Читать книгу Қорасан қарақшының қолмергені - Баянғали Әлімжанов - Страница 5
Балтабайдың Қорасанға шерткен сыры
ОглавлениеАуылдың
Еркін өскен баласымын,
Ат мініп,
Желден ұққан дала сырын,
Апаттан
Әкем жастай қайтыс болды,
Жалғыз мен
Алданышы анашымның!
Кердеңдеп
Кеуде қағып
Ісіп баққан,
Саунада
Аунап-қунап ішіп жатқан,
Бір дөкей
Мас күйінде рөлге отырып,
Көлікпен
Көшеде екі кісі қаққан,
Осылай
Менің әкем опат болып,
Біздің үй
Зар еңіреп, қанға батқан,
Сол дөкей
Біраздан соң босап шықты,
Парамен
Қанды жуып
Ісін жапқан,
Жанымды
Жейді келіп ауық-ауық,
Шер-шемен
Бала күннен іште қатқан!
***
Сонда да қудық арман,
Жалын, өрттей
Оқуға түсе алмадым
Балым жетпей,
Майтабан
Тобанаяқ
Жарамсыз деп,
Әскерден
Қала бердім тағы да өтпей.
Ер жігіт
Жүргені жөн әр қияда,
Барғым кеп
Көппен бірге әрмияға,
Өтіндім
Әпесерден әскерге алсаң,
Ел үшін
Дайынмын деп жан қиярға!
«Кросста
Кемдік қылса майтабаным,
Күрестен
Есесін мен қайтарармын,
Мысықтай
Қараңғыда өткір көзді,
Майданда
Майтабаның айтар әнін.
Түсірем
Төбелессем шөкесінен,
Қасиет
Құдай берген төтесінен,
Көздемей
Қағып түсер қолмергенмін
Шымшықты
Шырқап ұшқан шекесінен!»
Сардарым
Деді сонда, сұсты аңғарта:
«Қалайша
Қалдырмақсың дұшпанды артқа?
Жаныңды
Жылы жерде күткенің жөн
Солдаттық
Сай емессің стандартқа!»
Басыма
Туғандай боп ақырзаман,
Қалайша
Біз кембіз деп, батырлардан,
Намыстан
Өлердей боп үйге келдім,
Жарамсыз,
Дімкәс деген аты жаман!
Анашым
Отыр екен тілеп іші,
Адамның
Болса да бір жігерлісі,
Қуанды
Көз алдымда жүрші аман деп,
Келмейді
Мені ешқайда жібергісі.
Ауылым,
Алтын бесік, құт мекенім,
Білемін,
Бұл сөзді әзір жұрт кекерін,
Қамкөңіл
Халық отыр қалт-құлт етіп,
Сыпырып
Әкеткен соң жылт етерін.
Жұмыс жоқ,
Жүргеніміз құр сенделіп,
Ешкімге
Пайдамыз жоқ бір теңгелік,
Қысыр сөз
Қылжақ күлкі
Қарт пен диван,
Бір үміт
Көтерердей ертең келіп.
Сондықтан
Жиі-жиі болар жиын,
Тойлайды
Алса біреу тауар, бұйым,
Жу,жу деп зуылдайды
Желөкпелер,
Қаптайды шегірткедей,
Солар қиын,
Жай кезде
Ақша жоқ деп жылап жүріп,
Ішуге,
Жерден қазсын, табар тиын!
Айтады
Қамкөңілдер қайда назын,
Болады
Бағы тайған майға жазым,
Құрдастар
Қияли боп, бір-біріне,
Жуғызбақ
Болған тіпті жайнамазын!
Ағайын,
Көрші, қолаң,
Қолдан қорек,
Іздеген,
Тарау-тарау жолдар бөлек,
Ауылдың бір бөлегі
Намаз оқып,
Бір тобы
Бас жазумен болған әлек!
Үйрендік
Өстіп ептеп ішкілікті,
Алданыш,
Ұмыттырар күйкілікті,
Үйлендім
Бірге оқыған жақсы қызға,
Ауылда
Қалатын боп түпкілікті.
Қараулық
Көрсем қаным қызатұғын,
Танауын
Тәкаппардың бұзатынмын,
Дөкірлік,
Кесірлікті беттен қағып,
Өкіртіп
Өсекшіні ұратынмын.
Кектесіп, беттескенді
Кертіп ұрдым,
Егескен спецтерді
Серпіп ұрдым,
Жамандық атаулыға
Жыным ұстап,
Шермәшті
Шекесінен шертіп ұрдым.
Келмеді
Әлсіздерді өкпелеткім,
Ұстадым
Сертін мықты жекпе-жектің,
Біреуді
Екеу болып сабамадым,
Бас салып
Жығылғанды тепкен жоқпын.
Тентек деп
Төбелескіш даңқым шықты,
Санасты
Меніменен жалпы мықты,
Алыптар
Аты шулы аймақтағы,
Құрметтеп,
Құйды маған жартылықты.
Бір күні
Көрші ауылға тойға бардық,
Ақыры
Не боларын ойламадық,
Шарапқа
Қызып алған өрім жастар,
Би билеп,
Тайдай тулап тайраңдадық.
Той қызық
Ауылдағы, палаткада,
Қалтарыс,
Қора-қопсы – шарапхана,
Бұрышта
Жастар шыны шылдырлатса,
Күрсініп
Шалдар өтер қарап қана!
Беу, жастық,
Бір-ақ аттар бел – белесті,
Гулетіп
Той көрігін кеу-кеулесті,
Бір жігіт
Дойман қара билеп жүріп,
Бізбенен
Қайра-қайра ерегесті,
Қаңғырып
Басқа ауылдан кепсіңдер деп,
Әдетпен
Қағынады елдегі ескі,
Ұқпайды
Ұят-аят, қой дегенді,
Ақыры
Бастап кеттік төбелесті.
Арақтан
Жайылған у айналды отқа,
Аяғы
Тойдың болды ойран-ботқа,
Ағайын
Айналайын, қой дегенмен,
Өңкей мас
Қыстыра ма ойбайды артқа,
Қиқулап
Қайрайды кеп қайманалар,
Айғаймен май құйғандай
Майдан – отқа,
Аянбай
Қойғыласып бір-бірімен,
Қанатын
Ой мен қырға жайған топта,
Таяқты
Талмай сілтеп мен де жүрдім,
Қаймықпай
Қарсы шауып дойман доққа,
Қайраты,
Мейманасы тасқанымен,
Қапысын
Табар оның хайлам жоқ па,
Маймылдай
Маймаң етіп, тайқып кеттім,
Қабандай
Айыр – азу салған уақта,
Қайқайтып
Қақ маңдайдан пергенімде,
Тайшадай
Домалады тайған боққа,
Айыры
Қолындағы қайырылып,
Байқамай
Майлы қарнын сайған уақта,
Ауызы
Айға қарап қала берді,
Дегендей
Айықтырар айран жоқ па,
Жайындай
Қайраңдаған абайламай,
Тағдырым
Осылайша байланды оққа!
Тарадық
Біраздан соң жын басылып,
Қырғынды
Қала берді түн жасырып…
Үйімде жатыр едім,
Келді жетіп,
Қос бірдей қызыл жаға,
Күнге асылып!
Сұп-суық погондары
Көзді қарып,
Бас қаңғып,
Ес қалмаған сөзді ұғарлық,
Бір ожау
Су ішкен соң түсінгенім,
Кетіпсің,
Дейді дәуді, өзің жарып,
Зырқ етіп
Зәр түбіне зәрем кетті,
Тордағы
Бозторғайдай біз бір ғаріп,
Айдауыл алдына сап
Әкеткенде,
Анам мен
Қалды әйелім мұзға оранып.
Тергеуші
Қатал екен табандатқан,
Тағады
Маған айып батпан, батпан,
Бір болған
Ауылдасты жиып алып,
Қорқытып,
Қысып әбден,
Амал тапқан,
Сендерді
Соттамаймыз дегеннен соң,
Барлығы бас сауғалап,
Маған жапқан!
Шіркін-ай,
Талай достар іштерінен,
Дықтанып
Жүреді екен тістенумен,
Түңілдім
Мен туралы түсінігін,
Көргенде
Тергеушінің үстелінен.
Бастаған төбелесті
Мен деп жазған,
Мінімді
Жіпке тізіп ел боп жазған,
– Мінеки,
Барып тұрған ит екенсің, —
Деп күлді
Майор істі тергеп, қазған.
«Шамына
Тиеді тез сынның тезі,
Кірмейді
Құлағына мыңның сөзі,
Қияңқы,
Пияңкіге ұйтқы болған,
Байлаусыз
Қызыл көзді жынның өзі,
Бұрқырап
Бұл көшеге шыққан кезде,
Кетеді
Бұлтқа кіріп күннің көзі!»
Үйір боп,
Береді екем бұзыққа дем,
Бүлікті
Салады екем қызыққа мен…
Осылай
Сеніп жүрген қимас жұртым,
Бетімнен
Бір-ақ тартты сызықшамен!
Күйдіріп,
Тірі өлтірген ел бағасы,
Секілді
Тергеушінің қолағашы,
Құдасы
Екен және дөй қараның,
Аудандық
Сотымыздың төрағасы!
Ол дағы
Қызыл майдан тойда болған,
Қырғынды көзбен көріп,
Ойға қалған,
Қазық қып
Қағамын деп қара жерге,
Кектенген
Мен сорлыға қолға қонған.
Орындап
Жан әкемнің аманатын,
Жолындай
Келешекке жалғанатын,
Алаштың
Азаматы болсам деуші ем
Азамат сотталушы…
Алған атым!
Қор қылып,
Төмендеттім анам басын,
Төбемде
Ойнақтады замандасым,
Қылмысты
Қаршадайдан жек көруші ем,
Түрменің
Таттым міне баландасын!
Осындай
Болды ма екен бұрын да адам,
Жоқ әлде
Бұзылды ма бүгін ғалам?
Ұғатын
Жан бар ма екен бұл жалғанда
Жанымды
Байыз таппай шырылдаған!
Кім білсін,
Болғанымда алымдырақ,
Көлімде
Көктер ме еді қалың құрақ,
Ол рас,
Жастық – мастық, жазығым бар,
Қылмыскер
Емес менің жаным бірақ!