Читать книгу Қорасан қарақшының қолмергені - Баянғали Әлімжанов - Страница 6

Қорасанның Балтабайға шерткен сыры

Оглавление

Көздері

Шыға жаздап шарасынан,

Толғанып,

Жас жігіттің наласынан,

Шылымын

Құшырлана бұрқыратып,

Бұлдырап

Қою түтін арасынан,

Қорасан

Сөз бастады: «Еш бір адам,

Тумайды

Қарақшы боп анасынан,

Қылмыскер

Сезінбеймін мен де өзімді,

Алты рет

Өтсем де сот сарасынан!


Мен дағы сәби едім,

Мөлдір едім,

Өмірге

Ғашық болдым, елжіредім,

Керемет істер жасап,

Ат шығарып,

Жаулағым

Келді жастай ел жүрегін.


Жастықпен

Жалындадым, асып-тастым,

Жандырып

Ішін талай дос пен қастың,

Жаяулап

Жер-жаһанды кезіп кетіп,

Келетін ғарышқа ұшып,

Мұхит асқым!


Махамбет,

Робин Гуд пен

Чинга Чгук,

Корсарды

Жастайымнан шындап ұғып,

Қаратқым келді әлемді

Бір өзіме,

Ең биік,

Жан жетпеген шыңға шығып,

Амал не

Көп арманым көктей солды,

Қурады

Қатты қыста сынған шыбық.


Келіпті

Басқа уақыт, басқа қоғам.

Бір-бірін

Бауыр сатып, дос та алдаған,

Қандасын

Қылтасынан қырқып, шалып,

Асуда тосып алып,

Бопсалаған.


Түлкі өмір

Қанша қусам жеткізбеді,

Тірліктің

Тежей берді көп тізбегі,

Ақылы

Оқуды әрең бітіргенмен,

Жұмыс жоқ,

Төрт жылғы оқу ретсіз болды,

Параға ақшам жетпей,

Ең ақыры,

Хақылы

Қызметке де өткізбеді.


Бір дөкей

Туралатып тез бағасын,

Орныма

Қабылдатты өз баласын,

Алматы алпауыт қой,

Ақшасыздың,

Аяусыз

Домалатар қожға басын,

Қалада

Қаңғып-қаңғып, үйсіз-күйсіз,

Бабамның

Қайта таптым боз даласын.


Алматы

Арман қала

Алма бағы,

Атыңды

Әлі де жұрт малданады,

Бұл күнде ығы-жығы,

Тынысың тар,

Қолқаңды

Ыс пен түтін қармап алды,

Біздерге

Бұйырмады бір бұрышың,

Жас өркен

Енді қанша алданады?

Жүрегім

Суық сорып, мұздай берді

Пәтерде,

Сыз еденді

Жалдамалы.


Қиялдан

Қайран болмай жерге түстім,

Әкенің

Сүрлеуіне мен де түстім,

Кенелмей

Кең әлемде ен байлыққа,

Қамымен

Күнкөрістің кенге түстім.


Осылай

Өлді арманым боқ басында,

Тарихтың

Жазылмадым тақтасына,

Көңілім

Көкке қанша тартса дағы,

Тірідей

Кірдім ақыр жер астына,

Қайлаға

Қайратымды салдым сарқып,

Жеті қат

Жезқазғанның шахтасында.


Қаһармен

Қопарғанда тар шахтаны,

Белгісіз

Маңдай тердің қанша аққаны,

Мардымсыз табан ақы,

Жүйкені жеп,

Тоздырып,

Қанша жанды шаршатқаны!?


Тойымсыз

Өндірістің жайынынан,

Қайыстай

Қара нарлар қайырылған,

Тас кенге

Тас кенедей жабысқанда,

Алмастай

Құрал – сайман майырылған,

Жұтқаны

Сызды ауа мен улы тозаң,

Жасынан

Денсаулықтан айырылған.


Бастықтың

Құйылғандай бәрі мыстан,

Сұп-суық,

Жалт-жұлт еткен нағыз мыстан,

Сылтау қып

Шетелдегі шаруаларды,

Сауна мен

Сұлу іздеп сабылысқан,

Қайқайып

Кеп тұрады қадағалап,

Қампайып қарындары,

Қағып ыштан,

Бейнетке

Белшесінен батып жүріп,

Бес кенші

Қаза болды жарылыстан.


Бес бірдей

Бір-ақ күнде көмді жанды,

Әр үйге

Бір миллион бөлді қаржы,

Теңгемен

Өтелер ме өмір құны,

Азамат

Опат болды,

Өлді, қалды!


Қайтерсің,

Көп қой тірлік сорақысы,

Тажалдың

Тұмшаланған тозақы ісі,

Бір кештік

Көжесіне жетпейді екен

Кеншінің

Өлгенде алған көр ақысы!


Онымен

Тіріле ме енді өлгендер,

Кіре алмай

Тар забойға сенделді ерлер,

Көз бар ғой

Көріп жүрміз

Кердеңдейді,

Көлденең

Көп табысқа кенелгендер,

Кеншінің

Бір айлығын бір-ақ шөлмек,

Вискиге

Жұмсайды екен кемеңгерлер!


Бір күні

Бара қалдық ресторанға,

Дастархан

Жаймақ болып дос-жаранға,

Үш жігіт

Үш қыз отыр көрші үстелде,

Көңілді

Айтылуда тостар анда,

Көл-көсір,

Жорғалардың жанында біз,

Бәйгеге

Секілдіміз қосқан арба!


Олармен

Таласатын шама бар ма,

Кірістік

Ептеп үнсіз амалдауға,

Мол қылып

Тапсырысты біз де бердік,

Арзандау

Арақ-шарап, тағамдарға!


Адам жоқ

Тойханада бізден басқа,

Ерлерде қалта жұқа,

Түзде патша,

Тартылып,

Сымдай боп тұр даяшылар,

Дегендей,

Бізден қызмет, сізден ақша.


Аздан соң,

Қыздырдық кеп мәжілісті,

Арақтың

Үйреншікті дәмі күшті,

Тынымсыз

Көрші үстел де гүжілдейді,

Байқасам,

Вискиге мұз салып ішті,

Даяшы

Қас-қабағын бағып тұрған,

Бір кезде

Ас-табағын алып ұшты.


Зырылдап,

Қайта шығып, келді бізге,

Көршілер

Деді,виски берді сізге,

Аң-таң боп,

Қалсақ та әуел, тост көтеріп,

Осындай

Алғыс айттық ерлік ізге!


Қыздар да

Қарай қапты, көзін қадай,

Отырмын

Түп қалтаны өзім санай,

Жүз мыңға

Бір бөтелке виски алып,

Сыйлауға

Шамамыз жоқ біздің ондай.


Осындай

Ішкендерде ізет деген,

Ер жігіт

Кіммен, қайда жүздетпеген,

Қолдағы

Ақ арақтан баса құйып,

Ұсындық,

Біз де сыйды құрметпенен.


Қысқа қол

Сағымызды тұр сындырып,

«Фу, гадость!»

Дейді қыздар күрсіндіріп,

Көсемі мырс-мырс күлді:

«Мынаны да,

Жүрсіңдер

Қалай ішіп, сусын қылып?!»


«Металдың

Магнаты мен,

Даниялмын,

Айдынды,

Ағындаған дариямын,

Ас түгіл

Бастығыңды сатып алам!»

Деп бұлғап

Көк былғары әмиянын,

Ашқанда,

Дым білдірмей демеп қойдым:

«Бар ғой деп Даниялым,

Далиямын!»


Ол да бір

Асау екен ала қашқан,

Қиқуы

Жерді тербеп, жарады аспан,

Уыстап,

Шашып-шашып тастай салды,

Жап-жасыл

Қағаздарды санамастан.


Ақшаның

Көрінгесін кесектері,

Даяшы

Лып-лып етіп есептеді,

Еліріп,

Есерленген алтауының,

Болыпты

Бес миллион есептері.


Бір кеште

Ішіп-жеуге кеткен шығын,

Құнындай

Кешегі өлген бес кеншінің!

Еденге

Ердің құнын төге салды,

Осы ма

Асып-тасып жеткен шыңың!


Жастықтың

Күш-қуатын кенге төгіп,

Тірідей

Денсаулығын жерге көміп,

Оқыстан

Өле қалса апат болып,

Өтірік аяғансып,

Теңге бөліп,

Өздері

Кердеңдеп жүр кең әлемде,

Жақсы боп, көзге түсіп,

Жемге бөгіп,

Дарақы даңғазаға

Не дер еді,

Тіріліп келсе мұнда,

Көрдегі өлік!?


Әнеки

Өмір қайда, олжа қайда,

Жыныңды

Қай-қайдағы қозғамай ма?

Мыналар

Шайқап жүрсе дүниені,

Мен неге

Жан қинаймын тар забойда?!


Құдай-ау,

Неткен байлық, неткен ақша,

Секілді

Өз қолымен еккен бақша,

Көрер ем

Оңды-солды шашқандарын

Біз құсап

Төккен қара термен тапса!


Қозғалды

Ескі кегім, қаным қайнап,

Олар мәз,

Қызып алған, гүл-гүл жайнап,

Үшеуін

Иегінен үш-ақ қақсам,

Домалап,

Дымы шықпай қалар жайрап,

Ақылым

Ар жағымнан тежеу салды,

Іс қылсаң

Тастай қыл деп, бәрін ойлап.


Басталды

Дарақы би, қойындаспақ,

Даниял: «Көрсек дейді

Ойын бастап,

Ұнап тұр

Маған мына сенің қызың,

Үстіне

Бес мың ап, бер,

Айырбастап!»


«Көрсетпе, – дедім – мұндай

Малдығыңды,

Құп алар

Құл емеспін жарлығыңды,

Есі жоқ

Ешкі құрлы секеңдеген,

Алмаймын

Айырбасқа қалдығыңды,

Он мыңға алсаң берем,

Басы бүтін,

Өзің біл,

Сарқып бітсең сандығыңды!»


Мақұл деп

Қисалаңдап, қол алысты,

Қашанда

Шешеді деп доллар істі,

Мысықтай монтанысып

Мен де күлдім,

Жасырып

Ішімдегі жолбарысты.


Оп-оңай

Оған он мың қолақпандай,

Он теңге

Ойда-жоқта жоғалтқандай,

Осыны

Бір сор түртіп кезіктірді-ау,

Қайтемін,

Ебін тауып тонап қалмай!


Айтпайды

Ішкі сырын ақылды ашып,

Данчо деп,

Алдым оны жақындатып,

«Билей бер,

Мен ол қызды мәймөңкелеп,

Келейін

Айтқаныңды мақұлдатып.»


Қуанды,

Қалбалақтап жаны қалмай,

Көрініп

Бөтен қыздың дәмі балдай…

Сыр бермей қонақтарға,

Шығарып сап,

Оралдым

Қараңғыда қабыландай.


Есерге

Елеусіздеу ымдап едім,

Алқынып,

Жетіп келіп «шын ба?» деді,

Ал, қане,

Он мың доллар әкел бері,

Күтіп тұр,

Көніп сұлу, мұнда дедім.


Көлпілдеп,

Көлігіне әрең барып,

Шығарды

Ақша тола сөмкені алып,

Бауырдан

Періп-періп жібергенде,

Бүк түсіп,

Жатып қалды естен танып,

Жөнелдім

Сол бетіммен Ресейге асып,

Қисайып

Енді жолым кеткені анық!


Арманы

Болып едім тәмам қыздың,

Ел үшін

Келіп еді қамал бұзғым,

Тар жолды

Талайыма жазған екен,

Амал не,

Тайды үстінде табан мұздың,

Тонауға

Кірістім мен жемқорларды,

Жалмауыз,

Ынсабы жоқ, арам құзғын!


Қорасан қарақшының қолмергені

Подняться наверх