Читать книгу Стратегиялық менеджмент - Сауле Купешова - Страница 6
1. СТРАТЕГИЯЛЫҚ МЕНЕДЖМЕНТ МӘНІ ЖӘНЕ МАЗМҰНЫ
1.5. Корпоративтік стратегия: бизнес түрлерінің жиынтығын басқару
ОглавлениеКорпоративтік стратегия қызметі әртараптандырылған компанияларды старатегиялық басқару болып табылады. Ол компания айналысатын қызметтің барлық бағытын қамти отырып, негізгі даму бағытын айқындайды. Аталмыш стратегия өзінің ресурстарын әртүрлі салаларға құйып, сол салада бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін қабылданатын әрекеттерден, басқару әдістерінен, тәсілдемелерден тұрады.
Әртараптандырылған компанияда стратегиялар әртүрлі төрт ұйымдастырушылық деңгейде дайындалады.
• Корпоративтік стратегия – компанияның қызмет аялары үшін құрастырылған стратегия.
• Іскерлік стратегия – компанияның әрбір жеке бірліктері мен қызмет түрлері үшін құрастырылған стратегия.
• Функционалдық стратегия компания ішіндегі әрбір қызметтік бөлімдеріне арналған.
• Операциялық стратегия – негізгі құрылымдық бірліктерге: зауыттар, өңірлік сауда және бөлім өкілдеріне арналған барынша тар стратегия.
Әртараптандыру стратегиясы ұйым қызметінің саласын кеңейтуге, бизнес портфелін өзгерістермен толықтыруға бағытталған. Бұл компаниялардың қосылуы, ұйымды сатып алу, жаңадан құру, біріккен ұйымдарды құру есебінен болуы мүмкін. Әртараптандыру кезінде біріккен ұйым құрамына кіретін әртүрлі ұйымдардың мүмкіндіктерін біріктіру есебінен стратегиялық сәйкестік деп аталатын әсерге қол жеткізуге болады. Бұл басқару, өндіріс, маркетинг, қаржы саласында орын алуы мүмкін.
8- суретте көпсалалы компаниялар үшін стратегияны дайындау пирамидасы көрсетілген.
Әртараптандыру стратегиясы екі түрлі болады – өзар байланысқан және өзара байланыспаған әртараптандыру стратегиясы.
Өзара байланысқан әртараптандыру стратегиясы бойынша біріккен ұйымда стратегиялық сәйкестік әсерінің айтарлықтай орны бар. Ал өзара байланыспаған әртараптандыру стратегиясы бойынша біріккен ұйымда керісінше. Біріккен ұйымдардың бірінші түрі концерн, екіншісі конгломерат деп аталады. Кейбір жағдайлар ұйым үшін қолайсыздық тудырғанда, концерндер тәуекелдің төменгі деңгейінде болады, себебі олардың әр саладағы қызметі бір-біріне байланысты емес. Алайда, конгломераттар ұйым ішінде күштерді тиімді қайта топтау арқылы шығындарды азайта алады.
8-сурет. Көпсалалы компания үшін стратегия дайындау пирамидасы
Сонымен қатар, тәжірибеде ұйым үшін бизнес жасау немесе қызмет атқару жағдайлары қолайсыз болғанда:
• ұйым сатылу, жойылу және банкроттық үдеріске ену мүмкіндігіне ие болған кезде капиталды сақтап қалу мен ұйымды жою стратегияларын;
• қызметтің тиімділігін жоғарылату немесе маңызды экономикалық сілкіністерден сақтану мақсатында ұйымды өзгерту туралы стратегиялық шешім қабылдауда ұйым бағытын өзгерту немесе қайта құрылымдау стратегиясын;
• әртүрлі ұлттық нарықтағы экономикалық конъюнктураға байланысты ұйымға қызметті өзгертуге және күштерін қайта бағыттауға қосымша мүмкіндік беретін, әртүрлі ұлттық нарықтарда қызметі ұсынылғанда ұйымды халықаралық әртараптандыру стратегиясын кездестіре аламыз.
Теория жүзінде таңдалған мақсаттарға байланысты әртүрлі стратегияларды құрастыруға болады. Солардың ішінен бәсекелестік және инновациялық стратегияларға келесі бөлімдерде тоқталамыз.