Читать книгу 1920-1930 жылдардағы Қазақстан халқы - К. А. Саркенова - Страница 8
1-тарау
ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АВТОНОМИЯЛЫҚ КЕЗЕҢДЕ
1.6. Қазақстан халқының ұжымдастыру кезіндегі шығыны
Оглавление1928 жылы Қазақстан халқы 6 507 077 адам болды. Қазақстан Халық шаруашылығы есебі басқармасының мәліметтері бойынша, Қазақстанның халқы 1930 – 1936 жылдары (әр жылдың 1 маусымына сәйкес) төмендегіше сипатталды: 1930 жылы – 5 873,0 адам,
1931 жылы – 5 114,0 адам, 1932 жылы – 3 227,0 адам, 1933 жылы – 2 493,5 адам, 1934 жылы – 2 681,5 адам, 1935 жылы – 2 926,0 адам, 1936 жылы – 3 287,9 адам. 1928 жылдан халық саны төмендей берген: егер 1928 жылы Қазақстан халқы 6 507 077 адам болса, 1936 жылы – 3 287,9 адамды ғана құрады. Халықтың ең кему шыңы – 1932 – 1934 жылдар аралығы. Себебін Халық шаруашылығы есебі Орталық басқармасының Халық және Денсаулық сақтау ісі бөлімінің бастығы Курманның 1937 жылдың 14 наурызында Кравальге жазған баян хатынан көруге болады:
«КСРО Мемлекеттік жоспары Халық шаруашылығы есебі Орталық басқармасының бастығы – И.А.Краваль жолдасқа екі санақ аралығындағы (17.12.26. және 06.01.37.) халықтың табиғи қозғаласы туралы
Баянхат
1926 жылдың санақ деректері бойынша КСРО халқы 147 млн. адам; 1937 жылдың санағы бойынша – 162 млн. адамды құрады, яғни КСРО халқы екі санақ аралығында 15 млн. – ға өсті.
Туу мен өлім-жетімді тіркеу мәліметтері бойынша халықтың өсу қарқыны 21,3 млн. адамды құрады немесе 6,3 млн. – ға артық… әрине, егер он жылғы (соңғы жылдары өлім азайды десек) өлім-жетімді 40 млн. – ға баласақ (1934 және 1936 жылдары шамамен 8 млн.), онда 7 жылда өлім-жетім 3,2 млн. – ды құрайды, немесе жылына орташа 4,5 млн. – нан, яғни шамамен жылына 1 000 адамға 30 адамнан келеді. Өлімнің бұндай коэффициенті КСРО жағдайында мүмкін емес, себебі ол еуропалық елдердегі өлімнен екі есе жоғары және Ресей империясы кезіндегі өлім-жетім көрсеткішімен сәйкес келіп отыр. Бұл сәйкессіздікті халықтың табиғи қозғалысынан ғана емес, сонымен қатар басқа деректерден де іздеу керек.
1. Оған, біріншіден, осы аралықта халықтың кейбір бөлігінің КСРО-дан шет жерге кетуі жатады. Қазақстан Халық шаруашылығы есебі басқармасының хабарынша (1.1.1927 – 1.1.1937 жылдар аралығындағы ҚазКСР халқы санын есептеу туралы түсіндірме жазбадан) КСРО-дан шетке кеткен адамның саны (қайтып келгендерді есептегенде) 1930 – 1932 жылдары 1,3 млн. адамды құрайды. Қазақстаннан КСРО аймағынан шетке кеткендері 1933 жылы да байқалды, бұл құбылыс КСРО-ның басқа аумақтарына да тән (Түрікмен, Тәжік республикаларында). Қайтып келгендерді қосқанда, осы кезеңдегі КСРО-дан тысқары кеткендер, шамамен 2 млн. адам. КСРО бойынша Түрікмен, Қырғыз, Өзбек республикалары халқының санында орташадан жоғары өсу қарқыны бар, яғни КСРО-ның басқа аудандарынан осы аудандардағы жаңа құрылыстарға мигранттар ағылған.
2. Алшақтықтың екінші себебін 1926 жылдың халық санағынан іздеу керек…
Халық және Денсаулық сақтау бөлімі бастығының орынбасары Курман»148.
Бұл өте ауыр кезең, яғни жаңа экономикалық саясатқа, қала мен селодағы ауқатты адамдарға теріс қараушылық, ауылшаруашылық тауарлылығының төмендеп, шаруашылықтардың ірілендірудің басы болды. Ұжымдастырудың басталуымен жағдай одан әрі қиындады. Жаңа экономикалық саясаттың орнына азық-түлік салығы келді. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, транспорт саласында еңбек өнімділігі азайды. Өкіметке қарсы наразылық белең алып, стихиялық ереуілдер жүрді149. Қарсылықтар қатал жазаланды. Селодан қалаға, жаңадан пайда болған өнеркәсіп аудандарына жапппай қоныс аудару, онда еңбек, денсаулықты қорғау ережелерінің сақталмауы, өмір сүру деңгейінің төмендеуі салдарынан аштық туды; демографиялық ахуалдың әлсіреуінен туу, азаматтық некеге отыру төмендеді; ашығудан өлім-жетім көбейді, тойып тамақ ішпеуден эпидемия туындап, балалардың өлімі көбейді, панасыз балалардың қалалар мен теміржол станцаларында шоғырлануы жиіледі. Қазақ органдарының есептеуінше 1932 жылы 50 мың бала қамқорсыз қалған. Т.Рысқұловтың хатында «балалар үйлері лық толы, балалар өлімі жиі болуда» делінген. Мысалы, Семей ауданындағы комиссия тексеруі барысында үй асты қабатынан көлік тапшылығынан уақытында алынбаған 20 баланың өлігі табылған. Торғайдағы Ақтөбе Қызыл Крест отрядының қазақ балалары туралы баяндамасынан келтірілген Т.Рысқұловтың үзіндісінде: «Ең ауыр жағдайға душар болған – балалар. Төрт жасқа дейінгі панасыздар түгелге жуық өлген». «Қаңтарда Қызылорда қаласында 450 панасыз бала шоғырланған. Тек Аягөз станцасында 300 бала жиналған…», – делінген150.
Бірақ 1931 – 1934 жылдардағы үкімет орындарына жолданған телеграмма, көмек сұраған хаттардың бірде-бірінде «аштық» деген сөз кездеспейді151, аштық және оның зардаптарымен күресу туралы арнайы үкімет органдары құрылмаған. «Индустрияландыру саясатын іске асыру жолында ұжымшарлардан астықтың тартылып алынуы, ұжымшар құрудағы өктемшілдік, әсіресе, аштықтың болуы ақылға симайды. 1932 – 1933 жылдардағы аштық сталиндік басшылықтың кеңес халқына қарсы жүргізген қылмысы деп бағалануы тиіс»152.
Зорлап ұжымдастырудан зардап шеккен көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтардың жағдайы жоспарлы отырықшыландыру барысында одан әрі шиеленісті. Мал басын дайындау ауылда «әскери коммунизм» кезіндегідей төтенше сипат алды153.. БКП(б) Қазақ Өлкелік комитетінің Бюросы арнайы қаулы қабылдады. Онда: «Өлкелік комитет жеке аудандар мен қызметкерлерді жоспарды орындамағаны және елді индустриаландыруға қажетті мал өнімін даярлауда мал басын қысқартқаны, өндіріс қажеттілігіне оны сақтап қалу керек деген сылтаумен дайындау қарқынын бәсеңдеткені үшін қатаң жазаланады», – делінді154. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» ұраны күн тәртібінен түспеді. 25 – 30 қойы бар шаруашылық бай шаруашылыққа жатты. Ал, өндірістің көшпелі шаруашылығы үшін бұл күнделікті өмір сүру минимумы еді. Ұдайы өндіріс және шаруашылық ошағының қалыпты жұмыс жасауы үшін кемінде бұдан төрт есе артық болуы тиіс, бірақ бұл есепке алынбады, әр шаруашылыққа 2 – 3 қойдан ғана қалдырылды (оны да тартып алады деген қорқыныштан малшылар оларды сойып алуға тырысқан). Мемлекет мүддесі деген сылтаумен ауылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа да түрлерін даярлауда заңсыздық кеңінен орын алды, жүн дайындауды «екпінді» өткіземіз деген ұранмен қақаған қыста қойлардың жүнін қырқып алып, малдың жаппай қырылуына әкелген. Астық өнімін жинаушылар мал шаруашылығы және аздаған егін егетін ауылдарға келіп, өлімнен аман алып қалады-ау деген үмітпен ұстап отырған соңғы дәндерін де сыпырып алған. Міндетті түрде астық тапсыру мал шарауашылығымен ғана күн көретін аудандарға да зорлықпен таңылған. Саботажшы деген айыптаудан қорыққан халық малын астыққа айырбастап, оларын ауыл шаруашылығы өнімін дайындаушыларға тапсырып отырған155. Ұжымдастыру дегеніміз ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құру және бай-феодалды (ендігі жерде орташаны да) жою деген ұранмен көшпелілерге қарсы қытымыр саясат жүрді. Ұжымды қалай құру туралы «тек колхозшылар ғана емес, оны қалай жүзеге асыруды колхоз құрылысы басшылары да білмеді»156.
1929 жылдың аяғында республикаға орталықтан 25 мыңдықтар қатарынан 1 200 партия қызметкері жіберілді. Қазақстан БКП(б) ОК-нің сол кездегі бірінші хатшысы Ф.И.Голощекин 1930 жылы Алматы партия активінде сөйлеген сөзінде олардың «фабрикадағы және зауыттағы тәжірибесін» практикада пайдаланатыны туралы айтты.
1930 жылдың 9 қарашасында Алматыда отырықшыландыру жөніндегі жергілікті және өлкелік қызметкерлердің бірінші кеңесі өтті. Олар сол жылдың қаңтарында ҚазКСР ОАК-нің 2-сессиясы қабылдаған отырықшыландыру туралы қаулының орындалуын қорытындылады. Кеңеске қатысушылардың бірі, Ақтөбеден келген
Т.Верстаков бұл бағыттағы «шұғыл жұмыстың» Алматыдан барлық қазақ отырықшыландырылуы тиіс деген телеграмманы алған бойда, яғни сол қаңтар айында басталып кеткенін, отырықшыландыру және оны жүзеге асыру жоспарының бір күнде жасалғанын баяндады. Өкінішке орай, отырықшыландыруды жүзеге асыруға Топырақ институтының 1-курс студенттерінен құралған «мамандар» жіберілді. Т.Верстаковтың пікірінше облыстағы колхоз құрылысы зиянкестердің қолында, жылдық жоспар бойынша 1666 отырықшы үйдің орнына 26 тауық қора, ал 50 құдықтың орнына 9-н ғана салып үлгерген157
148
Социс. 1990. № 6. – С. 22-23.
149
Партийная жизнь Казахстана. 1990. № 6. – С. 89.
150
ВИ. 1989. № 7. – С. 70 – 71; Казақстан коммунисі. 1990. № 7. – 47 – 48-б.
151
РГАЭ. Ф. 1562. О. 1. Д. 668. ЛЛ. 71, 72, 72а; Сообщения политсектора МТС Казахстана // РЦХИДНИ. Ф. 112. О. 47. Д. 7. ЛЛ. 281 – 283).
152
Данилов В.П. Коллективизация сельского хозяйства // Коллективизация сельского хозяйства в республиках Средней Азии и Казахстана: опыт и проблемы… – С. 65.
153
Итоги скотозаготовок за январь и февраль месяц; Итоги выполнения постановления декабрьского пленума ЦК и ЦКК о скотозаготовках и мясоотгрузках (проверка выполнения пост. Бюро Крайкома от 23/1). – Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты. 141-қ., 1-т., 3820а-іс, 6 – 7-п.; 51 – 54-п.
154
Большевик Казахстана. 1931.№ 1. – С. 9.
155
ВИ. 1989. № 7. – С. 59.
156
Большевик Казахстана. 1931. – С. 16; Данилов В.П. Коллективизация сельского хозяйства // Коллективизация сельского хозяйства в республиках Средней Азии и Казахстана: опыт и проблемы… – С. 65.
157
Народное хозяйство Казахстана. № 11 – 12. – С. 45.