Читать книгу 1920-1930 жылдардағы Қазақстан халқы - К. А. Саркенова - Страница 6

1-тарау
ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АВТОНОМИЯЛЫҚ КЕЗЕҢДЕ
1.4. 1926 жылғы санақ: әкімшілік-аумақтық бөлудегі, халықтың санындағы, орналасуындағы және ұлттық құрамындағы болған өзгерістер

Оглавление

1926 жылы 17 желтоқсанда жүргізілген Бүкілодақтық халық санағы, кейін ешбір санақта қайталанбаған ерекше құбылыс болды. Ол «Қысқа қорытындылар» және «Алдын ала берілген мағлұматтар» атты көп томдық болып шықты. Бұл Кеңес Одағы аумағын түгел қамтыған тұңғыш санақ еді, санақта КСРО аумағында болған өзгерістер, яғни Одақтың құрамына жеке республикалар мен облыстардың алынуы немесе Финляндия, Балтық бойы, Польша елдерінің шығуы көрсетілді.

1926 жылғы санақ бағдарламасы 1920 жылы жүрген бірінші кеңестік санақ, 1923 жылғы қалалық санақ тәжірибелеріне сүйенді әрі ол санақтармен белгілі бір сабақтастық сақталды. 1926 жылғы санақтың статистикалық құралы: 1) жеке парақ 2) отбасылық карта 3) меншік иелігі туралы ведомость, 4) үй қожайындары тұрағының тізімі сияқты төрт формулярдан тұрды.

Жеке парақ 15 сұрақты қамтыды, онда тағы қосымша сұрақтар болды. Негізінен 1920 жылдың санақ сұрақтары қайталанды, қосылғаны жұмыссыздық туралы еді, бірақ 1926 жылғы санақ бағдарламасына білім деңгейі, соғысқа қатысуы, еңбекке жарамдылығы туралы сұрақтар кірмеді. 1926 жылдың санағында 1920 жылдағыдай ауылшаруашылық саласындағы қызметі егжей-тегжейлі қарастырылмады. Ұлты туралы сұрақ қай халық өкілі дегенмен алмастырылды.

Оған дейінгі, одан кейінгі Халық санақтары осы санақ материалдарындай толық жарияланбады. Жарияланған материалдарды екі үлкен топқа жіктеуге болады:

1) Орталық статистика басқармасы басылымы, жергілікті статистикалық органдардың жарияланымдары;

2) статистикалық съезд материалдарының басылымы, санақ материалдарын өндіру және өңдеу туралы нұсқаулар.

1927 жылдың ақпанында: «1926 жылғы Бүкілодақтық халық санағының алдын ала қорытындылары», сәл кейінірек «1926 жылдың 17 желтоқсанындағы Бүкілодақтық халық санағының қысқаша мәліметтері» деген атпен бірінші нәтижелер жарық көрді.

Бұл басылымдардың мақсаты – нақтылы болмаса да біршама жинақталған материалдар бойынша кейбір сұрақтардың өңдеуден өткен қорытындыларын жариялау еді.

1926 жылдың санақ материалдары 56 том болып жарық көрді. Бұндай ауқымды материалдардың алғашқы томдары 1928 жылы жарияланды, 1935 жылға дейін созылған кей томдар болмаса негізінен бұл басылымдардың шығуы 1932 жылы аяқталды. Барлық басылымды 7 бөлімге бөлуге болады: 1-бөлім – халық, ана тілі, жасы, сауаттылығы; 2-бөлім – кәсібі; 3-бөлім – отбасылық жағдайы; 4-бөлім – жұмыссыздық; 5-бөлім – иелік құқығы, құрылыс, қала мен қала типіндегі қоныстардағы орындар; 6-бөлім – қала халқының үй жағдайы; 7-бөлім – қаладағы отбасының құрылымы.

1926 жылғы санақ материалдарының жинақталу жүйесіндегі басқалардан айырмашылығы: 1) халық – адамдардың жиынтығы; 2) еңбекке қатысты мәселе; 3) отбасының әлеуметтік жағдайы, жасы/жынысы, т.б. Бұлайша топтастырылу халық тарихын зерттеуге мол мүмкіндік туғызды.

Социалистік қайта құрулар кезеңінде елдің әкімшілік-территориялық құрылымында экономикалық аудандарға бөлу принципіне негізделген өзгерістер болды. 3 млн. кв. км-лік Қазақстан

6 губерния және 2 округке бөлінді. Әрбір губернияның аумағы орташа жарты миллион кв км-ден асты. Орташа 60 – 80 мың кв. км-ді алатын, 150 мың халқы бар уезд де ауқымды болды. Болыстардың қөлемі 10 мың кв км-ден кем болған жоқ. Нәтижесінде губерниялар, уездер мен болыстардың арақашықтығы 500 км-ден асты. Республикадағы байланыс құрылымы да әлсіз болды120. 1927 жылдан Кеңес Одағының, одақтас республикаларында әкімшілік-аумақтық аудандарға қайта бөлулер басталды. Қазақстанда 13 округ, 180 аудан құрылды. Орал округі құрамына 15 аудан, Гурьевке – 6 аудан, Адай жерінде – 5 аудан, Ақтөбеге – 14 аудан, Қостанайға – 15 аудан, Қызылжарға – 21 аудан, Ақмолаға – 15 аудан, Сырдарияға – 21 аудан, Қызылордаға – 8 аудан, Павлодарға – 9 аудан, Семейге – 23 аудан, Қарқаралыға – 7 аудан, Алматы округіне – 21 аудан қарады121.

Жеке округтер мен аудандардың ұлттық-тұрмыстық, табиғи-географиялық және шаруашылық ерекшеліктерін зерттеу жұмыстары жалғаса берді. Қазақстан округтері мен аудандарының ұзақ уақыттан зерттеліп келе жатқан табиғаты, тарихы, шаруашылық-экономикалық, ұлттық ерекшеліктері округ және аудандар бойынша егжей-тегжейлі сипатталды122. Нәтижесінде 1928 жылдың 13 наурызында және 15 мамырында Қазақстан ОАК-нің Төралқасы қаулыларымен республика округтері мен аудандарының шекараларына өзгерістер енгізілді. 1928 жылдың мамыры басында 6-шақырылған Қазақстан ОАК-нің 3-сессиясы бұл өзгерістерді бекітті және Қазақстан ОАК Төралқасына Республиканың әкімшілік-аумақтық аудандастыру жобасын Бүкілодақтық ОАК Төралқасына бекітуге ұсынуды және оны іске асыруды тапсырды. 1928 жылдың 3 қырқүйегінде РКФСР ОАК Төралқасы республиканың жаңа аудандарын бекітті123. Одан сәл бұрын, 1928 жылдың 12 маусымында КСРО БОАК Төралқасы Қарақалпақ автономиялық облысының және Қазақ АКСР-інің тоғыз округінің аудандастыру жобасын бекіткен еді. Орал, Гурьев және Семей округтерін аудандау мәселесі Қазақстан ОАК мен ХКК-не қосымша талқылауға ұсынылды124. Сонымен, бұрынғы 1 автономиялы облыс, 6 губерния, 2 округ, 31 уезд және 411 болыстың орнына енді 13 округ және 180 аудан құрылды. 10 ауданға бөлінген Қарақалпақ автономиялық облысы сақталды125.

1929 жылы көктемде ауылдық, селолық, қыстаулық және қалалық Кеңестерге сайлау, сонымен қатар жаңадан құрылған Қазақстанның округтері мен аудандары Кеңестерінің съездері өтті.

1932 жылдың қаңтарында БКП(б) ОК Қазақстанда алты облыс құру туралы шешім шығарды126. Қазақстан ОАК 8-шақырылымының 2-сессиясы 1932 жылдың ақпанында Қазақстан аумағында Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Алматы облыстары құрылғанын мәлімдеді. Қазақстанның әр облысына орта есеппен белгілі бір экономикалық мақсаты және шаруашылық бағыты бар, географиялық орналасуы ескерілген 17–20 әкімшілік аудан қарады. Қазақстан облыстарында жаңа қалалар мен кенттердің пайда болуы әрі бұрынғыларының дамуы нәтижесінде жаңа әкімшілік-аймақтар, оның ішінде аудандар да құрылды. Кейін 1932 жылы облыстар ірілендірілді. Сонымен облыстардың пайда болуымен республиканың әкімшілік-аумақтық қайта құруларындағы ауқымды жұмыс аяқталып, бірінші бесжылдықтың аяғына таман толыққанды әкімшілік-аумақтық құрылым қалыптасты.

Алдағы шаруашылық және әлеуметтік-мәдени құрылыстың жаңа, қиын міндеттерін жүзеге асыру үшін БОАК Төралқасы 1936 жылдың 29 шілдесінде «Қазақ АКСР-інде жаңа облыстар құру туралы» және «Қазақ АКСР-інің аудандарын ірілендіру туралы» қаулылары нәтижесінде Қазақстанның әкімшілік аудандары нақтыланды.

1) Қарағанды облысы екі: Қарағанды (орталығы – Қарағанды қаласы) және Солтүстік Қазақстан (орталығы – Петропавл қаласы) облысына бөлінді.

2) Қарқаралы округі жойылды.

3) Ақтөбе облысы екі: Ақтөбе (орталығы – Ақтөбе қаласы) және Қостанай (орталығы – Қостанай қаласы) облысына бөлінді.

Сонымен, Қазақстан аумағы 1936 жылы: Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан сияқты сегіз облыстан тұрды. Оларда 198 аудан құрылды. Алматы облысы – 27;

Ақтөбе – 13; Шығыс Қазақстан – 26; Батыс Қазақстан – 19; Қарағанды – 12; Қостанай – 12; Солтүстік Қазақстан – 25; Оңтүстік Қазақстан – 22 ауданға бөлінді127.

РКФСР-дің құрамында автономия болып келген Қазақстан енді Кеңестер Одағының Ата заңына сәйкес, 1936 жылдың 5 желтоқсанында Кеңестердің Төтенше шақырылған 8-съезінде Қазақ КСР деп жарияланып, КСРО-ның құрамына кірді.

Халықтың саны, орналасуы, жас/жыныс құрамы.


а) халықтың саны


Кестеге негіз болған деректер:

1. Всесоюзная перепись населения 17 декабря 1926 года. Предварительные итоги. – Москва. ЦСУ СССР, 1927 г. Вып.3. – С. 6 – 7.

2. Донич А.Н. Народонаселение Казахстана. – Кзыл-Орда, 1928. – С. 4.

3. Материалы по районированию Казахстана. – Кзыл-Орда, 1928. – С. 38.

4. Календарь-справочник и записная книжка на 1927 год. – Кзыл-Орда, 1927. – С. 30 – 31.


Кестенің жалғасы:


Сонымен, 1926 жылғы санақ деректері бойынша, Қазақ АКСР-інің халқы шамамен 6 507 077 адамды құрады.

ә) Ауыл және қала халқы

6 507 077 адамның 5 967 898-і ауылда, 539 249-ы қала мен қала типіндегі қоныстарда тұрды. Қазақ АКСР-інің отырықшы халқының қоныстануының дүниежүзінен аса айырмашылығы болған жоқ. Дегенмен, көшпелі қазақ халқының қоныстануында өзіне тән кейбір өзгешеліктер кездесті:

1) ру басшылары екінші немесе үшінші аталары жағынан келетін екі-бес көшпелі мал шаруашылықтары бірігіп, көшпелі топты немесе малшы ауылды құрады. Шаруашылық жағынан бұл шаруашылыққа қолайлы еді.

2) жақын туыс болмағанмен бір руға жататын ағайындар шаруашылықтың тиімділігі үшін екі-үш-бес малшы ауылды біріктіріп, бір шаруа ауыл құрған. Бірнеше шаруа ауылы біріктіріліп, бір әкімшілік ауыл деп есептелді, сонымен қатар барлық шаруа ауылдары ортақ бір ауылдық кеңеске қарады. Республиканың таза көшпелі халқы (Адай округі) үшін жергілікті пункт осындай малшы ауылдар болды. Уақытының көп бөлігін қыстауларда өткізетін жартылай көшпелі халыққа күз – қыс айларында шаруашылық ауыл, ал көктем – жаз айларында малшы ауылдары тұрғылықты пунктке айналды. 1926 жылдың санағының алғашқы жарияланған қорытындылары бойынша, Қазақ АКСР-інде 77 249 тұрғылықты пункт, оның 8 447-сі кәдімгі, ал 68 802-сі көшпелі малшы және жартылай көшпелі шаруа ауылдары болды. Әрбір ауыл-қышлақ-село халқы тұрғындарына орташа 79-дан да төмен адамнан келді128.

1928 жылдың 1 қазанында Қазақ АКСР-інде барлығы 3 888 ауылдық, қышлақ және селолық Кеңестер болды. Бір ауылдық кеңеске орташа 20 тұрғылықты пункт қарады129.

Қала халқы. Алғашқы кеңестік санақтарда қала халқына әкімшілік тәртіппен бекітілген қала мен ауыл халқынан басқа ауыл шаруашылығымен айналыспайтын тұрғындар да жатқызылды. Мысалы, 1920 және 1923 жылдардағы санақтар бойынша қала халқына барлық губерниялар мен уездердің қалалары, қалалық, поселкелік кеңестері бар қоныстар, қала аумағына кірмейтін, бірақ қаламен экономикалық тығыз байланыстағы қала маңының тұрғындары; фабрикалар, зауыттар, станцалар жанындағы кенттер, саяжайлар (тұрғындары 500 адамнан кем болмаса); сауда және кәсіпшілікпен шұғылданатын, тұрғыны 2 мыңнан кем емес мекендердің халқы кірген еді. 1926 жылғы санақ бұрынғы бекітілген басты принциптерді сақтады, сонымен бірге статистикалық органдардың басшыларына қала типіндегі кенттердің тізімін жасауға рұқсат берілді. Оған ресми бекітілгендерден басқа төмендегі мекендер де енгізілді: 1) қоныстануы бойынша (фабрика-зауыт, станца, саяжай, сауда-өнеркәсіп ауылдары); 2) халықтың айналысатын кәсібіне қарай (халқының көп бөлігі ауылшаруашылығына қатысы жоқ кәсіппен шұғылданатындар); 3) халық саны бойынша (фабрика, зауыт, станца, саяжай, сауда-өнеркәсіптік ауылдардың халқы 2 мыңнан кем түспеуі тиіс болды).

Қала халқының санын есептеуде қаланың аумақтық сызығын белгілеу де маңызды рөл атқарды. 1920 және 1923 жылдардағы санақ нұсқауларында қала халқының құрамына қала және ресми қала аумағына кірмейтін, бірақ қаламен экономикалық тығыз байланыстағы қала маңының тұрғындары да кіруі тиіс болды. 1926 жылғы санақ барысында қала халқының құрамына қала сызығы, қаладан тыс жатқан, бірақ қаламен құрылысы жағынан тұтасып кеткен мекендердің де тұрғыны енді, сонымен бірге 1923 жылғы қала санағындағыдай қала маңының халқын қосуға экономикалық тығыз байланыстың қажеттілігі міндетті болған жоқ. Кейіннен болған 1939, 1959, 1970 жылдардағы Бүкілодақтық халық санақтары әкімшілік-құқықтық принциптер негізіне оралды. Бұл санақтар барысында қала халқының құрамына тек заңмен бекітілген қала, жұмысшы кенттері, қала типіндегі кенттердің халқы ғана кірді130.

Қазақстанда бұл санақ бойынша, 26 қала, 18 қала типіндегі кенттер болды. 1923 және 1926 жылдардағы санақтар аралығында 20 мыңнан кем халқы бар кішігірім қалалар азайып, керісінше, 20 мыңнан 50 мың адамға көбейген орташа қалалардың саны артты131. Қазақстан қалаларының әрқайсысының өз даму тарихы, Темір, Түркістан, Атбасар сияқты қалалар өз бастауын ерте заманнан алатын ұлттық нақышы бар орталықтар болса, Көкшетау, Қарқаралы, т.б. сауда нәтижесінде тоғысқан жол торабына айналды. Семей, Петропавл, Ақмешіт қалалары патша үкіметіне қажетті саясатты іске асырудағы әкімшілік-отарлау орталықтары болды. Олардың ішінде Ақтөбе ғана біршама даму сатысынан өтіп, ал Гурьев, Зайсан, т.б. тоқырауда қалған-ды.

Қазақстанның қала халқының орналасуы округтерде әртүрлі болды. Халықтың 60 %-дан астамы республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-шығыс және солтүстігіндегі 4 округке (Сырдария, Алматы, Семей, Петропавл) шоғырланса, ал елдің қала халқының 2,1 %-ы Қарақалпақстанда; 1,2 %-ы Қарқаралы округінде; 0,6 %-ы ғана Адай уезінде орналасты. Қазақ АКСР-інің қала халқы еуропалықтардан: орыс, украин, неміс, белорустардан және татарлар қала халқының 71,8 %-ын құрады. Қазақтардың қала халқындағы үлесі – 13,9 % ғана болды. Қазақтар Адай және Қарқаралы округтерінде ғана шоғырлана орналасты. Фортта қазақтар қала халқының 70,2 %-ын, Қарқаралыда – 73,4 %-ын құрады. Орал (87,7 %), Қостанай (73,7 %), Гурьев (74,3 %) қалаларының халқы бірыңғай орыстардан тұрды. Петропавл (69,6 %), Павлодар (61,8 %) қалаларының да жартысына жуығы орыстар еді. Қарақалпақстанның қала халқы аралас болды: 30,7 % – қарақалпақтар; 22 % – орыстар және 22 % – қазақтар; 15,1 % – өзбектер. Семей, Ақтөбе қалаларында орыстар басым келді, одан кейінгі орындарды татарлар, украиндар, қазақтар иеленді. Ақмола, Алматы, Қызылорда округтерінде ұлттар аралас шоғырланды. Бұл округтердің қалаларында қазақтар сан жағынан екінші орында, ал Алматы округінің қалаларында екінші орында таранчалар (ұйғырлар) тұрды. Сырдария округінің қалаларында халық: өзбек – 44,4 %, орыс – 29,4 %, қазақ – 15,3%132 орналасты.

б) халықтың орналасу тығыздығы

Біз қарастырып отырған кезеңде 1 км2-ге жалпы Кеңес Одағында – 6,86 адам; КСРО-да (Қазақ АКСР-ін қоспағанда) – 7,62 адам; КСРО-ның еуропалық бөлігінде – 23,0 адам; КСРО-ның азиялық бөлігінде – 1,6 адам; жалпы Қазақ АКСР-інде – 2,17 адам; Қазақ АКСР-інің ауылдық жерлерінде – 2,02 адам; Якутияда – 0,071 адамнан келді133. Орталық Қазақстан, Қарақалпақстан, Қарқаралы, Адай, Балқаш өңірінің шөл және шөлейт аймақтарында халықтың орналасу тығыздығы өте төмен болды. Суармалы аудандарда, керісінше, халық тығыз орналасты (1 км2-ге 400 адамнан)134. Бұл уақытта төмендегі миграциялық сальдо қалыптасты. КСРО-ның еуропалық аймақтарынан келген мигранттар республиканың тәлімді егін шаруашылықты аудандарына орналасты. Мысалы, жаңадан келгендердің 15 %-ы – Қостанай, 40 %-дан төмені – Ақмола және Ақтөбе округтеріне, 24 %-ы – Семей округіне қоныстанды. Қазақстанның бұндай орманды дала және далалы аймақтары мигранттарға табиғаты жағынан қолайлы болды әрі олар этникалық жағынан өздеріне жақын ортаға түсті135. Мигранттар егін, жер өңдеу, техникалық мәдени дақылдар өсіру, бау-бақша, жүзім шаруашылықтарымен айналысты. Мал шаруашылықты аудандар мигранттар үшін тартымды болмады, сондықтан Адай уезінде жағымсыз миграциялық сальдо қалыптасты. Шаруалардың ағылып келуі ауыл шаруашылығына, әсіресе, егін даласының дамуына жақсы ықпал етті. Бірақ 20-жылдары Қазақстан КСРО-ның шығыс аудандарға қоныс аудару жүйесіне әлі кірмеді.

в) жас/жыныс құрамы

Қазақтардың ауыл-село халқы құрамында еркектер басым болды: бір жасқа дейінгілер арасында – еркек – 54 441, әйел – 49 611; 8 – 12 жас аралығында – 173 344 еркек, 152 566 әйел; 13 – 18 жас аралығында – 243 364 еркек, 185 943 әйел; 30 – 39 жас аралығында – 293 510 еркек, 265 247 әйел; 55 – 59 жас аралығында – 64 927 еркек, 47 306 әйел кездесті136. «Басқалары», оның ішінде еуропалықтар басым бөлігінде жағдай басқаша қалыптасты: орыстар арасында 19 – 25 жас аралығына – 61 859 еркек, 70 699 әйел; украиндарда 19 – 25 жастағыларына 52 252 еркек, 54 545 әйел; орыстардың 30 – 39 жастағыларына – 49 931 еркек, 55 437 әйел; украиндардың 55 – 59 жастағыларына 8 889 еркек, 10 942 әйел келді137.

1928 жылдың 1 қаңтарында Қазақ АКСР-інің қала халқының сипаты: қазақтар арасында бір жасқа дейінгілер – 2 060 еркек, 1 355 әйел; орыстар арасында – 6 149 еркек, 6 935 әйел; украиндарда – 736 еркек, 1 437 әйел; ал 13 – 18 жас аралығында – қазақтарда – 7 307 еркек, 3 524 әйел; орыстарда – 21 405 еркек, 24 189 әйел; украиндарда – 2 376 еркек, 2 613 әйел; 30 – 39 жас аралығындағы қазақтар арасында – 7 179 еркек, 4 816 әйел; орыстарда – 18 900 еркек, 20 069 әйел; украиндар арасында – 2 637 еркек, 2 032 әйел138 болды.

Сонда, Қазақ АКСР-інде шамамен жынысы жағынан 100 әйелге – 104,92 еркек, қалада 100 әйелге – 99,20 еркектен келген.

г) халықтың ұлттық құрамы

1926 жыл санағы бойынша Қазақ АКСР-і халқының ұлттық құрамы әртүрлі болды. Республикада барлығы 20-дан астам ұлт өкілдері тұрды. 1925 жылдан «қазақтар» деген атау орнына «казактар» сөзі қолданылып келген. «Қазақтар» сөзінің дұрыс аталуы тек 30-жылдардан басталды. Қазақ АКСР Мемлекеттік жоспарының ережесіне сәйкес халықтың 70 %-ы бір халық өкілдерінен құралса, онда бұндай әкімшілік бір ұлтты деп есептелді139. Бұл көзқарас тұрғысынан Адай (барлығы – 135 555, оның 131 476-сы қазақтар), Қарқаралы (барлығы – 183 089, оның 178 388-і қазақтар), Қызылорда (барлығы – 317 051, оның 276 483-і қазақтар), Гурьев (барлығы – 168 526, оның 138 656-сы қазақтар), Сырдария (барлығы – 885 280, оның – 643 763-і қазақтар), Орал (барлығы – 436 678, оның – 303 528-і қазақтар) округтері бірыңғай бір ұлтты болды. Бес мал шаруашылықты округ пен бір мал және егін шаруашылықты округ бірыңғай қазақтардан құралды.

Ал, Петропавл округіне 69,4 % орыстар мен украиндар қоныстанды (барлығы – 723 985; оның 171 085-і қазақтар, 317 774-і орыстар, 184 333-і украиндар). Қалған егін және мал шаруашылықты округтер аралас ұлт өкілдерінен құралды, бірақ Қостанай (43,0 %) және Павлодар (53,4 %) округтерінде қазақтар басым болды. Қарақалпақ автономиялық облысында жергілікті ұлт өкілі – қарақалпақтар басым болды (барлығы – 304 541, оның 116 125-і қарақалпақтар).

1928 жылдың 25 желтоқсанында Қазақстанда барлығы 57,7 % қазақтар; 19,8 % орыстар; 13,2 % украиндар; 3,5 % өзбектер; 1,9 % қарақалпақтар; 1,2 % татарлар; 0,8 % таранчалар; 0,8 % немістер; 0,4 % эрзя (мордвалар); 0,3 % белорустар; 0,2 % қырғыздар; 0,1 % түрікмендер; 0,1 % дұнғандар; 0,1 % тәжіктер; 0,5 % басқа ұлт өкілдері өмір сүрді140.

Орыстар, украиндар, немістер және белорустардың қазақ даласына қоныс аудару отаршылдық саясаттың салдарынан болған еді. Өзбектер Қазақстанның Шымкент, Әулиеата, Түркістан сияқты ірі қалаларында шоғырланды141. А.Н.Доничтың пікірінше, мордвалар кезінде Петропавл, Қостанай, Семей округтерінің жергілікті тұрғындары болған, кейін олардың жартысын қазақтар, кейін орыстар ығыстырған. Қалғаны Жетісу өңіріне қоныстанған142. Таранчалар, ұйғырлар (1917 жылғы төңкерістен кейін қашқарлықтармен бірге осы атауды алған) Құлжа және Шығыс Түркістанның басқа да жерлерінен шығып, ХІХ ғасырдың 80-жылдары орыс патшасы мемлекетінің жеріне қоныс аударған. Қазақ АКСР-інің Жаркент және Алматы уездеріне шоғырлан-ған143. Қырғыздар (бұрын қара қырғыздар деп аталған) тегі, тілі, әдет-ғұрпы жағынан қазақтарға ұқсас. Ал түрікмендер, негізінен, Қарақалпақ автономиялық облысында және Адай округінде мекендеген. Тәжіктер Қарақалпақ автономиялық облысы мен Сырдария округінің ауылдық жерлерінде қоныстанған. Келімсектердің қатарына дұнғандар да кірді. ХІХ ғасырдың 80-жылдары Құлжа мен Шығыс Түркістаннан қоныс аударып, негізгі тобы Қырғыз АКСР-інің Бішкек округіне, аз бөлігі Алматы, Сырдария округтеріне орналасқан144. «Басқа ұлт өкілдерінен» бұхарлық және еуропалық еврейлерді, қашқарлықтарды, болгарларды, кәрістерді атауға болады.

Сонымен, 1926 жылдың санақ деректеріне, тағы да басқа баспасөз материалдарына сүйене отырып, біз Қазақстанның 1926 – 1928 жылдардағы халық тарихына қысқаша сипаттама бердік.

120

Справочник по административно-территориальному делению Казахстана (август 1920 – декабрь 1936 г.). – С. 176.

121

Сонда, 179-б.

122

Материалы по районированию Казахстана. В 2-х т. – Кзыл-Орда, 1928. Т. 2. Общая часть, описание округов и характеристики районов.

123

Собрание узаконений и распоряжений Рабоче-крестьянского правительства РСФСР. 12 октября 1928 г. № 118. Отдел І. Ст. 743. – С. 1586 – 1589.

124

Справочник по административно-территориальному делению Казахстана. – С. 180.

125

Сонда

126

РЦХИДНИ. Ф. 17. О. 25. Д. 75. Л. 4.

127

Образование новых областей и районов в Казахстане (обзор) // Народное хозяйство Казахстана. 1936. № 9 – 10. – С. 76 – 77.

128

Донич А.Н. Народонаселение Казахстана. – Кзыл-Орда, 1928. – С. 21.

129

Сонда.

130

Массовые источники по социально-экономической истории советского общества. – С.35 – 36.

131

Никифоров И.Д. Рост численности городского населения Казахстана. – С. 46.

132

Донич А.Н. Указ. соч. – С. 23, 25 – 26.

133

Донич А.Н. Указ. соч. – С. 28.

134

Сонда.

135

Галиев А.Б. К истории миграции населения Казахстана // Вестник АН КазССР. 1979. № 5. – С. 55.

136

Материалы по райониров-ю Казахстана. Вкладная таблица. – С. 42.

137

Сонда.

138

Сонда.

139

Донич А.Н. Указ. соч. – С. 8.

140

Донич А.Н. Указ. соч. – С. 10-11.

141

Список народностей СССР. Труды комиссии по изучению племенного состава населения СССР. – С. 33.

142

Донич А.Н. Указ. соч. – С. 13

143

Список народностей СССР. Труды комиссии по изучению племенного состава населения СССР. – С. 34.

144

Сонда, С. 43; Донич А.Н. Указ. соч. – С. 13.

1932 жылы халық шаруашылығы есебінің аудандық және қалалық инспекциясы құрылды. Оған дейін КСРО Орталық статистика басқармасы, кейін КСРО Халық шаруашылығы есебі Орталық басқармасына болыстық (аудандық) және ерікті корреспонденттер жұмыс істеп келді, олар негізінен ауыл шаруашылығы статистикасымен ғана айналысты. 1934 жылы мемлекеттік статистиканың төменгі звеносының жұмысын жақсарту мақсатында аудандық инспектор штаты тағайындалды.

1920-1930 жылдардағы Қазақстан халқы

Подняться наверх