Читать книгу Бақыт жолы - Олжас Сеитов - Страница 5
1-Бөлім. «Пейнхантинг» әдістемесі жайлы
1.3 тарау. Қалай жарқын бейнелер жойылып, жағымсыз бейнелер пайда болады
ОглавлениеЕгер сіз азап шегіп қиналудың прогрестің қозғаушы күші емес екенін, керісінше жауыңыз болып табылатынын, сондықтан бұл жаумен жетістікке жету әрі өркендеу жолында күресуіңіз керектігін түсінген болсаңыз, мен сізді құттықтаймын: алға басып дамуыңыз үшін бірінші маңызды қадамды жасадыңыз. Ал енді жан азабының барлық жағымсыз салдарын егжей-тегжейлі қарастырайық.
Бір ананың үш жасар қызын қабырғаға мысықтың суретін салғаны үшін ұрысқаны туралы қарапайым мысалды алайық. Анасы өте қымбат тұсқағаз бүлінгендіктен қапа болып, бірден баланың басынан ұрып жібереді. Ол қызын ақымақ деп атап, қатты дауыспен: «Ешқашан бұдан былай қабырғаға тиісуші болма, ұқтың ба?!» деп сөгеді.
10—15 минут өте анасы бұл оқиғаны ұмытып қалып, еске де алмайтын болар. Алайда дәл осы сәтте баланың жан дүниесінде нендей жайт болды?
Осы сәтте бала санасындағы жарқын бейнелері жойыла бастағанын, оның айналадағы дүние туралы түсінігі қараңғы бола бастағанын түсінген боларсыз. Бірақ мұнда біліне бермес тағы бірнеше жайттар бар.
Осы жағдайда баланың реакциясы қандай болады? Ол қатты ренжіп, жылап жіберуі мүмкін. Немесе ашуланып, бүкіл үйге айғай-шу шығарар. Я болмаса, өзімен-өзі тұйықталып, фломастерге енді қайтып жоламауы да мүмкін. Тіпті ауырып қалуы да ықтимал. Яғни баланың реакциясы біржақты ғана болад деп кесіп айта алмаймыз. Бірақ егер баланы жақсы білетін болсаңыз, онда оның қалай әрекет ететінін 90%-ға дәл айта аласыз.
Мысалды тереңірек қарастырайық. Осы сәтте балаға қандай ой келді? Ол қандай қорытынды жасады? Қандай ұстанымдар пайда болды? Мүмкін ол: «Мен енді ешқашан сурет салмаймын!» деп немесе анасы оның өнерін мақұлдамайды деп шешкен шығар. Тағы мынадай тоқтамға келуі де мүмкін: «Егер болашақта анамның назарын өзіме аударғым келсе, маған бірдеңені бүлдіру керек». Сіз бұл ойлардың алдын-ала нақты болжай алмайтынымызды түсіндіңіз бе? Баланың эмоционалды реакциясын 90% дәлдікпен болжау мүмкін болғанмен, оның санасында пайда болатын ойлар мен шешімдерді болжау өте қиын. Себебі әр бала – жеке тұлға. Бір бала кек алуды ойласа, екіншісі өз дегенінен қайтпай табанды болуды шешеді, үшіншісі мойынсұнғыш болуды және бұдан былай ешнәрсеге ықылыс білдірмеуді ойлауы мүмкін. Көрдіңіз бе, салдары қандай болмақ?
Ал енді көзге көрінетін өзгерістерге тоқталып өтейік. Анасы ұрысқаннан кейін қыздың денесі қалай өзгереді? Басында оның денесі босаңсып, дене бітімі түзу, бет бұлшықеттері жақсы күйде болған шығар. Бірақ анасы ұрысқаннан кейін оның бұлшық еттері қысылып, денесі бүкірейіп, бетінің бұлшықеттері босап қалуы мүмкін және ішкі мүшелерінің кейбір бұлшықеттері тырысып қалған да болар, ал бұл кейіннен тәбеттің төмендеуіне, иммунитеттің нашарлауына, суық тиюге және т.б. әкелуі мүмкін.
Әрі қарай жалғастырайық. Осы оқиғадан кейін 10 жыл өтті деп елестетіп көріңіз. Қызыңыз 13 жаста, ол өз бетінше әрекет ете алатындай қайратты бола түскен. Бір күні сізбен бірге көшеде келе жатып, көршінің бес жасар қызына киімін былғағаны үшін ұрысып жатқанын көреді. Бұл 13 жасар жасөспірім қызымыз дәл осы сәтте бұл балаға қатты жаны ашып, ал баланың анасына ашулы болады. Ол баланы қорғағысы келеді және барлық әйелдерге қатысты түсініксіз ренішті сезінеді. Осы кезде ол тіпті өз анасына да себепсіз ашулануы мүмкін. Сіз қызыңызбен маңызды бір нәрсе туралы сөйлескіңіз келеді, ал ол кенеттен ойы жан-жаққа шашырап, зейінсіз бола бастаған, сондықтан сіздің сөздеріңіз оны ызаландыруы мүмкін. Бұл күніге болып жүрген қалыпты жағдай сияқты. Сондықтан қызыңыздың көңіл-күйі болмай тұрған шығар деп ойларсыз. Немесе ол көшеде ұзақ жүріп шаршаған болар, не қыңырлық танытып тұр деп те ойлауыңыз мүмкін. Сол себептен оған ұрысқыңыз келер. Бірақ бұл жерде 13 жастағы қыздың түпсанасына үңілмейінше, ешкім де көре алмайтын нақты бір себеп бар.
Шындығында, көршісі баласына ұрысып жатқан жағдай, біздің 13 жасар қыздың түпсанасында бұрын пайда болған бейнені қозғап жіберді! Оның үш жасында бастан кешірген естеліктері, сезімдері мен эмоциялары оянып белсенді бола түсті. Оның түпсанасы, бұл жағдайдың қабырғаға сурет салып, түсқағазды бүлдіргені үшін анасы оны ақымақ деп атаған кездегі жағдаймен ұқсастығы бар деп қабылдады. Түпсанадағы осы ақаудың кесірінен анасы сол күні еш жаман әрекет жасамаса да, ол сол сәтте анасына ашулана бастайды!
Сонымен, қандай жайттар анық болды?
Мынадай маңызды 4 элемент анықталды:
1) баланың болған жағдайға реакциясы, бір сөзбен айтқанда, оның ЭМОЦИЯЛАРЫ, немесе, кейінірек түсінетініңіздей, оның бақытты болу деңгейі;
2) баланың санасында пайда болатын ОЙЛАРЫ, көзқарастары мен тұжырымдары;
3) ДЕНЕ сезімі, ондағы өзгерістер. Бұл бұлшықет, гормоналды, жүйке жүйесінің күйі мен саулығын және т.б. физикалық проблемаларды қамтиды.
4) болашақта баланың мінез-құлқындағы проблемаларға және жүріс-тұрысына әсерін тигізетін ЖАДЫНДА сақталған бейнелер.
Бұл төрт элементтің әрқайсысының ғылыми түсіндірмесі бар, оларды дәл болжауға және бақылауға алуға болады. Осыларды біле отырып, бақытты әрі өте қабілетті баланы тәрбиелей аласыз. Айналаңыздағы жайттарды өз бақылауыңызға ала аласыз. Ең бастысы, ӨЗІҢІЗДІ және ішкі дүниеңізді анағұрлым жақсы түсіне аласыз! Тағы да маңыздысы, өзіңізді жақсы жаққа өзгертуді үйренесіз, анағұрлым бақыттырақ әрі табысты боласыз, осылайша өміріңізді ғажапқа айналдырасыз.
Ыңғайлы болу үшін біз бұл төрт элементті ВЕКТОРЛАР деп атаймыз. Пейнхантинг бізге барлық төрт вектор бойынша өзгеруге көмектеседі. Оларды оңай есте сақтау үшін мыналарды білдіретін «ДОСЕ» аббревиатурасын қолданамыз:
1) дене;
2) ой;
3) сезім (эмоция);
4) есте сақтау (жады).
Бұл төрт вектордың маңызы өте зор. Өмірімізде жақсы не жаман жағдай болғанда, біз көрсетілген барлық векторлар бойынша өзгереміз. Және бұл өзгерістер негізі қатар жүреді. Мысалы, егер бір нәрсе бізді қатты қуантса, бізде жағымды эмоциялар пайда болады да, денеміз босаңсып, денсаулығымыз жақсарады. Осы кезде ойларымыз да тынышталып, оптимистік болады, ал жадымызда тек ашық та жарқын бейнелер пайда болады. Ал керісінше, егер сіз апатияда болып, сарыуайымға салынсаңыз, денеңіз сау болмай, ойларыңыз тек өлім мен өмірдің пайдасыздығы туралы, ал жадыңызда тек қайғылы және қараңғы бейнелер болады.
Әрі қарай жұмыс жасауға көшкенде, сізге осы векторларды үнемі қадағалап отыруыңыз қажет болады. Жан дүниеңіз бақытқа неғұрлым көп бөленген сайын, денеңіз, эмоцияларыңыз, ойларыңыз бен естеліктеріңіз соғұрлым жақсы күйде болады.
Келесі тарауларда біз осы төрт вектордың әрқайсысының қалай жұмыс істейтінін, яғни механизмін қарастырамыз. Ендеше, үшінші «С» векторынан бастайық, себебі ол негізгі вектор болып табылады. Эмоциялар – біздің психикалық денсаулығымыздың негізгі көрсеткіші, ал қалған векторлардың барлығы осы вектормен тығыз байланысты. Сондықтан алдымен эмоцияны, содан кейін ойды, есте сақтау мен денені қарастырғанымыз дұрыс.
Суреттің толық бейнесін көре алу үшін тарауларды бірінен екіншісіне секірмей оқуды ұсынамын.