауруларға ұшыратады.

Осы мысалдардың көмегімен сіз бір маңызды ойды түсінуіңіз керек. Түпсанаңыз не істесе де, барлығын сіздің бұйрығыңыз бойынша ғана істейді! Түпсанаңыз ешқашан сізді басқарып отырмайды. Егер өзіңіз рұқсат етпесеңіз, түпсанаңызды бөтен адамдар ешқашан басқара алмайды. Бірақ неге кейде түпсанамыз бізді тыңдамайтындай жағдай болады? Емтиханға үш күн қалғанда, түпсананың оған дайындалғысы келмеген кездері есіңізде ме? Жұмысыңызға қатысты көп іс атқару керек болғанда, саналы түрде диванда демалуды таңдаған кезіңіз есіңізде ме? Аудитория алдына шығып, сенімді сөйлеу керек болғанда, түпсанаңыздың неге екені белгісіз, қорқыныш пен ұялуды қосып, бұның салдарынан қызарып, қолдарыңыз дірілдеп кеткен сәттер есіңізде ме? Егер түпсанамыз біз берген бұйрықтарды қатаң түрде орындайтын болса, онда неге ол кейде бізді тыңдауды қояды? Бұл оның зорығып кеткенін білдіре ме? Әлде шамадан тыс жүктелгені ме? Сонда түпсана жұмысы мінсіз болмағаны ма?

Бұның жауабы қарапайым. Егер түпсанаңыз кейде сізге бағынбай, бұйрықтарыңызды орындамаса, онда сіз оған мұның алдында, қазіргі командаңызға қайшы келетін басқа команда бергенсіз. Бар болғаны осы. Егер сол ескі команданы тауып, одан бас тартсаңыз, онда сіздің түпсанаңыз толық қуатпен қосылады да, қазіргі тапсырмаңызды өте жеңіл әрі тез орындайсыз. Мысалы, бір әйел 15 жасында көлік апатына ұшырап, енді ешқашан көлікпен алыс жерлерге бармаймын, оның орнына пойызбен жүремін деп шешкен делік. Сосын ол бұл ойды ұмытады, 10 жыл өткен соң күйеуі оған басқа қалада тұратын ата-анасына көлікпен баруды ұсынады. Әйелдің алдында бұйырылған «Басқа қалаларға көлікпен баруды таңдама» деген командасы болғандықтан, ол бір түсініксіз қорқыныш пен жайсыздықты сезінеді. Егер бұл қорқынышы күшті болса, онда әйел күйеуін ата-анасына пойызбен баруға көндіруі мүмкін.

Бұл мысалда түпсанадағы ескі ой жеңді. Бірақ кейде жаңа ой жеңеді. Мысалы, сіз әрқашан дәрігер болғыңыз келген делік. Сіз мектепте биология мен анатомияны оқығанды ұнататынсыз. Бір күні дәрігерлердің сәтсіз аяқталған, ауыр ота жасағандарын көрдіңіз, кейін сіз дәлізде қайтыс болған науқастың туыстарының зар еңіреп жылағандарын естідіңіз. Сол кезде сіз дәрігер болу өте ауыр іс деп шештіңіз, сөйтіп өлім мен қан жиі кездеспейтін басқа мамандықты таңдадыңыз. Демек бұл жағдайда кейін пайда болған ой жеңді, бірақ бұған дейін сіз үнемі дәрігер болуды армандаған болатынсыз. Неге осылай болды?

Байқаған боларсыз, бұл екі мысалда да болуы мүмкін қауіп пен жанға батар ауру туралы ой жеңді! Бұл түпсана қасиеттерінің бірі. Біздің түпсанамыз ең қауіпсіз жолды таңдайды. Егер кедей адамға еркін және жайлы өмір сүре алатынын, бірақ бұл үшін кәсіпкерлікпен айналысуы қажет екенін айтса, ол, ең алдымен, кедейшілікке апаратын болса да, неғұрлым тәуекелге апармайтын жолды таңдайды, өйткені жайлы аймақтан тыс жерде түпсана кілең қауіптерді көреді. Демек, түпсана қауіпі бар, бірақ жарқын жолдан гөрі, қауіпсіз, бірақ қараңғы жолды қалайды.

Көріп отырғаныңыздай, түпсана өте көп мөлшерде ойларды сақтайды және оларды маңыздылық дәрежесі, қауіпсіздігі және басқа да критерийлер бойынша сұрыптайды. Одан әрі қарай жүрейік.

Түпсанамызды үлкен корпорация ретінде елестетіп көрейік. Сіздің санаңыз – сіз өзіңіз делік және корпорацияның иесі, басты акционері сіз боласыз. Жүздеген, мыңдаған, тіпті мүмкін миллиондаған сізге бағынышты қызметкерлер – бұл түпсанаңыздағы ойларыңыз, олар әр секунд сайын өзіңіз бір кездері сеніп тапсырған көп істерді атқарады. Егер бұл корпорацияны басқарғыңыз келсе, онда сіз осы қызметкерлермен жұмыс жасай білуіңіз керек. Яғни, егер өз ақыл-санаңыздың қожайыны болғыңыз келсе, түпсанаңыздағы ойларыңызбен жұмыс істеуді үйренуіңіз керек. Әрине, егер акционердің басқару қабілеті болмаса, ол әр процеске өзі араласып кетеді, яғни, бухгалтер орнына өзі бухгалтерия жұмыстарын жүргізуге тырысады, сату бөлімінің орнына саудамен және күзетшілердің орнына күзетпен айналысады. Дәл осылай, егер өз түпсанаңызды басқаруды білмесеңіз, үнемі өзіңізді санаңыздағы тұжырым-ұстанымдармен жұмыс жасауға мәжбүрлеп отыратын боласыз.

Қарапайым мысал келтірейін. Сіздің түпсанаңызда: «Алдын ала есеп тапсырудың пайдасы жоқ, бәрібір оларды ешкім бағаламайды», – деген бұрын орнатылған тұжырым бар. Бір күні сіз есеп жүргізуді қалайсыз, бірақ сіздің денеңіз диваннан тұрғысы келмейді. Негізінде, осы кезде, сіз бір кездері жұмысқа «жалдаған» белгілі бір «бағынышты қызметкер» сіздің түпсанаңызда «Қажетсіз күш салма, өйткені оны ешкім бағаламайды» деген бұйрықты орындап тұр. Бірақ бұл әріптесті елемей, денеңізді диваннан тұруға мәжбүрлейсіз. Әрине, сөйтіп ісіңізді атқарасыз. Бірақ осы кезде түпсанаңыз абдырап қалады. Өйткені түпсанаңыздағы «бағынышты қызметкер» жұмыстан шығарылмаған ғой! Сондықтан ол өзіне бұйырылған команданы орындауын жалғастыра береді. Сіз өзіңізге айқайлайсыз, өзіңізді ынталандырасыз, ұрысасыз және қайта көтерілесіз. Осылайша сіз бір күні шаршамайынша, өзіңізді көп рет «мәжбүрлеп отырасыз». Егер акционермен ұқсастыққа қайта оралсақ, акционердің маңызды істері өте көп екені анық. Ол бухгалтерия бөлімі бола тұра, бухгалтерлік есепті үнемі өзі жүргізіп кетпейді ғой, я болмаса бірнеше заңгерлері бола тұра, келісімшарттар жасаумен үнемі айналыспайды ғой. Сізде де тура солай. Бір күні сіз диваннан тұру үшін тым көп күш жұмсайтыныңызды түсінесіз. Басқа жағынан, «жалдаған жұмысшыңыз» сізге «Неге орныңнан тұрасың? Бізді бәрібір ешкім бағаламайды!» деп сан рет қайталап тұрды. Егер ішкі дауысыңызды ести алатын өте сезімтал адам болсаңыз, түпсанаңыздың сізді әрекетсіз күйде ұстауы бекер емес екенін түсінесіз. Демек, беріліп тұрған команданы «ести аласыз». Осы кезде дәл сол қызметкерді «жалдаған» кезіңізді есіңізге түсірсеңіз, оған бұл функцияның енді қажет емес екенін түсіндіріңіз, сонда түпсанаңыз денеңізді селқостықта ұстауды тоқтатады. Осылайша күш пен энергияның артқанын тезірек сезінесіз.

Ендеше, ұқсастығы бар мысалға қайта оралайық. Сіздің ақыл-санаңыз – үлкен корпорация. Сіз, сіздің санаңыз, осы корпорацияның акционерісіз. Ал түпсанасыз – сіздің қарамағыңыздағы қызметкерлер, сіз оларды корпорацияңыздың белгілі бір тапсырмаларын орындау үшін жұмысқа жалдап отырсыз.

Енді осы корпорациядағы күнделікті жұмысты елестетіп көріңізші. Күн сайын, минут сайын корпорация жүздеген және мыңдаған хаттарды, хабарламаларды және т.б. қабылдайды. Яғни, сіздің түпсанаңыз әр минут сайын дауыс, дыбыс, сурет, иіс, мәтін және т.б. түріндегі жүздеген, мыңдаған деректерді талдайды, бұдан басқа сіздің денеңізді, жүйке жүйесін, ас қорытуды, бұлшықет жүйесін, гормондарды, қан айналымын және т.б. басқарады. Осы ақпараттардың барлығын бір ғана акционердің өңдеп отыруы мүмкін емес. Яғни, күнделікті істерді атқарып, белсенді түрде жұмыс жасай отыра, тәулік бойы Осында және Қазір болу сана деңгейінде мүмкін емес. Біз істей алатын нәрсе – түпсанамыздың жұмысын бақылау. Саналы түрде жүрегімізді соққызуға, көзді ашып-жұмғызуға, өкпемізді тыныс алғызуға, сонымен қатар айналамызда болып жатқан оқиғаларды белсенді түрде талдау әрі уақытында жауап беруге – бұның барлығына санамыздың энергиясы жеткіліксіз болар еді. Бұларды бізге түпсана атқарып беруде. Сондықтан сіздің міндетіңіз – түпсананы ретке келтіріп отыруды үйрену және ондағы ақаулар мен қарама-қайшылықтарды болдырмау.

Ендеше, әрі қарай жүрейік. Біз бір маңызды мәселені түсініп алдық. Сана түпсананы жеңе алады, бірақ уақытша ғана. Корпорацияның әлдеқайда тиімді жұмыс істеуі үшін сізге түпсанаға терең үңілу керек, жауапты «қызметкерді» тауып, оған жаңа команда беруіңіз немесе оны ескі функцияны орындаудан босатуыңыз керек.

Біз тек бір акционер мен бір қызметкер арасындағы қақтығысты қарастырдық. Бірақ, негізі, іс-жүзінде екі қызметкер арасында жанжал болады. Ал кейде бірнеше, тіпті жүздегендерінің арасында. Міне осы кезде, нағыз көтеріліс басталады. Сіз енді сыртқы жаулармен күреспейсіз. Өзіңізді іштей жеп, өз-өзіңізбен күресесіз. Кейін ауырып қалып, онкологияға, инфарктке, депрессияға немесе суицидке дейін барасыз.

Бұл «көтерілістің» мәнін түсіну үшін бізге моделімізді біршама күрделендіру керек. Олай болса кеттік.

Бақыт жолы

Подняться наверх