Читать книгу Бақыт жолы - Олжас Сеитов - Страница 3

1-Бөлім. «Пейнхантинг» әдістемесі жайлы
1.1 Тарау. Адамға қайғы-қасірет әкелетін не?

Оглавление

Өміріміздің өзі қайғы-қасірет болып табылады ма? Неге біреу кедейліктен жапа шегіп жатқанда, басқа бір бай кісі өмірінде қояр мақсатының жоқтығынан жапа шегеді? Неге адам қатты қалаған нәрсесіне қол жеткізгеннен кейін, азғана уақыт өте өзін қоярға жер таппай, қайтадан басқа жаңа нәрсені іздей бастайды? Осылай болғаны дұрыс па?

Неге данышпандар «бақыттың кілті – жай ғана бақытты болуда» деп айтады? Егер бұл осыншалық оп-оңай болса, неге дүниеде бақытсыз жандар көп? Әлде көп адамға бақытсыз болу ұнағаны ма?!

Кейбір рухани тәжірибемен айналасытатындардың айтуынша, бізге өз ойларымыз бен өз санамыз қайғы-мұң әкелетіндіктен, адам бақытқа тек медитация кезінде ғана қол жеткізе алады. Олардың сендіруінше, медитация кезінде адам ой-санасында өз-өзімен жүргізетін мәнсіз диалогын доғарып, тыныштыққа кенеледі. Ал сол тыныштық оны бақытқа жетелейді. Шындығына келгенде, бұл солай ма?

Ал Батыс өркениеті болса, адам бір кемелді арманға қол жеткізсе, міндетті түрде бақытты болады дегенді айтады. Адамдар бақытты боламын деген үмітпен жылдар, тіпті ондаған жылдар бойы сол арманға ұмтылады, жетістікке жетуден келетін қуанышты қайта сезінуді қалап, материалдық игіліктерге ие болу үшін қысқа мерзімді мақсаттарға қол жеткізеді. Бірақ күндердің күнінде бұл қуаныш әкелуден қалады! Адам есті болған сайын, материалдық жетістіктерге жетудің мәнсіз екеніне тезірек көзі жетеді де, рухани күйзеліске ұшырайды. Ал енді мәселенің төркінін табайық. Қазір сіз бақытты болудың қызықты да қарапайым сырын түсінесіз. Сіз мұны байқап та жүрдіңіз, бірақ аса мән бермеген боларсыз.

Көз алдыңызға өміріңіздегі ең бақытты жандарды елестетіңізші. Бұл кімдер? Иә, бұл бақытты жандардың балалар екенін бірден түсіне қойған шығарсыз. Ал қандай сәттерде балалар әсіресе бақытты? Байқағансыз ба, олар ойнап жүрген сәттерде жүздері бал-бұл жайнап, бақытты боп тұрады! Жүрекке жылу берер – анасының құшағына енгенде, тәтті балмұздақтан рахаттанғанда бақытты болады. Қызықты да жаңа нәрсені тамашалап тұрғанда, бір нәрсені өз қолдарымен жасағанда, ата-аналары оларға тамсанып, сүйсінгенде олар бақытты боп тұрады.

Ал енді қандай кездері балалар бақытсыз болатынын қарастырайық. Әрқайсыңыздың өз балалық шағыңызда болған оқиғалар есіңізге түсіп отырған шығар. Баланы ойнап жатқан ойынынан айырғанда, ол бір-ақ сәтте бақытсыз бола қалады. Өзгелер оның қадірін түсіріп ұрысқанда, сүйікті ойыны ішпыстырарлық боп кеткенде, айналадан қауіп сезінгенде, бір жері ауырғанда мұңаяды. Өзгелердің көңіл бөлгенін, сүйіспеншілігін сезінбегенде, мақтау сөз естімегенде, ата-анасынан әділетсіздік көргенде, оған ұнамайтын істі жасатқанда бала бақытсыз болады.

Сонымен, жоғарыдағы мысалдарды ескерер болсақ, бақыт пен бақытсыздықтың түп тамыры қайда жатыр?

Егер бақытты болудың мәні ата-ананың құшағына бөленуде, балмұздақ пен ойыншық алуда болса, неге ересек адам осы қалауларды орындау арқылы бақытты бола алмайды? Ал егер бақытсыз болудың себебі адамдардың бір-бірімен осал қарым-қатынастарында, бір-бірінің қадірін түсіріп құрметтемеуінде, әділетсіздік танытуында болса, онда неге әл-ауқаты төмен елдерге қарағанда дамыған елдерде суицид көп? Бұл елдерде кедей елдерге қарағанда әдептілік пен мәдениеттілік деңгейі жоғары ғой?!

Байқағансыз ба, офисте отырып миллиондап ақша табатын адамға қарағанда, бау-бақшада жұмыс істеу сияқты, қарапайым істермен айналысатын адамның жанары жайнап, бақыттырақ боп тұрады. Сонда бақытты болудың құпиясы неде?

Бақыт деген – ой-санаңызда жарқын бейнелердің өте көп болған кездегі күй. Бұл бейнелерге сіздің болашаққа көзқарасыңыз, қалауларыңыз, арман-тілектеріңіз, естеліктер, сезімдеріңіз және тағы басқалары жатады. Осы жарқын бейнелер ой-санаңызда неғұрлым көп болса, өміріңізде соғұрлым бақытты сезінесіз. Ал керісінше олардың саны неғұрлым аз болған сайын, соғұрлым өміріңіз қараңғы болып көріне бастайды, сәйкесінше өзіңізді бақытсыз сезінесіз. Міне, сондықтан да екі адам бірдей жерде, бірдей уақыт пен жағдайда тұрса да, бірі үйірілген қара бұлтты көрсе, екіншісі әсем гүлдерді көреді. Бірі заманды қауіпті деп тапса, бірі көптеген жаңа мүмкіндіктерді көре біледі. Бірі өміріне көңілі толмай, шағымданып жүрсе, бірі өз қолымен жарқын өмір жасайды. Бұл адамдар арасындағы айырмашылық, бар болғаны, олардың санасындағы жарқын бейнелердің саны мен сапасында.

Көпшіліктің қалай өмір сүретінін қарастырайық. Балалық шағында олардың өмірі бақытқа толы болады, жас кезінде азырақ, ересек өмірінде одан бетер аз, ал қартайғанда жоқтың қасы. Сонда бақыт қайда кетті? Ол тек балалық шақта ғана бола ма? Жоқ, өздеріңіз де түсініп отырғандай, шындығына келгенде адам есейе келе санасындағы жарқын бейнелерді жоғалтып, олардың орнын қараңғы да мұңлы бейнелер басады. Бар құпия осы!

Сонда адам бақытты болу үшін бар болғаны оның санасындағы жағымсыз бейнелерді жарқын бейнелерге ауыстыру керек, солай ғой? Иә, дәл солай. Пейнхантингтің бар мәні осыда. Пейнхантинг ешкімді де ой-сананы тыныштандырып, сол тыныштық арқылы бақытқа қол жеткізу үшін Тибетте ондаған жылдар бойы медитация жасауға шақырмайды. Өйткені бұлай ету, яғни санада тұрған қараңғы бейнелерден құтылу үшін өмірдің шындығынан қашу, ақымақтық болып табылады. Пейнхантинг сізді көптеген мотивациялық жаттықтырушылар үйрететіндей, жағымсыз бейнелерге мән бермей, еш нәрсе болмағандай алға баса беруге шақырмайды. Пейнхантинг Африкада аштық көріп жатқандарға қарағанда «қарныңыз тоқ, көйлегіңіз көк» екенін айтып жұбатпайды және санаңыздағы жағымсыз бейнелерді қабылдауға, соларға көнуге мәжбүрлемейді. Пейнхантинг сізді жүріс-тұрысыңыз жақсы болуы керек деп үйретпейді, себебі жан жарасы емделмеген бақытсыз адам өздігінен жақсы мінез-құлық таныта алмайды.

Пейнхантинг бейнелерді бір-біртіндеп өзгерту арқылы жан-дүниеңізді өзгертеді. Ал қараңғы бейнелер жарқын бейнелермен алмастырылғанда, сіз өзіңіз-ақ бақытты, мейірімді, дана, жайдарлы, жауапты да ынталы адам бола түсесіз. Тек жарқын бейнелер ғана сізге күш-қайрат, мотивация, ынта-жігер мен табандылық береді. Осы жарқын бейнелер ғана сізге анағұрлым белсенді болуға, жасампаз болуға, бірнәрсені ойлап-табуға, батыл түрде алға басуға көмектеседі. Тіпті құлдырап жатқан қоғамда өмір сүріп жатсаңыз да, тек жарқын бейнелер ғана сізге керемет болашақты көруге, өзгелерге көмектесуге, олардың қажеттіліктерін түсінуге, сәйкесінше табысты әрі өз ортаңыздың көшбасшысы болуға мүмкіндік береді.

Қараңғы бейнелерді алып тастап, жарқын бейнелерді қалпына келтіру. Неткен қарапайым да жеңіл түсінік! Бірақ неге адамзат ғасырлар бойы осы шындықты түсіне алмаған?! Ал егер түсінген болса, бәлкім, бұл жағымсыз бейнелерден арылудың жолын білмеген болар?!

Иә, шындығында бұл бейнелерді алып тастау – оңай шаруа емес. Ол үшін бұл бейнелердің неліктен бізге мықтап жабысып, оңайлықпен кете қоймайтынын түсіну керек. Дәл осы мәселеде мыңдаған психологтар бастарын қатырып, осы бейнелердің құлдырататын күшін азайту мақсатымен көптеген айла-амалдар ойлап тапқан. Осыған қатысты, өкінішке қарай, күтпеген бір жайт анықталды. Көп адам жан жараларынан айырылғысы келмейтін боп шықты. Өйткені ешкім де жан жарасынан толықтай арылта алмағандықтан, қоғам жан жарасынан зардап шегу пайдалы деген жалған сенім ойлап тапты!

Сондықтан санамыздан жағымсыз бейнелерді алып тастамас бұрын, біз мына жайттарды түсінуіміз керек: бұл қараңғы бейнелер мен жан азабы шындығында керек пе өзі? Олардан арылған дұрыс па? Өте көп адамға жағымсыз ойлардан арылуды ұсынғанда, олар бұл жағымсыз бейнелердің оларға өмірге қажетті ішкі күш беріп, төзуге көмектеседі деген қисынсыз ойларды айта бастайды. Не деген ақылға қонымсыз тұжырым?!

Қазір осы мәселені толығырақ қарастырайық.

Бақыт жолы

Подняться наверх