Читать книгу 1920-1930 жылдардағы Қазақстан халқы - К. А. Саркенова - Страница 7

1-тарау
ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АВТОНОМИЯЛЫҚ КЕЗЕҢДЕ
1.5. 1926 – 1936 жылдардағы халықты ағымдық есепке алу жүйесі

Оглавление

1926 жылғы Бүкілодақтық халық санағы халықты есепке алу жүйесінің дұрыс жолға қойылғанын дәлелдеді. Бірақ шаруаларға қарсы бағытталған кейінгі шаралар елдің демографиялық жағдайын қатты өзгертті. Халықты есепке алу жүйесі дағдарысқа ұшырады. Соңғы сенімді ақпаратқа 1931 жылдың жазындағы материалдарды ғана жатқызуға болады. Статистиктер үшін 1926 жылғы санақтан кейін басталған жаңа серпін ұзаққа созылмады,

1930 жылы «Статистика хабарламасы» және «Статистикалық шолу» журналдары, Орталық статистика басқармасы жабылып, орнына 1931 жылдың аяғында Мемлекет жоспарының құрамындағы Халық шаруашылығы есебінің Орталық басқармасы (ЦУНХУ) құрылды. Орталық статистика басқармасындағыдай онда дербестік болмады. Ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру және көшпелі қоғамды отырықшылыққа күштеп көндіру, кулактарды кәмпескелеу науқанының салдарынан туу мен өлім-жетімді жүйелі есепке алу қиындады.

«Азаматтық хал актілері аудандарда сын көтермейді. Екінші бесжылдық негізіне 1926 жыл санағының кейбір түзетулер енгізген мәліметтері ғана алынды», – деп жазды Халық шаруашылығы есебі Орталық басқармасының бастығы В.В. Осинский.

Халықтың тағдырына тек әлеуметтік-экономикалық даму факторлары ғана емес, сонымен қатар елге зауал болып тиетін, демографиялық апатқа дейін алып келетін экстремальдық жағдайлар да әсер етті. Қазақстан үшін сондай қысылшаң жағдай халықтың даладан қалаға, селодан өнеркәсіпті аудандарға экономикалық емес қоныс аударуы жүрді. Есепке алу жүйесін де қалыптасқан жаңа жағдайға сәйкестендіріп, ұйымдастыру керек болды. Халық шаруашылығы есебі Орталық басқармасына қарасты Халықты және Денсаулықты сақтау секторы меңгерушісінің В.В.Осинский, Минаев, Поповтарға жазған ресми хатында: «1929 жылға дейін халықтың ағымдағы есебі халықтың табиғи қозғалысы статистикасымен ғана шектелді. Халық есебін жүргізетін ұйымды елдің шаруашылық мүддесіне қарай қайта құру керек. Әсіресе, мигранттардың есебін дұрыс жолға қою керек. Елде жүріп жатқан орасан қоныс аударуды дер кезінде есепке алу әрі соған байланысты партия мен үкіметтің қабылдаған шараларын көрсету – халықтың механикалық есебін жүргізудегі басты міндет болуы шарт. Соңғы кезде өлімнің көбейіп, табиғи өсімнің азаюы, яғни халықтың табиғи өсіміндегі өзгерістер бұған статистиканың назарын көбірек аударуды қажет етеді…» делінген.145 Көптеген республикаларда (Орта Азия, Кавказ және РКФСР автономияларында) халықтың табиғи өсімі саласы ак таңдақ күйінде қалған»146. Халық шаруашылығы есебінің Орталық басқармасы Халықты және Денсаулықты сақтау бөлімінің басшыларына халық санағының аппаратын орталық, жергілікті жерлерде берік нығайтуды әлденеше рет ұсынған. «Бұл бағытта, – деп жазылған жоғарыда көрсетілген жазбада, – біз орталықта нығыз халық санағы ортасын қалыптастырдық. Курман, Песчанский, Соколов, т.б. жаңа адамдарды жұмысқа тарттық. Миграция, ағымдағы есеп, т.б. мәселелерді шешу, әсіресе, қалалық санақтағы ағымдағы есеп пен халық санағын жолға қоюға қажетті бетбұрыс керек болды»147. 30-жылдардағы КСРО Халық шаруашылығы есебі Орталық басқармасы қызметкерлерінің халықтың ағымдағы есебін тәртіпке келтіруде нақты қызмет еткендерін жоғарыдағы мәліметтер көрсетіп отыр.

КСРО Халық шаруашылығы есебі Орталық басқармасын 1932 жылдан Н.Н.Осинский басқарды. Оның қолдауымен «КСРО халық шаруашылығы» статистикалық журналы шығарылды. Тек сегіз нөмірі ғана жарық көрді, оның статистикалық-экономикалық материалдары көпшілікке танылып үлгермеді. Енді қоғамға қажетті статистикалық мәліметтер біртіндеп жабыққа айналды.

30-жылдардың 1-жартысында статистикалық жинақтардың шығуы әрі қарай жалғасты. Олардың ішінде 1934 – 1936 жылдары шыққан «Социалистік құрылыс» статистикалық жылнамасын неғұрлым толыққанды деуге болады. 1937 жылдан статистикалық мағлұматтардың жариялануы қысқарып, 1938 жылы мүлдем тоқтады.

Статистикалық мағлұматтардың болмауы елдегі нақты экономикалық жағдайға толық баға беруге мүмкіндік бермеді. Ұзақ уақыт статистиктердің съездері шақырылмады. 1932 жылдың 8 қаңтарында жоспардың орындалуы туралы жалған мәліметтер бергендерді қылмыстық жауапқа тарту туралы үкіметтің шешімі шықты. Барлығы елдегі терең ішкі дағдарыстан емес, дүниежүзілік жағдайдың қиындауынан деп түсіндірілді. Ведомстволардың есеп-статистикалық кызметі күшейтілді. Мекемелік статистика аппараты нығайтылып, есеп және статистика секторлары құрылды.

Енді статистика ішкі шаруашылық есепке ғана сүйенді, нәтижесінде әр салаға жауап беретін түрлі бағыттағы есеп жүргізу шарты бұзылды. «Бірыңғай халық шаруашылық есебі жүйесінің» құрылуы статистиканы тек есеп жүргізудің бір түрі деп түсінуге алып келді. Даму заңдылығын, болжамдау бағдарын түсіндіретін статистиканың сараптамалық функциясы мүлдем жойылды. Жоспар-болжам орнын жоспар-заң, жоспар-директива; математикалық-статистикалық әдістің орнын элементарлық әдіс басты. Мемлекеттік жоспарға бағыныштылық, өз жеке ақпаратының болмауы, сараптамалық әдістен бас тарту статистикалық мәліметтердің бұрмалануына әкелді. Оған 30-жылдардың ортасында болған «кадр төңкерісі» де әсер етпей қойған жоқ. Қуғын-сүргінге ұшыраған білікті, білімді, дербес көзқарастағы принципті мамандардың орнына өз ісіне берілген, бірақ тәжірибесі аз, орта және жоғары оқу орындары жұмысшы факультеттерінің өкілдері келді.

Н.Н. Осинский 1935 жылы тұтқындалып, енді Халық шаруашылығы есебінің Орталық басқармасын И.А.Краваль басқарды. Ол екі жыл ғана жұмыс істеп үлгерді. 1937 жылы халық санағы жүрді, оған үлкен саяси мән берілді. 1926 жылғы халық санағынан бері шаруаларды күшпен қоныс аударту, ұжымдастыру, қуғын-сүргін, зиялы қауымды қудалау салдарынан халықтың әлеуметтік-демографиялық құрамында терең өзгерістер болды. Нәтижесінде, 1937 жылғы санақ үкіметтің халық саны туралы күткен қорытындысын бермеді.

145

«Справочные табл. о рожд-ти, смерт-ти, вступлении в брак и др. по областям, краям и союз. республикам за 1910-1935 гг.» (РГАЭ. Ф. 1562. О.20. Д. 42. Л. 74) не содержат данные по КазАССР, КирАССР, ЯкутАССР, Камчатки и Сахалина, Дальневост. края, ДагестАССР, Чеченской и Ингушской автон. обл. Северо Кавказского края; кроме того за 1930-1931 гг. отсутствуют данные по Средне-Волжскому краю и за 1933 г. Дальневост. Края»; так же нет за этот период сведений о плодовитости женщин, дет.смертности до 1 года и брачности по данным углуб.обследования рожд-ти и дет смерт-ти по всем группам по КазАССР. (РГАЭ. Ф. 1562. О. 20.Д. 42. Л. 105).

146

РГАЭ. Ф. 1562. О. 1. Д. 668. Л. 85.

147

РГАЭ. Ф. 1562. О. 1. Д. 668. Л. 84.

1920-1930 жылдардағы Қазақстан халқы

Подняться наверх