Читать книгу Стратегиялық менеджмент - Сауле Купешова - Страница 4
1. СТРАТЕГИЯЛЫҚ МЕНЕДЖМЕНТ МӘНІ ЖӘНЕ МАЗМҰНЫ
1.3. Ұйым стратегиясын құрастыру үдерісінің кезеңдері
ОглавлениеСтратегияны құрастыру және енгізу үдерісінің теориялық және тәжірибелік негіздерін көптеген ғалымдар мен басшылар жылдар бойы талқылап, зерттеп келеді.
Стратегияларды әзірлеуде әрқашан қалай деген сұрақ жүреді (3-сурет):
3-сурет. Стратегияларды әзірлеу барысында туындайтын сұрақтар
Менеджерлер осы негізгі сұрақтарды шешудің тиімді жолдарын іздестіріп, мындаған ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді өңдеумен айналысады. Стратегияны құрастыру, ең алдымен, компанияның бизнес философиясын: көрінісін, миссиясын, мақсаттарын айқындап алудан басталады. 4-суретте стратегия құрастырудың құрамдас бөліктері мен кезеңдері көрсетілген.
Біріншіден, ұйымды тұрақты даму жолына түсіру, мақсаттарды анықтау, стратегияны құрастыру, стратегияны жүзеге асыру және ұйым қызметін бағалау стратегиялық менеджменттің негізі болғанымен, шын мәнінде осы міндеттер жеке жүзеге асырылмайды, олар бір-бірімен тығыз байланысты.
Мысалы, қандай іс-әрекет жасау керектігі туралы болжам стратегияны сәтті жүзеге асыруға бола ма деген мәселені қозғайды.
4-сурет. Стратегия жасаудың жалпы сызбасы
Ұйымның миссиясы туралы мәселелер мақсаттарды анықтаумен тығыз байланысты. Батыл, бірақ шынайы мақсаттарды қою кезінде, менеджерлер ағымдағы қызметтің көрсеткіштерін, сонымен қатар, ұйымның рентабельділігін көтеретін стратегиялық таңдаулардың барын есепке алуы қажет. Стратегия туралы шешім қабылдау ұзақ уақыттық даму жолдарымен және мақсаттарды төмендету, көтеру деңгейіне байланысты қиындатылуы мүмкін.
Мақсат – бұл нәтиже мен жеңіс, ал стратегия сол мақсатқа жетудің ең тиімді жолы. Ол – менеджердің стратегиялық, сондайақ қаржылық міндеттерді өзара байланыстыра отырып орындау үшін қолданылатын құралы.
Екіншіден, стратегиялық менеджменттің міндеттері өз бетінше жеке іске асырылмайды. Олар менеджерлердің күнделікті жұмыстарымен қатар жүреді – күнделікті операцияларды бақылау, дағдарыс жағдайынан шығу, жиналыстарға бару, сонымен қатар қосымша міндеттерді атқару және қоғамдық жұмыстармен айналысу. Сондықтан, стратегиялық басқару бойынша міндеттер менеджменттің басты функцияларының бірі болса да, барлық менеджер ол үшін жауапкершілік алмайды.
Үшіншіден, стратегияны құрастыру және оны жүзеге асыру – еңбекті көп қажет ететін үдеріс, ол әртүрлі шығындарды талап етеді. Ұйымдағы қызметтер әрдайым белгіленген тұрақты жолмен дамымайды. Стратегияны қайта ойластыруға итермелейтін жағдайлар жылдам, бірте-бірте немесе өте шапшаң реттілікте пайда болуы мүмкін. Оны өзгертуге алып келген жағдайлардың себебі кейде оңай анықталмайды. Сондықтан, менеджерлерге туындаған жағдайға байланысты стратегия мен шешім қабылдау мәселелерін қарастыру үшін уақыт керек. Шын мәнінде, менеджерлер стратегияны қай уақытта өзгерту керек және ол үшін не істеу қажеттілігін шеше алатындай жеткілікті деңгейде білікті болады.
Төртіншіден, стратегиялық менеджментке көп көңіл бөлу – стратегияны және оны жүзеге асыру жолдарын жетілдіру, сапасы мен тиімділігін арттыруда әрбір қызметкердің үлесін максимизациялау қажеттілігінен мәжбүрленген. Әдетте менеджерлер ұйым жұмысына үлкен өзгерістер әкеліп, оны енгізгеннен гөрі, ағымдағы стратегияны жақсарту үшін көп күш жұмсайды. Стратегиядағы өзгерістер қызметкерлерге жағымсыз әсер етіп, тұтынушыларды жоғалтуға әкелуі мүмкін. Ағымдағы стратегияны жетілдіре отырып, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге болады. 5-суретте ұйымның даму стратегиясын құрастыру және жүзеге асыру үдерісінің негізгі кезеңдері көрсетілген.
5-сурет. Стратегиялық басқару үрдерісі
Қазіргі күрделі әрі жылдам өзгермелі сыртқы орта жағдайында стратегия құрастырушының, яғни стратегиялық менеджердің рөлі өте маңызды. Э. Враппа бойынша, білікті менеджер мынадай қасиеттерге ие болуы керек:
• әртүрлі басқару деңгейлерінде кең ауқымды шешім қабылдауға мүмкіндік беретін толық ақпаратқа ие болу. Менеджерлер нақты жағдайды бағалау үшін ұйымның әр бөлігінде ақпарат көздерінің желісін құруы қажет;
• өзінің уақыты мен энергиясын тиімді басқару, сәйкесінше жауапкершілікті бөлу немесе жеке шешімдерді қабылдау қажеттігін білу;
• жақсы саясаткер болу, өз идеяларымен шығармашылық жетістікке жету өнеріне ие болу, диктатор ретінде емес, ұйымның мүшесі немесе көшбасшысы ретінде қызмет ету;
• өзгермелі орта стратегиялық менеджерден белгілі икемділікті талап етеді. Ол қалыптасқан жағдайға бейімделуге міндетті. Бұл ұйым ешбір мақсатсыз қызмет етуі тиіс деген сөз емес, бірақ қажет болған жағдайда оларды түзеуге, өзгертуге дайын болу керек;
• жеке бағыттарда бағдарламалардың дамуына ықпал ету.
Стратегиялық менеджер – ұйым қызметінде, оның басты жеке бөлімшелерінде өз ізін қалдыратын тұлға. Негізгі міндеті – сыртқы орта өзгерісіне сәйкес ұйым қызметінің дамуын қамтамасыз ету, бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату.
Кең мағынада менеджерлердің міндеті ұйым мақсаты мен міндеттеріне сәйкес келетін, сонымен қатар оның ішкі және сыртқы факторларына әсер ететін құрылымды таңдау. Ең тиімді құрылым – бұл ұйымға сыртқы орта мен тиімді әсер етуге, қызметкерлердің күшін мақсатты бөлуге және бағыттауға, осы арқылы тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға және өзінің мақсаттарына жоғары тиімділікпен жетуге мүмкіндік беретін құрылым.
Кейде стратегиялық менеджерлерді кешенді менеджерлер деп атайды. Олар бизнестің жеке қызметтерін жүзеге асыратын (кадрлар, жабдықтау, өндіріс, сату, тұтынушыларға қызмет көрсету, есептілік) функционалды менеджерлерден ерекшеленеді және ұйымды стратегиялық мағынада басқара отырып, маңызды орын алады.
Білікті басқару менеджерлерден стратегиялық ойлау мен стратегияны құрастыра алу қабілетін талап етеді. Бүгінгі менеджерлерге ұйымның жағдайы және болып жатқан өзгерістердің әсері туралы стратегиялық тұрғыда ойлануға тура келеді. Олар стратегияға өзгерістерді қай уақытта енгізу керектігін білу үшін сыртқы ортаны мұқият талдауға мәжбүр және ұйымның қызметімен жіті таныс болуы шарт. Басқаша айтқанда, стратегиялық басқару бүкіл ұйымды басқарудың негізі болып табылады.
Стратегиялық басқарудың және саналы стратегиялық басқарудың артықшылығы:
• ұйымның стратегияның негізгі аспектісіне бағытталуын қамтамасыз етеді: «біз не істеуге тырысамыз және қандай нәтижеге жетеміз?»;
• менеджерлердің өзгерістерге, жаңа мүмкіндіктерге және қауіпті үдерістерге ширақ әсер етуін талап етеді;
• капитал салымдарының балама түрлерін және персоналдың кеңеюін бағалау мүмкіндігі, яғни ресурстарды саналы түрде стратегиялық негізделген және тиімді жобаларға ауыстыруды қамтамасыз етеді;
• барлық басшылардың стратегиямен байланысты шешімдерін біріктіру мүмкіндігін береді;
• жағдайдың өзгеруіне баяу жауап қайтаруға алып келетін, кері әсер ететін үрдіске және белсенді басшылыққа қолайлы орта қалыптастырады.
Бесіншіден, сыртқы орта факторларына жай жауап қайтаруды емес, белсенді әрекет етуді қолдайды. Жаңашыл стратегиялар ұзақ мерзімді даму кезінде ұйым қызметінің нәтижелерін жақсартуға алып келуі мүмкін. Тарихқа үңілсек, бизнесте жоғары табыстылық пен жетістікке жеткендер тек өзгерістерге ғана жауап қайтарып, қауіптерден сақтанған ұйымдар емес, салада тұрақты дамуға бет алған, бәсекелестік позициясын үздіксіз жоғарылатып, табыстылықтың басты факторларын дамытып отырған көшбасшы ұйымдар. Әдетте, табысты компаниялар тұрақты бәсекелестік артықшылыққа ие болу үшін тиімді стратегиялық шешімдер қабылдап, нарықтық үлесін кеңейтіп, үлкен қаржылық нәтижелерге талпынады. Шығармашылық нышаны бар, бірегей стратегияларды жігерлі орындау ұйымды жетекші орындарға шығаруы мүмкін.
Ұйым стратегиясын құрастыру және жүзеге асыру барысында менеджер оның ішкі және сыртқы орта жағдайына бейімделе отырып, көзделген нәтижелерге қалай қол жеткізуге болады деген мәселемен бетпе-бет келеді.
Тиімді стратегия құрастыру ұйымның ішкі және сыртқы ортасы факторларын терең талдауды қажет етеді. Олар көптеген факторларға көңіл бөлулері тиіс. Стратегияны қалыптастыру барысында қарастырылатын факторларды 2 топқа жіктеуге болады:
1. Сыртқы:
• экономика жағдайы;
• әлеуметтік және саяси үдерістер, мемлекеттік реттеу, денсаулық сақтау мүдделері, бірдей еңбекке бірдей ақы төленуі, табиғи орта мен ресурстар, инфрақұрылым;
• саланың тартымдылығы және бәсекелестік деңгейі, нарық өсімі, технологиялық өзгерістер, жаңа өнімдердің пайда болуы, бәсекелестік күші, сала үшін табыс, шығын және пайда экономикасы, бәсекелестік жетістікке жету барысындағы негізгі талаптар;
• компания үшін ерекше мүмкіндіктер мен қауіптер.
2. Ішкі:
• компанияның күшті және әлсіз жақтары, бәсекелестікке қабілеттілігі;
• басқарушылардың дербес ұстанымы, бизнес философиясы және этикалық сенімдері (ұйымдастыру стратегиясына маңызды әсер ете алатын жеке факторлар);
• компанияның ортақ құндылықтары мен мәдениетінің стратегияға әсері (саясат, құндылықтар, дәстүрлер, компанияның мәдениетіне айтарлықтай әсер ете алатын мінез-құлық әдістері).
Бұл факторларды келесі тарауларда тереңірек қарастырамыз.
Нарықтың ерекшеліктерін ескере отырып, өз компаниясының нарықтағы орнын көрсете алатын менеджер ғана көзделген мақсаттар мен қаржылық нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз ететін стратегияларды анықтай алады. Неге? Өйткені, нарықтағы жағдайды қате бағалау, стратегиялық әрекеттерді дұрыс таңдамау қызмет тәуекелін арттырады. Тәжірибе жүзінде ұйым менеджерлері даярлаған стратегияны өзгеріссіз қолдану мүмкін емес. Өйткені ұйым стратегиясы:
• ойластырылған, мақсатты бағытталған әрекеттерден;
• оқиғаның алдын ала белгісіз дамуы мен күшейген бәсекелестік күреске реакциялардан тұрады.
6- суретте көрсетілгендей, стратегия – тек қана менеджер алдын ала ойластырған және қандай да бір ірі стратегиялық жоспарды жүзеге асыру үшін қолданғысы келетін нәрсе емес. Мұнда жағдай үнемі өзгеріп отырады, мәселен, технология саласындағы маңызды ашылулар, бәсекелестердің нарыққа жаңа тауармен сәтті шығуы, жаңа мемлекеттік регламент және саясат, сатып алушылардың қандай да бір саладағы мүдделерінің кеңеюі және т.б.
6-сурет. Компанияның жоспарланған және кездейсоқ бөліктерден тұратын нақты стратегиясы
Әрқашан болашаққа деген қандай да бір сенімсіздік болады және менеджер барлық стратегиялық әрекеттерді алдын ала болжамайды, сондықтан көзделген бағыт бойынша өзгеріс енгізбей дами алмайды.
Осылайша, ұйым стратегиясы жоспарланған әрекеттер мен белгісіз жағдайлар кезіндегі қажетті түзетулерден тұрады. Ең дұрысы, стратегияны жоспарланған әрекеттер мен нарықтағы жаңа жетістіктерге бейімделу және бәсекелестік күрес алаңындағы жаңа позиция бойынша жедел шешімдердің комбинациясы ретінде қарастырған жөн. Ағымдағы стратегия компанияның ішінде, сондай-ақ одан тыс болып жатқан жағдайларды, факторларды ескере отырып, менеджермен құрастырылады.