Читать книгу Стратегиялық менеджмент - Сауле Купешова - Страница 5

1. СТРАТЕГИЯЛЫҚ МЕНЕДЖМЕНТ МӘНІ ЖӘНЕ МАЗМҰНЫ
1.4. Бизнес бірліктер стратегиясының ерекшеліктері

Оглавление

Ұйым стратегиясы үнемі жетілдіріліп, сыртқы орта өзгерісіне икемделіп отырылуы тиіс. Өйткені стратегия құрастыру барысында болашақта алдын ала барлығын ұсақ-түйекке дейін ойластыру мүмкін емес және сол стратегияның ұзақ мерзім өзгеріссіз тұруы дұрыс емес. Оны жасау үдерісі әрқашан тәуекелі жоғары және бәсекені алдын ала болжау мүмкін емес, бағалардың құлдырауы мен көтерілуі, негізгі өнеркәсіптік бәсекелестер арасында орын ауыстыру, жаңа реттеу, сауда кедергілерінің төмендеуі немесе кеңеюі және көптеген оқиғалардың шексіз саны жағдайында жүргізіледі.

Әрқашан тосын жағдайлар болып жатады, нәтижесінде жаңа стратегиялық мәселелер туындап, үдеріс күрделенеді. Сондықтан стратегияны жетілдіру міндеті шексіз құбылыс. Жаңа стратегия қандай себептерге байланысты құрастырылады? Біріншіден, жаңа стратегия ұйым жаңа ғана қалыптасып жатқанда даму жоспары мен бағыты ретінде құрастырылады. Екіншіден, компания қызмет атқарып жатқан сала құлдырай бастап, пайда мөлшері кеміп, компания табыссыздық жолына түскен кезде оны құтқару үшін жаңа стратегия ойластырылады. Үшіншіден, компания өзінің даму шегіне жетіп, қызмет атқарып жатқан саласында мүмкін болатын нарық үлесін қамтып, қанағат деңгейіне жеткенде, басқа салаларды игеру мақсатында жасалады. Яғни қаржылық мүмкіншілігі мол компания диверсификация саясатын жүргізеді. Осындай көп салалы қызмет атқаратын ұйымдарды стратегиялық менеджмент тұрғысынан корпорация деп атайды.

Ал бір ғана салада қызмет атқаратын, бір қызмет түрін немесе өнім түрін өндіретін компанияларды, корпорациялардың бір салалық тармағын бизнес бірлік немесе тар салаға маманданған ұйым дейді.

Корпорациялар мен бизнес бірліктер стратегиясының көптеген ерекшеліктері бар. Солардың бірі – құрылымына байланысты стратегия деңгейлері. Стратегия тұтас ұйым үшін де, сонымен қатар оның жекелеген қызметтік бөлімдері – ғылыми-зерттеу, сату, маркетинг, қаржы, еңбек ресурстарын басқару бөлімдері үшін де керек. Әдетте компанияның жалпы стратегиясы менеджерлер ұсынған жаңа идеялар моделінен туындайды.

Ұйым құрылымына қатысты стратегия бірнеше сатылы пирамидадан тұрады. Стратегиялық пирамиданы құру – тек басшылықтың міндеті ғана емес. Ірі кәсіпорындарда дамудың жаңа бағыттарын басқару әдістері мәселесі жөніндегі шешімдерді корпоративтік басшылармен, шаруашылық бөлімшелердің басшыларымен, жалпы корпорация немесе бөлімшелерінің өндіріс, маркетинг, сатылым, қаржы, еңбек ресурстары және т.б. ірі қызметтік бөлімдері басшыларымен, зауыт менеджерлерімен, өңірлік сауда өкілдерімен, басқарудың орта буын менеджерлерімен қабылданады.

Бизнес бірліктер немесе тар салалы компания стратегиялары үш ұйымдастырушылық деңгейде дайындалады. 1) Бизнес-стратегия – компания бағытын айқындайтын негізгі стратегия. 2) Функционалдық стратегия – компанияның әрбір қызметтік бөлімдері үшін іскерлік стратегия негізінде даярланған стратегия: өндіріс стратегиясы, қаржы, маркетинг стратегиясы және т.б. 3) Операциялық стратегия – негізгі құрылымдық бірліктер үшін құрастырылған тар стратегия: зауыттар, өңірлік сауда және бөлім өкілдері.

7-суретте тар салалы компаниялар үшін стратегияны дайындау пирамидасы көрсетілген.


7-сурет. Бизнес бірліктер стратегиясын құрастыру пирамидасы


«Бизнес-стратегия» термині компания қызметінің жеке аясын стратегиялық басқаруды білдіреді. Ол қызметтің нақты бір саласында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында басшылықпен дайындалатын бірқатар тәсілдеме мен бағыттардан тұрады.

Бұл стратегия компанияның ұзақ мерзімді бәсекеге қабілетті позициясын нарықта белгілеу және нығайтуға бағдарланған. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін іскерлік стратегия келесідей негізгі бағыттар бойынша әзірленеді:

• сол салада, экономикада, саясатта және басқа да маңызды салада болып жатқан өзгерістерге әсер ету;

• бәсекелестер арасында артықшылық әкелетін нарықтық тәсілдеме, әрекеттер мен бәсекеге қабілетті шараларды дайындау;

• функционалдық бөлімдерді, стратегиялық бастамашыларды біріктіру;

• қазіргі таңда маңызды нақты стратегиялық мәселелерді шешу.

Бәсекелестер алдында артықшылық беретін бизнес-стратегияны дайындаудың үш қыры бар:

• компания бәсекелік күресте ұтуға мүмкіндігі бар жер туралы мәселені шешу;

• ұсынылатын өнімнің сатып алушы қызығушылығын оятып, компанияны басқа бәсекелестер ортасынан ерекшелеуге қабілетті сипаттамаларын дайындау;

• қарсыластардың бәсекелестік шараларын бейтараптандыру.

Бәсекелестік стратегиясы бір уақытта шабылдаушы және қорғаушы, яғни кейбір әрекеттер арқылы бәсекелестердің нарықтық позициясына тікелей шабуылы, екінші жағынан, бәсекелестік күрестің жаңа әдісін бейтараптандыру ұмтылысы болуы мүмкін. Негізгі үш бәсекелік тәсілдеме болып мыналар табылады:

• төмен шығынды өндіруші болуға ұмтылу;

• жұмыс сапасы, көрсеткіштері, қызмет көрсету, стиль, технологиялық жетістік, тым жоғары құндылық секілді артықшылықтарға негізделген даралануға қол жеткізу;

• жұмысты бәсекелестерге қарағанда барынша сапалы орындап, сатып алушылардың ерекше қажеттіліктерін қанағаттандыру арқылы нарықты аз уақыт ішінде жаулау.

Бизнес-стратегия компания үшін ерекше стратегиялық ойларды ендіру бойынша жоспарларға қолданылады, мәселен, өндірісті кеңейту, жабдықты ауыстыру, жаңа салада ғылыми-зерттеу жүргізіп, инновациялық қызметке бағытталатын шығындарды арттыру немесе дивиденттерді төлеу ауыртпалығын төмендету.

Функционалдық стратегия ауқымы іскерлік стратегиямен салыстырғанда барынша тар болғанымен, жеке бөлімшелер немесе бизнес қызметтерін басқаруды қамтамасыз етуде қажетті практикалық әрекеттерді айқындау есебінен компания дамуының жалпы жоспарының жеке бөлшектерін нақтылайды.

Оның рөлі жалпы іскерлік стратегия мен компанияның бәсекеге қабілеттілігін қолдауында жатыр. Ал мәні – компанияның белгіленген функционалдық мақсаттарға жету үшін басқарушылық бағдарды құруы. Өндірістегі функционалдық стратегия өз алдына іскерлік стратегияны қолдау және өндірістік мақсаттар мен компания миссиясына жету үшін қажетті шараларды қамтитын өндіріс жоспарын білдіреді.

Функционалдық стратегия құрудың басты жауапкершілігі бөлімше басшыларына жүктелінеді. Бөлім басшысы оны іске асыру кезінде орынбасарларымен тығыз байланыста жұмыс істеп, басқа бөлімше басшыларымен негізгі мәселелерді талқылайды.

Егер аталмыш стратегияны басшылар бір-бірінен немесе шаруашылық бөлім басшысынан бөлек жүргізсе, жанжалды немесе үйлестірілмеген стратегияның дүниеге келуіне жол ашады.

Үйлестірілген және бір-бірін толықтыратын стратегиялар іскерлік стратегияны табысты жүзеге асыру үшін қажет. Қарапайым сөзбен айтқанда, маркетингтік стратегия, өндірістік стратегия, қаржылық стратегия және қызметкерлермен жұмыс істеу стратегиясы жекелеген мақсаттарды ғана көздеп қоймай, бір-бірімен өзара байланыста болуы керек.

Операциялық стратегия стратегиялық маңызы бар күнделікті оперативтік міндеттердің жарнамалық компаниялар, шикізатты сатып алу, қорларды басқару, профилактикалық жөндеу, тасымалдау мәселелерін шешу кезінде негізгі оперативтік бірліктерді басқаруда барынша нақты стратегиялық бастамаларға және тәсілдемелерге жатады.

Олар жоғары деңгейлі стратегиямен салыстырғанда шағын болғанымен, компания жұмысының жалпы бизнес-жоспарын толықтырып, аяқтайды. Стратегияны дайындау орта буын басшыларына тапсырылады, ұсыныстары өзінен жоғары тұрған басшымен қарастырылып, қабылдануы тиіс. Операциялық стратегия корпорация стратегиясын дайындау пирамидасының негізі болып табылатындығына қарамастан, маңызы жоғалмауы қажет. Мәселен, бір зауыттың белгіленген өндіріс көлеміне, өнімнің өзіндік құны мен сапасына қол жеткізу бойынша стратегиялық міндеттерді іске асыру кезінде құлдырауы клиенттер арасында сенімсіздік тудырып, пайда табу және сатып алу көрсеткіштері төмендеп кетуі ықтимал. Басқарудың қандай да бір деңгейінде қабылданатын стратегиялық әрекеттердің маңыздылығын түсіруге болмайды.

Стратегиялық менеджмент

Подняться наверх