Читать книгу Шәлекенов Уахит. Өнегелі өмір. Ш. 33 - Коллектив авторов - Страница 1
Құрметті оқырман!
Оглавление«Өнегелі өмір» атты сериялық кітабымыздың 33-шығарылымын Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, ҚР ҰҒА Құрметті академигі Уахит Хамзаұлы Шәлекеновтің 90 жылдық мерейтойына арнаймыз.
Уахит Хамзаұлы Шәлекенов 1924 жылы 12 мамырда Волгоград облысы Харабалы ауданы Харабайлы ауылында дүниеге келген. Ол өткен ғасырдың 20-30 жылдарында ел басына түскен барлық қиын-қыстау күндерді басынан өткізген ұрпақтың өкілі.
1942 жылдың тамызында Қызыл Армия қатарына шақырылған У.Х. Шәлекенов Өзбекстанның Наманган қаласына Украинадан көшірілген «Харьков жаяу әскер училищесіне» курсант болып қабылданып, 1943 жылдың ақпанына дейін дәріс алып, соғыс майданына жіберіледі. Взвод командирінің жәрдемшісі, кейін взвод командирі ретінде Курск-Орлов шайқасында болып, Старый Оскол, Новый Оскол, Белгород және Харьков қалаларын фашистерден азат етуге қатысады. Елге оралған соң Қарақалпақстан АКСР-ы Мойнақ ауданына келіп, мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ береді. Кейін Нөкістегі педагогикалық институттың тарих факультетіне түсіп, оны үздік бітірген жас маман Қарақалпақстанның Облыстық комитетінде лектор болып қызмет етеді. 1951-1953 жылдары КСРО Ғылым академиясының Н.Н. Михлуко-Маклай атындағы Этнография институтының аспирантурасында білім алып, 1953 жылы тарих ғылымдарының кандидатты, 1967 жылы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін иеленеді. Өзбекстан Ғылым академиясының Қарақалпақ филиалында аға ғылыми қызметкер, археология және этнография секторының меңгерушісі болып қызмет атқарады.
Өзбекстан және Қарақалпақстан елі У.Х. Шәлекеновтің жемісті еңбегін жоғары бағалап, «Қарақалпақстан АКСР-ның ғылымына еңбек сіңірген қайраткер» атағын берген.
Десек те, туған жерге деген сағыныш жат жұртта жүрген Уахит Хамзаұлын атамекеніне ынтықтырмай қоймады. Сөйтіп ғалым 1970 жылы атажұртына оралады. Шымкент мәдениет педагогикалық институтына конкурстық негізде ауысып, туған елге аянбай еңбек ету осы уақыттан басталып кетеді. Ғалым кейіннен, 1973 жылы тамызда әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің жаңадан ашылған «Археология және этнография» кафедрасына профессор болып келді. 1973-1986 жылдары профессор У.Х. Шәлекенов кафедра меңгерушісі, тарих факультетінің деканы болып жұмыс істеді. Осы қызметтерді атқаруда өзінің ұйымдастырушылық, ұстаздық және ғылыми қабілеттілігін іс жүзінде көрсетті. Археология және этнография саласы бойынша мамандар дайындау мәселесін жолга қойып, кафедраның өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосты.
Уахит Хамзаұлының басшылыгымен 1974 жылы ҚазҰУ-дың археологиялық базасы ашылды. Соның арқасында студенттер оқу үдерісін тәжірибелік зерттеу жұмыстарымен ұштастыруда. Ал Жамбыл облысындағы Ақтөбе қалашыгының ортағасырлық Баласагұн қаласы екендігінің дәлелденуі ғалымның 30 жылдық маңдай терінің жемісі.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде профессор У.Х. Шәлекенов жарты ғасырға жуық жемісті қызмет етіп, егемен елімізге жоғары білімді мамандар тәрбиелеуде, тарих ғылымын дамытуда зор еңбек сіңірді. Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері Уахит Хамзаұлы Шәлекеновтің ұзақ жылдар бойғы қажырлы еңбегі мен өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен осы кітапты оқырмандарға ұсынып отырмыз.