Читать книгу Стратегиялық менеджмент - Сауле Купешова - Страница 2

1. СТРАТЕГИЯЛЫҚ МЕНЕДЖМЕНТ МӘНІ ЖӘНЕ МАЗМҰНЫ
1.1. Стратегия түсінігі және оның мәні

Оглавление

Стратегиялық басқару – ұйымның алға қойған мақсатына жету үшін қолданатын негізгі құралы. Өйткені ол ұйымның барлық қызмет салаларындағы іс-әрекеттер мен жұмыс түрлерін үйлестіріп, барлық ресурс түрлерін бір мақсатқа жету үшін жұмылдырады. Стратегиялық менеджмент ұйымды ұзақ уақыт тұрақты дамуға бейімдеп, бәсекелестерге төтеп бере алатындай қасиеттерді дамытып, сыртқы орта өзгерісіне тез бейімделу қабілетін дамытады.

Соңғы уақытта сыртқы ортаның тез өзгеруі стратегиялық менеджмент мәнінің күрт өсуіне алып келді. Стратегиялық менеджмент дамудың жаңа стратегияларын жүзеге асырып отырған ұйымдар үшін өте маңызды. Бірақ барлық ұйымдарда бірегей стратегия, сонымен қатар бірегей стратегиялық басқару болуы мүмкін емес. Әрбір ұйымның өз ерекшеліктері бар, сондықтан стратегия құрастыру және оны жүзеге асыру үдерісі де ерекше болады. Ол ұйымның нарықтағы орнына, даму қарқынына, әлеуетіне, бәсекелестердің мінез-құлқына, өндірілетін тауар немесе көрсетілетін қызмет түріне, экономика жағдайына, мәдени ортаға және басқа да жағдайларға байланысты.

«Стратегия» сөзі грек тіліндегі «зіғаіедоз» сөзінен аударғанда «генералдың шеберлігі» деген мағынаны білдіреді. Алғаш рет бұл сөзді Александр Македонский өзінің әскери жорықтарын, іс-қимылдарын жоспарлап жүзеге асыру мақсатында қолданған. Кейінірек, ХХ ғасыр ортасына таман экономикалық өсу қарқындап, бәсекелестік күрес күшейе түскен кезде менеджмент саласына экономикалық термин ретінде енгізілген. Қазір кез келген ұйым қызметінде стратегия терминін тиімді ұйымдастыру, басқару және даму құралы ретінде қолданады.

Стратегия түсінігін сан түрлі бағытта қарастыруға болады. Оның жүздеген анықтамасы бар, әрқайсысы стратегия түсінігін түрлі қырынан көрсетеді. Стратегия – бұл:

• шебер басшылық;

• ұзақ мерзімді жоспар;

• бизнесті жүргізу қағидалары;

• шешім қабылдау әдістері мен тәртібі;

• ерекше нарықтық позицияға ие болуды қамтамасыз ету;

• бәсекелестерден озудың тиімді жолдары.

Яғни, стратегия мәні – бәсекелестік артықшылықты қалыптастыру және қойылған міндеттерді экономикалық тиімді жолмен шешу мақсатында компанияның өндірістік-сату және ғылыми-техникалық мүмкіндіктерін барынша тиімді қолдану.

Соңғы жылдары стратегия түсінігі менеджмент теориясы мен тәжірибесіне мамандардың ұйымдық басқару шешімдерін қабылдауда қолданатын ережелер мен әдістер жиынтығы ретінде кірді. Сондай-ақ, стратегияны миссия орындауға және ұйымның шаруашылық мақсаттарына жетуге көмектесетін жалпы кешенді жоспар ретінде қарастырады. Стратегия мақсаттар мен негізгі жолдарды ұйым бірегей бағыт алатындай анықтайды. Осылайша, ұйымның мүмкіндіктерін және қабылданатын басқару шешімдерінің шекарасын айқындайды.

Стратегияны құрастыру барысында нақты шаралар жобасын құру кезіндегі пайда болатын барлық мүмкіншіліктерді ескеру мүмкін емес. Сондықтан сыртқы орта, бәсекеге қабілеттіліктің түрлі баламалары туралы толық емес және жалпыланған ақпаратты қолдануға тура келеді.

Болжамдар, жорамалдар және интуицияны елемеу де дұрыс емес. Қазіргі уақытта болашаққа деген жаңа, қатал көзқарас қажет, ал өткен болжамдар мен заңдылықтар айқын шындыққа айналуы мүмкін.

Г. Минцберг, Б. Альтсрэнд, Д. Лэмпел стратегия түсінігін бес бағыт бойынша бес «П» ретінде анықтайды (1-сурет):

• стратегия – бұл даму бағыты, бағдары, нұсқауы және жоспары;

• стратегия – бұл мінез-құлық моделі немесе қағидаттары;

• стратегия – бұл позиция;

• стратегия – бұл келешек;

• стратегия – бұл бәсекелестерден асып түсуге арналған айла-әрекет.


1-сурет. Стратегия түсінігін бес «П» ретінде анықтау


Яғни, стратегияны компания мақсаттарына және миссиясына максималды тиімділікпен жетуге бағытталған жан-жақты кешенді жоспар ретінде де қарастыруға болады. Осындай жоспардың негізгі міндеті – компанияға сыртқы орта өзгерістеріне сәйкес, инновациялар мен жаңалықтарды дер кезінде енгізуді қамтамасыз ету.

Гарвард бизнес-мектебінің профессоры Альфред Дюпон Чандлер стратегия ұғымына мынадай анықтама береді, «стратегия – компанияның негізгі ұзақ мерзімді міндеттері мен мақсаттарын айқындап, осы мақсаттардың жүзеге асуына қажет қызметтің бағытын анықтап, ресурстарды тиімді үлестіретін құрал».

Альфред Дюпон Чандлер анықтамасы өте сәтті берілген десек те болады, себебі ол «жақсы стратегия» құрамын дәл айқындаған, яғни бұл жерден стратегияның негізгі үш маңызды элементін көруге болады:

1. Стратегиялық мақсаттардың концептуалды логикалық қолжетімділігі және сатылылығы негізгі ұзақ мерзімді мақсаттарды анықтауға қатысты. Мақсат жоқ болса, қызмет те бо лмайды.

2. Қызметтің бағытын таңдау алдын ала қойылған мақсаттарға жетуге бағытталған іс-шараларға байланысты.

3. Ресурстарды орналастыру қойылған мақсаттарға жету барысында қажет етілетін мүмкін шығындарға байланысты. Егер де қызмет қажет ресурстармен қамтамасыз етілмесе, онда мақсатқа жету мүмкін емес.

Стратегия мәні бәсекелестік артықшылықты қолдау және қойылған міндеттерді экономикалық тиімді шешу мақсатында компанияның өндірістік-сату және ғылыми-техникалық мүмкіндіктерін уақытпен реттелген басты бағыттар, ресурстар, қаражаттар, ережелер жүйесінде қолдану болып табылады. Ал негізгі мәні – бизнесті қоршаған ортаға бейімдеу.

Стратегияны үдеріс ретінде де қарастыруға болады. Оған стратегиялық басқару үдерісінің негізгі үш сатысы дәлел: стратегиялық талдау, стратегиялық таңдау, стратегия мен менеджменттің іске асуы.

Сонымен, стратегия дегеніміз – компанияның алға қойған мақсатына жету жолында қолданатын түрлі іс-әрекеттер мен әдістердің жиынтығы, өзіне ғана тән ерекше бизнесті немесе басқа да қызмет түрлерін жүргізу стилі.

Бірақ барша компанияға ортақ стратегия әрі әмбебап стратегиялық басқару әдістерінің болуы мүмкін емес. Бір салада бірдей өнім шығаратын компаниялардың әрбірінің өзіне ғана тән бірденбір ерекшелігі болады. Әр компанияның стратегиясын құрастыру үдерісі де өзіндік сипатқа ие, себебі ол компанияның нарықтағы ахуалына, мүмкіншіліктеріне, бәсекелестердің белсенділігіне, өндірілетін тауар, көрсетілетін қызмет түріне, экономикалық жағдайға, мәдени ортасына және басқа да көптеген факторларға байланысты. Мәселен, ерекше стратегиялық басқару әдісімен танымал компаниялар қатарына атақты Toyota, Samsung, McDonalds, Google, Starbucks-ты жатқызамыз. Табыс тарихына үңілсек, менеджментінің ұзақ мерзімді уақытқа бағытталғанын көруге болады. Олар шешім қабылдау кезінде қысқа мерзімдік табысты ойламай, тұрақты дамуды, әр кезеңде еңбек еткен қызметшілер мен жұмысшылар өздерін корпорация мүшесі ретінде сезінуін көздеді.

Даму стратегияларын құрастыру менеджменттің негізгі функцияларының бірі болып табылады. Ол басқару деңгейіндегі менеджерлермен құрастырылады. Бірақ стратегия тек бір адамның немесе нақты бір қызметкерлер тобының мақсатын ғана көздемеуі керек, ол ұйымдағы барлық жұмысшылардың мүддесін қамтуы қажет. Стратегиялық мақсат пен миссияны бәрі мойындап, өздерін осы ұйымның бір бөлшегі ретінде сезініп, оның дамуына атсалысуы тиіс.

Тиімді басқару түсінігін қарастырғанда менеджерлердің стратегияны қаншалықты жақсы әзірлеп, орындайтындығымен байланыстыруда маңызды негіз бар. Өйткені стратегиялық басқару дегеніміз – компанияны ұзақ мерзімді уақыт аралығында тұрақты дамытып, тиімділігін өсіріп отыру. Егер заманауи компаниялардың нақты даму стратегиясы болмай, оның миссиясы мен мақсаттары айқындалмаса, міндеттерді жүзеге асыру әдістері нақтыланбаса, онда компания қызметшілерімен жоғары табысқа жету екіталай. Көп менеджерлер стратегияны тек ұзақ мерзімді жоспар деп есептейді.

Кейбір менеджерлер күшті стратегиялар құрастырады, бірақ күнделікті өмірге енгізіп, тиімді жүзеге асыра алмайды. Өзгелері қарапайым стратегияларды әзірлегенімен, керемет жүзеге асырып, компанияны көшбасшылық позицияларға жетелейді.

Сонымен стратегия түсінігін компания қаражаты, ресурсы шеңберінде мақсатқа жету жоспарының анық қалыптасқан жүйесі ретінде қарастырамыз. Яғни, стратегия компанияның болашақта неге ұмтылатынын айқын түсінуі үшін және күнделікті өндіріс процесі барысында түрлі деңгейдегі шешімдерді тиімді қабылдау жолын көрсетуге қажет құралдар жиынтығы.

Стратегиялық менеджмент

Подняться наверх